Бұрын әжеміздің үйіндегі кілем қабырға суық болғаннан емес, сән үшін ілінетінін білдіңіз бе? Тоқсаныншы жылдары көршіде джип болса, бәрі көрсін деп көрші аулаға дейін әдейі айдап шығатын. Ал қазір өзіміз үйге ремонт жасап, елден қалмауға жанталасамыз. Жастар болса үй де, машина да алмайды, олардың жетістігінің бәрі Instagram парақшаларында: саяхаттан бастап ерекше суреттерге дейін. Байқасаңыз, мұның бәрі әр ұрпақтың жетістік деп тапқан дүниелері.
Алтын, пурпур мен қойлар
1899 жылы америкалық экономист Торстейн Веблен «Бос жүрген табының теориясы» («Теория праздного класса») кітабында адамдардың демонстративті тұтыну (көзбояу тұтыну) феномені туралы жазады. Адамдар белгілі бір затты пайдалану үшін емес, айналасына өзінің табысын, талғамын және қоғамдағы орнын білдіру үшін сатып алады.
Яғни, негізгі мәселе заттың пайдасында емес, оның сұранысында. Зат бәріне қолжетімді болған сәтте ол өзінің символдық құнын жоғалтады да, қоғам жаңа дефицитті іздей бастайды.

Бұл кеше немесе өткен ғасырда пайда болған жоқ. Біздің заманымызға дейінгі үшінші мыңжылдықтың өзінде Шумер, Египет және Инд өзенінің алқабы сияқты ежелгі өркениеттерде алтын байлық пен биліктің символы болды. Себебі ол кезде тат баспайтын, тіпті жер бетінің өзінде аз металлды табу қиын еді.
1969 жылы Алматының қасындағы Есік қорғанынан табылған сақ көсемін (ханзадасын) ойлаңызшы. Біздің заманымызға дейінгі V-IV ғасырлардағы сақ қорғанында табылған көсемнің киіміндее төрт мыңнан астам алтын әшекей тігілген. Мұндай салтанат жұртты таңқалдырып әлемге паш етумен қатар көсемді құдайға жақындату үшін істелген.
Арада қаншама уақыт өтсе де, Веблен жазғандай, мұның мақсаты байлықты басқаларға көрсету. Тек сақ ханзадасы сол кездегі беделі мен жағдайын бір көрші ауылға емес, бүкіл елге және о дүниеге көрсеткісі келді.
Ежелгі Римде адамның дәрежесі киімінен-ақ көрініп тұрған. Себебі күлгін (пурпур) сызығы бар киімді тек сенаторлар, шенділер мен діни қызметкерлер киген.
Бұл бояуды теңіз ұлуларынан жинайтын, сондықтан алтыннан да қымбат еді. Қарапайым халыққа мұндай киім киюге рұқсат берілмеген, тіпті заңмен жазаланған екен. Демек, сол кезде мәртебе ұғымы – ешкімнің қолы жетпейтін дүниеге ие болу артықшылығы.

Хрусталь, шкаф-гарнитуры (стенка) мен джинсы шалбар
Кеңес заманында оңай жолмен сатып ала алмайтын заттың бәрі мәртебеңізді көрсететін. Мәселен, сапалы жүн кілем үйді жылытып, көршінің шуын естіртпеу үшін емес қожайынның материалдық жағдайын көрсету үшін төрге ілінген. Оған қоса бағасы да қымбат болғандықтан, оған тек таныс-тамыр арқылы қол жеткізетін. Хрусталь, сервиз, румын шкаф-гарнитуры (стенка) мен шетелдің джинсы – бәріне бірдей жете бермейтін. ұл заттардың үйде болуы қожайынның не ақшасы, не беделді танысы бар екенін аңғартатын. 2000 жылдан кейін туғандарыңызға «сникерс» шоколады, сағыз бен «варенка» джинсының сол кездегі қадірі биткоинмен бірдей болғанын түсіндіріп көріңіз.
1990 жылдары КСРО ыдырағаннан кейін жаңа экономика дәуірі келді. Ата-анамыз жинаған кілем мен хрусталь бір сәтте «ностальгиялық қоқысқа» айналды. Ал жаңа заманның басты символы — шетелдік иномаркалар, әсіресе жол талғамайтын джиптер болды. Джип иелері өз абыройын көрсету үшін оны көрші аулаға дейін әдейі айдап шығатын.

Естеріңізде болса, сол заманның көзін көрген үлкендер “ол кезде дүниенің көзі жоқ” - еді деп жиі айтып отырады. Яғни, ақшаңыз болса да, қалаған затыңыз дүкенде аз, кейде тіпті болмауы да мүмкін.
Пәтер мен айфон
Экономика оңалып, базарда көлік пен шетелдің тауары көбейген кезде, жұрттың назары баспанаға ауды. Өйткені үй мен ипотека бағасы өсті. Сәйкесінше аяққа нық тұрған адамның деңгейі баспанасымен есептелді.
Сонымен қатар, баспанамен бірге айфонға да қызығушылық артты. Басқа телефондардан ешқандай айырмашылығы болмаса да, барлығы бұл телефонға әуес еді. Жұрт брендтің бағасына емес, атауына қызықты. Смартфон миллионерге де, бар жалақысын немесе кредит алып ұстап жүрген қарапайым адамға да бірдей мәртебе береді. Ол өзінің символдық капиталы арқылы иесінің «техникаға ақша аямайтын» адам екенін білдіреді.
Тәжірибе, эмоция мен дүниетаным
Міне, «мәртебе – қымбат зат» деген түсінік ескірген заманға да жеттік. Жастар дүние жинағанша, жаңа нәрсені өз көзімен көріп, сезінгісі келеді. Eventbrite сауалнамасы көрсеткендей, миллениалдардың 78%-ы ақшаны затқа емес, эмоция мен әсер сыйлайтын дүниелерге жұмсағаннан рахаттанады. Ал АҚШ жастарының 65%-ы саяхатқа арнайы ақша жинайды. Тіпті олардың төрттен үші демалысын достары әлі бармаған, естімеген жерлерде өткізгісі келеді. Себебі сапардан алған әсер, затты сатып алғандай, мысалы айфон сияқты, дүкеннен барып сатып ала алмайсыз.
Бұрын адамның беделін, дәрежесін оның ұстаған заты көрсетсе, қазір көрген-білгеніңіз бен түйген ойыңыз көрсетеді. Тек соны әлеуметтік желідегі сторисіңізге әдемілеп салып, оқырмандарыңызға дұрыс жеткізе алсаңыз жеткілікті.

Қазір саяхат әдеттегі нәрсеге айналғандай, себебі әлеуметтік желі ашсақ түрлі фонда түскен әдемі суретке толы. Сондықтан туризм мамандары саяхатпен мақтану дәуірі де аяқталып келеді дейді. Яғни бұл жағдай саяхатқа бәрі бара алатын қарапайым құбылысқа айналды.
Тыныштық мен уақыт маңызды
Қазір саяхатқа шығу мен үй алу адамдарға таңсық емес. Себебі әрбір жастың да, үлкеннің де баспаналы болуға мүмкіндігі бар. Сонымен дәл қазіргі сәтте адамдарға не нәрсе таңсық дейсіз ғой, ол телефонсыз уақыт өткізу, ешкімге жауап берместен тыныш өмір сүру.
Сарапшылар күнделікті күйбең тірлік пен жұмыс ырқымен телефонға байланған қоғамда желіден саналы түрде бас тарту — сирек кездесетін «жаңа байлық» көзі немесе мәртебе. Бүгінде кейбір танымал тұлғалардың әлеуметтік желілердегі парақшаларын өшіріп, қарапайым батырмалы телефондарға өтуі — соның айқын дәлелі. Логикасы баяғыдай: көбіміз үшін күні-түні желіде отыру – ақша табудың көзі болса, демек ешкімнен қорықпай, интернетті өшіре салу – нағыз байлықтың белгісі.

Жетістіктерімізді бөлісу орынды ма?
Жалпы, «адам өз жетістігін не үшін көрсетеді, оның керегі бар ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Негізі, жетістікті затпен де, эмоциямен де көрсету мақтану емес. Қайта қазіргі жағдайыңды айналаңа көрсетудің, бөлісудің жолы. Мысалы, бір танысымыздың шетелге кеткенін естісек, «жағдайын жасап алыпты, қолынан келіпті» деп ойлаймыз. Демек, айналамыздағы адамдар да соны көру арқылы қайда ұмтылу керегін, не нәрсеге тырысу қажет екенін түсінеді.
Бұл жағдай тек жеке адамдарға емес, тұтас елдерге де қатысты. Әр елдің адамдары да өздерінде не тапшы болса, соны жетістік деп санап, сонымен бөліседі. Бірінде ол тауар болуы мүмкін, бірінде ақша, ал енді бір елде жай ғана тыныштық пен бос уақыт болуы мүмкін.



