Ойын-сауықСаяхатҚазақстан азаматтары визасыз ертең-ақ бара алатын елдер

Қазақстан азаматтары визасыз ертең-ақ бара алатын елдер

17 тамыз 2026
4 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Қазақстан паспортымен 40-тан астам елге визасыз баруға болады. Ал тағы ондаған ел визаны ұшып барғанда немесе 10 минутта онлайн (e-visa) береді. Осы мақалада қайда ұшқан дұрыс, не істеу керек және қанша қаржы қажет екенін талдаймыз.


Қазақстан азаматтары көрші елдерге көп барады. Статистикаға сүйенсек, Ресейге – жылына 3,1 миллион, Өзбекстанға – 2,9 миллион, ал Қырғызстанға – 2,6 миллион сапар тіркелген. Мұнда туыстарды аралау, шопинг пен бизнес – сапардың барлық түрі бар. Ал жан мен тәннің демалысы үшін отандастарымыз көбіне Түркия, Грузия, Біріккен Араб Әмірліктері мен Оңтүстік-Шығыс Азияға барады.


2025 жылы 11,8 миллионға жуық отандасымыз шетелге шыққан. Ел ішіндегі демалыста да өзгеріс бар. Қазір ел Бурабай мен Алакөлден гөрі Алматының таулы демалыс орындарын көбірек таңдайды. Былтыр сәуір-қыркүйек айларында мұнда 1,6 миллионнан астам адам барған. Тіпті елдегі барлық демалыс аймағына барған саяхатшылардың жартысынан астамы дәл осы Алматы тауларындағы демалысты таңдаған.


Агенттіктерден дайын турпакет сатып алып, шетелге баратындар саны жылына 1,5 миллионнан асады («Туристік Қамқор» қоры мен Туризм комитетінің дерегі). Бұл жерде де ең көп таңдалатын ел – Түркия. Ал БАӘ бұрынғыдай қымбат емес, елдің бәрі баратын қарапайым бағытқа айналып келеді. Жалпы Таяу Шығыста жағдай ушыққанда Қатар, Сауд Арабиясы мен БАӘ-ге сұраныс сәл төмендеді, бірақ кейін қажылық пен туризмнің арқасында қайта қалпына келеді.


Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан азаматтары сирек барған елдер қатарында Аустралия мен Албания (3 адам), Маврикий мен Марокко (6 адам), Израиль (7 адам), Хорватия (9 адам), АҚШ (58 адам) және Франция (187 адам) бар. Себебі жол алыс, қымбат, виза алу қиын әрі тікелей рейстер жоқ. Бірақ мұнда бір ескеретін жайт бар: статистика соңғы баратын орынды емес, билеттегі бірінші ұшу бағытын тіркейді. Сондықтан АҚШ-қа Ыстанбұл арқылы ұшқан турист жүйеде АҚШ емес, Түркияға барған болып көрінуі мүмкін.


Мәселеге басқа қырынан қарасақ, 2025 жылы қазақтар шетелде картамен 5,01 триллион теңге жұмсап, шекарадан 7,2 миллион рет өткен. Бірақ шетелге шығатын төлқұжат 8,15 миллион адамда ғана бар. Демек, халықтың 60%-ы тек жеке куәлікпен баратын елдерден ары аса алмайды. Негізі Қазақстан паспортымен 78 елге визасыз әрі жеңілдетілген тәртіппен кіруге болады, бұл бойынша Henley Passport Index рейтингінде 57-орындамыз.


Визасыз баруға болатын бағыттар


Грузия – 1 жылға дейін визасыз


Визасыз жүру мерзімі ең ұзақ ел – Грузия. Музейге айналған Тбилисидің көне көшелерін аралап, әйгілі күкірт моншаларына түсуге, Сигнахиде шарап дәмін татып, Батумидің жағажайында демалуға болады. Қыста Гудауриде шаңғы теуіп, Казбек тауының баурайындағы Гергети монастырын көруге де мүмкіндік бар.


Қанша ақша кетеді? Алматыдан барып-қайту ұшақ билеті туристер аз баратын маусымда 130-150 мың теңгеден басталады. Қонақүйі бар дайын турлар аптасына 244 000 теңгеден жоғары болса, сапарды өзіңіз ұйымдастырғанда баспана, тамақ пен жолды қосқанда бір адамға аптасына 250-300 мың теңге жетіп қалады.


Түркия – 90 күнге дейін визасыз 


Бұл Қазақстан азаматтарының ең көп таңдайтын бағыты. Көбі отбасымен Антальяда all inclusive тур алып демалуға, Ыстанбұлдың мешіттері мен базарларын аралауға, енді бірі Каппадокияда әуе шарында ұшуға барады. Кейбіреулер Памуккалеге саяхаттайды, енді біреулері Еуропаның лебі есетін шағын Каш қаласын таңдайды. Ал тәжірибелі туристер көлік жалдап, елді аралап жүреді.


Қанша ақша кетеді? Алматы мен Астанадан ұшақ билеті мен қонақүйі бар дайын турлар 169 000 теңгеден басталады, ал жазда баға 300 мың теңгеден асып кетеді.


БАӘ – 30 күнге дейін визасыз 


Дубай мен Абу-Даби – Америка сияқты мұхит асып алысқа ұшпай-ақ, зәулім ғимараттарды көріп, сәнді демалғысы келетіндерге таптырмас бағыт. Бұл жақта «Бурдж-Халифаның» шолу алаңынан қаланы тамашалауға, шөлде джиппен сафариге шығуға, заманауи моллдарды аралап, Джумейра жағажайында демалуға болады.


Қанша ақша кетеді? Ұшақ билеті мен орта деңгейдегі қонақүйі құны, таңғы ас, трансфер қосылған 5-6 күнге арналған турлар бір адамға 350-400 мың теңгеден басталады.


Таиланд – 60 күнге дейін визасыз


Пхукет, Паттайя және Бангкок сияқты басты үш қаланың демалысы бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Пхукетке жұрт теңіз жағасында рахаттанып демалу үшін барса, Паттайяға көңіл көтеруге, ал Бангкокқа мәдениетімен танысу үшін барады. Сондықтан бұл жаққа жол түссе, тропикалық аралдарды аралап, маскамен су астын тамашалауды, тай массажына барып, түнгі базарлар мен ғибадатханаларды аралауды міндетті түрде жоспарға қосқан абзал.


Қанша ақша кетеді? Ең қымбаты – Алматыдан барып-қайту билеті 250 мың теңгеден басталады. Ал елдің өзінде тамақ пен баспана арзан, сондықтан 10 күнге арналған демалысқа 500-600 мың теңге жетеді.


Марокко – 30 күнге дейін визасыз 


Бұл – Қазақстан азаматтары енді ғана ашып жатқан жаңа визасыз бағыт. Марракеш, Касабланка, Рабат пен Фес сияқты қалалардың араб-африкалық өзгеше атмосферасы бар. Бұл жақта Марракештің ескі қалашығын аралап, Сахара шөлін көруге, дәстүрлі тажин жеп, жалбыз шайдың дәмін татуға болады.


Қанша ақша кетеді? Тікелей ұшақ рейстері аз болған соң, сапар арзанға түспейді: жол шығыны мен қонақүйді қосқанда бір адамға 500 мың теңгеден басталады.


Индонезия (Бали) – 30 күнге дейін визасыз


Кейінгі кезде трендке айналған бағыттардың бірі. Таныстар мен блогерлердің Бали туралы әңгімелерінен мезі болсаңыз, осы аралдың қаншалық ғажайып екенін өз көзіңізбен көріңіз. Мұнда серфинг пен дайвингпен айналысуға, Убудтың сатылы күріш алқаптарын аралап, құз жартастағы ғибадатханаларды тамашалауға болады.


Мұнда елге келген бойда әуежайда виза рәсімдейсіз. Ақысын төлесеңіз болған. 5 минутта дайындап береді.


Қанша ақша кетеді? Индонезияға дейін басқа елдер арқылы ауысып отырып, ұзақ ұшасыз. 10 күннен асатын сапарға жол мен қонақүйді қосқанда 450-550 мың теңгеден бастап қаражат қажет.


Тағы қай елдерге визасыз баруға болады?


2026 жылы Қазақстан азаматтары үшін визасыз елдер тізімі толықты. Олардың қатарында Беларусь, Ресей, Армения, Әзербайжан (белгілі бір шарттармен), Сербия, Черногория, Гонконг, Малайзия, Сингапур, Филиппин, Бразилия, Доминикан Республикасы (60 күнге дейін – Қазақстан азаматтары үшін Латын Америкасындағы ең ұзақ мерзім), Сент-Китс пен Невис, Гренада және Балқан түбегінен Кариб аралдарына дейінгі ондаған мемлекет бар.


Әрі қарай күнделікті күйбең тірліктен демалу үшін қанша күн мен қанша қаражат арнайтыныңыз өзіңізге байланысты.

Бөлісу: