EdTechБілімГарвард түлегі Әсел Амангелді: Білімді адамдар әлемді өзгертеді

Гарвард түлегі Әсел Амангелді: Білімді адамдар әлемді өзгертеді

25 қаңтар 2026
5 мин
Асель Амангельды: как образование меняет жизнь
Instagram: @asselya.a

Әсел Амангелді биыл Гарвард Білім мектебін тәмамдап, АҚШ-тағы беделді District Management Group компаниясына аға серіктес ретінде қызметке шақырылды. Әсел Tamga Media-ға әлемнің жетекші университетіне қалай түсуге болатынын айтып берді.


Әсел – Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Назарбаев университетінің түлегі. Университетте ол математика бағыты бойынша білім алған. Студент кезінде қосымша табыс табу үшін оқушыларға ағылшын тілін үйреткен. Сол кезде оқыту саласына ерекше қызығатынын түсініп, студент кезінен-ақ ағылшын тілін үйрететін курсын ашқан. Қазір оның TilU деген онлайн мектебі бар. Онда 180 мұғалім жұмыс істейді, айына 4000 оқушыны оқытады. Әсел мектебі ай сайын 50–60 мың оқушыға жететін деңгейге жетуді қалайды. Сол себепті ол білімін толық зерттеп, арттыру үшін Гарвардқа түскен.


“Мен Гарвард университетіне емес, ол жердегі ”Білім саласын басқару, ұйымдар мен кәсіпкерлік” деген мамандыққа ерекше қызықтым. Себебі әлемдегі ең үздік университеттің бірінде осы бағытта білім алып, тәжірибе жинап, ағылшын тілін үйрететін онлайн мектебімді кеңейтіп, дамытқым келді. Әртүрлі жағдайды зерттей отырып, еліміздегі білім жүйесіне жаңаша көз­қараспен қарауға мүмкін­­дік алдым”, – дейді ол. 



Гарвардқа оқуға түсу үшін не нәрсеге дайын болу керек?


Әсел Гарвард университетінің грантын жеңіп алған. Ол бұл университетке түсу қиын екенін, бірақ онда кез келген адам оқи алатынын айтады. Тіпті оқуға қабылдарда Орталық Азия студенттеріне басымдық берілуі де мүмкін екен. Себебі оларға біздің өңірден студенттер сирек барады. Олар мұндағы адамдардың ойын, идеясын тыңдағысы келеді. 


“Қазақстанда ақылды, білімді жастар көп, бірақ көбі ағылшын тіліне шорқақ, өз мүмкіндіктерін толық көрсете алмайды. Сондықтан әуелі ағылшын тіліне көңіл бөлу керек. Егер ағылшыны нашар болса, 3-4 жыл бұрын дайындала бастаған дұрыс. Оқуға тапсырмай тұрып, яғни бір жыл бұрын IELTS емтиханын тапсыруға болады. Оның нәтижесі екі жылға жарамды”, – дейді ол. 


Әселдің сөзінше, оқуға тапсырардағы маңызды нәрсе – мотивациялық хат жазу. Себебі үміткерлер әдетте емтиханнан жоғары балл алады, сондықтан мотивациялық хатқа ерекше оқиға мен мотивация қосу қажет. Мәселен, ол өзінің мотивациялық хатын екі ай жазыпты. 


“Мотивациялық хатта төрт негізгі сұраққа жауап беру керек: "Неге мені таңдауыңыз керек?", "Неге дәл осы университет?", "Неге бұл бағдарлама?", "Неге осы сала?". Әсерлі оқиғаңыз болса, қосқан дұрыс. Болмаса, ойдан шығарудың қажеті жоқ, өйткені комиссия жүздеген хатты оқиды, өтірікті бірден байқайды”, – дейді ол. 


Оған қоса адам өз портфолиосына қарап, комиссия қандай сұрақтар қоятынын алдын ала ойлауы керек. Мотивациялыққа хатта сол сұрақтың жауабы болуы қажет.


“Мысалы, менің портфолиомды тексерген комиссияда “математикадан білім саласына неге ауысты?” деген сұрақ болуы мүмкін. Осыны ескеріп, мотивациялық хатымда осы сұрағымның жауабын жаздым. Оған қоса онлайн мектебімді қалай дамытқанымды, ауылды жерде туып өскенімді, ауылдағы білім сапасын жақсартуға деген ниетімді баяндадым. Гарвардта білім алып, елдегі білім саласын дамытқым келетінімді айттым. Себебі мен ауылдан кетіп, қалада білім ала алдым. Бірақ мен сияқты ауылдан көшіп кете алмаған қаншама адам бар. Олар үшін жалғыз шешім кету болмаса екен, ауылда да жақсы білім болса екен деймін. Осы ойымды хатқа жаздым”, – дейді Гарвард түлегі. 


Үміткер мотивациялық хатта “Гарвардқа не бере аламын?” деген сұраққа да жауап бергені жөн. Өйткені университеттер әртүрлі жастағы, түрлі тәжірибесі бар адамдарды жинап, олардың бір-бірімен білім, тәжірибе алмасқанын қалайды. Сондықтан Әсел өзінің білім саласындағы тәжірибесін, көшбасшы ретіндегі қабілетін көрсетуге тырысыпты. 


Әселдің сөзінше, ТМД елдерінің, оның ішінде Қазақстанның балалары өте білімді болса да, өте ұяң келеді. Тіпті, кейде өзіне сенімсіз екені де байқалады, Soft skill дағдылары жетіспейді. Шетелге оқуға баратын студенттер алдымен өзін-өзі презентациялауды үйренсе дейді.



“АҚШ-тың мәдениеті басқа. Мұнда адамдар еркін, студенттер ашық, өз пікірін қорықпай, ашық айтады, жақсы тіл табысады. Біздің өңірден келген студенттердің көбі кабинеттің артқы жағында ештеңе айтпай, тыныш отырып қана тыңдайды. Біз пассивті білім қабылдап үйреніп қалған екенбіз. Ал мұнда белсенді болып, сұрақ қойып, өз ойыңды айтып, өзіңді көрсету керек. Сондықтан өзімді қинап болсын ашыла бастадым. Қай елде оқысаң да, ойыңды жүйелеп, қысқа-нұсқа әрі сенімді айту керек екен”, – дейді ол. 


АҚШ-та білім алғанның қандай артықшылығы бар?


Әселдің айтуынша, АҚШ оған көп мүмкіндік берді. Ол түрлі салада жүрген лидерлермен, көшбасшылармен, профессорлармен танысып, идея алмасқан. 


“Білім адамның өмірін өзгертетін жалғыз нәрсе деп ойлаймын. Бір деңгейдегі адамды өзінен жоғары деңгейдегі адаммен теңестіретін де білім. Мен Гарвардта оқып жүргенде профессорым маған Америкадағы білім саласындағы көшбасшылармен кездесетін жабық кешке шақырды. Сол кісілермен бірге отырып, өзіме: “Мына жерге қалай келдім?” дедім. Қарап отырсам, білімнің арқасында келдім. Бір ай емес, бірнеше жыл бойы тоқтамай оқудың нәтижесінде келдім.


Өмірде өзіңізді жоғалтып алғандай сезінсеңіз, білім алыңыз. Білім бір рет алып, кейін қалдыратын нәрсе емес. 3-5 жыл сайын біліміңізді жаңартып, дамып отыру керек. Себебі әлем жылдам өзгеріп жатыр. Анам үнемі “Сенен біліміңді ешкім тартып ала алмайды” дейтін. Сөзінің жаны бар. Білім  – қауіпсіз инвестиция, ол әрдайым өзіне қайтып келеді. Білімді адамдар әлемді өзгертеді”, – дейді Әсел Амангелді.

Бөлісу: