ӘлемдеЭкономикаИнтернетсіз бір күн: Қазақстанда блэкауттың құны қанша?

Интернетсіз бір күн: Қазақстанда блэкауттың құны қанша?

31 тамыз 2026
5 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Қазақстанда сауданың 88% онлайн төлем арқылы жасалады, қайда барсаңыз да Kaspi QR. Ойлап қараңызшы, кенеттен интернет бір күнге өшіп қалса не болар еді? Tamga Мedia редакциясы шағын эксперимент жасап, байланыссыз өткен 24 сағаттың ел экономикасына, банктерге, мемлекеттік қызметтер мен күнделікті тіршілікке қалай әсер ететінін есептеп көрді.


Эксперимент шарты


Астана уақытымен түнгі 00:00-де бүкіл елде интернет (мобильді 3G/4G/5G, кабельді желі және банк аралық арналар) бірден өшеді делік. Блэкаут уақыты тура 24 сағатқа созылса, тек инфрақұрылымы бөлек 2G форматындағы байланыс (қоңырау, SMS) пен үй телефондары ғана істеп тұрады.


Қазақстанда 2022 жылғы 4 қаңтарда мобильді интернет бір тәулікке, ал 5-10 қаңтар аралығында жиі өшкен болатын. Top10VPN есебінше, сол уақытта ел 144 сағат интернетсіз қалып, 410 миллион доллардай шығынға батқан. Әсерінен 16 миллиондай адам интернетсіз қалды.


Егер байланыс қазір өшсе, шығын әлдеқайда көп болмақ. Себебі 2025 жылы төлемдердің 87,2%-ы онлайн жасалды. Ал 2026 жылдың басында сауда орындарының басым көпшілігі Kaspi QR-ға өтті. Қазір Қазақстан азаматтары қолма-қол ақшаны өте сирек қолданады.


00:00–06:00 Түнгі тыныштық


Түнде кассалар мен банктер жабық болғандықтан, бастапқыда интернеттің өшкені сезіле қоймайды. Бірақ түнде өздігінен төленетін төлемдер, ақшаға қосылатын пайыздар мен банктер арасындағы аудармалар тоқтап, кейінге шегеріледі.


Wolt, Glovo, Yandex Eda сервистерінде интернет болмағандықтан, курьерлер тапсырыс қабылдай алмайды. Түнгі автобустар мен бағдаршамдар интернетсіз-ақ жұмыс істей береді, ал аялдамадағы онлайн-тақтайшалар өшеді. eGov.kz сайты да ашылмайды.


Түнгі ауысымдағы зауыттарда, call орталықтарда, диспетчерлерде 1С, CRM сияқты интернетке байланған жүйелер істемей қалады. Ортақ чаттар өшкенімен, қарапайым қоңыраулар мен SMS жүріп тұрады. WhatsApp, Telegram, Instagram ашылмайды. Тәулігіне 24 сағат бойы істейтін дүкендер тек қолма-қол ақша талап етеді. Бұндай күтпеген жағдай онлайн төлемге үйреніп, телефонға сеніп қалған адамдар үшін қиынға соғады. Таңғы алтыға дейін халық шырт ұйқыда жатқандықтан, анау айтқандай интернеттің жоғы байқалмайды.

06:00 – 09:00. Таңғы хаос


Таңертең миллиондаған тұрғын жолақы, кофе мен таксиге телефон арқылы төлей алмай әлек болады. Kaspi Pay, Halyk Homebank, Freedom, Jusan, Forte қосымшалары мүлдем ашылмайды. Дүкендердегі карта терминалдары да интернетсіз ақша қабылдай алмай қалады.


Сондықтан халық амалсыздан қолма-қол ақша алу үшін банкоматтарға жүгіреді. Тек бөлек желіге қосылған санаулы банкоматтар ғана ақша бере алады. Мысалы, Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда банкоматтарда ақша таусыоып, бірден ұзын-сонар кезек пайда болады. Тұрғындар азық-түлік пен кофеге онлайн тапсырыс бере алмайды. Кафелер тек қолма-қол ақшаға өтеді.


Қоғамдық көлікте автобустардың QR-коды істемей қалады. Ескі төлем аппараттары интернетсіз істей бергенімен (төлемді кейін желіге қосылғанда өткізеді), жаңа онлайн-жүйелер істен шығады. Автобустармен таксилер жол ақысын тек ақшалай талап етеді. Яндекс.Go мен inDrive істемейтіндіктен, көшелерде жол жөнекей таксилер көбейеді.


Жұмыс орындары мен мемлекеттік мекемелерде де жұмыс тоқтайды. eGov.kz пен ХҚКО жүйелері істен шығып, келген халық базаға кіре алмаған соң, қызметкерлер амалсыздан қағаз журналға жазады. Ал офистерде электронды пошта, ішкі чаттар мен файлдар ашылмай, жеке сервері жоқ компаниялардың жұмысы мүлдем тоқтайды. Тіпті банктер, дүкендер мен жеткізу қызметтері де қалған тауарларын көре алмайды.

Мессенджерлер істемеген соң, жұрт жаппай бір-біріне қоңырау шалып, желіге салмақ түсіреді. Сонымен қатар Magnum, Small, Galmart супермаркеттерінде кассирлер қолмен есептеуге дағдыланбағандықтан, кезек созылады. Кейбір дүкендер жабылып қалады.


09:00 – 12:00. Жағдайды қабылдау


Банк бөлімшелері физикалық түрде ашылғанымен, қызметкерлер ештеңе істей алмайды. Тек қағаз құжатпен жасалатын сирек операциялар ғана жүргізіледі.


Осы сәтте онлайн тапсырыс қабылдайтын ірі сервистердің жұмысы мүлдем тоқтайды. Керісінше тапсырысты телефон арқылы қабылдайтын шағын дәмханалар, жағдайға тез бейімделіп, саудасын ары қарай жүргізе береді.


Пойыздар кестеден ауытқымайды, себебі теміржол диспетчерлері жалпы интернетке байланбаған. Ал әуежайларда керісінше: онлайн билет пен электронды тіркеу өшеді. Жолаушыларды төлқұжат бойынша қолдан тіркеу ұшақтардың кешігуіне әкеледі. Дәл осы уақытта ХҚКО-лар (ЦОН) базадағы ЖСН, үй немесе көлік сияқты мәліметтерді тексере алмай, жұмысын толық тоқтатады. Қызметкерлер тек кеңес беріп, құжаттарды «кейін қараймыз» деп жинаумен шектеледі.


Интернетсіз жұмыс істей алмайтын IT-компаниялар, аутсорс және халықаралық колл-орталықтарға бұл жағдай үлкен соққы. Сондықтан басшылық қызметкерлердің көбін үйіне қайтарады. Елде не болып жатқанын біле алмаған халық ақпаратты радио мен теледидардан іздей бастайды.

Үй жанындағы дүкендер қолма-қол ақшаның арқасында саудасын жүргізе береді. Ал ірі сауда орталықтарында кассалардың көбі жабылады, себебі заң бойынша ОФД арқылы фискалды чек соғылуы тиіс.


12:00 – 14:00. Ақша тапшылығы


Ірі қалалардағы кей аудандарында банкомат ақшасы таусылады. Банктер мұндай қарқынмен ақша тасып үлгермей әлек болса, жұрт бір-бірінен қай банкоматта ақша қалғанын сұрап әлек болады.


Тапсырыссыз қалған курьерлер дәмханалармен тікелей қолма-қол ақшаға келісіп, тамақ жеткізумен айналысады. Қалаларда кептеліс күшейеді: такси шақыра алмағандар жеке көлігіне отырады немесе баратын жеріне автобустармен жетіп алады.


Мемлекеттік қызметтердің қолы интернетсіз байлаулы болады. Адамдар бір-бірімен әңгіме-дүкен құрып, түскі асын өзімен әкелгендерге үзілістің интернетсіз қалай өткенін байқамай қалады. Ал картасы істемей, банкоматтан ақша шеше алмағандар түскі тамағын да сатып ала алмай қиналып қалады.

Осы хаоста тек базарлар мен шағын дүкендер ұтады.


14:00 – 18:00. Экономиканың тоқтауы

  • Биржа мен ақша айырбастау орындары жұмысын тоқтатады (KASE биржасы, курсты онлайн тексеретіндер). Олар курсты көре алмаған соң, не жабылады, не кешегі бағамен тәуекел етіп сата береді.

  • Онлайн-тапсырыс түгел тоқтағанымен, тамақты «өзімен алып кететін» дәмханаларға халық ағыла барады.

  • Жүк тасушы компаниялар жолда келе жатқанымен, диспетчерлер қайда жүргенін бақылай алмайды (GPS-трекинг істемейді).

  • Нотариустар мен жылжымайтын мүлікті тіркеу де тоқтайды. Себебі онлайн-базалар (ЕГРН, нотариалды база) өшеді.

  • Компаниялар ресми түрде жұмыстың тоқтағанын хабарлайды. Тек офлайн кассалары бар ескі дүкендер мен жергілікті өндірістер ғана қолмен  жұмыс істеуге көшеді.

Мұндай қосымша оффлайн-кассасы бар ескі дүкендерге жақсы. Ал толық бұлтты жүйеге (облакоға) сенген заманауи желілер жабылып қалады.


