Кейінгі 25 жылдан бері біз кез келген сұрақты Google-дан іздеп, шыққан сілтемелерге сүйеніп, шешім қабылдаймыз. Тіпті аквариумдағы балықтың өлген-өлмегенін де сол арқылы тексеретінбіз. Басында бұл таңсық көрінгенімен, кейін үйреншікті әдетке айналды. Google – біздің шындықты білгіміз келетін талпынысымыздың белгісі еді. Әркім өзін детектив сезініп, тапқан ақпаратына өзі жауап беретін. Бірақ енді бәрі өзгереді. Компания адамдарға сенуден қалды. Бұл не деген сөз? Қазір түсіндіреміз.
Жақында Google өзінің жыл сайын өтетін I/O конференциясында классикалық іздеу жүйесінің енді «дискет» сияқты ескіргенін айтты. Қазір адамдар ақпаратты өз бетімен іздегеннен гөрі бәрін ChatGPT сияқты жүйелерден дайын күйінде алғанды жөн көреді. Сондықтан нарықтағы басты ойыншының бірі қолданушылары үшін бәрін өзі істейтін жаңа жүйе дайындап жатыр.

Google Іздеу бөлімінің басшысы Лиз Ридтің айтуынша, компания интернет пен жасанды интеллекттің ең жақсы мүмкіндіктерін біріктірмек. Жаңа іздеу жүйесі мәтінді, дауысты және суретті бір уақытта түсініп, тек сілтемелерді тізіп бермей, дайын әрі көрнекі жауап ұсынады. Сонымен қатар олар интернеттегі бағалардың өзгерісін бақылап, жаңалықтарды қадағалап, пайдаланушыға қажет ақпаратты жинап беретін көмекші қызметтерді де қосады. Тіпті программист емес адамдар да жүйе ішінде өзіне керек шағын қосымшаларды, мысалы жаттығу немесе тамақтану жоспарын, оңай жасап ала алады. Бұның бәрі осы жазда шығады. Олай болса біз неге қуанбаймыз? Google ойын ережесін өзгерткенін неге мақтамадық? Себебі мұндай жүйе миллиардтаған адамның ақпарат іздеу дағдысын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Сырттай қарағанда ыңғайлы болғанымен, оның күмән тудыратын тұстары да аз емес.
Жаңа жүйенің ең басты айырмашылығы – оның жұмыс істеу әдісі мүлдем бөлек. Бұрын байқамаған да шығармыз, бірақ ескі Google-дан ақпаратты дұрыс іздей білудің өзі үлкен шеберлік еді. Сұрақты нақты қою, сенімді сайттарды таңдау, сілтемені дұрыс тауып, оны оқып, өз бетіңмен қорытынды жасау қажет. Әрине, ешкім түйіндемесіне «Google-дан ақпаратты дұрыс іздей аламын» деп жазбаса да, бұл жақсы дағды еді. Ал қазір жаңа жүйе мүлдем басқа нәрсені талап етеді: «роботқа тапсырма бер де, дайын жауапты күт». Мұның несі жаман?
Шетел басылымдары да осыны айтып жатыр. Мысалы, технология саласының сарапшысы Каролина Миланези NPR-ге берген сұхбатында: «Қай жауапты таңдайтынын, не сатып алатынын немесе кімге сенетінін адамдар өзі шешпейді. Сонда бәрін өзі бақылап отырғандай сезімде болмайды», – дейді. Қысқасы, таңдау құқығын «роботтарға ысырып қоямыз».

Иә, кейде бізге көп сілтеменің керегі жоқ. Мысалы, таныс дәрігерге жазылу үшін бір ғана сайт жеткілікті. Қаладағы автотұрақтарды іздегенде де көп бас қатырмаймыз. Пирамидалардың жасын білгіміз келсе де солай. Мұндайда бәрін өзі тауып беретін көмекші робот өте ыңғайлы. Бұл жаңа іздеу жүйесі мәтін жазуға қиналатын адамдарға жақсы көмектеседі. Ақпаратты суретпен түсінетіндер мен өзге тілде іздейтіндерге де пайдасы зор. Қазір біз Уикипедияны да оқуға ерінетін заманға жеттік. Бәріне тек дайын әрі қысқа жауап керек. Ал бұл – өкінішті жағдай.
Келесі мәселе – ақпараттың ашық болмауы. UCLA зерттеу орталығының директоры Сара Робертстің айтуынша, бұрын Google алгоритмдерінің құпия болған. Бірақ ол кезде адамға сайт тізімі берілген соң, сенімді сайтты оқырман өзі таңдайтын. Ал жасанды интеллект бәрін бір қысқа абзацқа ғана сыйғыза салады. Ақпаратты қайдан алғаны мүлдем түсініксіз. Осылай, біз ойланудан, анализ жасаудан қаламыз. Өйткені тарихтағы көп нәрсе біржақты емес. Сондай-ақ пікір қайшылығын тудыратын тұлғалар да көп. Ал жаңа жүйе оларды бір қырынан ғана көрсетуі мүмкін. Мысалы, патша туралы «өз ұлын өлтірген» деп қана жаза салады. Бірақ ол тек осымен танымал ма? Жаңа жүйе Майкл Джексон туралы не айтар екен? Әрине, ақпараттың жақсы-жаманын тең ұстап, ортақ мәмілеге келуге болады. Бірақ мұндай нәзік мәселені компьютердің еркіне сеніп тапсыру – үлкен тәуекел. Оның үстіне, жасанды интеллекттің бұрынғы қателері де аз емес. Google-дың AI Overviews жүйесі адамдарға «тас жеуге» кеңес берген. Пиццаның ірімшігі жабысу үшін желім жақ деп айтқан. Ең қызығы, бұл жүйенің қатесі емес. Робот интернеттен осындай мәтінді тауып алып, соны сізге жеткізе салды. Ал оның неге және қандай мағынада жазылғанына бас қатырған жоқ.
Келесі бір шығын – ақша мәселесі. Қазір адамдар қысқа сөздердің орнына толық сипаттап, ұзақ сөйлемдер жаза бастады. Осы сәтті Google жүйесі адамның сатып алуға жақын тұрған кезеңі ретінде анықтай алады.
Компания конференцияда: «Біз адамның не істегісі келетінін түсінеміз, демек оған дәлірек жарнама көрсете аламыз», – деп ашық айтқан. Яғни жаңа форматтағы іздеу тек ақпарат беріп қоймай, пайдаланушының ниетін де аңғаруға тырысады.

Мұндай коммуникация форматы – адамды бақылаудың ең тиімді жолы. Сіз сұрақты нақтылаған сайын, жүйе сіздің ниетіңізді, бюджетіңізді және шешіміңізді біліп отырады. Сізге билет алып беретін көмекші робот, шындап келгенде, сізге басқа да тауарларды қалай сату керек екенін жүйеге көрсетіп береді. Ол сіздің не нәрсеге қарағаныңызды және бағаны қанша уақыт салыстырғаныңызды жаттап алады. Болашақта бұл іздеу жүйесі мен сауданың арасын мүлдем жойып жібереді. Нәтижесінде кәдімгі кроссовка іздеудің өзі сізге арналған жарнамаға айналады.
Келесі мәселе – сілтемені басу (клик) экономикасының әлсіреуі. Бұл туралы TechCrunch басылымының журналисі Сара Перес жазған. Қазіргі интернет негізінен осы жүйеге сүйенеді: біз жазған мақалалар оқырманның назарын аударып, сілтемені ашуы үшін басқа көптеген сайтпен бәсекеге түседі. Бірақ Google-дың AI Overviews функциясы қазірдің өзінде сайттарға баратын трафикті азайта бастаған. Ал жаңа AI Mode бұл үрдісті одан әрі күшейтуі мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, болашақта арнайы AI-көмекшілер мен ішкі шағын қосымшалар бұл модельді одан сайын әлсіретіп, классикалық «сілтемені басу» экономикасын түбегейлі өзгертуі ықтимал.
Бұл жай ғана қорқыныш емес, қазір жиі айтылып жүрген нақты сценарий — Google Zero. Мұндай жағдайда іздеу жүйесі пайдаланушыны сыртқы сайттарға жібермей, барлық жауапты өзі ішінде беріп отырады. Салдарынан трафикке тәуелді шағын кәсіп, жарнама берушілер мен тәуелсіз басылымдар күйрей бастайды.
Жағдай шынымен осыншалық жаман ба? Google да бұл өзгерістің салдарын алдын ала ескеріп, өзін қорғауға тырысып жатыр. Мысалы, AI Overviews жүйесі жауап берген кезде ақпаратты алған дереккөздерге сілтемелер көрсетеді. Бірақ бұл сілтемелер қысқа жауаптың ішінде ғана берілетіндіктен, бұрынғыдай көп трафик әкелмеуі мүмкін. Яғни адамдар жауапты бірден көріп, сайтқа өтпеуі мүмкін. Сол себепті қазіргі модель мен бұрынғы «сілтемені басу» жүйесінің арасындағы баланс біртіндеп өзгеріп жатыр. Дегенмен ең негізгі мәселе мұнда да емес.
Басты мәселе – адамдардың ақпаратты қабылдау тәсілінің өзгеруі. Интернетте жалған ақпарат та, жарнама да көп. Бірақ бұрын оны миллиондаған адам оқып, салыстырып, пікір айтып, қателерін түзейтін. Жасанды интеллект ақпаратты адам сияқты тексере алмайды. Бұдан әрі ақпаратты роботтар іздеген соң, негізгі сайттарды оқитын адам азаяды. Салдарынан интернеттегі бір қате бір сәтте жаппай жалған ақпаратқа айналады. Адамдар қазірдің өзінде ештеңе тексермейді, ал жаңа жүйе роботқа дайын сенуге итермелейді. Мысалы, бұрын біз адамдардың пікірін өзіміз оқысақ, қазір роботтың «қуаттағышы нашар екен, бірақ бәріне ұнады» деген дайын жауабын ғана көреміз. Біз тұзаққа өзіміз түсіп жатырмыз. Болашақта ЖИ интернеттен басқа роботтардың жазған мәтіндерін ғана тауып алады. Нәтижесінде интернетте тірі адам қалмайды, тек роботтар бір-бірінің жазғанын қайталайды.

Ең қызығы, қанша сын айтылса да, бұл Google-дың жеңілгені емес. Бәрібір осылай болуы керек еді. Қазір Силикон алқабының бүкіл ірі компаниялары тек осы бағытта жарысып жатыр. Google бұл жаңалықты енгізбесе, ChatGPT сияқты технологиялар оның орнын басып, іздеу жүйесін тартып алар еді. Оларда басқа таңдау болған жоқ. Олар да, біз де – жаңа технологиялар жарысының тұтқынымыз. Жаңа жүйеден бас тарту енді мүмкін емес. Қазір тек оның қаншалық ашық жұмыс істейтінін және бұрынғы қалыпты қаншалық сақтап қала алатынын бақылай аламыз.
Кезінде Google-дың алғашқы іздеу жүйесі нағыз төңкеріс болды. Өйткені ол бұрын тек кітапханашылар мен журналистер қолынан келетін үлкен мүмкіндікті қарапайым жұртқа сыйлады. Қазіргі жаңа жүйені де бізге дәл осылай өткізгісі келеді: мақсат – бізді мәз қылып, өз акцияларын аспандату. Бірақ іс жүзінде біз алға емес, кері кетіп барамыз.
Алғашқы төңкеріс қолыңызға құралды ұстатып, «іске сәт!» десе, екіншісі сол құралды қайта тартып алып: «Енді саған сәттіліктің де, қолдың да керегі жоқ» деп тұр.
Енді өзіңіз ойланып көріңіз: ақпаратты сіз үшін робот іздегенін қалайсыз ба, әлде өзіңіз іздегіңіз келе ме? Бұған әркім әртүрлі жауап береді. Біреулер бәрін ЖИ-ге сеніп тапсырады, ал басқалары бұған қарсы. Бұл – қалыпты жағдай. Ең бастысы – сіздің орныңызға бәрін шешіп қоймай тұрып, осы сұраққа дер кезінде жауап беріп үлгеру.



