ӘлемдеҚаржыКедейлік әдет пе?

Кедейлік әдет пе?

26 наурыз 2026
5 мин
Привычка быть бедным: вычисляем и избавляемся
"Во все тяжкие" сериалынан үзінді | American Movie Classics (AMC)

Айлықтан айлыққа өмір сүрмей, қаржылай еркін болу үшін зиян әдеттерден арылу керек. Бұл шылым шегу сияқты зиян емес – тек байып кетуге не кедергі екенін анықтаймыз.


Ақша тапқаннан гөрі оны тез жұмсаймыз


Жақсы әрі тұрақты табысы бар адамдардың өзі кейде айлықтан айлыққа дейін өмір сүреді. Бұл құбылыс lifestyle inflation деп аталады. Яғни табыс артқан сайын, шығын да бірге өседі. Мысалы, адамдар жақсырақ пәтер жалдай бастайды, мейрамханаларға жиі барады, «мен бұған лайықпын ғой» деген оймен өзіне сыйлықтар алады. Кейде тіпті аса қажет болмаса да түрлі жазылымға ақша жұмсайды. Сөйтіп айдың соңында тағы да ақша жетпей қалады.


Goldman Sachs жүргізген зерттеуге сүйенсек, АҚШ-та жылына 300–500 мың доллар немесе одан да көп табыс табатын адамдардың шамамен 40–41%-ы айлықтан айлыққа өмір сүреді. Яғни жоғары табыс табатын адамдардың арасында да жалақыға қарап күнелту әдеті кездеседі.


Қазақстанда мұндай нақты зерттеулер жоқ. Бірақ табыс пен шығын статистикасына қарап белгілі бір қорытынды жасауға болады. 2024-2025 жылдары тұрғындардың табысы 12%, ал шығыны 11,6% өскен. Бұл шығын табысқа жақындап, адамдар тапқан-таянғанын түгелдей жұмсап жатыр деген сөз.


Сондықтан кейінгі жылдары ауқатты адамдар актив сатып алуға көбірек мән бере бастады. Өйткені тек айлық табысқа сүйеніп ұзақ уақыт жақсы өмір сүру қиын екенін түсінді. Алдымен қаржылық жағдайды нығайтып, табыс әкелетін активтерді қалыптастырып алған дұрыс. Содан кейін ғана ақшаны жайлы өмірге жұмсаған жөн.


Әрине, көңіл тыныштығы үшін өзіңізді кейде кішкентай нәрсемен қуантудың еш айыбы жоқ. Бірақ бәрін шамамен жасап, «көрпеңе қарай көсілген» дұрыс.


Ақшаны санамау 


«Ақшам қайда кеткенін білмеймін» деп бас қатырып жүргенше, бірнеше сағат бөліп, шығындарыңызды жазып шыққан әлдеқайда пайдалы. Нақты сандарды көрмейінше, ақшаны қалай басқару, жинау, тіпті сақтауды да түсіну қиын. Ал оны еселеу туралы айту тіпті ерте.


Жеке қаржыны есептеу компанияның қаржысын басқару сияқты. Өзіңіз үшін жасай алатын ең дұрыс қадам – арнайы уақыт бөліп, кіріс пен шығынды жүйелі түрде есептеу. Әсіресе ұсақ шығындар мен түрлі жазылымға назар аударған жөн. «Үндемегеннен үйдей бәле шығады» демекші, көзге көп түсе бермейтін сомалар уақыт өте келе қаржының едәуір бөлігін жеп қояды.


Бюджетті әркім өзіне ыңғайлы тәсілмен жүргізе алады. Мысалы, Excel кестесінде есеп жүргізуге болады немесе арнайы қосымшаларды қолдануға болады. Money Lover – жаңадан бастағандарға ыңғайлы, Monefy – қарапайым, кестесіз форматта істейді, ал You Need A Budget қаржыны жоспарлап, оны стратегия ретінде басқаруға көмектеседі.


Қалған ақшадан жинау 


Айдың соңында қалтада ештеңе қалмайтынын айтудың да қажеті жоқ. «Вавилондағы ең бай адам» кітабының авторы Джордж Клейсон баяғыда-ақ бір қарапайым әрі тиімді формуланы айтқан: алдымен өзіңе төле, содан кейін ғана басқаларға.


Ақшаңыз аз болса да, жинауды тоқтатпау керек. Ай сайын аз-аздан, тіпті 1000 теңгеден жинасаңыз, уақыт өте келе бұл сома миллиондарға айналады. Қаржы сарапшылары табыстың 10-20%-ын, ал кейбірі тіпті 50%-ын жинап отыру керек дейді. Әрине, әркім өзіне ыңғайлы пайызды таңдай алады. Ең бастысы — оны тұрақты түрде жасау.


Шамамен 2000-ға жуық америкалық арасында жүргізілген сауалнама қызық нәтиже көрсеткен. Қатысушылардың жартысынан көбі ақшасының қайда кететінін алдын ала білетінін айтқан. Соған қарамастан, дәл сол сәтте ақшаның бір бөлігін бөліп алып, жинап қою әдеті қалыптаспаған. Сондықтан көп жағдайда ақша қолға тимей жатып-ақ жұмсалып кетеді.


Жастықтың астында сақтау 


Жиналған ақша жай жатпай, жұмыс істеу керек. “Вавилондағы ең бай адам” кітабына оралайық. Ол жерде сіздің ақшаңыз сізге жұмыс істеп, басқа ақшаларды тарту керек деген аналогия бар. Оны бір ойын сияқты қабылдасаңыз, депозиттер мен инвестицияларды, түрлі қаржы мүмкіндігін үйренген қорқынышты да, қиын да емес. Керісінше, қызық процеске айналады. Есіңізде болсын: жай жатқан ақшаны инфляция жұтып қояды. 


Мысал арқылы түсіндірейік. 1 000 000 теңгеңізді бес жылға жастығыңыздың астына салып қойдыңыз делік. Қазақстанда инфляцияның орташа көрсеткіші – 10%. Бес жылдан кейін осы ақшаның сатып алу қабілеті небәрі 590 000 теңге шамасында болады. Демек, қаражаттың жартысынан көбі құнын жоғалтады.


Енді сол ақшаны жай ұстамай, банктегі депозит шотына жылдық 14% салсаңыз, инфляцияны есептегенде ақша сақталып қана қоймай, құны да өседі. Яғни шамамен 216 000 теңге қосымша пайда аласыз. Ал инвестицияға салсаңыз, жағдай одан да тиімді болуы мүмкін. Орташа табысы 18% болса, бес жылдың ішінде инфляцияны есептегенде шамамен 469 000 теңге қосылады. Бұған біз әлі «күрделі пайызды» қосқан жоқпыз.


Жаппай несиеге немесе бөліп төлеп зат алу 


Қазір адамдар несиені көбіне беделін көрсету үшін алады. Несиеге гаджет, машина немесе бренд зат сатып алып, қоғамның мақтағанын күтеді. Қымбат затты қарызға ала берсеңіз, бұл – жай көзбояушылық.


Қазақстандағы жағдайға тоқталсақ, 2025 жылғы қараша-желтоқсан айларында жеке адамдарға берілген несие үлесі 53,2% болған. Кредитік бюро сарапшыларының айтуынша, 2025 жылы Қазақстанда қарыз алған адамдардың саны 8,6 миллионнан асқан. Ал елде 18 жастан асқан халықтың жалпы саны – шамамен 13,7 миллион.


Еске салайық, байлықтың негізгі көзі – активтерде. Несие мен қарыз алу да активке жатуы мүмкін. Мысалы, ипотека немесе бизнеске алынған қарыз – айналымды және табысты көбейтудің жолы. Ал демалысқа немесе тауарларды бөліп төлеуге алынған несие кейде тұзаққа айналуы мүмкін. Өйткені қарызға алынған ақшаны өзіңнің қаражатыңдай көріп, оны оңай жұмсап жіберуге болады. Сондықтан қарызды қайтару керек екенін ұмытпау керек.


Қиялдағы ақшаны жұмсау 


Әлі болмаған жобадан түсетін ақшаға алдын ала үміт артып, «соған мынаны аламын» деп жоспар құру дұрыс емес. Бір идеяны іске асырғалы жатқанда “біреу қарыз берер” деп сеніп отыру да көбіне жақсылыққа апармайды. Қазіргі заманда бәрі тез өзгереді. Сондықтан қаржыны жоспарлау мен бұлттан үй соғуды ажыратуды білу қажет.


Қолыңызда бар ақшамен нақты жоспар құрыңыз, ал қалғанын «келуі мүмкін ақша» деп белгілеңіз, оған 100% сеніп қалмаңыз.


Мінез-құлық экономикасында optimism bias деген түсінік бар. Бұл – адамдардың «бәрі жақсы болады» деп жағдайды шектен тыс жоғары бағалауы. Мысалы, сізде қазір 50 000 теңге бар деп елестетейік, ал бірнеше айдан кейін 800 000 теңге түседі деп ойлайсыз. Сол ақшаға үміттеніп, бөліп төлеймін деп заттар сатып алдыңыз, жобаларға салдыңыз, жалпы шығыныңызды көбейттіңіз. Бірақ бір айдан соң ақша мүлде түспей қалуы да мүмкін.


Нәтижесінде сізде 50 000 теңге табыс және 1 300 000 теңге қарыз қалады. Сондықтан тек қолда бар ақшаны есепке алу керек. Қол қойылған келісімшарттар мен нақты шоттар бар табысты ғана есепке алыңыз. Ал әлі белгісіз, болуы мүмкін ақшаны тек қосымша бонус ретінде қараған дұрыс.


Қаржылай қауіпсіздік қорыңыздың болмауы 


Бұл ақшаны мүлде жинамаумен бірдей нәрсе, бірақ мұның өз мәні бар. Біріншіден, бұл – психология. Егер сіздің тиын-тебеніңіз, яғни «қаржылай қауіпсіздік қорыңыз» болмаса, миыңыз үнемі үрейде болады. Мұндай күйде отырып, алдағыны жоспарлау немесе «активімді қалай көбейтем?» деп ойлау мүмкін емес.


Үйде күтпеген жағдай болса, мысалы, труба жарылса немесе тісіңіз сынып қалса – бірден қарызға батуыңыз мүмкін. Сондықтан қаржылай тұрақтылық психологиялық тұрғыдан да маңызды.


Сондықтан қаржылай қауіпсіздік қорыңызда 3-6 айға жететін ақша ақша болуы керек. Жұмысыңыз тұрақсыз болса, 6-12 айға дейін жететін сомаға жеткізген жөн.


Мақсатсыз ақша қалау


Біріншіден, «көп ақшам болса екен» деген мақсат емес. Екіншіден, ақша әрдайым нақты бір нәрсе үшін қажет. Мысалы, егер 20 миллион теңгеге пәтер алсаңыз – бұл сіздің зейнетке шыққандағы табысыңыз, ал егер үнемі инвестиция жасасаңыз – 40 жасыңызда демалуға мүмкіндік береді.


Мақсат көзге көрініп, қолмен ұстауға болатын нақты нәрсе болуы керек. Әуелі өзіңізге түсінікті болсын. Не үшін және қанша ақша керек екенін нақты білсеңіз, мотивация да оянады. Сондықтан ескі Excel кестеңізге оралып, қажеттіліктеріңізді қайта есептеңіз. Инфляция мен күтпеген шығындарды қосуды ұмытпаңыз.


Оңды-солды сатып ала беру 


Бұл маркетплейстердегі арзан, бірақ қажет емес заттарға, кассаның қасында тұрып «іліп әкеткен» импульсивті саудаға және түрлі акцияға да қатысты. Онлайн-алушылардың 72%-ы затты жеңілдік болған соң алғанын айтады, ал олардың 44% кейін, әсіресе, көп шығын болған жағдайда өкінеді.


Адамдар осындай шоппинг жасап, көбіне іштей шаршағанын басуға, көңіл-күйін көтеруге тырысады. Бұл қаржы сауаты емес, психология мәселесі. «Эмоциялық шопинг» әдетке айналса (жылына бір рет өзіңді қуантудың еш айыбы жоқ), бәр сәт ойланып көріңіз: сіз сол затты сатып алып, іштей нені толтырғыңыз келеді?


Құқығыңның бұзылуына жол беру


Қарыз беріп, оны қайтара алмай қалу, өз кінәң болмаса да жөндеу жұмыстарын өз мойныңа алу, компаниялардан қайта есептеуді талап етпеу, яғни, шекарыңыз бен құқығыңыз бұзылатын кез келген жағдай.


Ұрысқанды жаныңыз қаламаса да, мынаны біліңіз, бұл конфликт емес. Өз құқығыңызды қорғау, сізге және басқаларға жасалған заңсыз әрекетпен күресу – қалыпты әрі дұрыс іс. Құқығыңызды талап етуден ұялмаңыз. 


Мемлекеттен берілетін көмектерді де зерттеңіз. Мысалы, көп адам жұмыссыз қалғанда уақытша төленетін жәрдемақыны алмай қояды. Ал ол жаңа жұмыс табылғанша өте пайдалы көмек – бұрынғы ресми жалақыңның шамамен 40%-ы алты ай бойы төленеді.


Өз қиындығыңа өзгені кінәлау 


Мемлекетті, саясатты, экономиканы, бастықты немесе капитализмді кінәлау оңай. Бірақ ол ештеңені өзгертпейді! Жауапкершілікті өз мойныңызға алып, өміріңізді өз қолыңызға алу және жақсы нәтижеге апаратын шешімдер қабылдау әлдеқайда қиын. Байлық пен табыс «жолы болғыштық» емес. Бұл – ниет етіп, алдыңызға мақсат қойып, өзіңіз құра алатын жүйе. Иә, ақшаны бірден шашып тастап, «тез ләззат» (дофамин) алғандай көңілді емес шығар, бірақ бұл сызба шынымен тиімді.

Бөлісу:

Кедейлік әдет пе? — Tamga media