Медиа●Қоғам●Green Card 2027: тіркеу қашан басталады және қандай өзгерістер бар?

Green Card 2027: тіркеу қашан басталады және қандай өзгерістер бар?

23 қараша 2026
6 мин
«Москва на Гудзоне» фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Қарашада басталуы тиіс Green Card ұтысы сол күйі ашылған жоқ. АҚШ апелляциялық соты тіркеуді 1 қарашаға дейін бастауды тапсырған бұрынғы шешімді уақытша тоқтатып қойды. Дегенмен бағдарлама жабылған жоқ, сотқа жаңа шағымдар түсіп жатыр. Ал ұтыстың қай күні басталары әлі белгісіз. Алдыңғы ұтыста 2 723 қазақстандықтың жолы болған еді. Олар визаға өтініш беруге жолдама алды. Tamga Media Green Card 2027 ұтысы бойынша жаңалықтарды жинап, оған қалай тапсыруға болатынын айтып берді. 


Қазір не болып жатыр?


DV-2027 бағдарламасына тіркелу әлі басталған жоқ, ал АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті өтінім қабылдау қай күні ашылатынын айтпай отыр. Тіркеуді 1 қарашаға дейін бастауды тапсырған сот шешімін 29 қазанда Апелляциялық сот тоқтата тұрды.


Ұтыстың ресми атауы – Әртүрлі ұлт өкілдеріне арналған иммиграциялық виза бағдарламасы (DV). Әдетте өтінімдер қазанның басынан қарашаның басына дейін жиналатын. Мәселен, DV-2026 бойынша тіркеу 2024 жылдың 2 қазаны мен 7 қарашасы аралығында жүргізілді. 2025 жылдың қарашасында Мемдепартамент тәртіптің өзгеруіне байланысты DV-2027 тіркеуін шегеріп, содан бері оны қайта ашқан жоқ.


Соңғы апталардағы оқиғалар желісі


Бағдарлама түбегейлі жойылған жоқ: заң жүзінде жылына 55 мың виза бөлу қарастырылған. Бірақ кезекті ұтыс қашан өтетіні әлі белгісіз. Алғашқы іс бойынша апелляциялық процесс жалғасып жатыр, ал жаңа шағым түсіруші шұғыл шаралар қолдану туралы өтініш дайындап отыр. Тіркеуге қатысты жаңалықтарды тек dvprogram.state.gov және travel.state.gov ресми сайттарынан тексерген жөн.


Сөз әлі тіркеуі ашылмаған DV-2027 ұтысы жайында болып отыр. Сотқа түскен жаңа шағымда арызданушы бірден екі бағдарламаны – DV-2027 мен DV-2028 ұтыстарын қатар ашуды талап еткен. Бағдарлама атауындағы сан виза берілетін қаржы жылын білдіреді. Маселен, DV-2027 визалары 2026 жылдың 1 қазаны мен 2027 жылдың 30 қыркүйегі аралығында үлестірілуі тиіс. АҚШ-тың Мемдепартаменті ережесі бойынша, 30 қыркүйекке дейін виза алып үлгермесеңіз, ұтысыңыз күйіп кетеді. Сондықтан тіркеу неғұрлым кешіккен сайын, жеңімпаздарға құжат рәсімдеуге уақыт соғұрлым аз қалады.


Жеңіске жету – грин-картаны қолға алдым деген сөз емес


Ұтыста жолыңыз болуы виза алуға жасалған алғашқы қадам ғана. Негізгі процесс мынадай кезеңдерден тұрады:

  1. Ұтыс жауабы. Өтінімдерді компьютер кездейсоқ таңдайды. Барлығы 55 мың виза берілетініне қарамастан, таңдалатын адам саны әлдеқайда көп болады (мәселен, DV-2026 кезеңінде 125 мыңға жуық өтінім таңдалған).

  2. Виза рәсімдеу. Жеңімпаз DS-260 сауалнамасын толтырады, құжат жинап, медициналық тексерістен өтеді және консулмен сұхбаттасады. Консул кез келген өтінішті кері қайтара алады.

  3. АҚШ-қа аяқ басу. Америкаға келген бойдатұрақты тұруға рұқсат ресми түрде бекітіледі.

  4. Грин-карта алу. Пластикалық картаның өзі елге келгеннен кейін пошта арқылы мекенжайыңызға жіберіледі.

Егер ұтыстан өтсеңіз, визаны 2027 жылдың 30 қыркүйегіне дейін алып үлгеру шарт. Егер уақыт өткізіп алсаңыз немесе бөлінген виза квотасы таусылып қалса, ұтыс күйіп кетеді. Ал оны келесі жылға ауыстыру мүмкін емес.


Грин-картаның мүмкіндіктері:

  • АҚШ-та мерзімсіз тұру құқығы;

  • Кез келген жұмыс берушіде еңбек ету немесе жеке бизнес ашу;

  • 5 жылдан кейін азаматтыққа өтінім беру мүмкіндігі;

  • Жұбайы мен 21 жасқа дейінгі балаларын өзімен бірге көшіріп алу.

Кімдер қатыса алады?


Өтінім беру кезеңінде үміткерге қойылатын басты екі-ақ талап бар (ағылшын тілін білу немесе есепшотта ақша болуы шарт емес):

  • Туған жері. Мұнда азаматтығыңыз емес, туған еліңіз басты орында. Егер сіз туған мемлекет бұл бағдарламаға қатыспаса, жұбайыңыздың туған елі арқылы бақ сынауға болады. АҚШ-тың Мемдепартаменті әр ұтыс алдында қатысатын елдер тізімін арнайы жариялайды.

  • Білімі не жұмыс өтілі. Толық орта білім (12 жылдық оқу) немесе соңғы бес жыл ішінде кемінде екі жылдық арнайы дайындықты талап ететін салада екі жылдық еңбек өтілі болуы керек. Бұл талап тіркелген сәтте емес, консулдықтағы сұхбаттасу кезінде тексеріледі.

Ережедегі негізгі өзгерістер

  • Шетелдік төлқұжат болуы шарт. Бұл талап 2026 жылдың 10 сәуірінен бастап енгізілді. Өтінімге төлқұжаттың нөмірін, берілген елі мен жарамдылық мерзімін жазып, суреті мен қолы бар бетінің сканын жүктеу керек. АҚШ-тың Мемдепартаменті бұл қадамды алаяқтықпен күресу үшін жасап отыр: мәселен, DV-2025 ұтысында 2,5 миллионнан астам жалған әрі қайталанған өтінім анықталған.

  • Тіркелу ақылы болды. Өтінім жібергенде басты үміткер 1 доллар төлейді (бұрын ұтысқа қатысу тегін болатын).

  • Виза берудегі кідірістер. 2025 жылдың желтоқсанында АҚШ-тың Мемдепартаменті DV визаларын беруді тоқтатса, 2026 жылдың қаңтарынан бастап 75 елдің, соның ішінде Қазақстан азаматтарына да иммиграциялық виза беруді уақытша шектеді. 2026 жылдың тамызында сот бұл шешімдердің күшін жойғанымен, АҚШ үкіметі апелляциялық шағым түсіріп жатыр.

  • Қаржылық жағдайға қойылатын талап қатаңдады. Тамыздың аяғынан бастап консулдарға жаңа ережелер үйретіліп жатқандықтан, елшіліктер сұхбаттасу уақытын кейінге шегеріп жатыр. Енді үміткер АҚШ-та өзін-өзі қаржылай қамтамасыз ете алатынын шынайы дәлелдеуі тиіс.


Ұтысқа қалай қатысуға болады?

  1. Тіркеудің ашылуын күтіңіз. Өтінімдер тек dvprogram.state.gov ресми порталында қабылданады, басқа сайт жоқ.

  2. Төлқұжаттың мерзімін тексеріңіз. Егер мерзімі өтіп кетсе, жаңасын жасатып алыңыз. Себебі 30 күндік тіркеу уақытында үлгермей қалуыңыз мүмкін.

  3. Талапқа сай суретке түсіңіз. Сурет түрлі-түсті, соңғы 6 айда түсірілген, ақ фонда, көзілдіріксіз және JPEG форматында (600×600 пиксель) болуы тиіс. Сурет отбасының әрбір мүшесіне жеке қажет.

  4. DS-5501 сауалнамасын төлқұжаттағыдай дәл толтырыңыз. Жұбайыңызды және 21 жасқа толмаған бойдақ балаларыңыздың барлығын (бірге көшпейтін болса да) түгел жазыңыз. Отбасы мүшесін көрсетпей кету – виза берілмеуіне басты себеп болады.

  5. Төлқұжат сканын жүктеңіз. 1 доллар тіркеу ақысын төлеп, берілген растау нөмірін (Confirmation Number) бірнеше жерге сенімді етіп сақтап қойыңыз.

  6. Нәтижені өзіңіз тексеріңіз. Жауабын Entrant Status Check бөлімінен қарау керек. АҚШ-тың Мемдепартаменті ұтып алғандарға хат жібермейді және қоңырау шалмайды.

Бір адамнан тек бір ғана өтінім қабылданады. Егер екі рет жіберсеңіз, өтінімдеріңіз түгел жойылады. Ал ерлі-зайыптылар бөлек-бөлек өтінім бере алады: біреуінікі ұтса, екіншісі де бірге виза алады.


Ұтып алған жағдайда не істеу керек?


Жеңімпаздар DS-260 сауалнамасын толтырып, ай сайын шығатын Visa Bulletin бюллетенінде өз іс нөмірінің (Case Number) кезегі жеткенін күтеді. Кезек келгенде консулдықтан сұхбаттасуға шақыру түседі.


Қазақстандықтар үшін қадамдар тәртібі:

  • Сұхбаттасу орны: Кездесу АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығында өтеді. Астана және өзге өңір тұрғындары да Алматыға баруы тиіс.

  • Медициналық тексеріс: Тек консулдық арнайы бекіткен Алматыдағы клиникаларда өтеді. Тексеріске сұхбаттасу күніне кемінде бір апта қалғанда жазылу қажет.

  • Сотталмағаны туралы анықтама: Құжатты eGov, eGov Mobile немесе ХҚКО арқылы сұратуға болады. Елден кетуге арналған бұл анықтама 5 жұмыс күні ішінде дайын болады.

  • Құжаттарды аудару: Қазақ не орыс тіліндегі құжаттардың (куәліктер, аттестат, диплом, еңбек кітапшасы) барлығы ағылшын тіліне аударылуы шарт.

Шығындар

Бұл алымдар виза берілмей қалған жағдайда да қайтарылмайды.


Қос азаматтыққа қатысты маңызды мәселе


Грин-карта – шетелде тұрақты тұруға берілетін рұқсат қана, сондықтан ол Қазақстан азаматтығынан айыруға негіз болмайды. Басты мәселе – арада бес жыл өтіп, АҚШ азаматтығын алуға шешім қабылдаған кезде туындайды.


Қазақстан Конституциясына сәйкес, елде қос азаматтыққа қатаң тыйым салынған. Өзге мемлекеттің паспортын алған адам 30 күн ішінде бұл туралы Қазақстанның консулдығына немесе ішкі істер органдарына хабарлауы тиіс. Бұл талапты орындамаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 496-бабы бойынша 200 АЕК көлемінде (2026 жылы 865 000 теңге) айыппұл салынады немесе ел аумағынан шығарылады. 


Қауіп-қатерлер мен алаяқтардан сақтану жолдары

  • Делдал агенттіктерге ақша бермеңіз: Өтінімді 1 доллар төлеп, өзіңіз-ақ тапсыра аласыз. Тіркелгенде берілетін растау нөмірін иемденіп алып, кейін ұтып алғанда ақша бопсалайтын ортамшылардан сақ болыңыз.

  • «Ұтып алдыңыз» деген хабарламаларға сенбеңіз: Ұтыс нәтижесі тек dvprogram.state.gov ресми сайтында жарияланады. АҚШ-тың Мемдепартаменті ешқашан жеке хат немесе хабарлама жібермейді.

  • Жеке азаматтардың картасына немесе криптоәмиянға ақша аудармаңыз: Ресми алымдар тек консулдықтың өзінде немесе мемлекеттік бекітілген төлем жүйесінде гана төленеді.

  • Тіркеу жабық кезде өтінім тапсыру мүмкін емес: Тіркеу басталмай тұрып «өтініш қабылдаймыз» деген ұсыныстардың барлығы – алаяқтық.

Саяси жағдайға қатысты қауіп те жоқ емес. Заң бойынша жылына 55 мың виза бөлгенімен, АҚШ билігі бұл бағдарламаны жауып тастауға тырысып бағуда. Апелляциялық шағымдардан соң сот шешімі өзгеруі де ғажап емес. Соған байланысты өтінім тапсырғанға дейін де, тапсырғаннан кейін де travel.state.gov сайтындағы ресми ақпаратты тұрақты қадағалап отырған абзал.

Бөлісу: