Әр деректі фильм бір адамның «Осы оқиғаны көпшілікке жеткізгім келеді» деген ниетінен басталады. Режиссерлерді көптің арасынан кейіпкер іздеуге, оқиға іздеп жолға шығуға немесе жылдар бойы архив ақтаруға не жетелейді? Шынайы оқиғалар қалай көрерменді қызықтыратын киноға айналады? Біз Қазақстанда деректі кино түсіретін үш әйел режиссермен – Әйгерім Жанғозина, Алина Мұстафина және Әлия Увальжановамен сөйлестік. Олар фильмге арқау болатын оқиғаларды қалай табатынын, өмірде нені байқайтынын және кино түсіру барысында қандай қиындықтарға тап болатынын айтып берді.
Бұған дейін көрермендер деректі киноны неге жақсы көретінін, шынайы оқиғаларды экраннан сағаттап көруге не қызықтыратынын қарастырдық. Ал енді деректі киноның қалай жасалатынына үңілгіміз келеді.
Деректі кино түсіруге қызығушылық қалай оянады?
Көркем фильм сценарийден басталса, деректі кино шынайы өмірден бастау алады. Өмірдің өзі күтпеген оқиғалар мен кездесулерге жетелейді. Әр кейіпкеріміздің шығармашылық жолы әртүрлі.
2026 жылдың сәуірінде Әйгерім Жанғозина Лос-Анджелестегі The Thespian Cinema Fest фестивалінде «Үздік режиссер» атанды. Бұл марапатты оған АҚШ-та оқып жүргенде түсірген The Wrong Door («Басқа есік») қысқаметражды фильмі әкелді.

Әйгерім деректі киноға оператор мамандығында оқитын таныс студенттері арқылы келген. Олар оқу тапсырмасына кейіпкерлер табуға көмектесуін сұраған. Осылайша кездейсоқ түсірілім тәжірибесі оған шынайы адамдар кейіпкерге айналатын, ал оқиғалар олардың өмірін бақылаудан туатын әлемді ашты.
«Көркем киноға ұзақ дайындық қажет болса, деректі кино түсіруді бастау үшін камера мен микрофонды алсаң жеткілікті. Бірақ кейін монтажға әлдеқайда көп уақыт кетеді. Өйткені оқиға желісі дәл осы кезеңде құралады. Деректі кинода мені ең қызықтыратыны – шынайы адамдардың өмірін бақылау. Олардың әңгімесін тыңдап қана қоймай, күнделікті өміріне, сезімдері мен көңіл күйіне үңілу. Әр кейіпкермен танысқан сайын таным көкжиегің кеңейеді».
Әйгерім деректі кино түсіріп қана қоймай, өзге авторлардың жұмыстарын да бағалайды. Жақында ол АҚШ-тағы танымал кинофестивальдердің бірінің іріктеу комитетіне кірді. Онда оған «Жолбарыстың әйелдері» фильмі ерекше әсер еткен.
«Алдымен осы әйелдерге, кейін жолбарыстарға, соңында бүкіл өңірге алаңдайсың. Өйткені мәселенің мүлде басқа нәрседе екенін біртіндеп түсіне бастайсың. Толық айтпай-ақ қояйын. Бір күні бұл фильм көпшілікке, соның ішінде біздің көрермендерге де қолжетімді болады деп үміттенемін».
Алина Мұстафина – деректі фильмдері халықаралық деңгейде танылған қазақстандық режиссер, журналист әрі жазушы. Оның алғашқы толықметражды «Оның әкесіне, менің арғы атама, оның атасына арналған пряниктер» фильмі алғаш рет Оңтүстік Кореядағы Пусан халықаралық кинофестивалінде, кейін Италиядағы Турин кинофестивалінде көрсетілді. Одан соң Ираннан Нью-Йоркке дейінгі түрлі елдер мен қалаларда таныстырылды. 2026 жылы фильм Қазақстан кинотеатрларында прокатқа шықты. Алина «Аспан мен кино арасында» (Между небом и кино) кітабын да жазған. Нақты өмірден алынған оқиғаларға негізделген бұл кітап адамға өз жолын таңдауға, арманына ұмтылуға және өміріне өзі жауап беруге жігер береді.

Алина деректі киноға отбасымен Дохаға көшкеннен кейін келген. Ол Doha Film Institute-тің деректі кино шеберханасына қатысушылар іріктеп жатқанын естіген. Ол өз өміріндегі оқиғаны баяндап, өтінім берген. Осылайша байқаудан өткен он адамның бірі Алина болды.
«Бірінші мамандығым – журналист, екіншісі – көркем кино режиссері. Ал деректі киноға мені өмірдің өзі алып келді. Doha Film Institute-те тәлімгерім камбоджалық режиссер Рити Панх (Rithy Panh) болды. Ол қызыл кхмерлер жасаған геноцидтен аман қалған, «Оскарға» ұсынылған, Канн мен Берлинале секілді көптеген халықаралық кинофестивальде жүлде алған режиссер. Сондай-ақ ол Анджелина Джолидің Камбоджадағы оқиғалар туралы «Алдымен олар әкемді өлтірді» фильмінің продюсері болған. Онымен жұмыс істеу және көптеген деректі фильмді көру маған ерекше шабыт берді. Сөйтіп, осы жанрға ғашық болдым.
Ритхи Пан менің деректі кинодағы жолымды ашқан ұстазым болды. Соның арқасында деректі оқиғалардың қаншалықты қызықты, әсерлі әрі шебер құрылуы мүмкін екенін түсіндім.
Бұл жанрдың бағыты көп: бір фильмдер зерттеуге құрылса, басқалары белгілі бір тақырыпты не мәселені қозғайды. Маған авторлық деректі фильмдер жақын. Олардың басты назарында бір адам немесе бірнеше кейіпкер болады. Солардың тағдыры мен бастан кешкендері арқылы ауқымды оқиға ашылады. Кино саласында бұл тәсілді character-driven documentary, яғни кейіпкерге негізделген деректі кино деп атайды».
Әлия Увальжанова Қазақстанның кино саласында 26 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол – кинопродюсер, Aldongar Productions және «Астанателефильм» компанияларының негізін қалаушы, іскерлік әкімшілендіру докторы, сценарист әрі кино саласындағы мемлекеттік саясатты зерттеуші. Әлия деректі фильмдер мен телевизиялық жобаларды жасауға қатысқан. «Сталинге сыйлық», «Жаужүрек мың бала» сияқты толықметражды фильмдерге продюсер болған. Сондай-ақ «Мамандық: продюсер» кітабын жазған. Ол деректі киноға 2000-жылдардың басында, Қазақстан Президентінің телеарнасында фильмдер түсіріп, продюсерлік ете бастаған кезде келген.

«Телеарнадағы ұстаздарым – Қазақстанның белгілі деректі кино режиссерлерінің бірі Сергей Әзімов пен халықаралық продюсер Валерий Давыдович Рузин болды. Кезінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақтың батыр партизаны Қасым Қайсенов туралы фильмге продюсерлік етіп, қаржыландыру жағын да ұйымдастырдым. Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытының құрылу тарихы, мұнай-газ саласының дамуы, көпір салушылар, авиация және Астанадағы әуежайдың құрылысы туралы деректі фильмдерге продюсер болдым.
Бірнеше жыл бойы «Қазақ тілінің тарихына саяхат» деректі фильмдер топтамасын және басқа да фильмдерді жасауға атсалыстым.
2025 жылы креативті продюсер ретінде жас мамандарға Шәкәрімнің қайғылы тағдыры мен мәңгүрттік тақырыбын қозғайтын «Құдық» докудрамасын жасауға кеңес бердім. Жоба үш жылдан астам уақытқа созылды. Мен оның даму бағыты мен стратегиясын анықтауға көмектестім. Команда жобаны Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында сәтті қорғап, түсірілімді өз күшімен аяқтады. Бұл туынды деректі кино саласындағы елеулі оқиға болады деп сенемін.
Қазір продюсер Майра Қарсақбаевамен бірге жаңа жобада креативті продюсер болып жұмыс істеп жатырмын. Қазақстан мен Үндістан бірлесіп түсіретін бұл деректі фильм Мумбай қаласындағы алғашқы симфониялық оркестрдің құрылуы туралы. Жобаға белгілі дирижер әрі музыкант Марат Бисенғалиев қатысады.
