Ойын-сауық●Эзотерика●Хиромантия деген не және алақанға қарап бал ашуды қалай үйренуге болады?

Хиромантия деген не және алақанға қарап бал ашуды қалай үйренуге болады?

7 қараша 2026
5 мин
Фото: Pexels

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Лондонда граф Луи Хамон, яғни Хейро есімді хиромант кең танылған. Алайда оның граф деген атағы болмаған. Ол 1866 жылы Дублин маңында дүниеге келген, шын есімі – Уильям Джон Уорнер. Кейін «хиромантия» сөзінен туындаған Хейро лақап атын қолдана бастаған. Хейроның айтуынша, ол алақанға қарап бал ашуды үнді брахмандарынан үйренген. Оған келген адамдар арнайы кітапқа өз пікірлерін қалдырған. Тылсымға сене бермейтін жазушы Марк Твеннің өзі Хейро оның мінезін дәл сипаттағаны сонша, тіпті ыңғайсызданғанын жазған. Time басылымының дерегінше, Хейро ауқатты клиенттерінен шамамен ширек миллион доллар тапқан.


Содан бері бұл кәсіпте көп нәрсе өзгере қойған жоқ: хиромант болу үшін диплом керек емес, бірнеше ай үйренсеңіз жеткілікті. Өзіңізді граф деп таныстыру да міндетті емес.


Тағдырды алақаннан оқуға болады деген сенім қалай пайда болған?


Хиромантияның қайдан шыққаны нақты белгісіз. Алақанға қарап бал ашудың іздері Шумер мен Вавилонда, Парсы елінде, Үндістанда, Тибетте және Қытайда кездеседі. Энциклопедияларда да оның шығу тегі туралы нақты жауап жоқ. Әйтсе де бұл дәстүрдің дүниеге келген жерін көбіне Үндістанмен байланыстырылады.

Үндістанда денедегі белгілерге мән беретін «самудрика-шастра» атты дәстүр қалыптасқан. Оған сенгендер туа біткен не кейін пайда болған әрбір белгі адамның мінезі мен тағдырынан хабар береді деп санаған. Алақанға қарап бал ашу – сол дәстүрдің бір бөлігі. Оның санскрит тіліндегі атауы – «хаста-самудрика». Адамның бет-әлпеті мен басының пішініне қарап болжам жасау да осы дәстүрге кіреді.


Бұл тақырыптағы негізгі еңбектердің бірі – Батыс Үндістанда 1160-1175 жылдары жазылған «Самудрика-тилака». Жалпы осы бағытта алты жүзге жуық қолжазба сақталған. Көпшілігінің авторы белгісіз болса, кейбірінің авторы ретінде аңыздағы даналар мен Шива құдайы аталады.


Алақанға қарап бал ашу дәстүрі Үндістаннан Парсы елі мен араб әлемі арқылы Батысқа жеткен. Сол жерде ол грек ғылымымен, астрологиямен және адамның түріне қарап мінезін анықтайтын физиогномика ғылымымен ұштасқан. Ежелгі Римде бұл туралы Үлкен Плиний де жазған. Кейін Аристотель Гермеске арналған құрбандық үстелінен алақан жайлы қолжазба тауып, оны Александр Македонскийге сыйлаған деген аңыз тараған. Сол аңызда Александр әскербасыларының мінезін алақанындағы сызықтардан таныған делінеді. Бірақ тарихшылар мұндай мәтіндерді жалған санайды. Олардың пікірінше, Аристотельдің есімін бұл тәжірибеге жұртты сендіруге пайдаланған.


Неге адамдар тағдырды дәл қолдан іздеген? Ол заманда адам денесі мен табиғат өзара байланысты, ал табиғат ғарыштың заңдылығына бағынады деп түсінген. Қол адамның негізгі құралы болғандықтан, онда да сырын ашуға болатын белгілер бар деп сенген. Осылайша алақанды аспан әлеміне ұқсатып бөліктерге бөліп, дөңестеріне ғаламшарлар мен құдайлардың аттарын берген. Бас бармақтың түбін Шолпан дөңесі, сұқ саусақтың астын Юпитер дөңесі деп атаған. Өзге бөліктеріне Сатурн, Аполлон, Меркурий, Марс және Ай атаулары берілген. Өмір, ақыл және жүрек деп аталатын үш негізгі сызыққа қарап адамның денсаулығын, мінезін және болашағын болжаған.

Араб әлемінде бұл әдісті кейде адамның денсаулығын бағалау үшін де қолданған. Бұл әдіс ағзадағы төрт сұйықтықтың тепе-теңдігіне негізделген көне түсініктен шыққан. Сол кездегі сенім бойынша, қолы суық әрі құрғақ адам мұңға бейім меланхолик, ал қолы жылы әрі ылғалды адам ашық-жарқын сангвиник болған.


XII ғасырда хиромантия астрология және алхимиямен қатар Еуропада қайта тарала бастады. Шіркеу астрологияны табиғатты зерттейтін ғылым ретінде мойындағанымен, алақанға қарап бал ашуға күдікпен қарады. Себебі бұл тәжірибе тағдыр алдын ала жазылады деген сеніммен және сиқыршылықпен байланысты еді. 1456 жылы Иоганн Хартлиб хиромантияны «Тыйым салынған өнер түрлерінің кітабына» қосты. Ал 1522 жылы картезиандық монастырь басшысы Иоганн Индагине Страсбургте қолдың 37 суреті берілген еңбек жариялады. Алайда 1559 жылы бұл еңбек те тыйым салынған кітаптар қатарына енді. XVI ғасырда Рим папалары Павел IV пен Сикст V бал ашудың бірнеше түріне, соның ішінде хиромантияға қарсы жарлықтар қабылдады. Осылайша алақанға қарап болжау монастырьлардан алыстап, ел кезген балгерлердің кәсібіне айналды.


XIX ғасырда жұрт алақанға қарап бал ашуға қайта қызыға бастады. 1839 жылы капитан Казимир д’Арпентиньи «Хирогномия» кітабын жариялап, осы тәжірибенің қайта таралуына жол ашты. Ал 1883 жылы Эдвард Херон-Аллен қолдағы белгілердің мағынасын түсіндіретін хирософия жөнінде нұсқаулық шығарды. 1889 жылы Кэтрин Сент-Хилл Лондонда Ұлыбританияның хирологиялық қоғамын ашты. Қоғам алақанға қарап болжау әдістерін жүйелеп, бұл саладағы алаяқтыққа тосқауыл қоюды мақсат етті. 1897 жылы АҚШ-та да осындай ұйым құрылды. 1900 жылы Уильям Бенэм «Қолды ғылыми тұрғыдан оқудың заңдары» атты кітабында хиромантияға ғылыми сипат беруге тырысты. XX ғасырда бұл тәжірибе психолог Карл Юнгтің ізбасарларының да назарын аударды. Сол тұста Лондонда Хейро да қызмет еткен.


Хиромант болуды неден бастауға болады?


Хироманттарға қойылатын бірыңғай талап жоқ. АҚШ-тың JobMonkey кәсіптер анықтамалығына сүйенсек, бұл іспен айналысу үшін арнайы білім алу немесе сертификат иелену міндетті емес. Көбі кітаптан не курстан бастаған соң, таныстарының алақанына қарап тәжірибе жинайды. Кейін бағыт-бағдар беретін тәжірибелі маман табуға тырысады.

Курстардың бағасы да, ұзақтығы да әртүрлі. Мәселен, Udemy-де 11 сағаттық бейнесабақтан тұратын қысқа бағдарламалар бар. Ал Үндістандағы бір институт үш-төрт ай бойы оқытып, 30-дан астам сабақты бетпе-бет өткізеді. Сабақтарда хиромантияның тарихын, қол мен саусақтардың пішінін, бас бармақты, алақан сызықтарын, саусақ ұшындағы өрнектер мен тырнақтарды қарастырады. Бұған қоса, алақан сызықтарын талдап, оқиғалардың уақытын болжау тәсілдерін үйретеді. Курсты аяқтағандарға институт өзі «халықаралық» деп сипаттайтын диплом ұсынады.


Хироманттар әдетте жеке жұмыс істеп, адамдарды үйінде, арнайы кабинетте немесе түрлі іс-шараларда қабылдайды. Онлайн кеңес беру де жиілеп келеді: клиент алақанының фотосын электронды поштаға не мессенджерге жібереді, содан соң маманмен телефон немесе бейнеқоңырау арқылы сөйлеседі. Ұлыбританиялық Гэри Маркик те осы тәсілді қолданады. Ол – отбасында хиромантиямен айналысатын үшінші буын өкілі.


Алақандағы негізгі бес сызық


Хироманттар адамның екі алақанын да зерттейді. Олардың түсінігінше, аз қолданылатын қол туа біткен мінезді білдірсе, жиі қолданылатын қол адамның сол қасиеттерін өмірде қалай іске асыратынын көрсетеді. Алақандағы негізгі бес сызыққа мынадай мағына береді.

  • Өмір сызығы бас бармақтың түбін айнала орналасады. Хироманттар оны адамның қанша өмір сүретінімен емес, денсаулығы және күш-қуатымен байланыстырады. Сызық терең әрі анық болса, оны қуаттың молдығы деп түсіндіреді. Ал үзік не көмескі болса, адамның шаршағанын және денсаулығына назар аударуы керектігін білдіреді деп санайды.

  • Жүрек сызығы саусақтардың түбіне жақын, алақанның үстіңгі бөлігінде көлденең созылады. Хироманттар осы сызық арқылы адамның сезімін қалай білдіретінін және қарым-қатынаста өзін қалай ұстайтынын болжайды. Олардың түсінігінше, түзу сызық – сезімін тежей білетін ұстамды адамға, ал иілген сызық сезімін жасырмайтын романтикке тән.

  • Ақыл сызығы сұқ саусақтың төменгі тұсынан басталады. Хиромантияда ол адамның ойлау қабілетін білдіреді деп саналады. Түзу сызықты логикаға сүйенумен, иілген сызықты шығармашылық қабілетпен байланыстырады. Ал қатар жатқан екі сызықты жағдайды екі жағынан бағалай білудің белгісі деп түсіндіреді.

  • Тағдыр сызығы алақанның орта тұсын бойлай тік созылады. Хиромантияда ол адамның кәсібі мен өмірдегі бағытын білдіреді деп есептеледі. Мұндай сызық әр адамда кездесе бермейді. Хироманттар оның болмауын адамның өз жолын еркін таңдауымен байланыстырады. Түзу әрі айқын сызықты мансаптағы тұрақтылықтың, ал үзік не иілген сызықты кедергілер мен жұмыс бағытының өзгеруінің белгісі деп түсіндіреді.

  • Аполлон сызығы аты жоқ саусақтың төменгі жағында, тағдыр сызығымен қатар өтеді. Хироманттар оған қарап адамның жетістікке жетуі, елге танылуы және қабілетін ашуы туралы болжам жасайды. Айқын сызықты дарын мен әлеуеттің, ал көмескі немесе үзік сызықты өзін көрсетудегі қиындықтардың белгісі деп санайды. Бұл сызықтың жоқтығын адамның сыртқы бағадан гөрі ішкі үйлесім мен жан тыныштығын жоғары қоюымен байланыстырады.


Неліктен балгердің айтқаны дәл келгендей көрінеді?


Алақан сызықтары арқылы тағдырды болжауға болатыны ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. Дегенмен адамның балгер айтқан сөздерден өзін тануының түсінікті себептері бар.


Жалпылама сипаттамалар көпшілікке сай келеді. 1948 жылы психолог Бертрам Форер 39 студентке жеке басына арналғандай көрінетін мінез сипаттамасын ұсынған. Әрқайсысынан мәтіннің өзіне қаншалықты сәйкес келетінін 0-5 аралығында бағалауды сұраған. Нәтижесінде орташа баға 4,3 болған. Алайда студенттердің бәрі бірдей 13 жалпылама сөйлемді оқыған. Соның бірі: «Кейде сіз ашық-жарқын, адамдармен тез тіл табысасыз, ал кейде тұйықталып, сақтық танытасыз». Адамның осындай ортақ сипаттаманы өзіне ғана қатысты деп қабылдауын Барнум әсері дейді. Балгерлер де осы әсерді қолданады.

Қолға қарап адам туралы біраз нәрсе білуге болады. Адамның немен айналысатынын, тырнағын тістейтін әдеті бар-жоғын қолынан байқауға болады. Алақандағы қажалған жерлер мен терінің жағдайы да қосымша мәлімет береді. Осындай белгілерге мән беретін хиромант сіз айтпаған кейбір жайттарды аңғаруы мүмкін.


Медицинада да алақандағы белгілер ескеріледі. Алақанды көлденең бойлай өтетін жалғыз қатпар бұрын «маймыл қатпары» деп аталған. Дәрігерлер оны Даун синдромы мен кейбір басқа синдромдардың ықтимал белгісі ретінде қарастырады. Дегенмен мұндай қатпар дені сау адамдарда да болады, сондықтан оның өзі ғана диагноз қоюға негіз емес.


Ғылыми зерттеулер не дейді?


Өмір сызығы адамның қанша жасайтынын көрсете ме? 2019 жылы австралиялық зерттеушілер Теган Лукас, Амрита Дхугга және Мачей Хеннеберг осы сұраққа жауап іздеген. Олар Аделаида университетіне зерттеу мақсатында берілген 60 мәйіттің қол білегі мен алақандағы өмір сызығының ұзындығын өлшеген. Бұл көрсеткіштерді марқұмдардың жасы және өлім себебі туралы мәліметтермен салыстырған. Нәтижесінде ерлердің де, әйелдердің де екі қолындағы өмір сызығының ұзындығы олардың қанша жыл өмір сүргенімен байланысты болмаған. Зерттеушілер алақандағы осы сызық арқылы өмір ұзақтығын болжауға болмайды деген тұжырым жасаған.


Авторлар бұрын жүргізілген зерттеулерге де тоқталған. 1974 жылы Уилсон мен Мейзер өмір сызығы мен адамның өмір сүрген жасы арасында байланыс таппаған. Ал 1990 жылы Ньюрик пен әріптестері статистикалық тұрғыдан маңызды байланыс анықтағанын мәлімдеген. Демек, аталған үш зерттеудің екеуі хиромантия іліміне дәлел таппаған.

Саусақ ұзындығы мен мінез. Ғалымдар бұл мәселеде шағын байланыстарды іздейді. Сұқ саусақ ұзындығының аты жоқ саусақ ұзындығына қатынасын (2D:4D) адамның ана құрсағында дамуы кезіндегі жыныстық гормондар деңгейімен байланыстыратын болжам бар. Психологтар осы арақатынастың мінезбен байланысын да зерттеген. 2011 жылы Йоханнес Хенекопп пен Стивен Уотсон бірнеше зерттеудің нәтижесін біріктіріп талдаған. Ерлерде бұл көрсеткіш төмен болған сайын агрессияға бейімділік сәл жоғары болған, бірақ байланыс өте әлсіз шыққан: коэффициенті шамамен −0,06. Әйелдерде мұндай байланыс анықталмаған. Яғни саусақтардың ұзындығына қарап адамның ашушаңдығын анықтау мүмкін емес.


Хироманттың жұмысы айтқанының дұрыстығын дәлелдеуді талап ете бермейді. Оған келген адам өзін тыңдағанын, өз болмысы туралы бір нәрсе білгенін сезініп қайтады. Адал хиромант әдетте нақты уәде бермей, адамның мінезі жайлы әңгіме айтады. Мысалы, Маркик басты міндетін адамның өзіне деген сенімін арттыруға көмектесу деп түсіндіреді.


Хейроның тәсілі қазір де кездеседі: оған келген адам болашағы туралы болжам естімеген, өзін біреу түсінгендей сезінеді.

Бөлісу: