Ойын-сауықКиноӨрт сөндіруші, мәйітхана гримері және банан-промоутер: Голливуд жұлдыздары бұрын кім болып жұмыс істеген?

Өрт сөндіруші, мәйітхана гримері және банан-промоутер: Голливуд жұлдыздары бұрын кім болып жұмыс істеген?

4 қыркүйек 2026
5 мин
Фото: Tamga Media | Коллаж

Жұлдыздарға қарап, «бұлардың өмірі керемет, ал менікі сол баяғы күйбең тіршілік, қарапайым жұмыс, орташа табыс» деп ойлауыңыз мүмкін. Шыны келгенде, олар да кезінде дәл сіз сияқты, тіпті бұдан да қиын жағдайда өмір сүрген. Кейбірінің көрген қиындығын естігенде, қарапайым жұмыстың өзі жақсы дерсіз. Tamga Media аты аңызға айналған 10 жұлдыздың танымал болмай тұрғанда қандай жұмыс істегенін зерттеп көрді.


Вупи Голдберг – жерлеу бюросындағы мәйітхана гримері


«Оскар», «Грэмми», «Эмми» мен «Тони» сияқты ең беделді жүлделердің иегері атанған Вупи Голдберг сұлулық мектебін бітірген соң, 1970 жылы газет хабарландыруы арқылы жерлеу бюросына жұмысқа орналасады. Мұндағы міндеті – өліліердің шашын сәндеп, бетін әрлеу.

Жұмысқа тұрған алғашқы күндері қызық жағдай болады. Бастығы Вупиді мәйіттер сақталатын бөлмеге шақырады да, өзі шығып кетеді. Актриса оны күтіп тұрғанда, тоңазытқыш жәшіктердің бірі сықырлап ашылып, ішінен әлгі бастығы шыға келеді. Зәресі қалмаған Голдберг қашамын деп ауыр есікке соғылып, есінен танып қалады. Есін жиған соң бастығы мұны әдейі істегенін айтады. «Ең үлкен қорқынышың артта қалса, әрі қарай жұмыс істеу оңай болады» деп түсіндіреді. Вупидің айтуынша, бұл әдіс шынымен көмектескен.


Арада бірнеше жыл өткенде, 1985 жылы шыққан «Алқызыл түс» фильмі оның бағын ашады. Қазір Вупи Голдберг – «Елес» («Привидение»), «Монах әйел» («Сестра Акт») және «Алқызыл түс» («Цвет пурпурный») фильмдері арқылы танымал Америка актрисасы, комедиант әрі тележүргізуші. Сондай-ақ ол 2007 жылдан бері АҚШ-тағы белгілі The View шоуын жүргізеді.


Стив Бушеми – төрт жыл өрт сөндіруші болып жұмыс істеген


«Құтырған төбеттер» («Бешеные псы»), «Фарго» және «Жер асты империясы» («Подпольная империя») сияқты фильмдерде ойнағанға дейін Стив Бушеми Нью-Йоркте өрт сөндіруші болып жұмыс істеген. 1980 жылы ол Манхэттеннің «Кіші Италия» ауданындағы Engine Company 55 өрт сөндіру бөліміне жұмысқа тұрып, онда төрт жыл еңбек етеді.Стив өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеп жүріп, актерлік сабақтарға қатысады. Күндіз кезекшілікте болса, бос уақытында театр мен түсірілімге жүгірді. Актерлік түсірілімдер кішігірім рөлдерден басталды. Мансабы өрге домалағанда 1984 жылы өрт сөндіру қызметінен кетеді.

Атағы шықса да, ол алғашқы мамандығын ұмытпады. Оның айқын дәлелі  2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактіден соң Стив бұрынғы бөлімшесіне қайта оралып, бірнеше күн бойы әріптестерімен иық тіресе жүріп, үйінділерді тазалап, жоғалған адамдарды іздеуге көмектесті.


Ченнинг Татум – стриптиз-клубта билеген


Қазір Ченнинг Татум – Голливудтың танымал актері. 19 жасында колледжді тастап, футболдан кеткен соң, ол Флоридадағы стриптиз-клубқа биші болып жұмысқа тұрады. Татум онда алты айдай жүрген. Сол кезде ол әпкесінің үйінде түнеп жүрген сәттерін жасырмайды.

Кейін осы басынан өткен жағдай «Супер Майк» («Magic Mike») фильміне арқау болды. Бірақ Татумның айтуынша, бұл фильмді өмірбаян деуге келмейді. Сценаристер оның өмірінің тек кейбір сәтін алып, мүлде бөлек кейіпкер жасап шығарған. Есесіне, сол кезде жинаған тәжірибесі кейін кинода кәдесіне жарады.


Джонатан Дэвис – Korn тобының вокалисі мәйітханада жұмыс істеген


Korn тобының вокалисі Джонатан Дэвис те, Вупи Голдберг сияқты кезінде қайтыс болған адамдарды соңғы сапарға дайындаумен айналысқан. Жас кезінде ол мәйіттерге бальзам жағып, өлім себебін анықтайтын маманның (коронердің) жанында жұмыс істейді. Мектепте жүргенде-ақ бұл салаға қызығып, мәйіттерге сараптама жасау процестерін бақылайтын. Кейін колледжге түсіп, жерлеу ісін (mortuary science) оқиды. Өзінің айтуынша, басында жұртты таңғалдыру үшін барғанымен, кейін мамандыққа қызығушылығы оянған.

Бұл жұмыс болашақ музыкантқа да, оның өлімге деген көзқарасына да қатты әсер етеді. Дэвис апатқа ұшыраған көліктерден мәйітті шығарып алуға, өлім себептерін анықтауға да қатысқан. Бұл тәжірибесі кейін Korn тобының шығармашылығынан да көрініс тапты. Мысалы, Dead Bodies Everywhere әні оның осы ауыр жұмысынан қалған естеліктер мен ата-анасымен арадағы келіспеушіліктен туған. Ата-анасы оның осы салада қала бергенін қалапты.


Соған қарамастан ол музыка мен сахнаны таңдады. Korn тобы 1993 жылы құрылып, арада бірнеше жыл өткенде ню-метал бағытындағы танымал топтың біріне айналды.


Меган Фокс – банан костюмін киіп ақша тапқан


Меган Фокс
– Америка актрисасы, модель әрі 2000 жылдардағы Голливудтың ең танымал жұлдыздарының бірі. Ол еңбекке өте ерте араласқан. 15 жасында Флоридадағы Tropical Smoothie кафесіне жұмысқа орналасады. Ол кафе қызметкеріндей кассада тұрады, тапсырыс қабылдайды, қонақтарға қызмет көрсетеді. Бірақ аптасына бір рет банан костюмін киіп, жол бойына шығып, қолына жарнама тақтайшасын ұстап, өтіп бара жатқан көліктердің назарын аудару қажет.

Банан костюмін кигенде бет-әлпеті анық көрініп тұратын. Содан да бұрынғы сыныптастары оны бірден танып, жанынан әдейі өтіп бара жатып, жағымсыз сөздер айтатын болған. Арада бірнеше жыл өткенде Фокс алғашқы рөлдерін сомдап, 2007 жылы «Трансформерлерге» түскен соң әлемге танымал болды.


Крис Хемсворт – сүт сауғыш аппараттарды тазалаған


Крис Хемсворттың алғашқы жұмысы осы топтамадағы ең оғаш, мүмкін қызық жұмыстардың бірі. Ол жас кезінде тұрмыстық техниканы, соның ішінде сүт сауғыш аппараттарды жалға беретін компанияда жұмыс істейді. Болашақ Marvel фильмдерінде Тордың рөлін ойнаған актердың (Крис Хемсворт) міндеті адамдар пайдаланып, әкеліп тастаған аппараттарды жуып-тазалап, жөндеу еді.

Хемсворт үшін бұл жұмысты тек ақша керек болған соң ғана жүрді. Зерікпес үшін жұмыста ол музыка тыңдап, өзіне әндер жинап жүретін. Кейін ол Австралияда кино саласына қадам басып, артынан АҚШ-қа көшеді. 2011 жылы алғаш рет Тордың рөлін ойнаған сәттен бастап оның мансабы шарықтай түсті. Қазір миллиондаған ақша табатын актер үшін бірінші жұмысы «Кек алушылар» фильміндегі қызық ақпараттың бірі болып қалды. 


Оскар Айзек – ауруханада науқастар мен мәйіттерді тасыған


Актер Оскар Айзектің де киноға келгенге дейінгі жұмысы ерекше болған. Әкесі ауруханада істейтіндіктен, Айзек сонда санитар болып жұмысқа орналасады. Міндеті – науқастарды рентгенге апару, қайтыс болғандарды моргқа жеткізу. Актердің сөзінше, жас кезіндегі ең ұзақ істеген жұмысы екен. Тіпті алғашқы күні-ақ қаза болғандардың денесін тасыған.