«Деректі киноның ықпалы «Сталинге сыйлық» толықметражды фильмінде де байқалады. Онда Қазақстандағы алғашқы ядролық жарылыс туралы архив құжаттары қолданылған. Ал «Соғыс тұтқындары» (Hostages of War) тарихи фильмі Екінші дүниежүзілік соғыстың маңызды сәттерін көрсететін бейнежазбалардан басталады. Олардың арасында Жапонияның тізе бүгуі, мемлекет басшыларының кездесуі сияқты оқиғалар бар».
Қазіргі режиссерлерді қандай тақырыптар қызықтырады?
Деректі фильм кездейсоқ кездесуден не әңгімеден басталуы мүмкін. Бірақ бір оқиғаға айлар бойы уақыт бөлу үшін қызығушылықтың өзі жеткіліксіз. Режиссер адам тағдырынан немесе оқиғадан қайта оралып, тереңірек зерттеп, көрерменге жеткізгісі келетін тақырыпты көруі керек. Көбіне мұндай жобалар жеке қызығушылық пен шығармашылық шабыттан туады. Мұндай жобалар көбіне тапсырыссыз жасалады, табыс әкелетіні де белгісіз. Сонда режиссерлерді бір оқиғаға тоқталып, ұзақ уақыт бойы түсіруге не ынталандырады?

Әйгерім Жанғозинаның ойынша, бастысы – кездейсоқ кездесулерге ашық болып, өмірдің өзі ұсынған мүмкіндіктерді қабылдай білу.
«Бірде көшеде қызыл пальто киген қызды көрдім. Ол өзіне жалғанған оттегі баллонын сүйреп бара жатты. Бұл көрініс мені таңғалдырғаны сонша, тұрған орнымда қатып қалдым. Кейін қысылғанымды жеңіп, танысуға бардым. Қыздың сүйектері біртіндеп жойылатын сирек ауруға шалдыққанын білдім. Ол өзі туралы деректі фильмге түсуге қуана келісті.
АҚШ-та түсірген тағы бір жобам таныс америкалық әйелдің өтінішінен басталды. Ол қораптардан арылып, отбасылық суреттерін қызы мен немересіне сақтау үшін оларды цифрлық форматқа көшіруді сұрады. Мен суреттерді телефонға түсіре бастадым, ал ол әрқайсысының тарихын айтып отырды. Әңгімесі қызық болғаны сонша, өзін де түсіре бастадым. Осылайша отбасында қиындықтар бар ортадағы ана мен бала тақырыбына келдік.
Кейін Американың байырғы халықтарының біріне жататын жазушымен кездейсоқ таныстым. Ол ана болу тәжірибесі туралы айтқысы келді. Енді жобаға басқа елдердің де кейіпкерлерін қосып, оны халықаралық деңгейде түсіргім келеді. Толықметражды деректі фильмнің жұмыс атауы – “How To Mother”».
Алина Мұстафинаға өз өмірі мен отбасы шабыт береді.
«Мен үшін кез келген деректі оқиға жаныма жақын, маған қатты әсер ететін нәрседен басталады. Тақырып мені толқытпаса, ол туралы фильм түсіргім келуі екіталай. Жақындарымның оқиғалары, әсіресе ана мен қыздың қарым-қатынасы маған ерекше әсер етеді. Бұл қарым-қатынаста махаббат та, айтылмай қалған сөздер де, реніш те, бір-бірін түсінуге деген ұмтылыс та бар.
«Оның әкесіне, менің арғы атама, оның атасына арналған пряниктер» фильмінің идеясы газеттен табылған бір мақаладан басталды. 1986 жылы әжем Польшаға барып, әкесінің қабірін табуды армандайтынын айтыпты. Мен мақаланы 2000-жылдары оқып, осынша уақыт өтсе де, әжемнің арманы орындалмағанын түсіндім. Сол кезде: «Неге бірге барып, осы туралы фильм түсірмеске?» деп ойладым. Анамды да ертіп, бір әулеттің үш буын әйелінің оқиғасын көрсеткім келді.
Бірте-бірте бұл сапар мен үшін ата-бабамыздың жаны жай тапқан жерді іздеуден де маңызды дүниеге айналды. Әрқайсымыз өз сұрақтарымызбен жолға шықтық, сапар барысында оларға жауап таба бастадық. Арамызда бұрын-соңды болмаған ерекше жақындық пайда болды. Атамыздың қабірін іздеу өзімізбен қатар, бір-бірімізді де жақсырақ түсінуге мүмкіндік берді.

Қазір өз өміріме негізделген тағы бір фильм түсіріп жатырмын. Оқиғаны жеткізуде өз тәсілімді осылай тапқан сияқтымын. Мен үшін сол оқиғаны өзім бастан кешіп, мені мазалайтын сұрақтарға жауап іздеу және көрген-білгенімді көрерменге жеткізу маңызды».
Әлия Увальжанова тақырыптың қоғам үшін маңызына мән береді. Ол адамды толғандырып, ойынан кетпейтін, көпшілікке әсер ететін мәселе болуы керек.
«Жұмыс барысында да, «Қазақстандағы деректі киноның дамуын мемлекеттік реттеу» атты диссертациялық зерттеуімде де жобаның көрерменге қандай жаңа білім бере алатынына назар аударамыз. Фильм ауқымды тарихи тақырыпты қамтуы мүмкін. Мәселен, «Еуразия келбеттері» жобасында Абай, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтбаев пен Мұхамеджан Тынышпаев сияқты қазақ зиялыларының тағдыры баяндалды. Сондай-ақ жоба бүгінгі қоғамның өткір мәселелеріне арналуы мүмкін.
Біз тұлғаларды оқулықтағыдай мінсіз етіп көрсетпей, ресми жаттанды сөздермен шектелмей, оларды тереңірек танығымыз келеді. Ол үшін нақты деректерге, архив құжаттарына және адамдардың өміріне сүйенеміз. Егер тақырып көрерменнің көзқарасын өзгертіп, өз болмысын жаңаша түсінуге көмектессе, мұндай фильмді түсіру қажет».
Шынайы оқиғаны қызықты фильмге қалай айналдыруға болады?
Деректі кинода өмір автордың жоспарына бағынбайды. Бірақ фильмге жүйелі құрылым, дамып отыратын оқиға мен тартыс қажет. Болған жағдайды өзгертпей, көрерменді қалай қызықтыруға болады? Кейіпкерлерімізден шығармашылық ойларын өмір шындығымен қалай ұштастыратынын сұрадық.
Әйгерім Жанғозина түсірілімде режиссер мен кейіпкер арасындағы сенімді бірінші орынға қояды.
«Оқиғаның өзінде тартыс немесе кейіпкерге кездесетін қиындық болуы керек. Деректі киноның этикасы бойынша кейіпкерге де, оқиғаның барысына да араласуға болмайды. Сен бақылаушысың. Кейіпкерді жақынырақ танытып, оның сезімдерін ашуға көмектесетін сұрақтар қоя білуің қажет. Адам камера алдында ойын да, сезімін де қысылмай айтуы үшін өзін сенімді әрі қауіпсіз сезінуі керек. Бұдан кейін апталап, айлап монтаж жасайсың. Фильмнің өзі осы жұмыстың барысында қалыптасады».
Алина Мұстафина түсірілімге алдын ала дайындалады.
«Деректі фильм түсіргенде алдымен кейіпкерге назар аударамын: ол қандай адам, нені қалайды және оған шын мәнінде не қажет? Содан кейін түсірілім кезінде болуы мүмкін көріністер мен жағдайлардың тізімін жасаймын. Кейіпкермен қайда баруға, не туралы сөйлесуге, бірге не істеуге болатынын шамамен ойластырамын. Одан соң операторды шақырамын, әрі қарай бәрі өмірдегідей өрбиді.

Мысалы, «Оның әкесіне, менің арғы атама, оның атасына арналған пряниктер» фильмін түсіргенде әжемді әңгімеге тарту үшін бірге қыдыруды немесе бірдеңе істеуді ұсынатынмын. Сол қарапайым сәттерден фильмнің көріністері қалыптасты. Көп нәрсе өздігінен өрбіді: алдын ала ойламаған тақырыптарды қозғап, әңгіме барысында күтпеген жерден маңызды жайттарға тоқталатынбыз.
Деректі киноның ерекшелігі – бәрін алдын ала болжай алмайсың. Түсірілімге дайындалып, ықтимал жағдайларды жоспарлағаныңмен, камера алдында оқиғаның қалай өрбитіні белгісіз.
Бұл тәсіл кейіпкерлердің сапарын баяндайтын роуд-муви жанрына жақсы келеді. Қалалар мен елдерді аралау, жолдағы түрлі жағдайлар кейіпкерлердің мінезін танытып, күтпеген әңгімелерге жол ашады. Адамдардың өзара қарым-қатынасы да осындай сәттерде анық байқалады».
Әлия Увальжанова оқиғаны шынайы жеткізуді маңызды санайды. Нақты өмірде болған жайттарды алдын ала құрылған сюжетке икемдеуге болмайды.
«Деректі фильмдегі тартыс түрлі көзқарастың қайшылығынан, қиындықтарды жеңуден және кейіпкердің ішкі өзгерісінен туындайды. Тарихтың күрделі тұстарын зерттегенде ғылыми фактілерге, архив құжаттары мен күнделіктерге жүгінеміз.
«Еуразия келбеттері» топтамасы – режиссерлік шеберлік пен тарихи дәлдіктің ұштасуына жақсы мысал. Aldongar production кинокомпаниясы оны 500 мың АҚШ долларына түсірді. Әр режиссер тақырыпты өзінше ашып, туындыға дара сипат берді. Монтаж, музыка және сарапшылардың дауыс мәнері арқылы оқиғаның қарқынын реттеп, көрерменді әрі қарай не боларына қызықтырамыз, сезіміне әсер етеміз. Алайда көріністерді қолдан құрастырып, шындықты бұрмаламаймыз».
Қазақстандағы деректі кино
Деректі фильм жасауға уақыт пен қаражат қана емес, режиссердің бар күшін салуы да қажет. Түсірілім мен монтаж біткеннен кейін не болады? Қаржыландыру тауып, кинотеатрлармен келісіп, фильмді көрерменге жеткізу оңай ма? Кейіпкерлеріміз Қазақстанда кездесетін қиындықтары мен кино саласынан күтетін өзгерістері туралы айтты.
Алина Мұстафинаға фильмдерінің бірін кинотеатрларға шығару қиынға түскен. Команда көрсетілімге келісу үшін екі жылға жуық уақыт жұмсаған. Бірақ ақырында фильмге аз ғана сеанс берілген.
«Қазақстандағы режиссерлердің басты қиындықтарының бірі – қаржы табу. Екіншісі – фильмдерін кинотеатрларда көрсетіп, көрерменге жеткізу. Мемлекет кинотеатрлармен белсендірек жұмыс істеп, авторлық және деректі фильмдерді прокатқа шығаруға жағдай жасаса деймін. Мысалы, квота енгізуге болады. Көрерменде таңдау, ал режиссерде өз оқиғасын көпшілікке жеткізу мүмкіндігі болуы керек.
Өкінішке қарай, кинотеатрлар деректі фильмдерді прокатқа алуға аса құлықты емес. Дистрибьютормен келісіп, көрсетілімге қол жеткізуге екі жылдай уақыт кетті. Ақырында фильм кинотеатрларда алты апта көрсетілді. Басында бізге «деректі киноға көрермен келмейді» деген еді. Бірақ залдарымыз толды. Бұл тәжірибе деректі киноға қызығушылық бар екенін көрсетті.
Мәселе мынада – деректі фильмдерге көркем фильмдерге қарағанда әлдеқайда аз сеанс беріледі. Біздің фильм Қазақстанның екі, кейде үш қаласында аптасына бір-екі рет қана көрсетілді. Оның өзінде әр қалада көбіне бір ғана кинотеатрда жүрді. Мұндай жағдайда толыққанды прокат пен табыс туралы айту қиын.
Францияда авторлық киноны қолдау және көрерменге жеткізу жүйесі жақсы дамыған. Бізде де осындай фильмдерді кеңінен көрсетуге мүмкіндік берілсе, көрермен түрлі туындымен таныса алар еді. Ал режиссерлер өз жобаларынан табыс тауып, жаңа фильмдер түсіруге мүмккіндіктері болатын еді.
Жағдай біртіндеп өзгеріп келеді. Бұған фильмдерін прокатқа шығару үшін табандылық танытып, көрерменге жетудің жолын іздейтін авторлардың еңбегі себеп. Бірақ бұл көп күшті қажет етеді. Сондықтан деректі киноның дамуы режиссерлердің жеке бастамасына ғана емес, мемлекет пен кино саласының жүйелі қолдауына да сүйенсе деймін».
Әлия Увальжанованың пікірінше, Қазақстандағы деректі киноның басты мәселелерінің бірі – жүйелі қолдау жеткіліксіз. Мемлекеттік тапсырыс аясында деректі және ғылыми-танымдық фильмдерге бөлінетін қаражат пен квота кассалық табысқа бағытталған толықметражды көркем киноға қарағанда аз. Ал тарихи зерттеулер, әлеуметтік мәселелерді зерттейтін фильмдер мен ғылыми-танымдық жобалар қомақты қаражатты қажет етеді. Оларды түсіру үшін көбіне бірнеше қаржы көзін біріктіріп, басқа елдермен бірлесіп жұмыс істеуге тура келеді.
«Әйел режиссерлер мен деректі кино авторлары мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосып келеді. Екатерина Суворова сияқты режиссерлердің халықаралық деңгейде танылуы қазақстандық деректі киноның авторлық ойды жоғары деңгейде жеткізе алатынын көрсетеді. Соған қарамастан, салада әлі де жүйелі кедергілер бар.

Ел тарихы, ғылым және күрделі әлеуметтік мәселелер туралы фильмдер көбіне шағын аудиторияға ғана арналған деп қабылданады. Ал әйел режиссерлердің өзіндік көзқарасы, адамның сезіміне, жан дүниесіндегі нәзік тұстарға мән беруі деректі киноны байытады. Бұл қоғам үшін маңызды тақырыптарды тереңірек ашуға мүмкіндік береді.
Тағы бір мәселе – прокат мүмкіндігінің аздығы. Деректі фильмдердің ірі кинотеатрларда көрсетілуі қиын. Сондықтан оларды көрерменге жеткізудің басқа жолдарын дамыту қажет: арнайы көрсетілім алаңдары, онлайн-платформалар, фестивальдер мен оқу орындарындағы көрсетілімдер. Бұл деректі киноның аудиториясын кеңейтіп, авторларға өз оқиғаларын көпшілікке жеткізуге көбірек мүмкіндік береді».
Бұл мәселелерді шешу үшін продюсер деректі, зерттеу және авторлық киноны қолдаудың ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегиясын әзірлеуді ұсынады. Оның аясында архивтерді зерттеуге және кейіпкерлердің өмірін ұзақ уақыт бақылап түсіруге арнайы гранттар бөлінуі керек.
«Мәдениет, тарих және білім тақырыбындағы деректі жобаларға қаржы салатын кәсіпкерлер мен меценаттарға салықтық жеңілдіктер беру де маңызды. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамытуға көмектеседі.
Тағы бір маңызды міндет – ұлттық киноқорды сақтап қалу. Бұл үшін халықаралық мәдени ынтымақтастықты нығайтып, әлемнің жетекші архивтерімен жұмыс істеу қажет. Отандық деректі киноны көпшілік көре алуға цифрлық платформалар ашып, фильмдерді қалпына келтіруге және цифрландыруға қолдау көрсету керек. Сонда мәдени мұрамызды келер ұрпаққа жеткізе аламыз.
Мәдениеттің дамуына үлес қосқан адамдардың еңбегі де лайықты бағалануы тиіс. Себебі мұндай қолдау олардың қоғам өміріне бейжай қарамайтынын көрсетеді».
Бұл мақала арқылы Әйгерім Жанғозина, Алина Мұстафина және Әлия Увальжанованың шығармашылығын жақынырақ тани аласыз деп сенеміз. Әр туындыда автордың өмірлік тәжірибесі, өзіндік көзқарасы және көрерменге ой салатын оқиғаны бөлісуге деген ниеті бар. Қазақстандық киноға қолдау көрсету осындай фильмдерге қызығудан, көрсетілімдерге барудан және авторлардың ойын тыңдаудан басталады. Отандық деректі киноны дамытып жүрген әйелдердің үні де көпшілікке жетуі маңызды.



