Көптен күткен Grand Theft Auto VI ойыны ақыры жарыққа шықты. Rockstar Games ойынды 2026 жылғы 19 қарашада PlayStation 5 және Xbox Series X|S платформаларына шығарды. Ал ойын шыға сала жаз бойы басылмай келген бір дау да қайта қызды. Сүйіктіңіз кешкісін ойындағы Лусиямен кездесіп жүрсе, мұны көзге шөп салу деуге бола ма? Біреулер мұны әзілге баласа, енді біреулер кәдімгідей ренжіп жүр. Бұл дау қайдан шықты, ойын ішінде не болып жатыр және мәселе неге біз ойлағаннан да тереңде жатыр? Tamga Media тарқатып көрді.
Дауға не түрткі болды?
27 тамызда Rockstar ойынға арналған жарты сағаттық шолуын көрсетті. Көпшілік үшін ең басты жаңалық – басты кейіпкерлер Джейсон мен Лусияның арақатынасы. Ойын жасаушылар оларды атақты Бонни мен Клайдқа теңейді. Қос ғашықтың сезімін ойын барысында өрбітуге болады, кездесуге бару, хат жазысу, қол ұстасып жүру, бірге тонауға шығу тағысы тағы бар. Ал көңіл бөлмей қойсаңыз, араларыңыз тіпті суып кетуі де мүмкін.
Бірнеше күн өтпей-ақ TikTok желісінде «күйеулеріңізге GTA 6 ойнатпаңыздар» деген видеолар қаптады. Біреулер әзілдесе, енді біреулер мұны кәдімгідей көзге шөп салуға теңеді. Gulf News пен Khaleej Times жазғандай, кей видеолар миллиондаған қаралым жинап, пікірталас ойын қауымдастығынан шығып, жұптар арасындағы шекара туралы әңгімеге айналды.

Көпшілік байқамаған бір жайт
GTA 6 ойынында ойыншы Лусиямен өзі көңіл жарастырмайды. Ойыншы Джейсонды да, Лусияны да басқарады және жағдайға қарай олардың арасында ауыса алады. Сезім екі кейіпкердің өз арасында өрбиді, ал ойыншы оның тікелей қатысушысы емес, сырттан бақылап, бағыт беріп отыратын режиссер іспетті. Дубайлық геймерлердің бірі Khaleej Times басылымына мұны былай түсіндірді: ойыншы екі кейіпкерді де басқаратындықтан, өзі олардың ешқайсысымен жеке қарым-қатынасқа түспейді.
Оның үстіне ойындағы махаббат хикаясы міндетті емес. Rockstar өкілдері мұны ойыншыларға күштеп таңғымыз келмейді деп ашық айтты. Яғни, кейіпкерлердің сезіміне мүлде бас қатырмай-ақ оқиғаны соңына дейін жеткізуге болады. Тіпті Джейсон мен Лусия екі жаққа кетіп, қылмыс әлеміндегі жай ғана сыбайлас болып қала алады.
GTA ойындарында кездесулер бұрын да болған
Кейіпкерлердің қызбен жүруі бұл ойында сонау 2004 жылғы San Andreas бөлімінен-ақ басталған. Ол кезде ойынның басты кейіпкері Си-Джей қыздарды мейрамхана мен биге апаратын, бірақ мұны ешкім опасыздыққа баламаған еді. Қазір жағдай басқа: кейіпкерлер бірге тұрады, уақыт өткізеді, ал арақатынастары ойыншының әр қадамына қарай өзгеріп отырады. Ойын шынайы өмірге жақындаған сайын, «жай ермек қой» деп мән бермей қою да қиындай береді.

Сандар не дейді?
Қыркүйекте YouGov орталығы 4 мыңнан астам британиялықтан серігінің видеоойында біреумен «көңіл жарастыруына» деген көзқарасын сұрады. Қатысушылардың небәрі 6%-ы ғана мұны сатқындыққа теңеген. Тағы 19%-ы сатқындық демесе де, мұндай әрекетті жақтырмайтынын айтқан. Ал 54%-ы бұдан ешқандай мәселе көрмеген.
Әйелдер мұндай виртуалды қарым-қатынасқа ерлерге қарағанда сақ қарайды. Әйелдердің 7%-ы оны сатқындық деп санаса, 24%-ы көзге шөп салу демесе де, қарсы екенін айтқан. Ерлер арасында бұл көрсеткіштер тиісінше 4% және 13% болған. Демек сауалнамаға қатысқан әйелдердің шамамен үштен бірі мұндай виртуалды романтиканы кем дегенде жайсыз жағдай деп қабылдаған.
YouGov адалдыққа қатысты басқа сұрақтарда да осындай айырмашылық барын анықтаған. Қай жағдайда болмасын, әйелдер ерлерге қарағанда біраз әрекетті сатқындыққа жатқызады екен. Мысалы, 2026 жылғы үлкен сауалнамада британдықтардың 30%-ы жасанды интеллект чатботымен романтикалық немесе сексуалдық мазмұнда сөйлесуді опасыздық деп бағалаған.
Виртуалды махаббат неге баурап алады?
Ойын кейіпкерлеріне эмоционалды байланыс орнатуды парасоциалды қарым-қатынасқа ұқсас құбылыстар арқылы түсіндіруге болады.

Парасоциалды байланыс – адамның өзіне дәл солай жауап бере алмайтын медиа кейіпкеріне, актерге немесе танымал адамға біржақты эмоционалды жақындық сезінуі. Бірақ видеоойындарда бұл байланыс күрделірек. Ойыншы кейіпкерді сырттай бақылап қана қоймайды: оның атынан шешім қабылдайды, диалогқа жауап береді және оқиғаның қалай өрбитініне ықпал етеді.
2025 жылы Нанкин зерттеушілері отомэ-ойындарын ойнайтын әйелдердің тәжірибесін талдап, виртуалды кейіпкерлермен қалыптасқан романтикалық байланыс күнделікті өмірге әсерін анықтаған. Зерттеуге қатысушылар мұндай кейіпкерлерден эмоционалдық қолдау алып, ойын олардың жақындық туралы түсінігіне ықпал ететінін айтқан. Бірақ мұндай ойындар адамның шынайы қарым-қатынасын міндетті түрде өзгертеді деген сөз емес. Зерттеу сапалық әдіске негізделген және нақты бір мәдени ортадағы ойыншыларды қарастырған.
Ал Computers in Human Behavior журналында шыққан тағы бір зерттеуге қарасақ, ойын кейіпкерлерімен көңіл жарастыруға көбіне көпшілікпен араласудан қысылатын қыздар әуес келеді. Сондықтан экрандағы бейнеден қызғану бір қарағанда ғана күлкілі көрінгенімен, оған жұмсалған уақыт та, төгілген сезім де кәдімгідей шынайы.
Психолог не дейді?
Психолог-психоаналитик Людмила Мельникова бұл жағдайға жай ғана сатқындық тұрғысынан емес, кеңірек қарауды ұсынады.
«Мен бұл мәселеге күнделікті күйбеңнен, шынайы өмірден қашу тұрғысынан да қарар едім. Кейде виртуалды әлем адамға өмірде жетіспейтін нәрселердің, атап айтсақ, назардың, бағалаудың, таңдану мен жан жылуының орнын толтыратын құралға айналады. Осы тұста зиянсыз қиялдың шегі қай жерден бітіп, шынайы сезімнің орнын алдамшы елес қай жерде баса бастайтынын ажырата білу маңызды», - дейді маман.
Психологтың сөзінше, адам ойын кейіпкерінің бойына өзі армандаған қасиеттің бәрін жинап, мінсіз етіп көрсетеді. Сөйтіп, ойындағы махаббат еш ренішсіз, ұрыссыз, жауапкершіліксіз мінсіз сезімнің әсерін береді. Ал шын өмірдегі жақындық ондай сынақтардан өтпей қалады.
«Егер адам кейіпкерге ынтығып, оны сағынса, сүйіктісінен артық көріп, жақындарынан алыстай бастаса, мұны ішкі опасыздық деуге әбден негіз бар. Бірақ ойдан шығарылған кейіпкерге бауыр басуды ауруға балауға болмайды. Маманның көмегі виртуалды махаббат шынайы сезімнің орнын басып, адам өзін тежей алмай, өмірден алшақтай бастағанда ғана керек болады. Дегенмен мынаны шатастырмау керек: ішкі опасыздық екі адамның арасындағы сенім мен шекараға қатысты болса, психологиялық күйзеліс адамның өз ішкі қиындықтарынан туады», – дейді спикер.
Мұндағы «ішкі опасыздық» – медициналық немесе психологиялық диагноз емес, маманның қарым-қатынастағы эмоционалдық шекараны сипаттау үшін қолданған ұғымы.
Қысқасы, ойын кейіпкерін ұнатудың өзі зиян емес. Қауіп сол виртуалды әлем адамның шын өмірі мен айналасындағы қарым-қатынасын жұтып қоя бастағанда басталады.
Бұл туралы жұп болып қалай сөйлескен жөн?
Егер ойындағы махаббат серігіңіздің жанына батса, психолог бірін-бірі кінәламай, мұны бір-біріңізді жақынырақ танудың мүмкіндігіне айналдыруға кеңес береді.

«Сүйіктіңіздің көңіліне тиген жайтты “ой, ойын ғой” деп жылы жауып қоймаңыз. Одан да оны виртуалды махаббатта не қызықтыратынын ұғуға тырысыңыз: назар ма, жылулық па, романтика ма, қамқорлық па, әлде мінсіз қарым-қатынас па? Адамға не жетіспей жүр, ішінде қандай айтылмаған тілегі бар, серігінен не күтеді? Мүмкін, виртуалды әуестіктің астарында адамның бетпе-бет айтуға қысылатын жан қалауы жатқан шығар. Мұндайда асығыс тон пішпей, серігіңізге ішіндегісін ашық айтуға мүмкіндік берген дұрыс», – деп қосты психолог.
Ойынға тыйым салу мәселені шешпейді, ең бастысы – ашық сөйлесу, дейді психолог. Маманның айтуынша, осындай сырласудан кейін жұптар өз сезімдерін тереңірек түсініп, бір-біріне не керек екенін ұғады. Бұрын айтуға бата алмаған ойларын ортаға салып, арақатынастарына жаңаша қарай бастайды. Түптеп келгенде, бұл жағдай оларды суытпай, қайта жақындата түседі екен.
Сонымен, қызғану керек пе, жоқ па?
Сауалнамаларға сенсек, жұрттың көбі ойындағы махаббатты опасыздыққа баламайды. Десе де, бұл жағдай өз араларыңызда реніш тудырса, оған бейжай қарауға болмайды. Лусияға қатысты дау – шын өмірде не жетіспей жүргенін ашық сөйлесуге таптырмас себеп. Бәлкім, сізге жай ғана жылы сөз, екеуара кештер мен сүйіктіңізге ойыннан да маңыздырақ екеніңізді сезіну керек шығар.
Не болмаса, бас қатырмай, ойынды екеулеп бірге ойнап кетуге де болады.




