Күнделік жүргізу мен өмірді көрсетуден басталған блогинг қазір миллиондаған табыс әкелетін ірі бизнеске айналды. Өзіне тән ережелері, уақыт талабы мен тәуекелдері бар нағыз бизнес-модель. Осының қыр-сырын бірге талдап көрейік.
Статистика не дейді?
Контент-маркетинг нарығының табысы 2025 жылы 417,85 миллиард доллар болса, 2032 жылға көзделген көрсеткіш – 2 триллион доллар. Қазірдің өзінде желіде күн сайын 7,5 миллионға жуық жазба жарияланады. Интернет пайдаланушылардың 83%-ы блогтарды тұрақты оқиды. Бұл үрдіс нарықтағы алпауыт компанияларға да оң әсер етеді. Өйткені жеке блогын жүргізіп отырған нарықтағы компаниялар блог жүргізбейтін бәсекелестеріне қарағанда 13 есе көп пайда табады.
АҚШ-та блогерлердің бір жылда табатын орта табысы шамамен 103 000 доллар, ал блогын бес жылдан көп уақыт жүргізіп келе жатқандар айына орта есеппен 5450 доллар табады. Осы тұста Қазақстанның да көрсеткіштеріне көңіл толады. 2025 жылы МКК құжаттарды қашықтан тексеріп, 854 блогерге 1586 ескерту хат жіберді. Мәлімет бойынша, олар 2022-2023 жылдары тапқан табыстарын 71,9 миллиард теңгеге кемітіп көрсеткен. Нәтижесінде 622 инфлюенсер табысын ресми жариялап, мемлекетке 875,5 миллион теңге салық төлейтін болды.
Оған қоса 12 блогер 1,4 миллиард теңге қосымша табысын өз еркімен жариялап, 73,6 миллион теңге салық төледі. Қазір нарықтың 76,67%-ы – нано және микро (оқырманы аз және орташа) блогерлер. Қазақстандағы осындай шағын блогерлер нәтиже үшін ғана ақы алатын жүйемен жұмыс істейді. Осы модельмен олар барлығы 70 миллион теңге табыс тапты.

Қазір Қазақстанда блогерлердің жарнамасына бекітілген ортақ баға жоқ. Әрқайсымен жеке шарт жасалады, бірақ құпиялылық келісіміне (NDA) байланысты сомасы көп жағдайда жариялана бермейді.
Бұған қоса жарнаманың құны блогердің контентін қаншалық көп көретініне, аудитория белсенділігіне (ER), таңдаған тақырыбы мен оқырмандардың орналасқан жеріне, контент тілі, жарнаманың форматы мен мерзіміне тікелей байланысты.
Агенттіктер мен нарық мамандарының есебінше, 2025-2026 жылдары жарнаманың орта бағасы мынадай болған:
Нано-блогерлер (10 мыңға дейін оқырманы бар) – бір жарнама үшін 5 000 – 40 000 теңге;
Микро-блогерлер (10 мыңнан 100 мыңға дейін оқырманы бар) – 25 000 – 250 000 теңге;
100 мыңнан 500 мыңға дейін оқырманы бар блогерлер – 80 000 – 700 000 теңге;
Макроинфлюенсерлер мен танымал жұлдыздар (500 мыңнан көп оқырманы бар) – бір жарнама үшін 250 000 теңгеден бастап, 2 миллион теңгеге дейін немесе одан да жоғары.
Бұл ретте оқырман саны ең маңызды критерий емес. Мәселен, 50 мың белсенді оқырманы бар блогердің жарнамасы 200 мың жазылушысы бар блогерден қымбат болуы мүмкін. Өйткені оның контентіне сенім жоғары, бұл тауардың жақсы өтуіне де әсер етеді.
Брендтер блогерлермен көбіне арнайы агенттіктер арқылы жұмыс істейді. Бірақ бұл агенттіктер де өз бағаларын ашық жарияламайды. Себебі жарнаманың соңғы құны әр жобаға жеке есептеледі. Оған қанша блогер шақырылатыны, түсірілім мен дайындық жұмыстары (продакшн), анализ жасау, ерекше идеялар ойлап табу, өзара эксклюзив келісім мен брендтің алға қойған мақсаттары (KPI) әсер етеді.
Әдетте мұндай агенттіктер екі түрлі тәсіл арқылы жұмыс істейді: не жобаға бірден нақты баға бекітеді, не жарнама бюджетінің 10-30% көлемінде комиссия алады.
Сұранысқа ие бағыттар
Бұрын блогты өзіңізге ұнаған тақырыпта жүргізсеңіз, қазір бұл іс едәуір қиындады. Бүгінде блогтан табыс табу үшін үш нәрсе керек: сол сала бойынша біліміңіз, аудиторияның сұранысы және одан ақша табу мүмкіндігі бірге жүруі шарт. Өйткені контент қанша жерден сапалы болса да, оқырманға қызық болмаса немесе табыс әкелмесе, еңбегіңіз еш кетуі мүмкін. Мысалы, тотықұс баптау туралы бәрін білсеңіз де, бұл тақырыппен аудитория жинап, пайда табу қиын. Ал «жаңа бастағандарға арналған инвестиция» тақырыбының жөні мүлдем басқа. Қалай болғанда да, қазір нарықта ең өтімді әрі жоғары бағаланатын бірнеше бағыт бар.
Қаржы және инвестиция
Бұл – жарнамасы ең қымбат бағыт. Мұнда ірі банктер, брокерлер, сақтандыру компаниялары мен крипто-платформалар жарнама береді. Дегенмен мұндай табысты ортада бәсеке де өте жоғары, сондықтан осы саладағы біліміңіз бен тәжірибеңіз ауадай қажет. Егер қаржыгер ретінде негізіңіз, тіпті дипломыңызға қоса нақты жұмыс тәжірибеңіз болса, бұл салада блог бастау – үлкен табысқа жетудің төте жолы болмақ.
Денсаулық және фитнес
Пандемиядан кейін бұл салаға қызығатындар саны бірден өсіп, әлі күнге дейін трендтен түспей келеді. Қазір мұнда дұрыс тамақтану, жеке онлайн-бағдарламалар мен тренер болу тақырыптары өтімді. Дегенмен оқуын оқымасаңыз, спортқа махаббатыңызбен ғана тренер болып жүре алмайсыз. Оған қоса, сырт келбетіңіз – блогыңыздың негізі.
Технология мен гаджеттер
Бұл саланың оқырмандары кез келген уақытта тауар сатып алуға дайын. Олар бір зат сатып алғысы келген соң парақшадағы шолуларды оқиды, ал бұл – нәтиженің жоғары болатынын білдіреді. Сондықтан табыс негізінен серіктестерден келеді. Алайда технология өте тез ескіретіндіктен, үнемі жаңалықтарды бақылап отыру қажет.
Саяхат
Бұл – өте әдемі, қызық әрі жағымды бағыт. Мұнда қонақүйлерден, әуекомпаниялар мен сақтандыру ұйымдарынан пайыз табуға болады. Бірақ жаңа айтқанынымыздай, оңай дүние емес. Өйткені SEO-трафик (сайтты іздеу жүйелері арқылы көтеру) ұзақ жиналады, ал олсыз табыс та түспейді. Оның үстіне 2020 жылдан кейін бұл сала қатты тұралап, авторлардың біразы әлі қалпына келген жоқ. Бұл ретте мәтіннен қарағанда визуал маңызды YouTube пен Instagram жақсы жұмыс істейді.
Тағамдар мен рецепттер
Сізде де лентадан өзіңізге сақтап алып, бірақ ешқашан пісірмеген рецептер бар шығар. Бұл – ең көп қаралатын саланың бірі, өйткені адамдар жаңалықтарға немесе жыл мезгіліне қарамастан күнделікті рецепт іздейді. Мұнда медиа жарнама жақсы өтеді, сондай-ақ курстар ашып, брендтермен бірлесіп жұмыс істеуге болады. Бағытты бастау оңай болғанымен, бәсекес көп.
Лайфстайл және сән
Бұл – Қазақстан мен ТМД-да ең танымал бағыт. Мұнда блог бастау оңай, бірақ табыс тек жарнамадан түседі. Аудитория аз болса, ақша табу қиын. Есесіне оқырман жиналған сәтте жеке өніміңізді шығаруға керемет мүмкіндік.
UGC (user-generated content)
Бұл – қарапайым адамдардың бренд үшін түсіретін контенті. Оның кәдімгі блогтан айырмашылығы – мұнда аудитория жинаудың мүлдем қажеті жоқ, өйткені компания өнімді өзі жібереді, ал сіз тек қысқа видео түсіріп бересіз. Шолу, қорап ашу немесе дайын өнімді көрсеткеніңіз үшін бренд ақша төлейді де, видеоны өз парақшаларында жарнама ретінде қолданады.
Мұндай контентке сұлулық пен күтім, фитнес пен дәрумендер, гаджеттер, тағамдар мен үйге арналған тауар брендтері зәру, сондықтан олар креаторларды үнемі іздеп, жақсы ақы төлеуге дайын отырады. Қазақстанда енді ғана дамып жатқан бағыт екенін ескерсек, қазірден бастап алғашқылардың қатарына қосылуға болады.
Табыс табу жолдары
Блогыңыздан табыс тапқыңыз келсе, бірнеше жолы бар екенін айтқымыз келеді. Мәселен, басқа компаниялармен бірлесіп жұмыс істеу, жарнама немесе өз ақпараттық өнімдеріңізді ұсыну. Тіпті бәрін қатар алып жүрсеңіз де болады. Енді әрқайсына жеке тоқталайық.
Ұсыныстан пайыз алу (Аффилиат маркетинг)
Мұнда сіз біреудің өнімін ұсынып, арнайы сілтеме бересіз де, сол арқылы жасалған әр саудадан пайыз алып отырасыз. Табыс көлемі таңдаған бағытыңызға қарай әртүрлі. Мысалы, Kaspi немесе Amazon тауар құнынан 5-15% төлесе, оқу платформалары курстардан 30%-ға дейін береді, ал SaaS-сервистер (бизнеске арналған бағдарламалар, CRM, хостингтер) клиент жүйені қолданған сайын тұрақты ақы аударып тұрады.
Десе де бұл жерде оқырманның сенімі өте маңызды, өйткені өнімді ақша үшін ғана мақтасаңыз, адамдар оны бірден сезіп қояды.
Жарнама (Рекламные интеграции)
Қазақстандағы ең танымал табыс көзінің бірі. Мұнда сіз өнім туралы жазба жазып, сторис немесе рилс салғаныңыз үшін ақша аласыз. Жарнама бағасы тек оқырман санына емес, аудиторияның қаншалық белсенді екеніне байланысты қойылады. Сондықтан парақшасына 200 мың бот жинап алғандарға қарағанда, 50 мың шынайы оқырманы бар блогердің еңбегі әлдеқайда жоғары бағаланады. Қазір компаниялар бір рет жарнама бергеннен гөрі, блогерлермен ұзақ уақыт «амбассадор» ретінде серіктес болуды жөн көреді. Бұл брендтің нарықта үнемі көрінуіне, ал сіздің тұрақты табыс табуыңызға тиімді. Тіпті қазір біздің микроблогерлер нақты саудадан түскен нәтижеге қарай ақы алуға көшті.
Онлайн-курстар мен инфоөнімдер
Сіздің осы салада тәжірибеңіз бен сізге сенетін аудиторияңыз болса жеткілікті. Осы біліміңізді дұрыс сата алсаңыз болғаны. Қазір тез әрі нақты нәтиже беретін қысқа интенсивтер өтімді. Мысалы, «3 ай бойы өтетін толық курсқа» қарағанда, «5 күнде – бір дағды» форматы жақсы жұмыс істейді, өйткені жұрт өмірде бірден қолдана алатын білімді алғысы келеді. Ал миллион аудиториясы бар блогерлерге тіптен оңай, себебі олар өз оқырмандарына шағын курстарын (мысалы, қалай блогер болуға болады) бірнеше рет оп-оңай сатып үлгереді.
Жазылымнан табыс табу
Дәл осындай табыс көзі үшін Telegram-нан артығы жоқ. Қолыңызда жұрт еш жерден тегін таба алмайтын ерекше дүние болса, ай сайын жазылып оқитын ақылы жабық канал немесе чат ашып алған тиімді. Онда нарыққа талдау жасап, ешкім білмейтін инсайттарды бөлісіп, пайдалы материалдарды рет-ретімен беріп отырасыз. Бір жақсысы, табысыңызды бірден біліп отырасыз. Мәселен, айына 2 000 теңгеден төлейтін 500 оқырманыңыз болса, қалтаңызға ай сайын тап-таза 1 миллион теңге түсіп тұрады. Дегенмен бұл істе жауапты болу өте маңызды: пайдалы контентті үзбей беріп отырмасаңыз, жұрт бірден топтан шығып кетеді.
Консалтинг пен коучинг
Өз салаңыздың эксперті болсаңыз, жеке блогыңыз клиент жинайтын ең мықты құралға айналады. Блогта біліміңізді көрсетіп, мықты эксперт екеніңізді дәлелдей алсаңыз, адамдар бір сағат консультацияңыз үшін 50 000-200 000 теңгені ойланбай төлейді.

Жеке өнім шығару
Бұл – ең қиын, бірақ ұзақ уақыт бойы жақсы табыс әкелетін модель. Мұнда сіз өзгенің затын емес, өз өніміңізді – мейлі ол киім, мерч, мобильді қосымша немесе қандай да бір қызмет болсын өз атыңыздан сата бастайсыз. Мәселен, Мөлдір Матжанова мен Әселина Сайлаубекова эко-сөмкелер желісін шығарса, Назим Мисанов “Meesan” мейрамханасын ашты. Оқырман сізді танып, сенгендіктен, есіміңіз жазылған өнім әлдеқайда тез өтеді.
Неден бастау керек?
Кез келген бизнес сияқты блогтың да қиын тұсы бар. Таңдаған салаңыз өтпей қалуы, көп қаралмай қалуы мүмкін. Тіпті еңбегіңіз ақталмауы да мүмкін. Осы сәтте көбі бір жылға жетпей қолын бір-ақ сілтеп жатады. Блог жүргізу қысқа уақытта нәтиже көрсететін жарыс емес, ұзақ марафон. Ісіңізді жүйелеп, негізгі жұмысыңыздай қарауыңыз керек. Сондықтан ерекше шабыт күтіп отырудың қажеті жоқ.
Сонымен, істі бастауға арналған шағын нұсқаулық:
Үшбұрыш әдісі арқылы тақырып таңдаңыз. Өзіңіз жақсы білетін, жұрт іздеп жүрген, жақсы табыс әкелетін үш бағыттың қиылысқан жері сіздің блогыңыздың негізгі тақырыбы болады.
Платформаны анықтаңыз. Тек Instagram немесе TikTok па, YouTube-тегі видео ма, әлде Telegram арнасы ма? Аудиторияны кеңейту үшін бірнеше желіні қатар алып жүрген тиімді.
90 күнге жоспар құрыңыз. Қоржыныңызда кем дегенде 12-16 дайын контент болуы керек. Айтпақшы, қазір «мұны қалай жасау керек?» (How-to) деген формат өте танымал.
Ақша табудан бұрын оқырман жинаңыз. Алғашқы 6-12 айда тек еңбек етіп, бар күш-жігеріңізді салуға дайын болыңыз. Жемісін кейін жейсіз.
Алғашқы табысыңызды тауып көріңіз. Ол үшін оңай жасалатын әрі жұртқа өтімді қарапайым нәрседен бастаңыз: шағын ғана пайдалы нұсқаулық сатып көріңіз немесе біреудің тауарын ұсынып, содан пайыз алыңыз.
Істі жүйелеп, үлкейтіңіз. Алғашқы бастаған ісіңізден тұрақты ақша түсе бастағанда ғана екінші табыс көзін іздеңіз. Бірінші жолды ретке келтірмей жатып, бәріне бірдей жармаспаңыз.



