ДенсаулықБиохакингХлорофилл супер қоспа ма?

Хлорофилл супер қоспа ма?

28 наурыз 2026
5 мин
Хлорофилл – супердобавка?

1950 жылы бір зерттеуде 12 адам алдымен пияз шырынын, кейін хлорофилл ішкен. Бір қызығы, олардың аузынан шыққан иіс кәдімгідей тазарып, жақсарып қалған. Қазір де Instagram мен TikTok-та адамдар хлорофилл қоспасын ішкен соң денесінің ісігі басылып, артық салмағынан арылып, аузынан жағымсыз иіс шықпайтын болғанын айтып жүр. Бірақ шынымен бір ғана қоспа барлық мәселені шеше ала ма, әлде бұл жай ғана жарнамасы жақсы жасалған жаңа тренд пе? Қоспа қалай әсер етеді? Tamga Media эндокринолог-диетолог Альфия Болатбекқызынан сұрап білді. 


Хлорофилл – өсімдіктерге жасыл түс беріп, күн сәулесін энергияға айналдыратын пигмент. Қарапайым тілмен айтсақ, өсімдіктер осы пигмент арқылы күн сәулесінен оттегін шығарып, кейін біз сонымен дем аламыз. Қоспаларда көбіне «хлорофиллин» деп аталатын түрі қолданылады: ол суда жақсы ериді және адам ағзасына оңай сіңеді. 


Диетологтардың айтуынша, хлорофилл ағзадағы зиян заттарды шығаруға, иммунитетті көтеруге, ас қорыту жүйесін жақсартуға, өттің жақсы жұмыс істеуіне көмектеседі. Дегенмен эндокринолог-диетолог Альфия Болатбекқызының айтуынша, қазір әлеуметтік желіде блогерлер оны асыра жарнамалап, оны трендке айналдырып жіберген. Ал шын мәнінде, хлорофиллдің ағзаға айтарлықтай пайдасын дәлелдейтін ірі клиникалық зерттеулер аз дейді. 


Альфия Болатбекқызы:

«Жасыл су» деп аталатын хлорофилл сенімді көрінеді, себебі адамдар жасыл түстегі нәрсенің бәрін таза әрі табиғи деп санайды. «Детокс» деген сөз де психологиялық жағынан жағымды естіледі – бәріміз күрделі мәселелердің шешімін оңай тапқымыз келеді. Бірақ детокс – маркетингтік термин. Шын мәнінде ағза өзі токсиндерді шығарады: бауыр, бүйрек және ішек үнемі ағзаны тазалап отырады. Ал хлорофилл бұл процестерді күшейтеді дегенге нақты ғылыми дәлел жоқ».


Маманның айтуынша, адам денесі көбіне су мен тұз теңгерімі бұзылғанда, гормон өзгерістері болғанда немесе қалқанша безі ауруларына байланысты ісіп кетеді. Хлорофилл дененің ісігін басады дегенге нақты дәлел жоқ. Адам қоспаны ішкенде денесінің ісігі қайтса, бұл көбіне сол кездегі тамақтану мен өмір салтының өзгергеніне байланысты. 


Хлорофилл дене мен ауыздан шығатын жағымсыз иісті жоя ма?


Мақаланың басында айтқанымыздай, хлорофилл ауыздан шығатын жағымсыз иісті жояды деген мәлімдемелер 1950 жылы жүргізілген зерттеуден кейін айтыла бастады. Зерттеуде 12 адам пияз шырынын, содан соң хлорофилл ішкен. Нәтижесінде олардың демдері жақсарған. Ал 1947 жылы жарық көрген зерттеу жұмысының авторлары хлорофилл антибактериал қасиетке ие екенін, жараны тез жазатынын, инфекция кезінде пайда болатын иісті жоюға көмектесетінін жазған. Содан бері дәлелдің жоқтығына қарамастан хлорофилл дене иісін жақсартады деген пікір қалыптасқан. 

«Кей зерттеуге сүйенсек, хлорофиллин ауыздан шығатын жағымсыз иісті аздап басуы мүмкін. Бірақ иіс тіс, қызыл иек немесе асқазан-ішек ауруы кесірінен шығып тұрса, қоспа оны толық жоя алмайды. Оның әсері уақытша ғана», – дейді дәрігер.


Тағы бір  зерттеу хлорофилл ағзадағы зиян заттарды азайтып, қатерлі ісіктен қорғай алуы мүмкін екенін көрсеткен. Бірақ бұл тәжірибелер көбіне тышқанға, егеуқұйрыққа немесе балыққа жасалған. Адамға қалай әсер ететіні әлі толық зерттелмеген. Оған қоса хлорофилл ағзадағы афлатоксинді азайтуға көмектесуі мүмкін деген деректер бар. Афлатоксин – тағамды ластап, қатерлі ісік қаупін арттыратын улы зең. Бірақ бұл эксперимент тек жануарларға жасалып, тексерілген, яғни адамда қалай әсер ететіні әлі белгісіз.


Сонымен бірге көптеген зерттеу бойынша, адам кәдімгі көкөністер мен жемістерді тұрақты тұтынса – қатерлі ісік қаупін азаяды. Ал бұл көкөністер мен жемістерде хлорофилл бар.


Хлорофиллді кімдерге тұтынуға болмайды? 


Хлорофилл табиғи өнім болғандықтан, дені сау адамдар оны қалыпты мөлшерде ішсе, қауіп жоқ. Бірақ кей адамға сақ болу керек. Мысалы, хлорофилл балдырдан алынған болса, қалқанша безі ауыратындар оны абайлап ішуі керек, өйткені балдырда йод көп. Балдырға немесе өсімдік текті қоспаларға аллергиясы бар адамдарға да сақ болған дұрыс. Жүкті немесе бала емізетін әйелдер көп мөлшерде ішпеуі керек. Бүйрек немесе бауыр аурулары бар адамдар оны ішпей тұрып, дәрігермен кеңескен жөн.


Хлорофиллді қандай табиғи өнімдермен алмастыруға болады?


Хлорофилл қоспасы толыққанды тамақтың орнын баса алмайды. Шын мәнінде, оны көкөніс пен жемістерден алған әлдеқайда пайдалы. Себебі табиғи тағамдарда дәрумен мен минерал көп. Хлорофилл көбіне жапырағы жасыл көкөністерде болады. Мысалы: асжапырақ, ақжелкен, салат жапырақтары, жасыл бұршақ, руккола, брокколи, спаржа, порей пиязы, кресс салаты, қытай және кале орамжапырағы. 


Қалай таңдау керек? Нарықта хлорелла мен хлорофиллдің түр-түрі бар, бірақ олардың сапасы әртүрлі. Сондықтан өнімді таңдағанда мына нәрселерге көңіл бөлу керек:

  • Құрамы нақты жазылған және зертханадан өткен болуы керек.

  • Шикізат қайдан алынғаны, сапасы, ауыр металдар мен микробиологиялық талдаулардың бәрі көрсетілгені жөн.

  • GMP, ISO сертификаттары немесе тәуелсіз зертхана қорытындылары бар өнімді таңдаған жөн. 


Хлорофилл таблетка, ұнтақ және сұйық түрде шығады. Таблетка мен капсуланы өзіңмен бірге алып жүрген ыңғайлы, ұнтақ ағзаға тезірек сіңеді, ал сұйық форма кейде жылдамырақ әсер етеді. Дегенмен зерттеулер бір түрінің пайдасы басқасынан көп екенін дәлелдеген жоқ. Құрамы нақты көрсетілмеген, тексерілмеген күмәнді брендтерден аулақ болған дұрыс.


Қалай тұтыну керек? 


Хлорофилл дәрі емес, биологиялық белсенді қоспа болғандықтан, оны тұтынудың нақты бір шарты жоқ.  Хлорофиллді аз мөлшерде ішсе, аса зияны жоқ. Дегенмен іш кебуі, диарея болуы, жүрек айнуы, дәреттің, тілдің түсі өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар хлорофил ішетін адамның терісі күн сәулесіне сезімтал болып кетуі де ықтимал. Салдарынан бөртпе шығып, қышып, есекжем шығуы мүмкін. Кей антибиотик, безеуге қарсы дәрілер, күйзеліске қарсы препараттар, зәр айдайтын дәрілермен, қалқанша безі аурауларына арналған дәрілермен бірге ішпеген жөн. 


Қорыта айтқанда, хлорофиллдің белгілі бір пайдалы қасиеттері болуы мүмкін, бірақ оны “суперқоспа” деп айтуға жеткілікті дәлел жоқ.

Бөлісу:

Хлорофилл супер қоспа ма? — Tamga media