18:00 – 21:00. Ең маңызды уақыт

  • Кешкі шопинг мүлдем тоқтайды. Ең қарбалас уақытта Wolt, Glovo, Яндекс Еда сияқты қосымшалардан бірде-бір тапсырыс түспейді. Тапсырыс болмағандықтан табысынан да айырылады.

  • Қалаларда қарбалас басталады: қоғамдық көлік шамадан тыс жүктелген көрген жұрт үйіне жаяу немесе попуткамен қайтады.

  • Ауруханалар, күзет пен логистика бәрін қағазға жазады. Науқастардың электронды картасы ашылмағандықтан, медициналық көмек баяулайды. Телефон желілеріне күш түседі. Супермаркеттерде халық азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі тауарларды жаппай сатып ала бастайды.

21:00 – 00:00. Блэкаут қорытындысы

  • Банктерде миллиондаған транзакция кезегі жиналып қалады. Соның салдарынан интернет қосылғанда ақша екі рет аударылып кетпеуі үшін операцияларды қайта тексереді.

  • Осы арада курьерлер мен дүкендер де жоғалтқан табысын есептейді. Top10VPN есебінше, 2022 жылы Қазақстанда интернет 6 күнге өшкенде шығын 410 миллион доллар болған (сағатына – 2,8 миллион доллар). Ал барлық дүние интернетке байланған заманда шығын бұдан да көп болатыны сөзсіз.

  • Экономикамен қатар қатынайтын транспорт та зардап шегеді: әуежайларда жолаушылар қолмен тіркелгендіктен, рейстердің кестесі өзгереді. Мемлекеттік мекемелердеде база өшіп, шаруасын бітіре алмаған халық ертең ХҚКО-ларға жаппай келетінін сезген қызметшілер дайындалады.

  • Түнге қарай интернет қосылғанда, мессенджерлер мен банк қосымшаларына бірден түскен жүктемеден жүйе қайтадан қатып қалуы мүмкін.

Шығынды есептеудің үш жолы


Бұрын мұндай блэкаут болып көрмегендіктен, нақты шығынның мөлшерін дөп басып ешкім айта алмайды. Дегенмен, бұл шығынды бір-бірінен бөлек үш түрлі тәсілмен есептеп, шыққан санның қаншалық сәйкес келетінін байқап көруге болады.


1-тәсіл. ЖІӨ арқылы есептеу


2025 жылы Қазақстанның ЖІӨ-і 159,6 триллион теңге болды. Бұл – бүкіл ел бойынша күніне орта есеппен 437 миллиард теңгенің тауары мен қызметі өндіріледі деген сөз.


Бірақ интернетті қажет етпейтін салалар да бар (ауыл шаруашылығы, зауыттар, қағазбен істейтін мекемелер жұмысын жалғастыра береді). Сондықтан экономика толық тоқтамайды, тек кейін орнын толтыруға келмейтін табыс қана күйіп кетеді.


Егер бір күндік ЖІӨ-нің төмен көрсеткіші 3% болса – 13 миллиард теңге жоғалтамыз, ал орташа 8% болса – 35 миллиард теңге.


2-тәсіл. Онлайн төлемдер арқылы есептеу


2026 жылдың бірінші тоқсанында елде 42,35 триллион теңгеге онлайн төлем жасалды. Күніне орташа есеппен – 471 миллиард теңге.


Интернет өшкенде бұл төлемдердің көбі кейінге шегеріледі. Бірақ тамақ жеткізу, такси, билеттер мен ойланбай жасалған сауда сияқты шығындар мүлдем қайтарылмайды. Егер осыдан күнделікті айналымның 10-20%-ы кейін орны толмайтын шығын десек, бұл 47-94 миллиард теңге болады.


3-тәсіл. 2022 жылғы оқиғаға сүйену


2022 жылы интернет 144 сағатқа өшкенде Қазақстан 410 миллион доллар жоғалтты (Top10VPN есебі). Ол кездегі шығын сағатына ≈ 2,85 миллион доллар. Бұл – 24 сағатта ≈ 68,4 миллион доллар немесе қазіргі бағаммен (≈465 теңге) ≈ 31,8 миллиард теңге.


Бірақ содан бері елдегі онлайн төлемдердің үлесі 87,9%-ға дейін өсіп, цифрландыру жеделдеді. Осы өсімді ескерсек, дәл қазір 24 сағат блэкауттың шығыны ≈ 48-64 миллиард теңгеге жетеді.


Үш тәсілмен есептесек те, шығын бірдей. Қорыта айтқанда, Қазақстан интернетсіз өткен бір күнде 35-тен 90 миллиард теңгеге дейін жоғалтады. Ал орташа шығын – шамамен 50-70 миллиард теңге ($110–150 миллион доллар).


Интернетсіз өткен бұл 24 сағат ел экономикасына орасан зор материалдық соққы болып тиеді.

Бөлісу: