Қала қабырғасындағы граффитиді көргенде әркімнің пікірі әртүрлі: бірі мұны өнер десе, бірі қабырғаны бүлдіру деп қабылдайды.
Соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстанда көше өнерінің бірнеше буыны қалыптасты. Түрлі фестивальдер өтіп, граффити салатын арнайы қабырғалар мен ауқымды муралдар пайда болды. Алайда алдағы уақытта андеграунд өнеріне қойылатын талаптар күшеюі мүмкін: Мемлекет басшысы граффитиге қатысты қосымша шаралар әзірлеуді тапсырды. Tamga Media Қазақстанда ненің өзгеретінін және көше суретшілерінің бұған көзқарасы қандай екенін анықтап көрді.
Граффитиге қатысты не өзгеріп жатыр?
19 қыркүйекте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орындардағы вандализмге қарсы шараларды күшейтуді тапсырды. Арада екі күн өткен соң Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Ішкі істер министрлігі қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарға жазу және сурет салуға тыйым салып, бұл талапты бұзғандарға әкімшілік жауапкершілікке тартуды ұсынды. Премьер-министр де қоғамдық орындарға зиян келтіретін граффитидің барлық түріне толық тыйым салуға бағытталған заңнамалық өзгерістер әзірлеуді тапсырды.
Әзірге болашақ түзетулердің нақты мәтіні, айыппұл мөлшері және алдын ала келісілген көркем жұмыстарға қатысты ережелер жарияланған жоқ.
Бұл мәселенің көтерілуіне соңғы кездері жиілеп кеткен вандализм оқиғалары да түрткі болды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, табиғи нысандар мен мәдени мұра ескерткіштерін бүлдіру деректері бойынша 11 қылмыстық іс тіркеліп, тергеліп жатыр. Сонымен қатар, еріктілердің көмегімен есірткі сататын арналарды жарнамалайтын шамамен 80 мыңға жуық «нарко-граффити» өшірілді.
Осы тұста өте маңызды бір шекараны анық ажыратып алу қажет. мұның бәрін шынайы граффити мәдениетімен бір қазан түбіне салуға болмайды. Сырттай қарағанда бәрі бірдей көрінгенімен, стрит-арт, вандализм және нарко-граффити – әртүрлі бағыттағы дүниелер. Оларды байланыстыратын жалғыз нәрсе, екеуі де заң бұзған жағдайда Қылмыстық немесе Әкімшілік кодекс алдында бірдей жауап береді.

Граффити деген не?
Граффити мәдениеті АҚШ-та, атап айтқанда Нью-Йорк пен Филадельфия қалаларында 1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың басында пайда болып, қалыптасты. Оның өз тілі, ерекше эстетикасы мен қатаң ішкі ережелері бар тұтас бір субмәдениет.
Граффити райтерлерінің өз тілі мен терминдері бар. Мысалы, tag – «тег» – суретшінің қолтаңбасы немесе лақап аты. Throw-up, яғни «флоп» – тез әрі қарапайым орындалатын жазу түрі. Ал piece, яғни «бөлік» – толыққанды, күрделі граффити жұмысы.
Стрит-арт – бұдан да кең ұғым. Оған қала кеңістігіндегі суреттер, трафареттер, кейіпкерлер, инсталляциялар және басқа да көркем жұмыстар жатады. Қазіргі ең танымал стрит-арт суретшілерінің бірі - Banksy.
Ал мурал - қабырғаға немесе ғимараттың қасбетіне салынатын ірі көлемді туынды. Ол кәдімгі граффитиге қарағанда әлдеқайда ауқымды болады және көбіне қала билігімен келісілген немесе коммерциялық жобалар аясында жасалады.
Соңғыларын «заңды түрде жұмыс істейтін суретшілер» деуге болады. Ал арнайы рұқсатсыз немесе тапсырыссыз сурет салатындар «заңсыз» граффити авторлары саналады. Алайда бұл олардың бәрін бірдей вандал деуге негіз емес.
Граффити суретшілері көбіне ескірген, қараусыз қалған қабырғалар мен бос кеңістіктерді таңдайды. Олар өз туындылары арқылы сұрқай жерлерге жан бітіріп, қала кеңістігін көріктірек әрі тартымды етуге тырысады.
Көше өнерінің де өз жазылмаған заңдары бар. Мысалы, басқа суретшінің туындысын, әсіресе сапалы жасалған жұмысты әдейі үстінен басқа сурет салып тастау бұл ортада құпталмайды. Жаңадан салынған немесе күтімі жақсы үйлердің қасбеттеріне, тарихи орындарға рұқсатсыз сурет салу да осындай әділетсіздікке жатады. Қызығы, граффити қауымдастығының өз ішінде мұндай әрекеттердің өзі «вандализм» болып есептеледі.

Өкінішке қарай, бүгінде жас райтерлердің арасында бұл қағидаларды ұстанбайтындар да кездеседі. Бұрын мұндай әрекетке граффити қауымдастығының өзі жауап беретін. Ең жеңіл жағдайда авторды салғанын өшіруге немесе қайта бояуға мәжбүрлейтін, ал кейде мәселе күш қолдануға дейін жететін.
Граффити Алматыға қалай келді?
Алматыда граффити мәдениеті 1990-жылдардың соңы мен 2000-жылдары хип-хоп қозғалысының, жастар субмәдениеті мен жаһандық көше өнерінің ықпалымен тамыр жая бастады. Уақыт өте келе бұл бағыт дамып, қаламыз ауқымды заңды стрит-арт жобалары жүзеге асатын ірі алаңға айналды.
Оның ең жарқын мысалдарының бірі – MURAL FEST фестивалі. Мысалы, 2018 жылы бұл ауқымды шараға Қазақстан, Ресей, Украина, Сербия, Малайзия және Ұлыбританиядан мықты суретшілер қатысты. Нәтижесінде Алматының әр ауданында сегіз бірдей ірі туынды пайда болды. Фестиваль бірнеше жыл бойы тұрақты түрде өткізіліп, сол уақытқа дейін қала қабырғаларында 30-ға жуық мурал салынды. Ал 2019 жылы фестивальдің қонағы ретінде әлемге әйгілі нидерландтық суретші Telmo Pieper де келді.
Көше өнерінің шаһар келбетіне терең сіңісіп кеткенін көрсететін тағы бір ерекше туынды – Оспанов көшесіндегі Терренкур бойындағы қабырға. Бұл бірегей жобаның ұзындығы 420 метрді құраса, оны бояуға 80-ге жуық суретші жұмыла қатысты.

Алматы бұл жағынан әлі де алуан сипатымен ерекшеленетін мегаполис болып қала береді. Бір жағынан коммуналдық қызметтер күні бойы заңсыз граффитилерді өшіретін болса, екінші жағынан қала билігімен келісілген шетелдік деңгейдегі еңселі муралдар қатар жүр.
«Мен сурет салуды 2011 жылы бастадым»
Граффити мәдениетіндегі өзгерістер туралы біз алматылық граффити суретшісі MADE-пен сөйлестік. Ол рұқсатсыз райтингпен айналысатындықтан, шын есімін атамауды өтінді.
Ол граффитимен алғаш 2011 жылы танысқан. Сол кезде өзінен үлкендердің қабырғаға сурет салып жатқанын көріп, өзі де осы өнерге қызыға бастаған. Ал 2015 жылдан бастап граффитимен шындап айналысқан.
Осы өнер саласындағы 11 жылда оның қолынан қанша жұмыс шыққанын суретшінің өзі де нақты айта алмайды. Олардың арасында толық аяқталған композициялар да, шағын эскиздер де, тіпті аяқталмай қалған жұмыстар да бар. Кейде «кенепте», яғни қабырғада салып жатып, бітірмей тастап кеткен кездер болған.

Осы жылдар ішінде ол граффитиге деген көзқарастың да өзгергенін байқаған. Көптеген суретші кейін кәсіби тапсырыстарға, қабырға безендіруге және басқа да заңды жобаларға ауысқан. Дегенмен, оның айтуынша, танымалдық толқыны басылған күннің өзінде граффити қауымдастығы әлі де үлкен әрі қызықты болып қала береді.
«Мен көбіне келісілмеген жерлерде сурет салдым. Адамдардың күтпеген жерден қызықты әрі толық аяқталған композицияны көргендегі реакциясы ұнайды», – дейді суретші.
MADE жаңа шектеулер туралы не ойлайды?
Оның пікірінше, қабылданғалы жатқан жаңа ережелер граффитидің түпкілікті дамуына айтарлықтай кері әсер етуі мүмкін. Бұл тек заңсыз райтингке ғана емес, тұтас граффити мәдениетіне қатысты мәселе. Суретшінің айтуынша, қазірдің өзінде бұл салада мүмкіндіктер өте шектеулі.
«Алдағы өзгерістер граффитидің жеке мәдени бағыт ретінде өркендеуіне балта шапқандай болуы ықтимал. Негізі, бізде халықаралық аренада да бағы жанған талантты суретшілер аз емес. Алайда қазірдің өзінде граффити-баттлдар сирек өтеді, себебі демеуші табу қиын. Ал жаңа шектеулер онсыз да тар алаңды одан әрі кішірейтіп жібереді», – дейді ол.
Дегенмен, өнерпаз бұл өзгерістер өзінің жеке шығармашылығына қатты соққы болады деп күтпейді. Өйткені ол осы уақытқа дейін де заңсыз сурет салып келген.

«Бұл маған қатты әсер етеді деп ойламаймын. Ұстап алса, не айыппұл төлеймін, не қамауға алуы мүмкін. Бірақ енді ешкімге кедергі келтірмей, тек өзім үшін сурет салатын оңаша жерлерді көбірек іздеуге тырысамын», – дейді MADE.
Оның пайымынша, заңның қатаң қаруы вандализмге емес, көбіне қала билігімен келісіп жұмыс істейтін, қабырға безендіру арқылы күн көретін ресми суретшілерге көбірек әсерін тигізбек. Себебі астыртын граффити әлемі ешқашан жүйеге бағынған емес.
Мәселен, заңсыз граффитидің көз алдымыздағы айқын мысалы ретінде Есентай өзенінің жағалауындағы (бұрынғы Весновка бойы, Құрманғазы мен Жамбыл көшелерінің аралығы) жұмыстарға көз салсақ. Кезінде бұл аймақ түрлі-түсті, өте сапалы туындыларға толы болатын. Олар сұр қабырғаларды жандандырып, тәуелсіз көше мәдениетіне тән ерекше атмосфера қалыптастырған еді.
Граффити-туризм
MADE-нің пікірінше, граффити мәдениетіне шектеу күшейсе, Алматының келбеті айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Оның айтуынша, қала әлдеқашан халықаралық көше суретшілері қауымдастығының бір бөлігіне айналған, ал мұндағы жұмыстар жергілікті тұрғындарға ғана емес, шетелден келген қонақтарға да қызық.
Тіпті «граффити-туризм» деген ұғым бар. Мұнда райтерлер әртүрлі қалаларға барып, сол жердегі граффити мәдениетімен танысады, жергілікті суретшілермен араласады немесе өз жұмысын қалдырып кетеді.
«Мен әртүрлі елдерге жиі барамын, шамамен жылына екі рет. Барған жерімде жергілікті граффити жұмыстарына міндетті түрде назар аударамын. Әсіресе қазақстандық жігіттердің қолтаңбасын танып, олардың да сол жерде өз ізін қалдырғанын көру қызық. Кейін сол адамды немесе команданы оңай тауып, ол жаққа қалай барғанын сұрап, сөйлесуге болады. Бұл өте үлкен қауымдастық», – дейді MADE.
Оның пікірінше, Алматыға көше өнерін көру үшін келетін қарапайым туристер де бар.

«Байқағаным, бұл шектеулердің күшеюіне қарсы келетін адамдар өте көп. Оның үстіне, олардың бәрі граффити салатындар емес, арасында қарапайым тұрғындар да бар. Негізі граффити адамдар үшін жасалады, өйткені ол қаланы көріктендіруі керек. Көпшілік Алматыға тек тау көру, дәмді тамақ жеу немесе кептеліс пен кезекте тұру үшін ғана келмейтінін бәрі бірдей түсіне бермейтін шығар. Кейбіреулер қаланы шынайы кейпінде көру үшін келеді», – дейді суретші.
Граффити ме, әлде вандализм бе?
MADE үшін жұмыстың қай жерде салынатыны маңызды. Оның айтуынша, жаңа әрі әдемі ғимарат қасбетіне немесе ескерткішке сурет салу мен ескі, көзге түсе бермейтін қабырғада жұмыс істеу – екі бөлек нәрсе.
«Жақсы сақталған қала қасбетін немесе ескерткішті бүлдіру – бұл жай ғана вандализм. Ал егер ол ескі, қараусыз қалған немесе көзге түсе бермейтін қабырға болса және жұмыс сол жерге үйлесіп тұрса, неге салмасқа?» – дейді ол.
Ал заң тұрғысынан мәселе әлдеқайда анық: егер адам нысанға иесінің немесе жауапты тараптың рұқсатынсыз сурет салса, бұл құқық бұзушылық болып саналады. Ендігі мәселе – жаңа талаптардың ауқымы қаншалықты кең болады және нақты қандай әрекеттер вандализм немесе құқық бұзушылық ретінде бағаланады.
«Сурет салатын орын керек»
MADE тәуелсіз көше өнеріндегі басты мәселелердің бірі – рұқсат етілген кеңістіктің аздығы деп есептейді.
«Суретшілерге жұмыс істеуге болатын орындар және нысан иелерімен немесе қала билігімен нақты келісім қажет. Бұрын келісе отырып, сұр кірпіш қабырғаларды граффити арқылы көріктендіруге мүмкіндік болатын», – дейді ол.
MADE-тің айтуынша, суретшілерге жұмыс істеу мүмкіндігі азайса, граффити ортасының бір бөлігі одан әрі жабық әрі бейресми кеңістікке айналуы мүмкін.

«Қазір Алматының көп жері қазылып жатыр, қаланың кей тұсы онсыз да тартымсыз көрінеді. Меніңше, кей суретшілер бұрынғыдан да жасырын жұмыс істеуге көшеді, ал енді біреулері мейрамхана мен барларды тапсырыспен безендіруге бет бұрады. Өйткені мұндай жұмысқа сұраныс бар. Кейбірі жұмыссыз қалмау үшін басқа елге кетуі де мүмкін. Әркім күнкөрісін жасап, сүйікті ісімен айналысқысы келеді. Егер талаптар қатты күшейсе, суретшілерге жұмыс істеудің басқа жолдарын іздеуге тура келеді», – дейді MADE.
Әзірге заңға енгізілетін түпкілікті түзетулер жоқ. Сондықтан жаңа ережелердің бұрыннан бар қалалық жобаларға, келісілген муралдарға және көше өнерінің басқа түрлеріне қалай қолданылатыны белгісіз. Алматының граффити ортасы үшін осы белгісіздіктің өзі жаңа шектеулерден кем емес маңызды мәселе болып отыр.



