2024 жылдың сәуірінде 1993 жылы шыққан Magic: The Gathering картасы аукционда 3 миллион долларға сатылды. Бір ғана ойын картасына сонша ақша төленгені таңғалдырады, әрине. Бірақ бұл жай карта емес. Black Lotus картасы мінсіз күйде сақталғаны үшін Pristine 10 деген ең жоғары баға алған. Коллекционерлер үшін мұндай сома соншалық таңсық емес. Өйткені кейінгі 30 жылда кейбір ойын картасы жай ғана ойын құралы болудан қалып, құны өсетін коллекциялық затқа, тіпті инвестицияға айналды. Бұл қалай болды?
Анықтама: Ойын карталарының коллекциясы (TCG/CCG) – ойыншылар кейіпкерлер мен сиқырлар салынған карталардан колода құрап, қарсыласының колодасына қарсы ойнайтын формат. Карталар ішінде не бары белгісіз жабық бумалармен (бустер) сатылады. Лотерея сияқты: ішінен өте сирек әрі қымбат карталар түсуі мүмкін. Бұл жүйені 1993 жылы Magic: The Gathering бастады, кейін Pokémon, Yu-Gi-Oh! және One Piece сияқты танымал ойындар жалғастырды.
Тапшылық – табыстың кепілі
Қолға оңай түсетін дүниенің қадірі болмайды. Сол себепті жұрттың көбі алтын, асыл тас пен криптовалюта сияқты бағалы заттарға әуес.
1993 жылы Magic ойыны шыққанда, дәл осы тапшылық қағидасын негізге алды. Мұнда карталарды қарапайым, сирек және өте сирек деп бөледі. Қалаған картаңызды таңдап сатып ала алмайсыз. Ойыншы өзіне керек мықты картаны табу үшін ішінде не бары белгісіз жүздеген буманы сатып алады. Ал карта неғұрлым сирек кездессе, оның ойындағы күші де соғұрлым жоғары.
Сирек карта үнемі сұранысқа ие. Бастапқыда авторлар ойынның танымал болатынын білмей, тиражын өте аз шығарды.
Мысалы, Black Lotus-тың ең алғашқы Alpha басылымынан 1000-дай дана тараған. Ал 1993 жылғы ресми турнирлерге жарайтын барлық картаның саны 22 800-ден аспайды. Бұл өте аз. Мұның негізгі мәні – аз басылып шығуында. Қазір мұндай ойын жалғыз "Матыга" емес – Pokémon, Yu-Gi-Oh! немесе Marvel сияқты түрі де толып жатыр. Бірақ ойын идеясы бәрінде бірдей.
Ойыншылар картаны бір-бірінен сатып ала бастады
Ойыншылар қалаған карталарын (оларды «сингл» дейді) бір-біріне айырбастап, сата бастады. Басында бұл мектептегі балалардың жиыны сияқты еді: бәрі жиналып, үстелге өзіне қажетсіз карталарын қояды да, ойынға керегін сұрап, айырбастап алады.
Кейін үлкен бизнеске айналды. Дүкендер мен сайттар ашылып, әр картаға баға қойды. Қазір кез келген сирек картаның бағасын интернеттен бірден көре аласыз. Бағасы белгілі болған соң, бұдан пайда табатын саудагерлер де көбейді.
Ішінде не бары белгісіз буманы сатып алу құмар ойынмен бірдей, өйткені бағалы картаның түсуі екіталай. Одан да босқа тәуекел етпей, өзіңізге қажет картаны ғана сатып алған әлдеқайда сенімді. Карталардың өтімді болуы екі нәрсеге байланысты.
Біріншісі – картаның ойындағы күші: турнирде жеңіске жету үшін бәріне ең мықты карталар керек, содан олардың бағасы уақытша өседі.

Бірақ мұндай баға ұзаққа бармайды. Себебі ойын өзгермей тұрып қалса, қызығы кетеді. Авторларға да ескісінен мықты жаңа карталар шығарған тиімді, әйтпесе оны кім алады?
Тіпті ерекше карталар үшін арнайы ойын режимін де жасап қойған. Елестетіп көрсеңізші: Black Lotus-ты 3 миллионға сатып алдыңыз, бірақ онымен ойнайтын жер жоқ. Осындай жағдайлар үшін Vintage режимі бар. Бұл режимде сол картамен бірінші жүрістен-ақ ұтуға болады.
Екінші нәрсе – өткенді аңсау (ностальгия). 90 жылдары осы бумаларды ашып ойнаған балалар есейді, қазір өздері табыс табады. Содан балалық шақтағы карталарға сұраныс бірден өсті. Ол карталар ойынға жарамаса да, солардан қалған естелік маңызды. 1999 жылғы голографиялық Charizard картасы қазіргі Покемон жинағына (колодасына) қарсы мүлдем әлсіз. Бірақ адамдар оны ойын үшін емес, естелік үшін қымбат бағаға сатып алуға дайын. Осылай ескі естелік жай картаны құнды коллекцияға айналдырды.
Бұл туралы соза бермей-ақ қоялық: әдемі суреттер де, танымал суретшілердің еңбектері де, тіпті баспадан қате шыққан сирек карталар да қымбат тұрады... Одан да бір картаның неге бір уақытта 10 мың және 28 мың доллар тұратынын айтайық.
Грейдинг картаның сапасын нақты ақшаға айналдырды
Сирек кездесетін картаңыз төсегіңіздің астында 20 жыл жатып, оны мысық кеміріп кетсе, оның ешқандай құны жоқ. Қазір PSA, BGS, CGC, TAG сияқты сараптама орталықтары картаның сапасын тексеріп, ұпай береді де, арнайы пластик қорапқа (слэбке) салып, мөр басады. Осыдан кейін сатып алушы картаның растығына күмәнданбайды, ал оның сырылған жері бағаны бірден түсіріп жібереді. Сарапшы тексермеген қарапайым картаға қарағанда, «мінсіз таза» (gem-mint) деп сертификат алған карта бірнеше есе қымбатқа сатылады. Әлгі 3 миллион доллар тұратын Black Lotus жай ғана Alpha басылымы болғаны үшін емес, CGC орталығынан ең жоғары Pristine 10 сертификатын алған жалғыз карта болғаны үшін соншалық қымбат бағаланды.

Енді қараңыз, картаның бағасы PSA сияқты компанияларға байланысты болса, оларға 10 бағасын бере салудың не пайдасы бар?
Бұл төңіректе дау да көп. Басында 8 алған картаны кейін PSA-ның өзі 10 деп сатып жүргені анықталған. TAG компаниясы осы мәселемен күресіп жатыр. Олардың жүйесі барынша ашық: ұпайдың не үшін төмендегенін анық көрсетіп, толық есеп береді. Ал басқалары бұлай істемейді. Тағы бір зерттеуде PSA компаниясы бір картаны қайта-қайта тексеруге беріп, көп қателесіп, әртүрлі баға қойған.
PSA-ның шикіліктері
PSA осындай үлкен билікті өз пайдасына жаратпай отыра ма? Олар баға қойып қана қоймайды: аукциондармен серіктес, әрі карталарды өзі де сатып алады. Билік бір қолда болғанда, әділдік қайдан болсын. Тіпті олар мынадай қулық жасайды: грейдингтен кейін картаңыз өзіңіз ойлағаннан да қымбат болып шықса, PSA өз қызметінің бағасын көтеріп, қосымша ақша талап етеді. Яғни, сізден көп ақша өндіру үшін оларға картаға жоғары баға қою өте тиімді.
2025 жылдың соңында “PSA Buyback” дауы шықты. Бір коллекционер Покемон карталарын тексертіп, 9 бағасын алады да, бірнешеуін PSA-ның өзіне 35 доллардан сата салады. Сатылған карталар PSA-ның меншігіне өте салысымен, базада бағасы 10 болып өсіп кеткен. Компания бұны «бір рет байқаусызда болған қате» деп, карталарды қайтарып береді. Бірақ Collectors Holdings басшысы Нэт Тернер жүйеде кінәрат барын мойындап, кейде тіпті қолдан жасалған фейк карталарды да растап жіберетінін ашық айтты.

The Athletic зерттеуі PSA-ға қатысты тағы бір жағдайды анықтады. Бір жинақтағы арзан карталарға 10 бағасы оңай беріледі де, ең қымбат, сирек карталарға 10 бағасы өте сирек қойылады. Оның үстіне PSA бәсекелестерін де сатып алып отырады. Осындай күмәнді істерінен кейін коллекционерлер қазір PSA-ны елемей, басқа тексеру орталықтарына өтуге шақырып жатыр.
Ірі ойыншылар: сирек карталар мен ең қымбат бағаға сату
Қай коллекцияда болсын сирек заттар өте қымбат болады. Бұл салаға әсіресе танымал жұлдыздар үлкен серпін берді. Мысалы, Post Malone сияқты әнші бір картаны екі миллион долларға сатып алса, бұл жаңалық бірден тарап кетеді. Сөйтеп, атақты адамдар қарапайым халықтың да қызығушылығын оятып, карталарға сұранысты арттырады.
1. Pikachu Illustrator – 16,5 миллион доллар
2026 жылғы ақпанда блогер Логан Пол Pikachu Illustrator картасын аукционда рекорд жасап, 16,5 миллион долларға сатты. Себебі бұл – 1998 жылы CoroCoro журналының байқау жеңімпаздарына ғана берілген, 39 данасы ғана шыққан сирек карта. Суретін Пикачудың өз авторы Ацуко Нисида салған. Ең бастысы, Логан Полдың қолындағы карта – әлемдегі жалғыз мінсіз, PSA 10 бағасын алған данасы. Пол картаны 2021 жылы 5,27 миллион долларға сатып алып (ол үшін өзіндегі PSA 9 бағасындағы картаны беріп, үстіне 4 миллион доллар қолма-қол ақша қосты), бес жыл бойы мойнына гауһар тасты алқа қылып тағып жүрді, сосын қайта сатып, 8 миллион доллардан астам таза пайда тапты.

2. Honus Wagner T206 – 7,25 миллион доллар
Бұл XX ғасырдың басындағы бейсбол картасы болғанымен, бүкіл коллекционердің арманы. Карта 2022 жылы 7,25 миллион долларға сатылды.
Себебі 1909 жылы өндірушілер бұл картаны темекі қорабына салып сатпақ болғанда, Хонус Вагнердің өзі қарсы шыққан. Балалардың өзі үшін ақша құртқанын қаламады ма, әлде төлемақыны азсынды ма – белгісіз. Ақыры картаның 200 данасы ғана шығып, қазір 50-дей ғана данасы бар. Ол өте сирек болғандықтан, қалай сақталғанына да ешкім қарамайды: 7,25 миллион долларға сатылған картаның күйі тіпті 10 емес, орташа (Good) күйде болған.
3. Бірінші басылымдағы Charizard (Base Set) – 550 000 доллар
2025 жылдың желтоқсанында 1999 жылғы Charizard картасы 550 000 долларға сатылды. Пандемияға дейін ол 20 000 доллар еді. Картаның 5300 данасы бар, бірақ 124-і ғана ең жоғары "10" бағасын алған. Демек, картаның сирек болуы ғана емес, оның бағасы да құнына әсер етеді.
Ойын карталары үлкен инвестицияға айналды. Қазір сирек буманы (бустерді) ашпай сақтаудың өзі – жүздеген мың доллар. Салаға ойынды мүлде ойнамаған, тек пайда тапқысы келетін адамдар келді. Нәтижесінде карталар өзі шыққан ойынның өзінен де қымбат.

Түйін
Карталар азайған сайын сирек дүниеге айналды, ал нарық оларға қымбат баға берді. Балалық шақтан қалған естеліктерге сұраныс бар, ресми сараптама мен ең қымбат бағаға сату карталарды нағыз инвестициялық активке айналдырды. Кезінде жай ойнау үшін шыққан бұйым қазір сақтап отырып ақша табатын құрал болды. Ал 1993 жылғы 3 миллион доллардың кішкентай ойны картасы – осы хоббидің қандай деңгейге жеткенін көрсететін басты өлшемі.