Кейін Оскар Джульярд өнер мектебіне түсерде комиссия одан актер мамандығына көмектесетін өмірлік тәжірибесі туралы сұрайды. Ол ауруханадағы жұмысын айтады. Өйткені мұнда адамның туғанынан бастап, ауруы мен өліміне дейінгі түрлі күйін өз көзімен көрген еді. Бұл оның адам тануына үлкен әсер етеді. Джульярдқа дейін Айзек музыкалық топта өнер көрсетіп, достарымен фильмдер түсіріп, кастингтерге қатысып жүрген.


Кристофер Уокен – арыстан үйретуші


Кристофер Уокен 16 жасында циркке арыстан үйретушінің көмекшісі болып жұмысқа тұрады. Ол мұнда бары-жоғы бір жаз істесе де, естелігі көп еді. Цирктің басты жұлдызы – Шиба есімді кәрі арыстанға қараған. Әртіс арыстан өнерін аяқтаған соң, Уокен торға кіріп, оған бірнеше қарапайым әдісті үйрететін.


Сұхбаттарында бұл жұмысы туралы қысылмай, қайта бір мақтанышпен айтады. Сөзінше, Шиба өте жуас, мінезі бейнебір үй иті сияқты болған: Уокен қамшысын сілкіп қалса болды, айтқан нұсқауды бұлжытпай орындай беретін.

Сол жылдары ол өзін тек киномен шектегісі келмеді. Бала кезінен теледидарға шығып, ән айтып, би билеп жүрген Уокен кино әлеміне кейіннен келеді. Дегенмен «Оскар» иегерінің жас кезінде арыстан баптағаны расымен де қызық.


Дженнифер Хадсон – Burger King-те ән айтқан


Дженнифер Хадсон «Оскар» мен «Грэмми» жүлдегері Burger King-те жұмыс істегенін білесіз бе? Ол көлікпен келетін қонақтардың тапсырысын кішкентей терезеден қабылдайтын. Дженнифер келушілерге жай амандаспай, микрофонға әндетіп амандасатын, кейде тіпті астың атын әнге қосып та айтатын. Ол үшін жұмысындағы сол бір микрофон кішкентай сахна сияқты болған.

Оның осы әдеті жолын ашуға сеп болады. Ресторан менеджері бос уақытында кештер ұйымдастыратындықтан, Дженнифердің дауысын естіп, оны клубтарда өнер көрсетуге шақырады. Көп ұзамай Дженнифер клубтағы бір-ақ кеште Burger King-те екі аптада табатын табысынан да көп табады. Содан соң жұмыстан шығып, бар уақытын музыкаға арнайды.


Кейін ол Disney лайнерінде ән айтып, “American Idol” шоуына қатысты. Ал “Dreamgirls” фильміндегі Эффи Уайттың рөлі үшін  «Оскар» алды.


Харрисон Форд – ағаш шебері


Харрисон Форд Индиана Джонс пен Хан Соло рөлдерін сомдамас бұрын киноға ұзақ уақыт араласа алмай жүрді. Оған қоса бұл жұмыстан табатын ақшасы отбасын асырауға жетпеген соң, ол ағаш өңдеуді өзі бетімен меңгеріп алады. Осылай Лос-Анджелесте тапсырыс қабылдап, нәпақа табады. Осы кәсіпті қолған алған соң ақша үшін кішігірім рөлдерге де келісе бермейтін болды.

Тапсырыс берушілердің арасында кино саласының өкілдері де бар еді. Бірде ол режиссер Фрэнсис Форд Копполаның офисінде істеп жатқанда, режиссер Джордж Лукас жаңа фильмге актерлер іріктеп жатады. Фордтан байқауға келгендермен диалогты бірге оқуды сұрайды. Ол мұны іріктеу деп ойламай, рөлді орындап береді. Бірақ Лукас осы ағаш шеберінің бойынан «Жұлдызды соғыстардағы» Хан Солоның бейнесін көреді. Арада бірнеше жыл өткенде Форд Индиана Джонсты да ойнап, өз заманының ең жарық жұлдызына айналды.


Вупи Голдберг, Оскар Айзек, Джонатан Дэвис те кезінде қарапайым әрі ауыр жұмыстар істеген. Соған қарамастан олар армандарына сенгеннің арқасында білім алып, ізденіп, өздерін дамыта берген.

Бөлісу: