Мәдениет●Тұлғалар●Қазақ әйелін өнерінің басты кейіпкеріне айналдырған Айша Ғалымбаева

Қазақ әйелін өнерінің басты кейіпкеріне айналдырған Айша Ғалымбаева

23 қазан 2026
5 мин
Фото: Almaty Museum of Art

Қазақ өнері десе, бәріміздің есімізге алдымен Әбілхан Қастеев түседі. Бірақ қазақ кескіндемесінің алтын діңгегін қалағандардың арасында тамаша есімдер бар. Солардың арасында Айша Ғалымбаеваның орны бөлек. Ол қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш кәсіби суретші ретінде танылды. Сонымен қатар кескіндемемен бірге кино өнерінде еңбек етіп, фильмдерге декорация мен костюм эскиздерін жасады, ұлттық киімдерді зерттеп, олардың үлгілерін қағазға түсірді. Кейін оның шығармашылығының негізгі өзегіне қазақ әйелінің бейнесі, ұлттық тұрмыс, қолөнер, табиғат пен күнделікті өмір айналды. Tamga Media тілшісі Айша Ғалымбаева туралы қызықты деректерді назарыңызға ұсынады. 


Алматылық суретшінің өнерге келуі


Айша Ғарифқызы Ғалымбаева 1917 жылы 29 желтоқсанда қазіргі Алматы облысы аумағындағы Есік өңірінде дүниеге келген. Оның балалық шағы қазақтың дәстүрлі тұрмысы мен қолөнері сақталған ортада өтті. Киіз үйдегі ою-өрнек, сырмақ пен текемет, ұлттық киімдер, тұрмыстағы күнделікті қолданылатын бұйымдар кейін оның шығармаларынан да көрініс тапты.


Айша Ғалымбаева 1939 жылы Алматы театр-көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, сол жерде суретшілер А. Черкасский мен Л. Леонтьевтен білім алды. Оқу жылдары оның кәсіби негізін қалыптастырды. 1943 жылы Алматы көркемсурет училищесін тәмамдағаннан кейін Айша Ғалымбаева өнер жолын кәсіби түрде жалғастырды. Кейін білімін әрі қарай жетілдіру үшін Мәскеуге аттанып, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтына, яғни ВГИК-ке түсті.


1949 жылы институттың көркемсурет-безендіру факультетін аяқтады. Мәскеуде ол тек сурет салу техникасын емес, композиция, түс, кеңістік және көркемдік шешіммен жұмыс істеудің кәсіби тәсілдерін меңгерді.


Киноға келген алғашқы қазақ әйел суретшілерінің бірі


Айша Ғалымбаеваның шығармашылық жолының қызық тұсы – оның кескіндемемен қатар кино өнерінде де жұмыс істеуі. Ол Мәскеуден Қазақстанға оралғаннан кейін Алматы көркемсурет және хроникалық фильмдер киностудиясында еңбек етті. Кейін бұл орта қазақ киносының қалыптасу кезеңдерінің бірі болды. ВГИК-тегі дипломдық жұмысы Мұхтар Әуезовтің «Абай әндері» киносценарийіне арналған декорация, костюм және кадрлық эскиздер болды.


Қазақстанға оралғаннан кейін ол Алматы көркемсурет және хроникалық фильмдер киностудиясында еңбек етті. Кейін «Махаббат туралы дастан», «Шабандоз қыз», «Бұл Шұғылада болған еді» және басқа фильмдердің көркемдік безендірілуіне қатысты. Ол кезде қазақ киносы енді қалыптасып келе жатқан. Сондықтан экранда ұлттық киім мен тұрмыс көріністерін сенімді көрсету маңызды еді. Ғалымбаева суретші ретінде осы бағытқа ерекше көңіл бөлді.


Ұлттық киімге қызығушылығы кейін жеке зерттеу бағытына айналды. 1958 жылы оның қазақтың дәстүрлі киім үлгілеріне арналған «Қазақтың ұлттық киімдері» атты альбомы жарық көрді.


Оның картиналарында неге қазақ әйелдері көп?


Ғалымбаеваның өнеріндегі басты кейіпкерлердің бірі — қазақ әйелі. Бірақ суретші әйелді тек тұрмыстық ортада бейнелеумен шектелген жоқ. Оның алғашқы белгілі еңбектерінің қатарында «Тоқымашылар» (1951), Г. Разиеваның портреті (1952), «Автопортрет» (1956), «Халық таланттары» (1957), халық ісмері Б. Бәсенованың портреті (1958), «Дастархан» (1959) секілді туындылар бар. «Халық таланттары» картинасында киіз үй ішінде қолөнермен айналысып отырған әйелдер бейнеленген. Мұнда суретші күнделікті тіршілікті ғана емес, әйел еңбегі мен дәстүрлі шеберліктің қоғамдағы орнын көрсетеді.


Ал Б. Бәсенованың портретінде халық өнерінің өкілі жеке тұлға ретінде алдыңғы қатарға шығады. Осы туындылардан-ақ әйел бейнесі Ғалымбаева үшін кездейсоқ тақырып болмағанын байқауға болады. Оның картиналарындағы әйелдер — отбасы мүшесі ғана емес, еңбек ететін, өнер жасайтын, дәстүрді жалғастыратын тұлғалар.


«Кестелі кимешек»: бір картинадағы ұрпақтар байланысы


Ғалымбаеваның жұмыстарындағы ұлттық тақырыпты түсіну үшін «Кестелі кимешек. Біздің апамыз» картинасына назар аударуға болады.


Бұл шығарма 1969 жылы темпера техникасымен кенепке салынған. Қазақстан Республикасы Ұлттық өнер музейінің электронды музей қорындағы сипаттамаға сәйкес, композицияда екі жас әйел мен ақ кимешек киген егде әйел бейнеленген. Картинадағы алма, жеміс салынған тостаған және тұрмыстық орта ұрпақтар сабақтастығы мен береке тақырыбын күшейтеді.


Мұнда қазақтың ұлттық киімі де жай декоративті элемент ретінде қолданылмаған. Ақ кимешек киген әже мен жас әйелдердің қатар орналасуы арқылы әр буынның арасындағы байланысты көруге болады. Ал суреттің түсі мен композициясы ұлттық сән өнерінің ерекшеліктерін еске салады.  Ғалымбаева өз картинасында мәдениетті жеке-жеке белгілер арқылы ғана емес, түстер, киім, адамдар, тұрмыс заттары мен олардың арасындағы байланыс арқылы жеткізді.

«Дастархан»: Қарапайым нәрседен көркемдік іздеу 


Ғалымбаеваның «Дастархан» атты жұмысы да оның шығармашылығындағы ұлттық тұрмыстың орнын көрсетеді. Дастархан қазақ мәдениетінде тек тамақ ішетін орын емес. Оның айналасында қонақ күту, отбасы, әңгіме, мереке және күнделікті тіршілік тоғысады. Сондықтан суретші үшін дастарханның өзі тұтас бір мәдени ортаны көрсетуге мүмкіндік береді.


2023 жылы Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Көктем өрнектері» көрмесінде Ғалымбаеваның «Дастархан» және «Аяққап» натюрморттары, сондай-ақ «Қуанышты күн» туындысы музей қорына қойылған.


Күнделікті өмірден ұлттық образ жасау


Ғалымбаеваның шығармашылығы әйел портреттерімен немесе ұлттық киім тақырыбымен ғана шектелген жоқ. Уақыт өте келе оның назарында табиғат, ауыл өмірі, еңбек, тұрмыстық заттар мен натюрморттар да пайда болды. Бірақ тақырып өзгергенімен, суретшінің негізгі тәсілі сол күйінде қалды: ол үлкен идеяны күнделікті өмірдегі қарапайым деталь арқылы жеткізуге тырысты.


Оның «Қазақстан әндері» (1962), «Ежелгі керамика» (1966), «Батыр ана» (1966), «Қостанай. Алтын дән пирамидалары» (1971), «Бейбітшілік» триптихы (1975), «Жердің сыйы» (1978), «Береке» (1980) сияқты еңбектерінен тақырып аясының қаншалықты кең болғанын көруге болады.


Сонымен қатар суретші «Аяққалқан», «Жайлау соқпағы», «Көне көзе», «Қобыз», «Сары алма», «Қызыл апорт» секілді пейзаждар мен натюрморттар жазды.


Бұл жұмыстарда ерекше тарихи оқиға немесе салтанатты сюжет болмауы мүмкін. Керісінше, Ғалымбаева көпшілік күнделікті көріп жүрген заттарға назар аударады: қобызға, көне ыдысқа, жеміске, тұрмыстық бұйымға, дала мен ауыл көрінісіне. Осы арқылы ол қазақ мәдениетін тек өткен заманнан қалған мұра ретінде көрсетпейді. Суретшінің картинасында дәстүр адамдар өмір сүріп жатқан ортаның табиғи бөлігіне айналады. Ұлттық сипат кейіпкердің киімінен ғана емес, дастарханнан, қолөнер бұйымынан, түс пен композициядан, тіпті қарапайым жемістен де көрінеді.


Ғалымбаеваның ерекшелігі де осында еді: ол ұлттық болмысты міндетті түрде үлкен тарихи сюжетпен түсіндіруге тырыспады. Кейде тұтас бір дәуірдің атмосферасын жеткізу үшін бір ғана заттың өзі жеткілікті болды.


Бір кесе қымыз нені айта алады?


Бұл тәсіл Ғалымбаеваның «Бір кесе қымыз» туындысынан анық байқалады. 1967 жылы жазылған жұмыста сырттай қарағанда өте қарапайым көрініс берілген. Алайда суретшіге қымыз —  қазақ халқының ұлттық сусыны ғана емес, қазақ тұрмысындағы қонақжайлық, дастархан, ауыл өмірі мен дала мәдениетінің образы ретінде талдайды. Ғалымбаева күнделікті өмірде көзге үйреншікті нәрсені көркем образға айналдырып, сол арқылы белгілі бір ортаның мінезін көрсетеді. Бұл оның басқа жұмыстарында да кездесетін тәсіл. Суретші қазақ мәдениетін сырттан бақылап отырған адамдай емес, сол ортаның ішінде өмір сүрген адам ретінде бейнелейді. Сондықтан оның картиналарындағы тұрмыстық заттар декорация болып қалмайды. Олардың әрқайсысы кейіпкерлер өмір сүретін ортаны толықтырып тұрады.


«Бір кесе қымыз» туындысы үшін Ғалымбаева 1972 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.


Суретші ғана емес, ұстаз


Айша Ғалымбаеваның кәсіби тәжірибесін кейінгі буынға жеткізген ұстаздардың бірі болды. 1949–1966 жылдары Ғалымбаева Алматы көркемсурет училищесінде сабақ берді. Кейін 1966–1969 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында дәріс оқыды. Бұл кезеңде Қазақстандағы кәсіби бейнелеу өнерінің мектебі әлі қалыптасып келе жатқан еді. Сондықтан сурет сала алатын маман ғана емес, өзінің білімі мен тәжірибесін өзгеге үйрете алатын ұстаз болды.


Оның қазақ өнеріндегі ерекшелігі неде?


Айша Ғалымбаеваның қазақ бейнелеу өнеріндегі орнын түсіну үшін оны міндетті түрде Әбілхан Қастеевпен немесе басқа суретшілермен салыстырудың қажеті жоқ. Әр суретшінің өз тақырыбы, өз ортасы және өз көркемдік тілі болды. Қастеев шығармаларында қазақ даласының табиғаты, еңбек адамы мен қоғамдағы тарихи өзгерістер кеңінен көрініс тапса, Ғалымбаеваның өнерінде әйел бейнесі, ұлттық киім, қолөнер, тұрмыс пен күнделікті өмір ерекше орын алды. Оның картиналарындағы қазақ әйелі де бір ғана рөлде көрінбейді. Ол — ана, еңбек адамы, қолөнер шебері, өнер иесі, белгілі бір дәстүр мен тәжірибені кейінгі ұрпаққа жеткізуші тұлға. Сол себепті Ғалымбаеваның шығармашылығын тек «әйелдерді көп салған суретші» деп сипаттау аздық етеді. Ол әйел бейнесі арқылы өзі өмір сүрген қоғамды, тұрмысты және сол кезеңдегі мәдени ортаны көрсетті.


Сонымен қатар оның шығармаларында этнографиялық дәлдік пен көркемдік шешім қатар жүреді. Ұлттық киім немесе тұрмыстық бұйым картинада тек «қазақы белгі» ретінде тұрған жоқ. Олар кейіпкердің ортасын, жасын, өмір салтын, кейде тіпті мінезін ашатын бөлшекке айналды. Осы қасиет Ғалымбаеваның өзіндік көркем тілін қалыптастырды.


Өнерде қалған мұра


Айша Ғалымбаева өмірінің соңына дейін өнерден алыстаған жоқ. Ол 2008 жылғы 21 сәуірде дүниеден өтті. Суретшіден кескіндеме мен графикалық жұмыстар, киноға арналған декорация және костюм эскиздері, ұлттық киімдерге қатысты зерттеу-бейнелеу еңбектері қалды. Бұған оның ұзақ жылдар бойы жинаған ұстаздық тәжірибесін де қосуға болады.


Ғалымбаеваның еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. 1961 жылы ол Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері атанса, 1967 жылы Қазақстанның халық суретшісі атағын алды. Кейін Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.


Бүгінде оның шығармалары музей қорларында сақталып, көрмелерде қазақ кескіндемесінің маңызды үлгілері ретінде көрсетіліп келеді. Айша Ғалымбаеваның картиналарына бүгін қарағанда біз тек белгілі бір суретшінің шығармашылық жолын көрмейміз. Оның туындылары арқылы бір дәуірдің адамдарын, олардың күнделікті ортасын және қазақ мәдениетінің сол кезеңде қалай өмір сүргенін де тануға болады.

Бөлісу: