Қазір бір грамм алтын құймасы шамамен 85 000 теңге тұрады, ал алтыннан жасалған зергерлік бұйымдардың бір граммы 48 000-60 000 теңге аралығында. Оның құнына не әсер етеді? Алтын қорларының шектеулі болғаны ма, әлде ғаламдық экономиканың ықпалы ма? Біз тағатын әшекей бұйымдардың әрдайым таза алтыннан жасалмағаны да әсер ете ме? Дәл осы тақырыпта біз геммолог Оралбек Оңғаров пен ломбард қызметкері Ажар Абитбековамен сөйлестік.
Алтынды өндірген еліне қарап таңдаған дұрыс па?
Алтынды «италиялық», «түрік алтыны», «ресейлік» деп еліне қарап бағалаған кәсіби тұрғыдан дұрыс емес. Алтынның құны оның қалай жасалғанына, дизайнына, құрамы мен сапасына байланысты. Әр елдің зергерлік бұйымының дизайнында мәдени ерекшелік бар. Бірақ бұл алтынның эстетикалық стилін ғана көрсетеді.
Оралбек Оңғаров, геммолог:
«Қазір кез келген алтын өңдейтін заманауи машина мен технологияны сатып ала алады. Сол технология жабдығын қолданып, дәл сол бұйымды Қазақстанда да жасауға болады. Сондықтан алтынды белгілі бір елдің атауымен атағанның мәні жоқ».
Алтынның сынамасы оның құрамында таза қанша алтын бар екенін көрсетеді. Мысалы, 585-сынаманың құрамында 58,5% таза алтын, ал 750-сынамада 75% таза алтын бар. Бұйымның қалған бөлігіне күміс, мыс, палладий және басқа металдар қосылған деген сөз. Ал 999 сынама таза алтын дегенді білдіреді.
Дегенмен 585 сынамалы алтынның бәрі бірдей қымбат емес. Себебі оның бағасы алтынның өзіне ғана емес, қалай жасалғанына да байланысты. Зергерлік салада алтын бұйымдар қалай өңделгеніне қарай high jewelry, fine jewelry және A, A+, B, B+, C, C+ деп санаттарға бөлінеді. Сынамасы 585 алтынның бір граммы өңделгеніне қарай 5 доллардан бастап, 40 долларға дейін (2026 жылғы 9 ақпандағы курс бойынша, 1 доллар – 495 теңге) бағаланады. Бұл айырмашылық сырт көзге байқалмауы мүмкін, бірақ бұйымның қаншалық берік екені осыған байланысты.

Ақ алтын, сары алтын – бәрі таза алтын ба?
Алтынды түсіне қарай ақ алтын, сары алтын, қызыл алтын деп бөліп жатады. Бұл оның сапасына емес, құрамындағы қоспаларға байланысты. Алтын – жұмсақ металл болғандықтан, оған міндетті түрде басқа металдар қосылады. Қоспаның түрі мен құнына қарай зергерлік бұйымның бағасы да сәл өзгеруі мүмкін. Мысалы, ақ алтынның құрамына көбіне палладий қосылады. Палладий – бағалы металл, кейінгі жылдары оның бағасы тіпті алтыннан да жоғары болып кетті. Осыған байланысты бұрын ақ алтын сары алтыннан қымбаттау саналатын. Қазір нарықта сары алтынға күміс көп қосатын болған соң, ақ алтын мен сары алтынның бағасында айтарлықтай айырмашылық жоқ.
Оралбек Оңғаров, геммолог:
«Кейде тым жылтыр, сарғыш түсті алтын бұйымдар кездеседі. Бұл оның сапасыз екенін білдірмейді. Алтынның түсі оған қосылған қоспаларға байланысты. Қазір алтынды өңдеудің түрлі тәсілі бар, бірақ оның бәрі бірдей сәтті шыға бермейді. Сынамасы талапқа сай болғанымен, қоспасы дұрыс таңдалмаса, алтын теріге үйкелгенде реакция беріп, қарайып кетуі мүмкін. Кейде мұндай жағдай адамның ағзасына немесе кейбір созылмалы ауруларына да байланысты болуы мүмкін».
Алтынды терінің түсіне қарай таңдау керек пе?
Адам алтыннан жасалған әшекей-бұйымды таңдағанда терісінің түсіне, алтынның түріне аса мән бергені жөн. Бұл жерде тек сән емес, терінің түсі мен металдың түсі бір-бірін қалай ашатыны маңызды. Бұйымды дұрыс таңдаса, алтын әйелдің болмысын ашып, келбетін көркейте түседі. Мысалы, қараторы әйелдерге көбіне ақ алтын жарасады. Ол тері реңкін айқын көрсетіп, әшекейді көркем әрі әдемі етіп көрсетеді.
Ал бидай өңді әйелдер түсі қанық алтын бұйым таққаны абзал. Әсіресе сынамасы 750 алтын бұйымдар түсі қанық сары немесе сәл қызғылт, салмағы ауырлау, құрамы бай келеді. Мұндай бұйым тері реңін одан әрі ажарландырады.
Терісінің реңі ақшылдау келген қыз-келіншектер мейлінше қызғылт немесе сары алтын бұйымдарды таққаны жөн. Сонда адамның терісі бозарып кеткендей болып көрінбейді, түр-әлпетін жылы әрі жұмсақ етеді.

Алтын бұйым қайткенде сенімді актив саналады?
Қоғамда гауһар тасы бар әшекейлер абырой мен мәртебенің белгісі ретінде қабылданады. Бірақ оның шынайы құндылығы неде? Әшекей-бұйымды күнделікті аксессуар ретінде алатындар үшін дизайн мен тас шешуші рөл атқарады. Ал алтын бұйымды инвестиция немесе актив ретінде алып, кейін оны микроқаржы ұйымдарына немесе ломбардқа өткізетіндер тассыз түрін таңдайды. Себебі Қазақстандағы нарықта гауһар тасы бар әшекей бұйымды сатсаңыз, гауһардың бағасы халықаралық биржа бағасымен есептелмейді. Яғни бұйымды өткізген кезде көбіне алтынның салмағы мен сынамасы ғана бағаланады, ал гауһар тас есепке алынбайды.
Оралбек Оңғаров, геммолог:
«Гауһар тас – өз алдына құнды материал. Оған қоса сұлулық пен әсемдіктің символы. Зергер үшін де таспен жұмыс істеу қызық, интеллектуал еңбек дер едім. Тассыз бұйымды жасаған әлдеқайда арзан, жылдам әрі оңай».
Ломбард ең әуелі оның алтынның сынамасын тексереді, содан кейін салмағы мен бұйымның жағдайына мән береді. Алтын бағасы күнделікті доллар бағамына байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, ломбард қызметкері Ажар Абитбекованың айтуынша, қазір сынамасы 750 алтынның бір граммының бағасы – 61 270 теңге, ал сынамасы 585 алтынның бағасы – 47 790 теңге. Сынаманы тексерудің бірнеше әдісі бар. Ломбард қызметкерлері алтынды арнайы тасқа үйкеп немесе арнайы реактивтер арқылы тексереді.
Ажар Абитбекова, ломбард қызметкері:
«Алтыннан жасалған бұйымда гауһар немесе басқа тастар болса, оларды бөлек бағалайды. Бірақ бұл тек үлкен тастарға қатысты, майда тастар бағаланбайды. Мысалы, тастың диаметрі 3,1 милимметр – 5,1 миллиметр аралығында болса, арнайы бағдарлама бойынша бағасы есептеледі. Дегенмен адамдар алтынды сатып алып, ломбардқа өткізу несие тарихына әсер ететінін ескермей жатады. Ломбард ақша қажет болғанда көмек бере алады, бірақ бұл толық несие емес, тек микронесие”
Алтын сатып аларда нені ескеру керек?
Біріншіден, алтын бұйымда міндетті түрде сынама белгісі болуы керек және оның шын екені тексерілуі қажет.
Екіншіден, алтын бағасының қымбаттаған соң, зергерлер бұйымның салмағын аз етіп мәжбүр болып отыр. Бұрын сапалы әшекейлердің салмағы шамамен 5 граммнан басталса, қазір оны 3 грамм етіп жасауға тырысады. Себебі тым қымбат бұйымды көп адам ала алмайды. Алайда бұл алтынның сапасына әсер етеді: алтынның қабырғасы жұқарған сайын, беріктігі азаяды. Алтын өзі майысқақ металл болғандықтан, бұл бұйымның тез майысып кетуі мүмкін.
Үшіншіден, «алтынның отаны саналатын Италияда алтыннан жасалған әшекей-бұйымды үй шаруасында, күнделікті тұрмыста тағы жүреді» деген жаңсақ пікір. Бұйым қаншалықты сапалы болса да, оны күтіп, ұқыпты ұстаған жөн. Қажет болған жағдайда тағылған алтын бұйымды жуып, тазалап, сыртын қайта қаптап, жылтыратып сатуға болады.




