СпортСпортКалистеника немесе темір көтеру: қайсы тиімдірек?

Калистеника немесе темір көтеру: қайсы тиімдірек?

28 сәуір 2026
3 мин
Калистеника или силовые тренировки: что эффективнее
Фото: Shutterstock

Спортшылар арасында даладағы турник пе, әлде залдағы темір ме – қайсы жақсы деген бітпейтін бір дау бар. Бірі «темірсіз» жақсы дене бітімін жасау мүмкін емес десе, енді бірі тек брусьяда жаттығып-ақ, басқалардан әлдеқайда жақсы формаға келуге болатынын дәлелдеп жүр. Сонымен, қайсы дұрыс: өз салмағыңмен жаттығу ма, әлде темір көтеру ме? Осы сұрақты Invictus желісінің жаттықтырушысы, фитнес-терапевт Вадим Кимге қойдық.


Калистеника – тек өз дене салмағыңмен жаттығу жасау. Оған тартылу, денеңді жерден көтеру (отжимание), брусьядағы жаттығулар және арнайы тренажерсыз жасалатын басқа да қарапайым қимылдар кіреді. Ал темірмен немесе тренажерде жаттығудан басты айырмашылығы – жүктеменің берілу тәсілінде.

«Калистеника денені жан-жақты дамытады. Қарапайым жаттығу кезінде де негізгі бұлшықеттермен бірге денені ұстап тұратын бұлшықеттер, мысалы, аяқ пен корпус қатар жұмыс істейді. Яғни бүкіл дене бірге қозғалады. Ал темірмен жаттығуда көбіне бір ғана бұлшықетке күш түседі. Сондықтан калистеника дененің үйлесімін, тепе-теңдігін және жалпы икемділігін жақсырақ дамытады», – дейді Вадим Ким.


Бұл айырмашылықты практикада да бірден байқауға болады. Тренажерде жаттығу кезінде дене бір қалыпта тұрады, қозғалыс тек белгілі бір бағытта жүреді. Ал өз салмағыңмен жаттығу жасағанда тепе-теңдік сақтап, денеңді бақылап отыру керек. Сол себепті бір уақытта бірнеше бұлшықет бірге жұмыс істейді.


Бұлшықет өсіру (Масса жинау)


Бірақ мақсат бұлшық ет жинау болса, темір көтеріп жаттыққанға ештеңе жетпейді. 

«Темірмен және тренажерлермен жасалатын жаттығу тезірек нәтиже береді. Сіз жай ғана салмақты қосып, бұлшықетке түсетін күшті арттыра аласыз. Калистеникада мұны істеу қиынырақ. Ол үшін жаттығу санын көбейту керек, демек, уақыт пен күш те көбірек жұмсалады», – дейді жаттықтырушы.


Бірақ мұның екінші жағы да бар. Фитнес-терапевттің айтуынша, калистеника ұзақ мерзімде тұрақты нәтиже береді. Себебі бұл жерде бүкіл дене бірдей шынығады. Әңгіме тек сыртқы келбетте емес, жалпы денсаулық туралы болса, онда басымдық тағы да өзгереді.

«Атлеттің мақсаты – жинақы әрі ширақ дене болса, калистеника таптырмас құрал. Ол күшті ғана емес, икем мен үйлесімді де арттырады. Темірмен жаттығуларда, әсіресе ауыр темір көтергенде, денесі қатты иілмей, қозғалысы өте еркін болмай жатады», – дейді ол.


Сондықтан залда ауыр салмақ көтере алғанымен, қарапайым қозғалыстарда немесе ептілікті қажет ететін жағдайда қиналатын адамдарды жиі көруге болады.


Өз салмағыңмен жаттығудың шегі бар ма? Вадим Кимнің айтуынша, табиғи жаттығу тұрғысынан алғанда, айтарлықтай үлкен айырмашылық жоқ.

«Әрине, екі бағытта да ағзаның мүмкіндігіне қарай белгілі бір шек болады. Бірақ калистеникада мүмкіндік аз деп айту дұрыс емес. Жаттығуды күрделендіріп, жүктемені біртіндеп арттырып отырса, екеуінде де нәтиже артып отырады», – дейді ол.


Жаңадан бастағандар үшін таңдау жасау қиын болуы мүмкін. Бірақ жаттықтырушының айтуынша, шын мәнінде формат емес, техника маңызды.

«Залда болсын, турникте болсын, бәрі жаттығудың дұрыс орындалуына келіп тіреледі. Тіпті өз салмағыңмен жаттыққанда да, техника сақталмаса, жарақат алу қаупі жоғары. Сондықтан алғашқы қадамды жаттықтырушының бақылауымен бастаған абзал», – дейді Ким.


Сарапшы екі бағытты да қатар алып жүруге кеңес береді.

«Калистеника мен темірмен жаттығулар бір-біріне қайшы келмейді. Керісінше, олар бірін-бірі толықтырып тұрады. Өз салмағыңмен жұмыс істегенде келетін ширақтықты тренажерлермен толық алмастыру мүмкін емес. Сондықтан, ең дұрысы – екі тәсілді де үйлестіру», – дейді фитнес-терапевт.


Түйін: Бұл жерде «жақсы» немесе «жаман» деген ұғым жоқ, бәрі сіздің мақсатыңызға байланысты. Тезірек масса жинағыңыз келсе, темірмен жұмыс істеңіз. Ал дененің функционалы, қаншалық икемді екені маңызды болса, калистениканы таңдаңыз. Практикада бұл екі тәсіл бір-бірімен бәсекелеспейді, қайта тамаша үйлесім тауып, нәтижені еселей түседі.

Бөлісу: