Көптеген мәдениетте қазанның соңы мен қарашаның басы өлім тақырыбымен байланысты. Осы кезеңде Хэллоуин, Өлілер күні, Самайн аталып өтеді. Түрлі костюмдер, шамдар, бетперделер мен отбасылық дәстүрлердің астарында терең мағына жатыр. Олар адамға өлім қорқынышымен бетпе-бет келуге, жақынынан айырылғандағы қайғыны өткеруге көмектеседі. Адамдар неліктен өлімді мерекеге айналдырады? Бұл туралы Tamga Media клиникалық психолог, өмірінің соңғы кезеңіндегі адамдарға қолдау көрсететін доула әрі қайғыны өткеру жөніндегі маман Дарья Брезгуновамен сөйлесті.
Күзден қысқа өтер ауыспалы кезең
Қазанның соңы – табиғат өзгеретін кез. Жапырақтар түсіп, күн қысқарады, айналаның көрінісі өзгереді. Алда – қыс. Бұл кезең адам жақынынан айырылғанда бастан кешетін күйді еске салады. Үйреншікті өмір аяқталып, бәрі бұрынғыдай болмайды. Бірақ кез келген өзгерістің екі жағы бар. Бірі – аяқталған нәрсемен қоштасу, екіншісі - жаңа нәрсенің басталуы.
Сондықтан болар, түрлі мәдениетте қазанның соңы мен қарашаның басы қайтыс болғандарды еске алумен, өліммен, қорқынышпен және салт-жоралғылармен байланысты. Адамдар өмірдегі өзгерістерді қабылдауды жеңілдетуге түрлі дәстүр ойлап тапқан.

Бұл ой мультсериалдарда да көрініс табады. Мысалы, «Қоршаудың арғы бетінде» («По ту сторону изгороди») мультсериалында ағайынды Вирт пен Грег Беймәлім деп аталатын жұмбақ әлемге тап болады. Онда күз біртіндеп қысқа ұласады. Осылайша, оқиға өтетін мекеннің өзі екі кезеңнің арасындағы шекараны бейнелейді.
Адам өлімнің болмай қоймайтынын түсінсе де, ол туралы айту оңай емес. Дарья Брезгунованың сөзінше, өлімнен қорқу - ең алдымен белгісіздіктен туындайтын табиғи сезім.
«Өлімнен кейін не болатынын ешкім анық білмейді. Адам – бір күні өлетінін білетін жалғыз тіршілік иесі. Біз өмір сүреміз, бірақ өміріміздің мәңгі жалғаспайтынын түсінеміз», – дейді маман.
Сондықтан біз осы оймен өмір сүрмей, оны кейінге ығыстырып қойып, күнделікті тіршілігімізді жалғастыруды үйренеміз. Өйткені бір күні өлетініңді біліп өмір сүру қиын. Алайда өлім туралы ойдан қанша қашсақ та, күз түскенде бұл тақырып қайта еске түседі.
«Шексіз пойыз» («Бесконечный поезд») мультсериалында өмірінде қиындыққа тап болған кейіпкерлер жұмбақ пойызға түседі. Оның әр вагоны – өз тәртібі мен сынақтары бар жеке әлем. Кейіпкерлер бір вагоннан екіншісіне өтіп, түрлі жағдайды бастан кешіреді. Олардың оқиғалары арқылы жақыннан айырылу, өлімнен қорқу және қайғыны қабылдай алмау сезімдері көрсетіледі. Мысалы, Амелия күйеуінің өліміне көндіге алмай, пойыз ішінде онымен бірге өткізген өмірін қайта сүруге тырысады.
«Табиғатта бәрі қайталанып отырады: тіршілік иеcі – дүниеге келеді, өмір сүреді, өледі. Жыл мезгілдері де бірін-бірі алмастырады. Жаз, күз, қыс, көктем. Осылай қайталана береді. Ежелден адамдар осындай өзгерістерді қабылдау оңай болу үшін әртүрлі дәстүрлер ойлап шығарған. Қайтыс болғандарды еске алып, өмір мен өлім туралы ойланатын арнайы күндер белгілеген».
Хэллоуин
Самайн мерекесі 31 қазаннан 1 қарашаға қараған түні аталып өткен. Адамдар сол түні тірілер мен тылсым әлем арасында байланыс орнайды деп сенген. Уақыт өте келе оның дәстүрлері христиандық мерекелермен араласқан. Олар – 1 қарашадағы Барлық әулиелер күні және 2 қарашадағы Марқұмдарды еске алу күні. Ал 31 қазандағы кеш ағылшынша All Hallows’ Eve, яғни «Барлық әулиелер күні қарсаңындағы кеш» деп аталған. Хэллоуин атауы осы сөзден шыққан.

Ежелгі кельттерге Самайн күн қысқарып, түн ұзаратын кезеңнің басталуы еді. Олар осы түні басқа әлемге жол ашылады деп сенген. Бұл түсінік Диана Гэблдонның «Чужестранка» кітаптар топтамасында да кездеседі. Басты кейіпкер Клэр Самайн түні шеңбер бойымен орналасқан тастарға қолын тигізіп, 1945 жылдан XVIII ғасырдағы Шотландияға тап болады. Осылайша, басқа әлемге өту туралы көне сенім кітапта уақытқа саяхат ретінде суреттеледі.
Қазіргі Хэллоуинде де қорқыныш пен өлім тақырыбы сақталған. Адамдар осы күні қорқынышты кейіпкерлердің киімін киіп, бетперде тағады, хоррор фильмдер көріп, түрлі ойын ойнайды.
«Бала кезімізде көп нәрсені ойын арқылы танып-білдік. Балалар ойыншықтарына той жасайды, оларды жерлейді, үлкендердің өміріндегі түрлі жағдайды қайталайды. Бұл тәсіл ересектерге де көмектеседі. Өлім туралы білмейтініміз көп, сондықтан ол бізді қорқып, түрлі сезімге бөлейді. Ал осы тақырыпты ойынға айналдырсақ, қорқыныш сәл азаяды. Костюм киіп, бетімізді бояп, мерекеге қатысу арқылы өлімнің де өмірдің бір бөлігі екенін қабылдау жеңілдейді», – дейді Дарья Брезгунова.

Хэллоуинде қорқынышты кейіпкерлерді костюмдерден, ойындардан және мерекелік безендірулерден көреміз. Олардың шын емес екенін білгендіктен, қорқынышымыз да азаяды. Осылайша, әдетте үрей туғызатын нәрселерге үйреніп, мерекеге еш қорқынышсыз қатыса алады.
Қаңқа мен бас сүйек – адам өмірінің мәңгілік емес екенін еске салады.
Елес – қайтыс болған адамның бейнесі. Ол өмірден өткен жақындарымызды, оларды сағынатынымызды және қайтара алмайтынымызды еске салады.
Зират пен қабірлер – қайтыс болған адаммен қоштасуды, өмір мен өлімнің арасындағы шекараны еске салады.
Қансімір – өлсе де, өмір сүруін жалғастыратын қиялдағы кейіпкер. Ол адамның мәңгі өмір сүргісі келетінін және өлгендердің қайта тірілуінен қорқатынын бейнелейді.
Зомби - өздігінен ойлана алмайтын, іс-әрекетін басқара алмайтын өлі адам бейнесі.
Асқабақтан жасалған шам – адам өз қолымен жасайтын қорқынышты бейне. Оны жасау кезінде қорқыныш шығармашылық пен ойынның бір бөлігіне айналады.
Жарқанат – түннің, қараңғылық пен тылсым әлемнің белгісі. Ол айналамызда болып жатқанның бәрін бірдей көріп, түсіне бермейтінімізді еске салады.
Жасанды қан мен жаралар – қауіпті жағдайларды ойын түрінде көрсетуге мүмкіндік береді. Адам көріп тұрғанын өтірік екенін біледі.
Өрмекшілер мен өрмек торы – жиіркеніш пен сақтық сезімін тудырады. Сондай-ақ қараңғы, қараусыз қалған, көптен бері адам аяғы баспаған жерлерді еске түсіреді.
Хэллоуин адам зәресін ұшырататын бейнелерді ойынға айналдыратынын «Рождество алдындағы қорқыныш» («Кошмар перед Рождеством») мультфильмінен көруге болады. Басты кейіпкер Джек Скеллингтон Хэллоуин қаласында тұрады. Бұл қалада қаңқалар мен құбыжықтар ешкімге таңсық емес, олар мерекелік қойылымдарға да қатысады. Джектің өзі – қаңқа. Бірақ оның оқиғасы жұртты қорқытуға емес, жаңа нәрселерді танып, өзгеше өмірді байқап көруге деген құштарлығына құрылған.

Día de los Muertos - Өлілер күні
Мексикалықтардың сенімі бойынша, бұл күндері қайтыс болған жақындарының рухы үйіне оралады. Сондықтан отбасы мүшелері оларды қарсы алуға дайындалып, бірге өткізген сәттерін еске түсіреді. Мереке негізінен 1 және 2 қарашада өтеді. Бірінші күні өмірден өткен балаларды, екінші күні ересектерді еске алады.
Адамдар марқұмдардың сүйікті тағамдарын әзірлейді. Үйден арнайы орын дайындап, оған тағамдарды, фотосуреттер мен марқұмның заттарын қояды. Мереке қазанның соңы мен қарашаның басында, Мексикадағы негізгі дақылдардың бірі – жүгеріні жинау маусымы аяқталған кезде өтеді. Бұл дәстүр жергілікті халықтардың салттары мен католиктік әдет-ғұрыптарды біріктіреді. 2008 жылы ол ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді.
«Мексикалықтар өлім тақырыбын осындай дәстүр арқылы қабылдайды. Адамға қайтыс болған жақынын еске алып, оған деген сүйіспеншілігін сезінуге мүмкіндік керек. Мұндай дәстүр отбасылық байланысты сақтап, қайғыны жеңілдетуге көмектесуі мүмкін. Осы арқылы адам жақынының енді қасында жоқ екенін біртіндеп қабылдайды».

Мерекенің негізгі белгілері нені білдіреді?
Офренда – марқұмды еске алу үшін дайындалған арнайы орын. Оған суреттері, сүйікті тағамдары мен заттары қойылады.
Фотосурет – жақынының түр-келбетін, онымен бірге өткізген сәттерді еске түсіреді.
Шамдар – сенім бойынша марқұмның рухына үйге баратын жолды көрсетеді.
Семпасучиль гүлдері – марқұмдарды еске алуға арналған ашық түсті гүлдер. Олардың түсі рухтарға жол табуға көмектеседі деген сенім бар.
Калавериталар – бас сүйек пішініндегі түрлі түсті қант тәттілері. Олар өлім туралы қорықпай сөйлесуге, оны өмірдің бір бөлігі ретінде қабылдауға көмектеседі.
Papel picado – өрнектеп қиылған қағаз әшекейлер. Олар мерекелік көңіл күй сыйлап, жақындарды еске ала отырып та өмірге қуануға болатынын білдіреді.
Бұл мерекені «Коконың құпиясы» («Тайна Коко») мультфильмінде толық көрсетілген. Басты кейіпкер Мигель Өлілер күні марқұмдар әлеміне тап болып, ата-бабаларымен кездеседі. Ривера отбасы жыл сайын осы күні өмірден өткен туыстарын еске алады. Үйде офренда дайындап, оған марқұмдардың суреттерін, сүйікті заттары мен тағамдарын қояды.
Мультфильмде Мигельдің туысы Гектордың оқиғасы ерекше орын алады. Отбасы ұзақ жылдар бойы оны әйелі мен қызын тастап кеткен деп ойлаған. Бірақ Мигель нағыз шындықты біледі: Гектор отбасына қайтуға тырысқан кезде қаза тапқан. Мигельдің ізденісі мен туыстарының естеліктері арқылы отбасы Гектордың шын мәнінде қандай адам болғанын түсінеді.
Қолдаудың күші
Қорқынышыңды біреумен бөліссең, оны жеңу жеңілірек болады. Ал мереке осындай әңгіме бастауға себеп бола алады.

«Қоғамымызда өлім туралы ашық сөйлесетін орта жоқ. Адамдарға бұл тақырыпты қозғау үшін бір себеп керек сияқты. Мысалы: “Осы мереке маған мынадай ой салады. Ал сен не ойлайсың?” деп әңгіме бастауға болады», – дейді маман.
Өлім туралы әңгіме адамдарды жақындастыруы мүмкін. Адам өз қорқынышы мен уайымын басқалардың да сезінетінін түсінеді.
«Мені бұл ой алаңдатады, басқалар да осы туралы айтып жүр. Демек, мұндай сезімді бастан кешіп жүрген жалғыз мен емес екенмін” деген ой келеді», – деп түсіндіреді психолог.
Бірақ адамға қолдау тек осындай мереке күндері ғана қажет емес. Cебебі өмірдің кез келген сәтінде жақынымыздан айырылып, қайғыға батуымыз мүмкін. Мұндайда өлім доуласы, яғни өмірінің соңғы кезеңіндегі адамдарға және жақынын жоғалтқандарға қолдау көрсететін маман көмектесе алады.
«Доула – қайғыңызды бөлісіп, жаныңызда болатын көмекші. Қайғырып жүрген адамға әрдайым терең психологиялық талдау жасап, оның сезімдерін балалық шақтағы ауыр оқиғалармен байланыстырудың қажеті жоқ. Көбіне оған қарапайым қолдау керек: біреу тыңдаса, жанында болса, оны сынамаса болғаны», – дейді Дарья Брезгунова.
Балаларға мерекедегі өлім белгілерін көрсету дұрыс па?
Хэллоуиндегі қан, қаңқалар, қансімірлер мен елестерді көрген ата-аналар: «Балаға мұндай қорқынышты бейнелерді көрсету керек пе?» деп ойлануы мүмкін.
Ирвин Ялом «Экзистенциалдық психотерапия» кітабында адам өміріндегі төрт негізгі тақырыпты қарастырады. Олар – өлім, еркіндік, жалғыздық және өмірдің мәнсіз көрінуі. Кітаптың бір тарауы балалардың өлім туралы түсінігі қалай қалыптасатынына арналған.
Яломның айтуынша, ересектер өлім туралы түсіндіруге дайын болмай тұрып-ақ, бала өмірдің мәңгілік емес екенін байқай бастайды. Ол өлген жәндіктер мен жануарларды, түскен жапырақтарды, қартайған туыстарын, қайтыс болған адамдардың суреттерін көреді. Зираттарды, жақынынан айырылып қайғырған ата-анасын байқайды. Осының бәрі балаға ой салып, сұрақ тудыруы мүмкін. Бірақ ол өз уайымын үнемі айта бермейді.

Дарья Брезгунованың пікірінше, өлім тақырыбын балалардан жасырмаған жөн. Ең маңыздысы – бұл туралы сабырмен, баланың жасына сай түсіндіру.
«Ата-аналар көбіне баласын қорғағысы келіп, өлім туралы айтпайды. Мысалы, әжесі қайтыс болғанда, балаға: “Әжең серуендеуге кетті”, – дейді. Бірақ бұл оған шындықты естуден де ауыр тиюі мүмкін. Ол үйде бірдеңе болғанын байқайды: анасы жылап жүр, әкесі көңілсіз, ешкім ойнағысы келмейді, шулауға болмайды. Бала үлкендердің уайымын сезеді, бірақ оған не болғанын ешкім түсіндірмейді. Біз оны шындықтан қорғағымыз келеді, алайда жасыру арқылы жанын жаралауымыз мүмкін.
Балалар өлімге балабақша жасынан қызыға бастайды. Әрине, төрт-бес жаста бала өлімнің не екенін толық түсіне қоймайды. Бірақ оған адамның қайтыс болғанын, енді қайтып келмейтінін түсіндіруге болады. Барлық егжей-тегжейін айтудың қажеті жоқ, шындықты қарапайым сөздермен айту жеткілікті. Бала өскен сайын сұрағы да көбейеді».
Балаға өлім туралы оқиға арқылы түсіндіруге болады. Соның бір мысалы, Pixar студиясының «Алға» («Вперед») мультфильмі. Онда әкесінен ерте айырылған екі ағайынды туралы айтылады. Алайда бауырлардың кішісі Иэннің әкесі есінде жоқ. Иэн онымен сөйлесуге мүмкіндігі болмағанына қатты қиналады.

Бір күні ағайындылар сиқыр арқылы әкесін аз уақытқа қайтара алатынын біледі. Бірақ сиқыр толық орындалмай, әкесінің тек аяқтары ғана пайда болады. Екеуі әкесін толық қайтарып, онымен кездесу үшін жолға шығады. Осы ертегіге ұқсас оқиғада жақынын жоғалтқан баланың сағынышы мен қайғысы қатар көрінеді.
Бала қансімір мен қаңқаның ойдан шығарылғанын екенін білгендіктен, оларды ойын ретінде қабылдайды. Ал шынайы қан мен зорлық-зомбылық оны қатты қорқытуы ықтимал. Америкалық педиатрия академиясының мәліметінше, аздап қорқытатын оқиғалар кейбір балаларға неден қорқатынын түсінуге көмектесетін триггер болады. Бірақ тым қорқынышты көріністер керісінше үрейін одан әрі күшейтуі мүмкін.
Ең бастысы – баланың көңіл күйіне назар аудару. Фильмнен немесе мерекеден кейін ол ұзақ уақыт қорқып жүрсе, жаман түс көрсе, ұйқысы бұзылса не бұрын қорықпаған нәрселерден қорқа бастаса, қорқынышты көріністерді көруін азайтқан дұрыс. Баламен асықпай сөйлесіп, оны не қорқытқанын сұрап, тыңдау керек.
Қазақстанда не істеуге болады?
Қазақстанда Хэллоуин мен Өлілер күні мерекесінің мәні дәл сол «күндер» пайда болған елдердегіден өзгеше. Бірақ жақынын еске алу, өлім туралы сөйлесу және қайғысын жеңілдетудің жолын іздеу – кез келген адамға тән қажеттілік.
«Жақынымен қоштасуға арналған дәстүрлер көп. Бірақ кейде адам бұған қоса, өз көңіліне медеу болатын бір әрекет жасағысы келеді. Оның дінмен байланысты болуы міндетті емес», – дейді Дарья Брезгунова.
Әсіресе жақынымен қоштаса алмаған адам осындай қажеттілікті сезінуі мүмкін. Мысалы, жақыны жоғалып кетіп, одан хабар болмайды немесе қайтыс болған адамның денесі табылмайды. Кейбірі жақынын бала кезінде жоғалтқандықтан, сол кезде не болғанын, жерлеу рәсімін есіне түсіре алмайды. Бірақ есейген соң өткенді еске алып, жақынымен іштей қоштасқысы келеді.

Естеліктерге толы жерге бару
Өмірден өткен жақыныңызды немесе өткен күндерді еске түсіретін жерге барыңыз. Бұл балалық шағыңыз өткен үй, мектеп, аула немесе сүйікті кафе болуы мүмкін. Міндетті түрде зиратқа бару қажет емес. Сол жерде кімдермен бірге болғаныңызды, қандай сәттерді өткізгеніңізді еске алыңыз. Ол жерге ойша оралуға да болады.
Анника Йонссон мен Тони Уолтердің «Continuing Bonds and Place» зерттеуінде де осындай орындардың маңызы айтылған. Зерттеуге қатысушылар кейбір жерлер қайтыс болған жақындарын еске түсіріп, олармен байланысты сезінуге көмектесетінін жеткізген.
Жақыныңыз пісіретін тағамды дайындау
Жақыныңыздың рецептімен тағам әзірлеу онымен бірге өткізген сәттерді еске түсіреді.
«Кей адамдар: “Анам етті ерекше пісіретін. Рецепті сақтаулы, бірақ дайындауға қиналамын. Анамның жоқтығы жаныма батады”, – дейді. Сол тағамды пісіріп, жақындарыңызбен бірге дәм татып көруге болады. Дастарқан басында ол адамды еске алып, естеліктеріңізбен бөлісіп, өзгелердің де әңгімесін тыңдай аласыз».
Естеліктер жинағын жасау
Жақыныңызды, бірге өткізген күндерді еске түсіретін заттарды жинаңыз. Мысалы:
● фотоальбом;
● хаттар, ашықхаттар мен билеттер;
● отбасылық тағамдардың рецепттері;
● отбасындағы әр буынның суреттері;
● жақыныңызды еске салатын қолөнер бұйымы;
● туыстарыңыз айтып берген, өзіңіз жазып алған әңгімелер.
«Қазақстанда әшекейлерді ұрпақтан ұрпаққа беру дәстүрі бар. Оларды да осындай жинаққа қосуға болады. Бұл заттар жақындарымызды еске түсіріп, уақыт өте отбасылық жәдігерге айналады», – дейді психолог.

Мұндай жинақ өмірден өткен адамның отбасыдағы орнын, ол туралы естеліктерді сақтауға көмектеседі. Мысалы, «Боб Тревиноға лайк қойды» («Боб Тревино поставил лайк») фильмінде Джини кішкентай ұлынан айырылған соң, оған арнап альбом жасайды. Баласының суреттері мен одан қалған естелік заттарды жинап, альбомды безендіреді. Скрапбукинг деп аталатын осы іс оған қайғысын өткеруге көмектеседі.
Өткен күндерден естелік сақтау
Кейде өмірдің бір кезеңі аяқталғанда, одан естелік қалдырғымыз келеді. Мысалы, университетті бітірген соң студенттік шақтағы суреттерді альбомға жинаймыз. Сапардан қалған билеттерді, хаттар мен ашықхаттарды да бір қорапқа салып сақтауға болады.
«Жоғарыға» («Вверх») мультфильмінде Карл мен Элли бірге өткізген бақытты сәттерінің суреттерін альбомға жинайды. Элли қайтыс болған соң Карл осы альбом арқылы ортақ естеліктерін сақтайды. Альбом оған өткен күндерді бағалап, өмірін әрі қарай жалғастыруға көмектеседі.
Осы күзгі мерекелер сізге ерекше көңіл күй сыйлап, жақындарыңызбен уақыт өткізуге, өмірден өткен жандарды еске алуға және өз отбасылық дәстүрлеріңізді бастауға себеп болады деп сенеміз.



