Дүкенге кіріп, сауда жасаймыз да, кассадан берілген түбіртекті (чек) алып, умаждап қалтаға сала саламыз. Кейде онымен ойнап, қолымызда ұзақ ұстап жүретініміз де бар. Алайда осы бір кішкентай жылтыр қағаздың құрамында адамның гормон жүйесіне әсер ететін химиялық заттар бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Кейінгі кездері экологтар мен дәрігерлер «түбіртек қатерлі ісік тудыруы мүмкін» деп дабыл қаға бастады. Tamga Media мұның рас-өтірігін анықтап көрді.
Қашан және қалай пайда болды?
Әр дүкеннен табылатын түбіртектің тарихы XIX ғасырдың соңында басталған. 1879 жылы америкалық өнертапқыш Джеймс Ритти кассадағы ақшаны қызметкерлер жымқырып кетпесін деп алғашқы коммерциялық кассалық аппарат ойлап табады. Кейін құрылғыны National Cash Register (NCR) компаниясы жаппай өндіріске шығарып, әлемге таратты.

Бастапқыда аппарат жазуды қарапайым қағазға сиямен басып шығаратын. Бірақ бұл процесс баяу жүрді, сиясы да үнемі таусылып қала беретін. Технология дами келе, 1960-1970 жылдары нарыққа термалды баспа келді. Бұл әдіс өте арзан әрі жылдам болғандықтан бүкіл әлемдегі супермаркеттер мен мейрамханалар лезде осы технологияға көшіп кетті.
Түбіртек неден жасалады?
Байқасаңыз, қазіргі түбіртектерге мәтін сиямен жазылмайды. Ондағы қағаз екі қабаттан тұрады:
Негізгі қабат: Бұл – кәдімгі целлюлозадан жасалған ақ қағаз.
Термалды жабын: Осы қағаздың бетіне көзге көрінбейтін арнайы химиялық қабат жағылады.
Принтердің қызған басы қағаздың бетіне тиген сәтте әлгі химиялық қабатта реакция жүріп, әріптер мен сандар өздігінен қарайып шыға келеді. Дәл осы реакцияны іске қосу үшін ұзақ жылдар бойы BPA (бисфенол А) деп аталатын химиялық зат қолданылып келді. Оның зияны туралы дау көбейген соң, өндірушілер оны BPS (бисфенол S) деген «туысына» ауыстырды. Бірақ ғалымдардың айтуынша, екеуінің де ағзаға тигізер зияны шамалас.
Бисфенол несімен зиян?
Бисфенол – эндокриндік жүйені (гормондарды) бұзатын зат ретінде танымал. Ол адам ағзасындағы эстроген гормонының қызметін бұрмалап, ішкі ағзаларға қате сигнал жібереді.
Қатты пластмассадан, мысалы, су құтыларынан бұл зат оңайшылықпен бөлінбейді. Бірақ түбіртектің бетіндегі бисфенол қағазға мықтап бекітілмеген. Ол өте ұсақ молекулалар түрінде түбіртекті саусақпен ұстаған сәтте-ақ теріге сіңіп кетеді.
Ғалымдар нақты нені анықтады?
2017 жылы Массачусетс университетінің ғалымдары асханада тамақтанып жүрген 698 адамды бақылап, қызық үрдісті байқаған. Адамдар түбіртекті орта есеппен 11,5 минут бойы ұстап жүреді. Оған қоса көпшілік қағаздың шетінен саусақтарымен емес, алақанымен қысып ұстаған. Түбіртекті қанша ұзақ ұстасаңыз, химиялық зат теріге соғұрлым көп сіңеді.
2023 жылы The Ecology Center орталығының зерттеушісі Джиллиан Захариас Миллер бастаған топ АҚШ-тағы 144 ірі дүкен желісінен 374 түбіртекті жинап, зертханада тексерген. Нәтижесінде қазіргі түбіртектердің 85%-ының құрамында BPS (бисфенол S) бар екені анықталды. Яғни қауіпті BPA-дан бас тартқан күннің өзінде, оның орнын басқан заттың да химиялық әсері ұқсас болып шыққан.
Түбіртекті 10 секунд қана ұстаған кезде, ағзаға сіңетін бисфенол мөлшері денсаулық сақтау ұйымдары бекіткен «қауіпсіз шектен» асып түседі. Бірақ бұл «адам сол сәтте-ақ ауырып қалады» деген сөз емес.
Бірқатар зерттеу қолға антисептик немесе ылғалдандырғыш крем жақса, түбіртек ұстағанда бисфенолдың қанға әлдеқайда жылдам өтетінін дәлелдеген. Сонымен қатар ғалымдар түбіртек ұстаған қолмен картоп фри жеген адамдарды және таза қолмен жегендерді салыстырған. Біріншілердің қанындағы BPA деңгейі әлдеқайда жоғары болған, өйткені зат асқазанға тікелей түскен.
Түбіртектен қатерлі ісік пайда бола ма?
Анда-санда дүкеннен түбіртек алған адам қатерлі ісікке шалдыға ма? Жоқ, қарапайым тұтынушы үшін нақты дәлелденген тікелей қауіп жоқ. Бірнеше рет түбіртек ұстаудан ауру пайда болмайды.
Бірақ күніне жүздеген түбіртек ұстап шығатын кассир, банк қызметкері және даяшылар қанында бисфенол деңгейі басқа адамдарға қарағанда әлдеқайда жоғары болады. Уақыт өте келе жиналған бұл заттар семіздікке, репродуктивті жүйенің бұзылуына, обырдың кейбір түрлеріне (мысалы, сүт безі мен қуықасты безі обырына) ықпал етуі мүмкін деген ғылыми болжамдар бар. Әсіресе жүкті әйелдер үшін бұл заттың ұрыққа зияны болуы мүмкін.
Өзімізді қалай қорғаймыз?
Түбіртектен қорқып, мүлдем ұстамай қоюдың қажеті жоқ. Бірақ мынадай қарапайым сақтық шарасын ұстансаңыз артық етпейді:
Электрон түбіртек сұраңыз. Қазір көптеген супермаркет пен банк электрон түбіртек береді.
Түбіртекті бүктеп ұстаңыз. Қағаз түбіртек алуға мәжбүр болсаңыз, оның мәтін басылған жағын (химиялық жабыны бар жағын) ішіне қаратып бүктеп алыңыз. Теріс беті қауіпсіздеу.
Қолыңызды жуыңыз. Түбіртек ұстағаннан кейін қолыңызды сабындап жуу – ең тиімді жол.

Түбіртек ұстап тамақ ішпеңіз. Сауда жасағаннан кейін немесе тамаққа тапсырыс бергеннен кейін түбіртек ұстап тамақтанатынымыз бар. Қолыңызды жуып алыңыз.
Жұмыста түбіртек көп ұстасаңыз, міндетті түрде жұқа резеңке немесе силикон қолғап киіп алыңыз. Жұмыс орнында тамақтанбаңыз.
Дүкен түбіртегі «химия» екен деп одан үрейленудің қажеті жоқ, бірақ цифрлық баламасы тұрғанда, зиян қағаздан бас тартып, айналаны да ластамайтын «экоәдет» қалыптастырған артық етпейді. Саулық – өз қолымызда.




