Өткенде ғана жануарлар әлеміне үңіліп, кейбір түрлердің табиғатқа қайта оралғанына, тіпті коалалардың өз тағдырын жеңіп шыққанына бірге қуанған едік. Бұл жолы бағытымызды сәл өзгертіп, көзге көрінбейтін, бірақ маңызы зор дүниелерге бұрдық. Алда бізді ғарыш сырлары, жануарлардың жұмбақ тілдесуі, адам миының картасы мен термоядролық энергия сияқты қызық тақырыптар күтіп тұр. Ғалымдар бас қатыратын күрделі зерттеулерді кез келген адамға түсінікті әрі жеңіл тілде баяндап береміз.
1. Ғарыш бізді таңғалдырудан жалықпайды (бұл астрология емес)
Не болды? Төртінші жыл қатарынан біз Джеймс Уэбб телескопы ғарыш туралы түсінігімізді қалай төңкеріп жатқанын тамашалап келеміз. Ол мұндай таңғажайып жаңалықтарды жиі ашады. Мысалы, былтырдың өзінде мынадай дүниелер белгілі болды:
2026 жылдың басында телескоп тарихтағы ең алыс галактиканы тапты.
Техас ғалымдары Үлкен жарылыстан кейін 800 миллион жыл өткенде өзара соқтығысқан бес тығыз галактика шоғырын анықтады.
Үндістан зерттеушілері біздің Құс жолына ұқсайтын, иірімді тармақтары бар, спираль тектес «Алакнанда» галактикасын тапты.
«Ғарышта жалғызбыз ба?» деген сұрақ та өзекті бола түсті. JWST телескопы K2-18b экзопланетасының атмосферасынан тіршілік белгілерін (биосигнатураларды) тіркеді. Бұл жаңалық нақты деуге болады («үш сигма»), яғни қателесу қаупі 370-тен бір ғана жағдайда болуы мүмкін.

Мұның мәні қандай? Астрономияның мәні – мықты телескоп жасап, біз ойлағаннан да алысты көру. JWST телескопы дәл осыны дәлелдеді. Ол Ғаламға небәрі 300-400 миллион жыл болғанда, яғни қазіргі жасының 3%-ы да толмағанда болған алғашқы галактикаларды тапты. Қызығы, ол галактикалар біз ойлағаннан әлдеқайда үлкен әрі жүйелі (пішіні қалыптасқан) екен.
Бұл біздің ғарыш туралы білетініміз әлі де аз екенін көрсетеді. Бірақ мұны түзеуге болады, өйткені жаңа деректерді қазірдің өзінде тоқтаусыз алып жатырмыз. Тіпті тіршілік болуы мүмкін планетаның ауа құрамын да зерттеп үлгердік. Енді біз «ғарышта өмір бар ма?» деген сұраққа бос қиялмен емес, нақты ғылыми дәлелдермен жауап беруге шақ қалдық.

2. Термоядролық энергия бізге ешқашан мұншалық жақын болмаған
Не болды? 2025 жылғы 7 сәуірде ғалымдар үлкен жетістікке жетті: олар жасаған термоядролық реакция сегізінші рет өздігінен тұтанып, сәтті жұмыс істеп кетті. Сынақ кезінде лазерді қосуға 2,08 мегаджоуль энергия жұмсалғанымен, нәтижесінде одан бірнеше есе көп – 8,6 мегаджоуль таза энергия алынды.
Мұның мәні неде? Термоядролық синтез – Күн мен барлық жұлдызды қуаттандырып тұрған табиғи процесс. Мұнда сутегі бөлшектері өзара бірігіп, өте көп энергия бөледі. Бұл әдіс қазіргі атом станциялары сияқты емес, артынан зиян радиоактив қалдық қалдырмайды және жарылып кетпейді. Ең кереметі, реакцияға қажет отынды кәдімгі теңіз суынан алуға болады. Қысқасы, бұл – өте таза, қауіпсіз әрі таусылмайтын қуат көзі. Осы технология біздің болашақта энергияны қалай тұтынатынымызды түбегейлі өзгертеді.
Бірақ бұл жерде бір қиындық бар. Мәселе мынада: бөлшектерді біріктіру үшін оларды Күннің орталығынан да бетер ыстықта – жүздеген миллион градусқа дейін қыздыру керек. Ал бұлай қыздыру үшін өте көп қуат жұмсалады. Мәселенің төркінін түсіндіңіз бе? Осы уақытқа дейін кез келген термоядролық қондырғы өзі өндіргеннен әлдеқайда көп энергияны жұтып келді. Ғалымдар арасында бұл туралы тіпті танымал әзіл де (мем) бар: «Термоядролық энергия тура 30 жылдан кейін дайын болады». Бұл технология бізге қаншалық жақын көрінгенімен, үнемі «тағы 30 жыл күту керек» деп, алыстап кете беретін.
NIF тәжірибесіндегі «тұтану» дегеніміз – бұрын шешілмей келген үлкен ғылыми жетістік. Мұнда өте қуатты 192 лазер кішкентай отын капсуласын бір сәтте қатты қысады. Сол кезде ішіндегі температура өте қатты өсіп, жұлдыздың ішіндегідей деңгейге жетеді. Осындай жағдайда атомдар бірігіп, үлкен энергия бөле бастайды. Ең маңыздысы – осы жолы алынған энергия лазерге жұмсалған энергиядан көп болып шықты.

Мұның несі жақсы? Әрине, бұл энергия сіздің телефоныңызды қуаттау үшін әлі талай жыл керек болуы мүмкін. Зертханадағы сәтті тәжірибе мен үйімізге келетін кәдімгі тоқ арасында әлі шешілуге тиіс жүздеген техникалық мәселе бар. Бірақ мұның бәрі – жай ғана уақыт пен еңбекті қажет ететін кезектегі шаруалар. Ең бастысы, тарихта алғаш рет ең үлкен ғылыми сұрақтың жауабы табылды. Термоядролық синтездің шынымен жұмыс істейтіні толық дәлелденді. Біз балаларымыз өмір сүретін болашақ әлемнің басталуына куә болып отырған да шығармыз. Ол заманда балаларымыздың үйіндегі тоқ дәл жұлдыздардан бөлінетін жарық сияқты күшті энергиямен жұмыс істейді.
3. «Айдаһар адамның» бейнесі белгілі болды
Не болды? 2025 жылғы маусымда ғалымдар ауқымды жаңалықты айтты. Қытайдың Харбин қаласынан табылып, жер астында кемі 146 мың жыл жатқан ежелгі адамның бас сүйегі толық зерттелді. Нәтижесінде бұл сүйек «денис адамдарына» тиесілі болып шықты. Бұл таңғаларлық жағдай, өйткені денис адамдары – жүздеген мың жыл бұрын біздің арғы ата-бабамызбен бір уақытта өмір сүргендер.
2025 жылға дейін біз денис адамдары туралы өте аз білетінбіз. Қолда бар жалғыз дерек: Сібір үңгірінен табылған, 60 мың жыл бұрын өмір сүрген адамның кішкентай ғана шынашақ сүйегі еді. Бұл адамдар – біздің арғы ата-бабамызбен және неандертальдармен бір дәуірде өмір сүрген ежелгі адамдардың бір түрі. Олар бабаларымызбен араласып, қанымызда өз ізін қалдырды. Бүгінде жүздеген миллион адамның, әсіресе Азия мен Океания тұрғындарының бойында осы көне адамдардың гені бар. Бірақ олардың сырт келбеті қандай болғанын ешкім білмейтін. Олар біздің ішімізде өмір сүріп жатқан беймәлім бір елес сияқты еді.
Енді осы беймәлім елестердің жүзі белгілі болды. 150 мың жыл бұрын қазіргі Қытай жерінде өмір сүрген ер адамның бейнесі. Оның бет-әлпеті ірі, қасының үсті шығыңқы, бет сүйегі жалпақ әрі мұрны үлкен болған. Бұл бас сүйек 1933 жылдан бері бір құдықтың түбінде жатқан екен. Оны көпір салып жатқан Қытай жұмысшысы тауып, жапон әскерінен тығып қойған. Тек 2018 жылы ол кісі қайтыс болар алдында отбасы бұл жәдігерді ғалымдарға табыс етті.

Мұның несі жақсы? Қазір Жер бетінде біздің қалай жалғыз аман қалғанымыз туралы тарих көз алдымызда қайта жазылып жатыр. Енді ғалымдардың қолында нақты бас сүйек бар. Олар осы сүйекке қарап, Азиядан табылған басқа да жұмбақ сүйектердің кімге тиесілі екенін оңай таба алады. Оның көбі денис адамдары болып шығуы әбден мүмкін. Осы уақытқа дейін бізге мүлдем көрінбей келген адамзат тарихының үлкен бір бөлігі енді қолмен ұстағандай болдық. Бұл – біздің өз тегімізді, өткен тарихымызды жақсырақ түсінуге жасаған үлкен бір қадамымыз.
4. Біз киттердің не айтатынын түсіне бастадық
Не болды? Теңіз зерттеушілері, тіл мамандары мен жасанды интеллект сарапшылары кашалот киттерінің тілін түсіну үшін бірлескен жоба бастаған еді. 2024 жылғы мамырда ғалымдар атақты MIT (Массачусетс технологиялық институты) зертханасымен бірге Nature Communications журналына мақала жариялады. Онда киттердің алғашқы «дыбыс әліпбиі» таныстырылды. Ал 2025 жылғы қарашада зерттеу мүлдем жаңа деңгейге көтерілді: мамандар киттер өзара тілдескенде біздің «а» және «и» дауысты дыбыстарына ұқсайтын белгілерді, дыбыстарды қолданатынын анықтады.
Кашалоттар шықылдаған қысқа дыбыстар арқылы сөйлеседі. Ғалымдар оны «код» дейді. Бұрын жұрт бұны «мен осындамын», «қауіп бар» деген сияқты жай ғана белгі деп ойлайтын. Бірақ бәрі әлдеқайда қызық болып шықты. Киттер жағдайға қарай дыбыстарын өзгертеді, жылдамдығын құбылтады, жаңа дыбыстар қосады. Мамандар бұл жүйені ішінде дауысты дыбыстары бар Морзе әліпбиіне ұқсатып отыр. Адам ғана дыбыстарды құрап, сөйлесе алады деуші едік. Ал енді мұндай қасиет миллиондаған жыл бізбен өмір сүріп жатқан жануарларда да бар болып шықты. Тек біз оларға уақытында құлақ аспаппыз.

Мұның несі жақсы? Мұнда екі маңызды себеп бар. Біріншісі – ғылым үшін: «Күрделі сөйлеу тек адамның қолынан келеді» деген түсінік ескірді, бұған нақты жауап табыла бастады. Екіншісі – этика, жануарларға жанашырлық, бұл тіпті маңыздырақ. Қазір Project CETI командасы Нью-Йорк университетінің More-Than-Human Life (Адамнан да жоғары тіршілік) бағдарламасымен бірге жаңа мәселені зерттеп жатыр. Киттердің тілін түсіну табиғатты қорғау заңдарын мүлдем өзгертуі мүмкін. Тіпті ғалымдар: «Бір күні киттер сотта өз сөздерімен өзін қорғай алады», – дейді. Басында жай ғана дыбыстарды тыңдаудан басталған зерттеу соңында біздің басқа жан иелеріне көзқарасымызды толық өзгертуі әбден мүмкін.
5. Тарихта тұңғыш рет мидың картасы толық жасалды
Не болды? 2024 жылғы қазанда FlyWire халықаралық зерттеу тобы Nature журналына үлкен еңбек жариялады. Ғалымдар жеміс-жидекке үймелейтін кішкентай шыбын миының картасын толық жасап шықты. Картада 130 мыңнан астам жүйке жасушасы мен олардың арасындағы 50 миллионнан астам байланыс өте дәл көрсетілген. Бұл – тіршілік иесінің миы туралы осы уақытқа дейін жасалған ең үлкен әрі ең толық зерттеу. Осы жаңалықтан кейін Беркли университетінің мамандары шыбын миының үлгісін кәдімгі ноутбукта-ақ қосып, жұмысын тексеріп көрді.
Мұның мәні неде? Ғалымдар жүз жылдан бері ми тіршілік иесін қалай басқаратынын түсінгісі келді. Бірақ осы уақытқа дейін олардың қолында мидың толық картасы болған жоқ. Ілгеріде тек құрттардың жүйке жүйесі мен тышқан миының кішкентай бөлігі зерттелген еді. Ал тірі мақұлықтың бүкіл миы ешқашан бастан-аяқ толық қаралмаған еді. Міне, бұл зерттеуде жеміс-жидекке үймелейтін кішкентай шыбын бірінші болып тұр. Шыбын кіп-кішкентай болғанымен, ұшады, бағыт табады, дыбыс шығарады және бәрін есінде сақтай алады. Енді осының бәрін басқарып тұрған 140 мыңдай жүйке жасушасы мен олардың арасындағы байланыстар толық картаға түсті.

Неліктен шыбынды таңдады? Өйткені оның миы түрлі қызық әрекеттер жасай алатындай күрделі, оған қоса толық зерттеп, картаға түсіруге ыңғайлы әрі кіп-кішкентай. Тағы бір маңызды жағы – адамда кездесетін ауруларға жауапты гендердің 75%-ы осы шыбында да бар. Сондықтан ғалымдар оның миын түсініп, біздің миымыз туралы да көптеген жаңа мәліметті біле алады.
Мұның несі жақсы? Бұл оқиғаның маңызы 2003 жылғы адам геномын (ДНҚ жүйесін) толық ашқанмен бірдей. Мұндай үлкен жаңалық ғалымдардың бірнеше буынына жететін жұмыс тауып береді және ғылымды лезде жаңа деңгейге көтереді. Қазір мамандар еркек шыбынның миын зерттеп жатыр, одан кейін кезекте Данио балығы мен тышқан тұр. Адам миының толық картасын жасауға әлі уақыт керек, бірақ бұл енді қол жетпейтін қиял емес. Біз ғылымның мүлдем жаңа сатысына өте жақын қалдық.



