Қазақ жаман түс көрсе де, отбасында біреу сырқаттанса да, балаға көз тиіп немесе алыс сапарға жол жүрерде таңертең май иісі шығарылып, жеті шелпек әзірлейді. Бұл жоралғы әр үйде бар. Алайда оның түп-тамырын, бұл халықтың байырғы салты ма, әлде шариғаттың талабы ма дегенді екінің бірі біле бермейді. Осы орайда Tamga Media дәстүрдің тереңіне үңіліп көрді.
Шелпек – әлемдегі ең көне нан түрлерінің бірі
«Шелпек» сөзі – мыңдаған жылдар бойы Еуразия құрлығында пісіріліп келген жұқа нандар әулетінің ортақ атауы. Қырғыздың май-токочы, түрікменнің чельпегі, өзбектің чалпагы, ұйғырдың чалпягі – бәрінің пісірілу әдісі бірдей: жұқа жайылған қамыр, қызған май, дөңгелек пішін. Тіпті мексикалық тортилья да жүгеріден жасалғанымен, жасалу реті жағынан осыған жақын.

Түркі халықтарының арасындағы басты айырмашылық – бұл нанның кімге арналғанында. Өзбектерде ортасы тесілген шелпек арнайы «иіс шығару» үшін – майдың иісі үйге еркін тарасын деп пісіріледі. Әзірбайжандар мен түріктерде шелпек пісіру дәстүрі олар әлі далалық өмір кешкен қыпшақ заманынан сақталған. Ал көшпелі қазақтарда шелпек жоралғы тағам ретінде ұзақ уақыт бойы мал майына пісіріліп келді.
Жеті – қасиетті ұғым
Қазақ ұғымында жеті – жөн сөздің діңгегі, қасиетті сан. Жеті ата, жеті әулие, жеті қазына, жеті тозақ, Жетіқарақшы да – көшпелілердің танымы мен тіліне, бүкіл тұрмысына әбден сіңген. Бұл тұрғыдан алғанда, шелпектің жеті тал пісірілуі де тегін емес. Ол – іс-әрекеттің айрықша ниетпен, терең мәнмен атқарылып жатқанын білдіреді.
Десек те, «айнытпай дәл жеті болуы керек» деген тасқа басылған қағида жоқ. Түпкі мән – санның дәлдігінде емес, табақ тартып, дәм бөлісуде екен. Мәселен, кейбір жерлерде сегіз пісіріліп, біреуін итке немесе малға беру салты сақталған.
Бұлбұл Кәпқызы, этнограф:
«Жеті шелпек – көшпелілерден келе жатқан, дінмен тікелей байланысы жоқ салт. Қазақ шелпекті қуанышта да, қайғыда да пісірген. Жеті саны қасиетті саналғандықтан атауы да солай қалыптасқан. Бірақ тек жетімен шектелмей, көбірек пісіріп, айналаға таратып, қалғанын құран бағыштап өздері жеген. Бала ауырса да, көз тисе де шелпек пісіріп, құран оқып, аруақтарға бағыштаған. Қазақ ұғымында біреуге ас беру – қуаныш пен қайғыны бөлісу, ағайынның басын қосу. Ал майдың иісі әрдайым шаңырақтың берекесі мен амандығының белгісі болып саналған».

Қайдан шықты және неге барлық өңірде бірдей емес?
Жеті шелпек үрдісі бүкіл қазақ даласында бірдей пайда болмаған. Кейбір деректерге сүйенсек, бұл салт әуелде елдің оңтүстігінде, Сыр бойында жартылай отырықшы өмір сүріп, егін салған, ұнды мол ұстаған аймақтарда қалыптасқан.
Ал мал баққан теріскей, шығыс пен батыс өңірлерінде марқұмдардың аруағына бағыштап қой сойған. Көшпелі жұрт үшін нан емес, малдың майы қасиетті саналды. Сондықтан жеті шелпектің қазіргідей жалпыұлттық сипат алуы – бертінде қалыптасқан құбылыс. Этнографтардың пайымдауынша, бұл дәстүр әртүрлі аймақтардың тұрмысы араласқан 1950-1960 жылдары ғана ел ішіне кең тараған.
Май иісі – басты мән
Шелпектің шыжғырылған майға пісірілуінің өзіндік сыры бар. Көне наным бойынша, тасыған май мен қарылған қамырдың иісі үйдегі береке-молшылықтың нышаны, сондай-ақ аруақтарға тиетін рухани азық саналған. Иіс сөз жетпейтін жерге жетеді деп сенген. Этнографияда бұл жора «иіс шығару» деп аталады.
Бұл таным басқа түркі халықтарында да бар. Мәселен, өзбектер күні бүгінге дейін май иісі жақсы шықсын деп шелпектің ортасын тесіп пісіреді. Көшпелілерде аруаққа бағышталатын иіс мал майынан шықса, отырықшы елде наннан шыған. Жеті шелпек – осы екі ұғымның тоғысқан түйіні.

Шариғат не дейді?
Арабтарда жеті шелпек пісіру салты жоқ. Ол арабтың діни дәстүріне жатпайды. Салт исламмен бірге келген жоқ, оған дейін де болған. Ал бұл оның дінге қайшы екенін білдіре ме?
«Дін тұрғысынан қарасақ, оның түпкі мәні – марқұмның атынан тамақ таратып, сауабын бағыштау. Осы тұрғыдан алғанда, шариғатқа қайшылығы жоқ, өйткені жасалған қайырлы істің сауабын өмірден өткендерге бағыштауға дінімізде рұқсат етілген. Исламда да жеті санының орны бар: иманның жеті шарты, Қағбаны жеті айналу сияқты. Шелпектің де жеті болуы содан болуы мүмкін. Бұл салтты харамға немесе ширкке балау дұрыс емес, себебі шелпек таратқан адам аруақтан жәрдем сұрамайды, керісінше марқұмға игілік тілейді. Оның үстіне шелпек қазір ұлттық тағамдарымыздың біріне айналды», – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.
Мұндағы ең басты ұғым – ниет. Егер адам шелпекті садақа ретінде, өлі мен тірінің игілігін ойлап таратса, бұл ислам әдебіне толық сай келеді. Ал оны сиқырлы ырым ретінде қабылдаса, ол – мүлде басқа мәселе. Яғни, шектен шығу-шықпау жораның түрінде емес, адамның жүрегі мен көңіліндегі ниетінде.

Сонымен, жеті шелпек – далада туып, жаңа дінмен астасып, оның ұғымын бойына сіңіріп, бүгінге дейін жеткен тірі дәстүр. Біреу оны садақа ретінде, біреу аруақтарға тағзым етіп пісіреді, ал енді біреулері жай әжесінен көрген өнеге болғандықтан жасайды. Себебі қандай болса да, шыжғырылған ыстық май мен жұқа қамырдың артында бір ғана тілек тұр: ол үлкен өмірдің алдында жалғыз қалмау, жақсылыққа сүйену.




