Ойын-сауықСаяхатҚазақстанда әркім баруы керек мекендер

Қазақстанда әркім баруы керек мекендер

25 шілде 2026
12 мин
Фото: iStock

TikTok пен Instagram желісінде мынадай ойын бар: видеодағы табиғатқа қарап, қай ел екенін табу керек. Кадрда Марстағыдай ғажайып жартастар, тұнық тау көлдері, шөл дала мен қарағайлы ормандар алмасып жатады. Құдды, әлемнің әр бұрышынан жиналған көрініс дерсіз. Бірақ мұның бәрі – Қазақстан. Елімізде табиғат көріністерінің тез ауысатыны сондай бір сапардың өзінде бірнеше мекенді көріп үлгересіз. Tamga media елдегі ең танымал маршруттар мен әлі көпшілік біле бермейтін жұмбақ орындарды ұсынады.


Қысқаша дерек


Туризм әлем экономикасына 10% үлес қосса, Қазақстанда ЖІӨ-дегі үлесі – небәрі 1-1,2%, соған қарамастан бұл салада оң өзгерістер бар. Былтыр тоғыз айда елге 15,7 млн турист келген. Ал ішкі туризмді қолдаған ел азаматтары – 6,7 млн. Бұл былтырға қарағанда 10% көп.


Туризмге құйылған инвестиция да 30%-дан асты. Өңірлерде жаңа қонақүй, этноауыл, кемпинг пен визит орталықтар көбейіп, жаяу жүргіншілер мен велошабандоздарға арналған жол салынды. Елдегі туризм енді маусым таңдамай таудағы ұлттық парктерден бастап, даладағы қорықтар мен Каспий теңізі дейін жыл бойы қонақ қабылдайды.


Алматы облысы


Еліміздегі ең танымал қаланың бірі – Алматы. Мұнда тіршілік қайнап, қала келбеті күн санап өзгеріп отырады, іргесінде көз тартар ғажайып табиғат пен көрікті жер де көп.


Шарын шатқалы


Ұзындығы 150 шақырымнан асатын шатқал 25 миллион жыл бұрын Шарын өзенінің ағысында пайда болған. Биіктігі 300 метрге жететін қызыл жартастар күн сәулесі түскенде реңін өзгертеді. Пішіні жағынан оны АҚШ-тағы Үлкен шатқалға ұқсатады.

Шатқалдың ең танымал жері – «Қамалдар аңғары». Онда жаяу жүргіншілер үшін ұзындығы 2 шақырым жол бар. Одан бөлек парк аумағында әртүрлі бағыт табасыз. Туристерге қолайлы болуы үшін визит орталықтар, кемпинг, ақпарат жазылған тақталар мен демалыс алаңдары жасалған. Саяхатқа шығуға ең ыңғайлы уақыт – көктем мен күз айлары.


Қайыңды көлі


Көлдің басты ерекшелігі – су ішіндегі қарағайлар. Ертегідей көрінетін әдемі көрініс ХХ ғасырдың басындағы жер сілкінісінен пайда болған.


Ағаштардың су астындағы бөлігі шірімей сақталған. Мұнда дайвинг жасайтындар мен су астын суретке түсіретіндер жиі келеді. Жазда да су температурасы +6 градус болатынын ескеріп, гидрокостюм киюді ұмытпаңыз.


Көлсай көлдері


Көлсай – Күнгей Алатаудың тік беткейлері мен қалың орманы қоршап жатқан үш көлден тұрады. Көлдер әртүрлі биікте жатыр: біріншісі - 1818 метрде, екіншісі - 2250 метрде, ал үшіншісі теңіз деңгейінен 2850 метр биікте. Суы мөлдір, ал табиғаты Еуропадағы Альпі тауларынан кем түспейді.


Мұнда жаяу серуендеп те, атқа мініп те, табиғат  аясында тыныға да аласыз. Көлдердің арасында арнайы жол бар, ал іргедегі Саты ауылында қонақ үйлер мен демалыс орындары көбейіп жатыр.


Үлкен Алматы көлі (ҮАК)


Тау көлін көргіңіз келсе, Алматыдан оңтүстікке қарай 15-30 шақырым жүрсеңіз, 2500 метр биікте орналасқан Үлкен Алматы көліне тап боласыз. Бұл – қаладағы ең әдемі жердің бірі.

Көлдің түсі мезгіл мен күн райына қарай құбылып, ашық көк түстен, кейде жасыл реңкке енеді. Мұнда суға түсуге болмайды, ал жағаға тек рұқсат етілген жермен барасыз.


Әнші шағыл


(«Алтын Емел» ұлттық паркі)


Биіктігі – 150 метр, ұзындығы – үш шақырым болатын төбенің ерекшелігі – жел болған күні құм түйіршіктерінің үйкелісінен гүрілдеген дыбыс шығады. Орта ғасырларда бұл дыбысты «шөл перісінің ұлығаны» десе, қазір ұшақ дауысы мен орган аспабының үніне ұқсатады.


Паркке кіруге арнайы рұқсат қағазы керек. Аптап ыстыққа ұрынбас үшін көктемде немесе күзде барғаныңыз дұрыс.

Ақтау таулары


«Алтын Емел» ұлттық паркі


Бұл борлы таулар бірнеше саз балшық қабатынан тұрады. Сондықтан олар ақ, сары, қызыл, көгілдір және қызғылт сары түске құбылады. Таулардың пайда болғанына ондаған миллион жыл (мезозой дәуірі) болған. Ақтау аймағынан ежелгі қолтырауындардың, тасбақалардың әрі қазіргі жылқылардың арғы тегі  гиппариондардың сүйектері табылған.


Асы жайлауы


Асы – теңіз деңгейінен 2200-3000 метр биікте орналасқан, обсерваториясы бар таудағы жазық. Ағашы жоқ, ұшы - қиыры көрінбейтін алқаптың ұзындығы – 40 шақырым.


Аспаны ашық, қала жарығынан алыс орналасқандықтан, аққан жұлдыз бен түнгі аспанды (астротуризм) емін-еркін тамашалай аласыз.


Іле-Балқаш табиғи резерваты


Шөл, дала мен сулы аймақ түйіскен өлкеде көктемде жабайы қызғалдақтар гүлдейді. Қалың құрақ сирек кездесетін құстар мен жануарларға пана.


Табиғаты бай аумақта құлан мен жойылып кеткен тұран жолбарысын қайта жерсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бағдарламаны үкімет, халықаралық ұйымдар, меценаттар мен жаһандық қорық қорлары қолдап жатыр.


Есік көлі


Есік көлінің тарихы ерекше. Мұнда 8-10 мың жыл бұрын тау құлап, биіктігі 300 метрдей бөгет пайда болады. Онда 1963 жылғы 7 шілдеге дейін турбаза, қонақүй, мейрамхана мен автовокзалы бар демалыс орны болған.


7 шілдедегі жойқын селден бөгет бұзылады, ғимараттар қирап, адамдар қаза табады. Нәтижесінде көл тартылып қалды. XX ғасырдың аяғында бөгетті қайта соғып, су деңгейі жартылай қалпына келді.


Іле өзенінің сағасы


Іле өзенінің Балқашқа құятын тұсы – Орталық Азиядағы ең үлкен өзен сағасы. Оның аумағы 415 мың гектардан асады. Мұнда жан-жаққа таралған өзендер, көлдер мен батпақты алқап көп, табиғаты да бай. Қалың қамыс арасын қамыс мысығы, ондатра және құстың оншақты түрі мекендейді.


Суында жайын, сазан мен ақ амур бар, сол себепті балықшылар базасын да оңай табасыз. Бұл жер балық аулауға, фотосафариге және құстарды тамашалауға өте қолайлы.


Іле Алатауы


Алматыны қоршап тұрған Іле Алатауында серуендеуге де, күрделі тау жорықтарына да арналған соқпақтар көп. Тәжірибелі саяхатшылар негізгі екі бағытын жақсы біледі:


Біріншісі – кіші айналма жол (ұзындығы 15 шақырымдай, 8-10 сағат) – Шымбұлақ шыңы, Тұйықсу шатқалы арқылы өтеді.


Екіншісі – үлкен айналма жол  Шым бұлақтан Үлкен Алматы көліне дейінгі мұздықтарды, мореналарды (мұздықтың сырғыма тастарын) және негізгі шатқалдарды қамтитын (3-5 күн) жорық. Бұл бағыт Шатыр-Жаңғырық, Купол, Молодежный асуларынан, Тұйықсу альплагерінен және Богданович мұздығынан өтеді.


Маңғыстау облысы


Маңғыстауға аяғыңыз тисе, басқа ғаламшарға түскендей күй кешесіз. Себебі бұрын бұл жер – Тетис мұхитының түбі болған. Мұнда борлы үстірттерді, ерекше шоқыларды, терең шатқалдар мен жел мүжіп, тұздар түзіліп, түрлі пішінге айналғанындарды көресіз.


Бозжыра


Бозжыра – Үстірт жазығындағы ақ шағыл құздар, ерекше шоқылар мен шатқалдар. Мұндағы көрініс таң атып, күн ұясына батқан сәтте ерекше көз тартады: тастар сүттей ақ түстен алтын мен қызғылт түске боялады. Тіпті аяғыңыздың астынан бұрынғы мұхиттан қалып, кейін тасқа айналған теңіз қабыршақтары мен су астында тіршілік еткен жәндіктердің қалдықтарын да көруге болады.

Джиппен саяхаттап, суреттерді ерекше қырынан түсіріп, табиғатты тамашалаудан ләззат алсаңыз, Бозжыра – сіз үшін таптырмас орын! Мұнда табиғат өте нәзік. Саяхатшылар күннен-күнге көбейіп жатыр. Сол себепті жартастарға көлікпен жақын баруға шектеу қою мен аймаққа кіріп-шығуды қатаң бақылау мәселесі талқыланып жатыр.


Торыш – шарлар алқабы


Ақтаудан 150 шақырым жердегі иен далада кішісі доптай, үлкені бірнеше метр болатын домалақ тастар шашылып жатыр. Ғалымдардың айтуынша, шарлар бұрынғы мұхит түбіндегі минералдардан пайда болған.

Мұндай тастар Жаңа Зеландия, Ресей мен АҚШ-та да кездеседі. Бірақ ең көп шоғырланған жері – дәл осы Маңғыстау. Онда мыңдаған шар тас бар. Ішінде  саңырауқұлаққа ұқсайтын ерекше жартастарды да көре аласыз.


Шерқала тауы


Ақтаудан 90-100 шақырым жерде пішіні өте ерекше, оқшау тұрған тау. Оған бір жағынан қарасаңыз дәу киіз үйге, ал екінші жағынан қарасаңыз жатқан арыстанға ұқсайды.

«Шерқала» сөзі парсы тілінен аударғанда «Арыстан қамалы» дегенді білдіреді. Мұнда жаяу серуендейтін де, джиппен аралайтын да арнайы бағыты (маршруттар) бар.


Каспий теңізі жағалауы


Бұл – Қазақстандағы жалғыз теңіз жағалауы. Аумағы 2300 шақырымнан асатын аймақта ақ жартастар да, құмды жағажайлар мен тік құздар да бар. Теңіз суы жыл мезгілі мен күн райына қарай сұрғылт-көктен қою көк түске құбылады.


Жазда су температурасы 25-28 °C-қа дейін жылынады. Шомылуға ең қолайлы уақыт – маусымнан бастап қыркүйекке дейін. Ақтау мен Кендірлі төңірегінде жағажайлар мен қонақүйлер бар. Ал сәл әріректе кемпинг құрып, оқшау демалғысы келетіндерге арналған жабайы жағалау аймақтары кездеседі.


Маңғыстау қорымдары


Бұл – табиғаттың емес, адам қолымен жасалған тарихи-мәдени ескерткіштер. Үстіртте көне қорымдар, жер асты мешіттері мен кесенелер өте көп. Олардан ислам мәдениетінің де, көшпенді бабаларымыздың байырғы сенімдерінің ізін көруге болады.


XIII–XIV ғасырлардан қалған Шопан-Ата мешіті мен қорымы, батырлар мен әулиелер жатқан Сисем-Ата, сондай-ақ Масат-Ата, Қаратөбе, Кенті-Баба және Долы-Апа кешендері бар.


Ақмола облысы


Астанаға келгенде «Бәйтерек» пен EXPO сияқты қаланың негізгі символына айналған орындарды ғана араласаңыз да, қала сыртына шығып, теріскейдің көлі мен тоғайы жарасқан әдемі курорттарын тамашаласаңыз да болады.

«Бурабай» ұлттық паркі


Теріскейдің көгілдір көлдері, қарағайлы ормандары мен заңғар гранит жартастары – осы өлкеде. Саябақ туризмге жағдай жасап, аймақтың табиғатын, экожүйесі мен бай тарихын да көз қарашығындай сақтап отыр.


Бурабай – инфрақұрылымы дамыған Қазақстандағы негізгі демалыс аймағы. Мұндағы шипажайлар, жағажайлар мен қонақүйлер жыл он екі ай жұмыс істейді.


Зеренді көлі


Зеренді көлін қылқан жапырақты орман қоршап тұр. Жұрт оны Бурабайдың баламасы деп атайды. Суы тыныш, ал жері тегіс. Көлге қатысты бір аңыз бар: онда қуғыншылардан қашқан ғашықтар мен сол көлдің пайда болуына себеп болған білезік туралы баяндалады.


Демалыс орындары мен балалар лагерлері негізінен көлдің оңтүстік-батыс жағасында орналасқан.

«Көкшетау» ұлттық паркі


Көлдері мен ормандары, гранит төбелері көз тартатын өлке Бурабайдай танымал болмаса да, сұлулығы одан кем емес. Солтүстік өңірге тән табиғаты өте жарасымды.


Парк аумағында Имантау мен Шалқар көлдері, «Зеленый мыс» демалыс аймағы, Айғаным ханымның қонысы сияқты тарихи орындар бар.


Теңіз көлі


Сарыарқа даласындағы ірі тұзды көл. Ол Қорғалжын қорығының құрамына және ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне кіреді. Бұл – әлем бойынша фламинго құстары ұя салатын солтүстіктегі мекеннің бірі.


Көлде 20-дан астам арал бар, олардың кейбірінде қызғылт қоқиқаздар топтасып ұя салады. Көлге құятын Нұра өзенінің сағасынан қаз, үйрек, бұйра бірқазан, көкқұтан, балшықшы мен қарқылдақтарды көруге болады. Құстар әлеміне қызығатындар үшін нағыз жұмақ мекен дерсіз.

Шығыс Қазақстан облысы


Облыс Ресеймен және Қытаймен шектеседі. Өлке Алтай тауларымен, Қатонқарағай паркімен әрі ғажайып табиғатымен аты шыққан. Мұнда экотуризм де, экстрим сүйетіндерге арналған демалыс та жақсы дамыған.


Марқакөл көлі


Алтайдың тайгасы мен асқар таулары қоршаған биік таулы көл алғашқы табиғи қалпын сақтаған. Суы мөлдір, оған қоса сирек кездесетін балық түрлерімен танымал. Мекеннің басты байлығы – адам баласы тиіспеген жабайы табиғаты.


«Қатонқарағай» ұлттық паркі


Еліміздегі ең үлкен ұлттық парк. Мұнда мұздықтар, таулар мен қалың ормандар, өңірдегі өзендердің бастаулары мен атақты Мұзтау (Белуха) шыңы бар. Мұзтау – Алтайдың киелі шыңы, мұнда зиярат етушілер жиі келеді.


Туристер тауға шығып, жаяу не атпен серуендей алады, велосипед айдап, қайыққа мінсе болады. Сонымен бірге табиғатты суретке түсіруге, ғылыми зерттеулер жасауға, Мұзтауға зиярат етуге, одан бөлек ауылдағы қонақүйлерге тоқтап, ауыл өмірін сезінуге мүмкіндік бар.


Қиын-Керіш шатқалы


Қиын-Керіш шатқалы – «тәкәппар сұлулық» мағынасын білдіреді. Шатқалдың қызыл, сары, ақ түсті саз басқан төбелері Батыс Қазақстан табиғатын елестетеді.


Мыңдаған жылғы жел мен судың мүжуінен төбелердің пішіні қазіргідей көрініске ие. Топырақ қабатынан ежелгі өсімдіктердің ізі мен жануарлар сүйегі табылған, сондықтан мекен палеонтология ескерткішіне жатады.

Сібе көлдері


Аблайкит жотасындағы өзен аңғарларының бөгелуінен пайда болған көлдер тізбегі. Жергілікті аңыздар бұл көлдердің пайда болуын біресе Жаратқанның алақан ізімен, біресе аю тырнағының ізімен байланыстырады.


Бас-аяғы бес көл – Қарақөл, Қоржынкөл, Шалқар, Төртқарақөл және Садыркөл – теңіз деңгейінен 714-868 метр биікте бірінен соң бірі баспалдақша орналасқан. Олардың арасын қырқалар бөліп жатыр. Суы мөлдір әрі тыныш, ал жағасы шатыр тігіп, құзға шығуға өте ыңғайлы.


Зайсан көлі


Зайсан көліне ондаған миллион жыл болған. Жер бетіндегі ең ескі көлдердің бірі. Көне деректерде ол «Қытай» деп аталса, ел арасында «Қоңырау үні сыңғырлаған көл» деп атайды. Түнде сыңғырлаған әуезді үн естіледі деседі.


Көлдің ұзындығы 100 шақырымға, ал ені 40-50 шақырымға дейін созылып жатыр. Жағалауындағы Ақшуат балықшылар ауылында аялдап, балық аулауға шықсаңыз болады.


Түркістан облысы


Түркістанға XIV ғасырда Әмір Темір салдырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көруге келеді. Ол – ЮНЕСКО тізіміне енген еліміздің басты рухани ескерткіші. Мұнда тарихи орындармен қатар табиғаты әдемі жерлер де жетерлік.


«Сайрам-Өгем» ұлттық паркі


Бұл ірі паркте жазық даладан биік тауға дейінгі 7 табиғи белдеу бар. Содан да өсімдік пен жан-жануар түрі көп. Өсімдіктің 240-қа жуық сирек әрі қызыл кітапқа енген түрі өседі.


Саябақ аумағы бірнеше бөлікке бөлінген: кейбір жері мүлде жабық болса, кей жерінде еркін демалуға болады. Мұнда Сайрам шыңы (4238 м), Қырық қыз құздары, Мақпал (2100 м) мен Сусыңған (1700 м) көлдері, сондай-ақ жартастағы көне суреттер бар.


Қызылорда облысы


Әлемдегі ең үлкен Байқоңыр ғарыш айлағы - тұңғыш жасанды серік пен алғашқы адам ғарышқа осы жерден ұшты. Дегенмен бұл өңірдегі Арал теңізі ерекше әсер қалдырады.


Арал теңізі


Кезіндегі алып теңіз XX ғасырда қатты тартылып кетті. Оның түбінде тот басқан кемелер жатыр, ал бұрынғы жағалау орнында биік құздар ғана қалған.


Мұнда адамдар осы экология апатын өз көзімен көруге, «кемелер зиратында» суретке түсуге, мұражайларды аралауға және Арал теңізі маңындағы елді мекен тұрғындарымен сөйлесуге келеді.


Қазір теңіз біртіндеп қайта толып жатыр.


Қарағанды облысы


Қарағанды – көмір шахталарының айналасына салынған қала. Қалада зауыттар, шахта үйінділері мен көне ғимарат көп. Соған қарамастан, табиғаты әдемі жерлер мен тарихи орындар да жетерлік.


Қарқаралы ұлттық паркі


Дала ортасында орман көлі мен ерекше жартастары бар таулы мекен. Жердің басты ерекшелігі – мұз дәуірінен бері сақталған өсімдіктер мен сирек кездесетін өсімдіктің ондаған түрі өседі.


Парк тарихи орындарға да өте бай. Кезінде Кент тауларынан әртүрлі дәуірдің ескерткіштері табылды: Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын Кент қонысы, XVII ғасырдағы будда монастырының орны – Қызылкент сарайы, Талды II мен Еңбек-Сүйгіш қорымдары, сондай-ақ қола дәуірінің Донғал мен Домалақтас қоныстары.

Балқаш көлі


Балқашты Қарағанды, Алматы және Жамбыл облыстары бөлісіп жатыр. Бұл – әлемдегі ең үлкен тұйық көлдердің бірі. Оның тағы бір ерекшелігі: батыс жағы – тұщы, ал шығыс жағы – тұзды. Осы екі жағын ортадағы Ұзынарал бұғазы бөліп тұр.


Балқаш жағажайда демалуға да, балық аулауға да өте ыңғайлы. Ал жағалаудағы батпақтар мен аралдар – құстарды бақылағанды ұнататындардың сүйікті орны.


Қарасор көлі


Қарасор (немесе Таздыкөл) – Орталық Қазақстандағы суретке түсуге ең әдемі мекен. Жазда көл аппақ тұзды далаға айналады. Оның айнадай бетінен аспан көрініп, шексіз кеңістік әсерін береді.


Көл суы теңізден де тұзды, ал жағасында шипалы батпақ бар. Бұл жер ерекше табиғатты ұнататындар мен фотографтарға өте қызық. Көлге құрғақ, ыстық мезгілде келген дұрыс.


Павлодар облысы


Павлодар өңірінен Баянауылды да, Ертіс жағалауын да, ежелгі ескерткіштерді де таба аласыз. Жылдың төрт мезгілінде де демалуға болады.


Баянауыл ұлттық паркі


Баянауыл – 1985 жылы ашылған еліміздегі ең алғашқы ұлттық парк. Жап-жазық даланың ортасынан бой көтерген жартастары бейнебір мүсіндерге ұқсайды. Ал сол таулардың арасында Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр және Біржанкөл көлдері жасырынып жатыр.

Паркте туристерге арналған 14 түрлі бағыт бар. Жазда жағажайда демалып, қыста «Мырзашоқы» кешенінде шаңғы тебуге болады. Сондай-ақ қасиетті Қоңыр әулие үңгірі мен көне қорғандарды да табасыз.


Павлодар Ертіс өңірі


Қазақстанның солтүстік-шығысындағы Ертіс бойы – қасиетті орындар мен тарихи кесенелерге бай өңір.


Ежелгі жануарлардың сүйегі сақталған «Қаз қонған» палеонтология ескерткіші, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Исабек Ишан кесенелері бар.


Жамбыл облысы


Жамбыл өңіріне көз тартар табиғаты, дәмді тағамдары мен бай археологиялық мұрасы үшін міндетті түрде баруыңыз керек.


Ақыртас археологиялық кешені


Ақыртас – VIII-IX ғасырлардан қалған қызыл тастан соғылған үлкен кешеннің орны (аумағы 205 те 180 метр). Бұл нысан ЮНЕСКО тізіміне енген.


Кешеннің ішінде бөлмелер мен бағандар сақталған. Тіпті сол заманда таудан қыш құбырмен су да тартқан. Ел арасында тасқа айналып кеткен адамдар туралы аңыз болғанымен, кешеннің не үшін салынғаны әлі күнге белгісіз.

Айша бибі мен Бабаджа хатун кесенелері


XI-XII ғасырлардан қалған екі кесене Тараз түбінде, бір-біріне өте жақын орналасқан. Айша бибі кесенесі әдемі қыш өрнектерімен, ал Бабаджа хатун 16 қырлы бірегей күмбезімен белгілі.


Екі кесене де Айша мен Қараханның қайғылы махаббаты және Айшаның ақылшы анасы Бабаджа хатунның адалдығы туралы аңызбен белгілі. Ғимараттар республика деңгейінде маңызды.


Ақсу-Жабағылы қорығы


Тараздан 60 шақырым жерде «мың бұлақ пен мың батырдың өлкесі» атанған Жуалы өңірі бар. Мұнда Білікөл көлі, Көксай шатқалы мен Батыс Тянь-Шань тауларын көресіз.


Ал Берікқара шатқалы – бүкіл әлемдегі қызғалдақтың отаны. Осы жерде 1926 жылы еліміздегі ең алғашқы Ақсу-Жабағылы қорығы ашылды. Кейін ол ЮНЕСКО-ның биосфералық қорықтар тізіміне енді.

Ақтөбе облысы


Туристер ондаған бағыт бойынша өңірді аралай алады. Олар табиғи және киелі орындарды қамтиды: теңіз жәндіктерінің тасқа айналған қалдықтары бар Ақтолағай бор таулары, ені 13 шақырымдай болатын Жаманшың метеорит кратері, «Қасқыр сарқырамасы» және көне қайың-көктерек ормандары бар «Орқаш» қорықшасы. Ал Мұғалжар тауларын бөлек атап өтуге болады.


Мұғалжар таулары


Бұл – Орал тауларының Қазақстандағы оңтүстік жалғасы. Даладағы аласа, бірақ әдемі таулар Еуропа мен Азияны бөліп жатыр.


Мұғалжар таулары Каспий мен Арал теңіздеріне ағатын өзендерді де екіге бөледі. Ең биік жері – Үлкен Боқтыбай тауы. Тау тастары гранит пен кварциттен тұрады, содан да бұл жер геологияны зерттеушілер мен жаяу саяхатшыларға өте ыңғайлы.

Қостанай облысы


Тізімді Қазақстандағы ең жұмбақ жермен аяқтаймыз. Амангелді ауданында туристерге арналған үлкен орталық салынып жатыр.


Торғай геоглифтері


Геоглифтер – мың жыл бұрын жерге салынған өрнектер. Көлемі үлкен болған соң, олардың толық бейнесі тек әуеден анық көрінеді. Топырақтан жасалған көне белгілер 2007 жылы спутник суреттерінен кейін белгілі болған. Оларды бірінші рет зерттеуші Дмитрий Дей сипаттап жазды.


Төртбұрыш, шеңбер сияқты бұл пішіндердің ені 400 метрге дейін жетеді. Олар қола дәуірінен немесе одан да бұрынғы кезден қалған болуы мүмкін. Бұларды не үшін салғаны әлі белгісіз: біреулер аспанды бақылау үшін десе, енді біреулер діни орын болған дейді.

Қазір мұнда туристерге қолайлы болу үшін визит-орталық салынып, өрнектерді биіктен көретін алаңдар мен жолдар салынып жатыр.


Саяхатшыларға пайдалы кеңестер


Рұқсат алу: «Алтын Емел», «Қатонқарағай» сияқты ұлттық парктер мен қорықтарға кіру үшін алдын ала рұқсат қағазын алу керек немесе гидпен бірге бару қажет.


Табиғатты қорғау: Бозжыра, Іле мен Сырдарияның атырауы сияқты жерлердің табиғаты өте нәзік. Сол себепті көлікпен барсаңыз жолдан шықпай, тек белгіленген бағытпен жүріп, табиғатты ластамау керек.


Қауіпсіздік: Тауға шықсаңыз, ауа райы тез құбылатындықтан жылы киім мен ыңғайлы аяқ киім алыңыз. Ал шөлге немесе далаға шықсаңыз, су мен қосымша байланыс құралы болсын.

Бөлісу:

Қазақстанда әркім баруы керек мекендер — Tamga media