Ойын-сауықКиноХоррор дерт емес, шипа

Хоррор дерт емес, шипа

18 наурыз 2026
12 мин
Хорроры – не болезнь, а лекарство
"Сияние" фильмінен үзінді | Кинопоиск

«Қорқынышты 3» фильмі прокатта шамамен 100 миллион доллар жинапты. Дұрыс оқыдыңыз – 100 миллион! Киносыншы Станислав Зельвенскийдің сөзінше, бұл көрсеткіш – қоғамның ауру екенінің дәлелі. Киносыншының осы сөзін жаттап алыңызшы, себебі мақаланың соңында оған ораламыз. Мұны серияның ең қызық жерінен бітіп қалатын клиффхэнгер ретінде қабылдаңыз. 


Хоррор жанрын ұнатасыз ба? Қорқынышты фильмдерді ұнатасыз ба деймін. Ұнайды ғой? Керемет, онда біздің айтар ортақ әңгімеміз бар екен. Уайымдамаңыз, хоррорды сүйіп көретін сізде де, менде де бәрі дұрыс. Бұл – қалыпты нәрсе. 


Сіз «хоррор – қазіргі заманның қатігез, зиян, қараңғы құбылысы» дегенді естіген шығарсыз. Зорлық-зомбылық сананы улайды, балалар ойыны тіпті қауіпті дейтіндер де бар. Егер осылай ойласаңыз, сіз немесе ата-анаңыз сол үрейге берілген ортада өскенсіз. Бұл үрей 80 жылдары басталып, 90 жылдарға дейін созылған. Ал 90 жылдан бастап экранда зорлық-зомбылық көрсетілсе, әсіресе, АҚШ-та денсаулық сақтау ұйымына дейін шулап кететін. 


Бірақ жоғарыда айтылғанның бәрі – қорқыныштан шыққан әңгіме. Шын мәнінде, хоррор жанры өзін-өзі емдегісі келетін қоғамда кеңінен танылады. Кейде адамдар айналасында болып жатқан қиындықтарды еңсеру үшін де қорқынышты фильм көреді. Осы ойға қаншалық келісесіз? Ендеше, тарих пен зерттеуге көз жүгіртейік.


Сананы үрей жаулауы 

Video nasties


Бұл тарауды «Жаман видеолар» деп аударайық. 1980 жылдары Ұлыбританияда пайда болған термин. Ол кезде видеокасеталарға сертификат берілмеген, сондықтан кез келген жастағы адам, тіпті бес жасар бала да қанға толы хоррорды оңай әрі арзанға сатып ала алатын. Мұның салдарынан моральға аса мән беретін адамдар дүрбелеңге түсті. Әрине, біз бес жасар балаңызға «Пила» қосып беріңіз демейміз. Біз жай тарихты айтып отырмыз. Саясаткерлер де сол дүрбелеңге еріп, қорқынышты фильмдерге тыйым салайық деді. Сол қозғалысты бастағандардың бірі Мэри Уайтхаус өмірінде бірде-бір қорқынышты фильм көрмесе де, оның зиянды екеніне сенімді.


Оған қоса сол уақытта БАҚ өкілдері де қате деректер мен күмәнді статистика келтіріп, хоррордың зиянын дәлелдеумен әлек болды. Ол аздай, экрандағы зорлық-зомбылықты ұрлық, қарақшылық, тіпті қайғылы өлімдермен байланыстыра бастады. 


Сол заманның зерттеулерін қарасаңыз, өтірік пен шындық араласқан фразаларды көресіз. Мысалы, The Guardian газеті «Nasty report that left out the factual niceties» (Фактіні ысырып қойған лас есеп) деген мақала шығарған. Онда «Брайт заң жобасын қолдайтындар» бала көрерменнің әдетіне қатысты зерттеулерді бұрмалағанын жазған. Себебі парламенттік топ жеті жастан кіші балалардың 37%-ы «video nasty» көрді деп есептеген. Ал кейін парламент тобының директоры орынбасары Брайан Браунның айтуынша, Оксфорд политехникалық институтындағы зерттеу бөлімшесі бұл есептің әдіснамасын, мазмұнын және қорытындыларын мойындамаған. Бірақ парламент дәл сол сөзге сүйене отырып заң қабылдап тастады. 


Ең қызығы, зерттеуге 47 бала ғана қатысқан, солардың ішінде тек үшеуі ғана «video nasty» көргенін айтқан. Ал БАҚ бұл деректі қалағанынша бұрмалап таратты. Сөйтіп «балалардың 40%-ы көріпті» деген сенсация жаңалық пайда болды. Ал сертификат алу керек деген заң 1984 жылы қабылданды.


80 жылдары Ұлыбританияда болған дүрбелең бізге қалай әсер етті? Үрей континент таңдамайды екен. Бұл үрей 90 жылдары АҚШ-қа да жетті. Сөйтіп қоғам қорқынышты фильмдерді «құрбандыққа» шалды: жүйе мен тәрбие, көше қылмысы мәселесін талқылағаннан гөрі қорқынышты фильм көретіндерге саусақ шошайтқан оңайрық болды. 


Кино зиян, ал ойындар одан да зұлым нәрсе ме?


1972 жылы АҚШ-тың бас хирургы теледидардағы зорлық-зомбылыққа қатысты есеп берді. Оның айтуынша, зерттеу мәліметтері теледидардағы «зорлық-зомбылық балаларға және жалпы көпшілікке зиян» деген мәлімдемені растамады. Міне, хоррордың зияны жоқ екенін дәлелдейтін, дұрыс ақпарат беретін зерттеу шықты дегің-ақ келеді. Бірақ дәл осы бас хирург теледидардағы зорлық-зомбылықты қоғамдағы денсаулық мәселесі сияқты көрсетті.


90 жылдары АҚШ-та қайта қылмыс көбейіп, қоғам тағы жаңа «кінәлілерді» іздеуге кірісті. Алдымен Конгресс өмірдегі қатыгездікті теледидардағымен байланыстыруға тырысты, бірақ онысынан нәтиже шықпады. Кейін сенатор Джо Либерман «Mortal Kombat» сияқты ойындар жастардың жанаршылық сияқты сезімдерін азайтады деп қозғалыстың басына шықты. Қарапайым тілмен айтсақ, жастар зорлық-зомбылықты қалыпты жағдайға айналдырады деді. Ол тыңдаулар ұйымдастырып, ойыннан үзінділер көрсетіп, тіпті арнайы мемлекеттік бақылау комиссиясын құрамын деп қорқытып отырды.


1999 жылы «Колумбайн» мектебіндегі атыс қоғамда «қатігез видео ойындар жасөспірімдерге әсер етеді» деген пікірді күшейтті. Себебі шабуыл жасағандар Doom ойынын жақсы көргені белгілі болды. Бірақ тақырыптан ауытқымас үшін бұл оқиғаға тоқталмаймыз. Қызығы, бұл байланыс екіұшты болды, себебі басқа зерттеулерге сүйенсек, танымал видео ойындар шыққанда қылмыс азайған кездер де болған. 


Қазір біз не білеміз? 


Спойлер: АҚШ-тағы федерал кейінгі 30 жылда кәмелетке толмағандар арасында қылмыс көбейгенін хабарлаған. Дегенмен қатігездікке толы медиа-контентке қызығатындардың да саны күрт артқан. Тағы бір қызық дерек: зорлық-зомбылық жасағаны үшін айыпталып, жазасын өтеп жатқан адамдар қылмыс жасағанға дейін кәдімгі адамдарға қарағанда «жаман» медиа-контентті әлдеқайда аз көрген. Бұл тек бірнеше дерек қана, ештеңеге айқайлап меңзеп тұрған жоқпыз…


Ересектер жастар арасында жаңа форматтағы медиа шыққан сайын үрейге салынады. Бұл – ғасырлар бойы қайталанып келе жатқан үрдіс: 1930 жылдардағы кино, 1950 жылдағы комикстер, 1970 жылдағы телевидение, 1990 жылдағы видео ойындар – барлық уақытта осындай үрей болған. Қазір де сол бұрынғыдай қауіптенеді, тек оған смартфондар қосылған. Осындай дүрбелеңдер сол медианы тұтынып өскен буын есейгенде ғана біртіндеп саябырсиды. 


Енді қазіргі шынайы өмірге оралайық, не себепті кейбіріміз қорқынышты фильмдер көргенді ұнататынымыз туралы сөйлесейік. 


Хоррордың пайдасы 


Бірден айтайық, тек екі жағдайда ғана хоррорды пайдалы контент етуге болады: 


  1. Адамдар хоррорды өз еркімен көруі керек.

  2. Ересектерге ғана тоқталамыз. 


Балалар – сіздің жауапкершілігіңіз және оларға қатысты кез келген жағдай жеке қаралады. Енді зерттеулерге тоқталайық. 


Қорқынышты фильмдер миды жаттықтырады


Финляндиядағы Турку университетінің зерттеуі бойынша, мидың көретін және еститін бөліктері аздап қысым түскенде белсенді бола бастайды. Миымыз айналаны «сканерлеп», қауіпті сезіп жатқандай жұмыс істейді.


Адам хоррор фильмдегі кенет қорқынышты эпизодты көргенде эмоцияны қабылдау, қауіп-қатерді бағалау және шешім қабылдаумен айналысатын ми бөліктері іске қосылады. Яғни, біздің миымыз «қауіпті бақылау» мен «қауіпке реакция жасау» режимдері арасында ауысып тұрады. Бұдан не пайда? Әрі қарай оқысаңыз, бәрін түсінесіз.


Менталды спортзал 


Скривнердің зерттеуі бойынша, хоррор жанрының жанкүйерлері COVID-19 пандемиясының алғашқы, қиын әрі эмоциялық жағынан қажытқан айларында психологиялық тұрғыдан төзімді болып, күйзеліске азырақ ұшыраған. Қауіпсіз ортада қорқынышты сезіну – өмірдегі нақты қиындықтарға дайындық сияқты. Бұл ми үшін күйзеліске қарсы жаттығу алаңы сияқты. Турку университетінің зерттеуін есіңізге түсіріңіз. Миға не үшін жаттығу керек? Ол қауіп пен тыныштық арасында тез ауысуға үйренеді. Адам қиялдағы үрейді бастан кешіріп, шынайы өмірдегі қорқыныштарды басқаруды меңгереді.


Бұл ойды басқа зерттеулер де растайды. Мысалы, National Geographic материалында хоррор белгілі бір деңгейде терапияға ұқсайды деп жазған. Экранда қауіп пайда болса, ми оны шынайы деп қабылдап, «шабуылда немесе қаш» реакциясын қосады. Ал қауіп аяқталғанда сезілетін жеңілдік миға «бәрі жақсы» деген сигнал береді. Осылай, қорқынышқа жауап беретін ми бөліктері біртіндеп сабырлы әрекет етуге үйренеді.


Не себепті бізге хоррор ұнайды? 


Мұндай хоррор контенттің неге ұнайтынын Philosophical Transactions of the Royal Society зерттеушілері жақсы түсіндірген. Қарапайым тілмен айтсақ, фильм көргенде дене реакция береді: терлейміз, жүрек жиі соғады, адреналин бөлінеді. Бірақ бәрі қауіпсіз ортада болады. Көп адамға дәл осы сезім ұнайды. Сол арқылы ми қауіпті алдын ала бағалауды, күйзелгенде өзін қалай ұстау керек екенін үйренеді. 

Ересектер мен балалар әртүрлі екенін ұмытпайық. Әрине, хоррордың зияны да бар. Мэдисондағы Висконсин университетінің зерттеуі бойынша, 14 жасқа толмаған балалар қорқынышты фильм көрсе, есейген кезде мазасыздыққа бейім болуы мүмкін. Себебі ерте жаста қатты қорқып, бұл миына «жазылып» қалады. Нақты жағдай есінде қалмаса да, ересек өмірінде сол қорқынышын оятып, сол кездегі травмалық реакцияны тудыруы ықтимал. Біз айтқан пайдалы тұсы тек ерікті түрде көргісі келетін ересектерге арналады. 



Қорытынды 


Станислав Зельвенский сөзін былай аяқтайды: «Хоррор – дерт емес, шипа». Біз экрандағы үреймен бетпе-бет келіп, оны бақылай аламыз. Иррационал қорқыныш біртіндеп түсінікті күйге өтеді. 


Әрине, «Қорқынышты 3» фильмі осынша ақша жинаса, әлемде бәрі дұрыс деп айта алмаймыз. Бірақ дәл осы үшін бізге қорқынышты фильмдер керек. Біз күн сайын өмірде әртүрлі қорқынышты оқиғаларға кезігеміз, түрлі травма көріп, қасіретті бастан кешеміз. Өмірдегі жағдайлар экрандағыдан әлдеқайда қорқынышты. Сондықтан бізге хоррор жанры қажет. Хоррордың дерт емес, шипа екені жоғарыда айтылған ақпараттың жақсы түйіні секілді. Себебі бұл ғылыммен дәлелденген. 


Келісіп алайық, сіздің және біздің көрген ең қатты қорқынышты дүниеміз өмірде емес, экранда болсын. Ең кемінде біз ондай жағдайларға дайын боламыз. 

Бөлісу:

Хоррор дерт емес, шипа — Tamga media