Әлемде●Экономика●Қазақстанда адам жерлеу қанша тұрады және неге жұрт несие алады?

Қазақстанда адам жерлеу қанша тұрады және неге жұрт несие алады?

31 қазан 2026
4 мин
Фото: iStock

Былтыр Қазақстанда 134 735 адам қайтыс болды. Әр қазаның артында жерлеу рәсімі, ас беру және басқа да шығындар тұр. Мұндай шығынды әр үшінші адам қарыз алмай өтей алмайды. Жақынын соңғы сапарға шығарып салуға қанша қаражат қажет және жерлеу неге соншалықты қымбатқа түседі?


Таңғы сағат 7:40-та телефоныңыз шырылдайды. Әріптесіңіздің әкесі түнде қайтыс болыпты. Түске дейін жерлеу рәсімі ертең өтетінін, жұрттың көңіл шайға жиналатынын, ал жетісіне жүзге жуық адам келетінін естисіз. Мұндайда арнайы шақыруды күтпейсіз. Қайғысына ортақтасып, көңіл айтып, қолдау көрсетуге өзіңіз барасыз.


2025 жылы Қазақстанда 134 735 адам қайтыс болған. Осындай қайғыға тап болған отбасыларға туыстары, көршілері, әріптестері мен көптен көріспеген таныстары келеді. Қазадан кейінгі күндері үйден адам үзілмейді. Өйткені қайғыға ортақтасып, жақынына демеу болу – халқымызға сіңген дәстүр. Себепсіз бармай қалуды кейбірі қаралы отбасын жалғыз қалдырғандай көреді.


Бұл дәстүр адамдарды жақындастырып, қиын сәтте бір-біріне сүйеу болуға көмектеседі. Алайда келген жұртты күтіп, ас беру қаралы отбасына үлкен шығын әкелуі мүмкін.


Қазақ қоғамында қайғы бір отбасының ғана емес, бүкіл әулеттің басына түскен ауыртпалық деп саналған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Бибізия Қалшабаеваның айтуынша, қазақ қоғамында бір отбасының қайғысы бүкіл ағайынға ортақ саналатын. Қаралы үйді жалғыз қалдырмай, туыстары мен жақындары қолдан келгенше көмектескен: бірі азық-түлік әкелсе, енді бірі мал берген.


Бұл дәстүр қазір де жалғасып келеді. Халқымыз қуанышқа барудан гөрі, қайғыда адамның жанынан табылуды маңызды санайды. Марқұмның жетісі мен қырқы өткенше, әсіресе бейсенбі мен жұма күндері жұрт көңіл айтуға келеді.


Қай өңірде қайтыс болғандар саны көп?


2025 жылы Алматы қаласында 12 657 адам қайтыс болған. Бұл – ел өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Одан кейін Қарағанды облысы – 10 762, Түркістан облысы – 10 412 және Алматы облысы – 9 708 адам.


Бұл көрсеткіштер өңірдегі халық санына да байланысты. Ал Астанада 2025 жылы 6 187 адам қайтыс болған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 7%-ға көп. Еліміз бойынша өңірлер арасында қайтыс болғандар санының ең жоғары өсімі елордада тіркелген.


Өңірлерді әр мың тұрғынға шаққандағы өлім саны бойынша салыстырсақ, көрcеткіштер басқаша. 2024 жылы ел бойынша бұл көрсеткіш 6,63 болған. Солтүстік Қазақстан облысында – 11,57, Шығыс Қазақстанда – 11,29, Қостанай облысында – 10,18. Ал Астанада – 3,92, Шымкентте – 4,14, Маңғыстау облысында – 4,45.


Демек, халық санына шаққанда солтүстікте өлім-жітім Астанаға қарағанда үш есе көп. Мұны көбіне тұрғындардың жасымен байланыстырады: егде жастағы адамдар көп өңірде қайтыс болғандар саны да жоғары болады.


Жерлеуге қанша айлық кетеді?


Жерлеу шығынының отбасыға қаншалықты ауыр тиетінін түсіну үшін оны жалақымен салыстырып көрейік. 2025 жылдың соңғы тоқсанында елдегі медианалық жалақы 339 912 теңге болған. Бұл - қызметкерлердің жартысы осы сомадан аз, ал жартысы көп табыс табады деген сөз. Ал 2025 жылы Қазақстандағы ең жиі кездесетін жалақы, яғни модальды жалақы, шамамен 116 мың теңге болды.


Төмендегі есепті редакция ашық деректер мен қызмет бағаларына сүйеніп, шығарды. 


Айына 116 мың теңге табатын адам жақынын жерлеу үшін екі-бес айлық жалақысын жұмсауы мүмкін. Ал қайтыс болған зейнеткерді жерлеуге берілетін жәрдемақы шығынның шамамен 25–55%-ын ғана жабады.


Заң бойынша әр марқұмға зираттан кемінде 6 шаршы метр жер тегін берілуі керек. Жер кодексінде зират жерін коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салынған.


Бірақ іс жүзінде мәселе көп. 2025 жылдың наурызында сенатор Андрей Лукин жерлеу саласында бақылау жеткіліксіз екенін айтты. Ол алаяқтық, жерді заңсыз бөлу, қабір орындарын қайта сату және жерленгендер туралы мәліметтердің дұрыс тіркелмеуі сияқты мәселелерді атады. Сондай-ақ қызметтің бір немесе бірнеше компанияның қолына шоғырлану қаупін көтерді.


Сенатордың айтуынша, пандемия кезінде кейбір жеке компаниялар жерлеу құнын миллион теңгеге дейін жеткізген. Сондықтан ол зираттарды мемлекеттік меншікке бекітуді, жерлеу туралы мәліметтерді электронды түрде тіркеуді, негізгі қызметтерге шекті баға қоюды және арнайы заң қабылдауды ұсынды.


Жерлеу қызметтері жалпы баға өсімінен де жылдам қымбаттап жатыр. 2022 жылы олардың бағасы 14,7%-ға, 2023 жылы 20,6%-ға көтерілген. Ал 2023 жылдың наурызынан 2024 жылдың наурызына дейін ел бойынша орташа өсім 13% болған. Кей өңірлерде баға бұдан да шарықтап кетті: Батыс Қазақстан облысында – 39,4%, Абай облысында – 30,5%, Астанада – 30,3%. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында жерлеуге қатысты қызметтер ел бойынша 6,6%-ға, Ақтөбе облысында 20%-ға қымбаттаған.


Халықтың жерлеу қызметтеріне жұмсаған қаражаты да артқан. 2024 жылы бұл сома 6,4 млрд теңге болса, 2025 жылы 22,2 млрд теңгеге жеткен яғни, 3,5 есе көп. Оның ішінде жерлеу бюроларының қызметіне төленген қаражат екі есеге жуық өсіп, 7,4 млрд теңгені құраған. Жерлеу мен кремацияға, яғни мәйітті өртеуге жұмсалған сома 5,6 есе артып, 14,8 млрд теңгеге жеткен.


Мұндай күрт өсімнің нақты себебі жарияланған деректерде көрсетілмеген. Бұған бағаның қымбаттауы да, шығындарды есепке алу тәртібінің өзгеруі де әсер етуі мүмкін. Оның үстіне бұл есепке табыт, киім, кілем және ас беру шығындары кірмейді.


Жерлеуге де қарыз алуға тура келеді


Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы сауалнамасына қарағанда, қазақстандықтардың 34,7%-ы жақынын жерлеу шығынын қарыз алмай өтей алмайды. 2023 жылдан бері жағдай анау айтқандай өзгере қоймаған. Жерлеу рәсімдеріне тұрғындардың 63-66%-ының өз қаражаты жетеді, ал 34-%-ына қарыз қажет болады.


Бұл шығын әсіресе зейнеткерлерге ауыр тиеді. Олардың 41,2%-ы мұндай жағдайда қарыз алуға тура келетінін айтқан. Ал 29-38 жастағылардың 71,5%-ы жерлеуге өз ақшасы жетеді деп есептейді.


Көпшіліктің аяқ астынан қажет болатын шығындарға сақтаған ақшасы аз. Сауалнамаға қатысқандардың 17,5%-ы күтпеген жерден 30-40 мың теңге керек болса, оны да таба алмайтынын айтқан. Зейнеткерлер арасында бұл үлес – 21%. Ал ең қарапайым жерлеу рәсімінің өзі бұдан қымбат тұрады.


2026 жылғы 30 сәуірде Алматыда Қазақстандағы алғашқы крематорий ашылды. Бұған дейін кремацияны, яғни мәйітті өртеуді таңдағандар марқұмның денесін Ресейге апаратын. Жол шығынын қосқанда, жалпы сома 700 мың теңгегеден асып жығылатын.


Алматыдағы крематорийде Чехияда жасалған екі қос камералы пеш орнатылған. Олар тәулігіне 16–24 кремация жасауға мүмкіндік береді. Кремацияның бағасы 240 мың теңге. Ал мәйітті жеткізу, сақтау және рәсімге дайындау ақысы бөлек есептеледі.


Кремация жасауға адам көзі тірісінде өз қалауын жазбаша білдіріп, нотариусқа растатуы немесе өсиет қалдыруы керек. Ауызша айтылған тілек жеткіліксіз. Заң бойынша марқұмның күлін шашуға тыйым салынған. Ал Алматыда күл салынған құтыларды қоятын арнайы орын – колумбарий әзірге жоқ.


Алғашқы кремация крематорий ашылғаннан бір жарым ай өткен соң, 10 маусымда жасалған. Тамыздың ортасына дейін барлығы алты кремация өткен. Бұл – айына шамамен екі рәсім. Одан түскен табыс крематорийді ұстауға жетпейді.


Кейбір өтініштерге бас тартылған. Себебі туыстары бұрын жерленген адамның сүйегін кремациялауды сұраған. Ал заң бұған рұқсат бермейді. Алматының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы сұраныстың аздығын мәдени және діни дәстүрлермен түсіндіреді. Басқарманың айтуынша, бұл қызметті насихаттау жұмыстары жүргізілмейді.


ҚМДБ аста-төк ас беруге қалай қарайды?


Кейде марқұмға ас беру үлкен той сияқты өтеді. Жүздеген адамға арнап зал жалдайды, киіз үй не шатыр тігеді. Дастарқанға ет, қазы, шұбат пен торт қойып, имамға және рәсімге қатысқан адамдарға сыйлық таратады. «Жұрт не дейді, марқұмды дұрыс шығарып салмады деп ойламасын» деп, кей отбасылар осы шығынды өтеу үшін несие алады.


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ас беруге артық шығындалмауға шақырады. 2018 жылы басқарма асқа 170 мың теңгеден артық жұмсамауды ұсынып, шариғат бойынша ас беру міндет емес екенін айтқан.


2025 жылдың мамырында Астанада өткен имамдар форумында дастарқанды қарапайым жаю ұсынылды. Мәзірде алты түрлі ғана ас болсын делінді: шай, бауырсақ, ет немесе палау, сары май, тары немесе талқан, қант пен кәмпит. Асты бір жарым сағаттан асырмай өткізіп, оған несие алмауға кеңес берілді. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мұндай жиын қаралы отбасына қосымша салмақ салмауы керек екенін жеткізді. Бұл ұсыныстарды орындау заңмен міндеттелмеген, сондықтан жұрт оларды әртүрлі ұстанады


ҚМДБ Діни сараптама бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Қайырбеков те асқа көп ақша жұмсаудың қажеті жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, исламда ысырап пен шектен тыс сән-салтанат құпталмайды. Ал Ш. Уәлиханов атындағы Тарих институтының тарихшысы Салтанат Асанова мол дастарқан жаю әдетін бұрынғы азық-түлік тапшылығымен және бүгінгі көп тұтынуға ұмтылатын өмір салтымен байланыстырады.

Бөлісу: