EdTechБілімГарвард пен Оксфордқа жаңа бәсекелес: Азия университеттері әлемдік рейтингте көш бастады

Гарвард пен Оксфордқа жаңа бәсекелес: Азия университеттері әлемдік рейтингте көш бастады

11 тамыз 2026
4 мин
Пекин университеті. Фото: Tamga Media | ЖИ

Кешегі күнге дейін «әлемнің ең мықты университеттері тек АҚШ пен Еуропада» деген түсінік аксиома сияқты еді. Бірақ таяуда жарияланған U.S. News Best Global Universities 2026-2027 рейтингі академия әлемінде жаңалық жасады. Қытайдың Цинхуа (Tsinghua) университеті тарихта алғаш рет әлем бойынша 6-орынға көтеріліп, Батыстың ондаған атақты оқу орындарын шаң қаптырып кетті. Tamga media ғасырлық басымдықтың Азияға неге ойысып жатқанын талдайды. 


Жаңа рейтинг не дейді?


Аталмыш рейтинг университеттің д ғылымдағы нақты салмағын үш негізгі өлшеммен есептейді:

  • Халықаралық ғалымдар арасындағы ғылыми бедел – 25%

  • Жарияланған мақалалар мен дәйексөздер салмағын көрсететін библиометрика – 60%

  • шетелдік әріптестермен бірлескен жоғары деңгейлі зерттеулер үлесі - 15%

Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл жүйе оқу орнынан шығып жатқан нақты ғылыми жаңалықтардың әлемге қаншалық әсер етіп жатқанына баға береді.


Рейтингке 100-ден астам елдің университеті енген. Ең көп оқу орнымен тізімге енген мемлекеттер статистикасы білім саласындағы географияның қалай өзгергенін айқын көрсетеді:

  1. Қытай: 409 университет

  2. АҚШ: 275 

  3. Үндістан: 123 

  4. Ұлыбритания: 93 

  5. Жапония: 86 

Жалпы университеттердің көш басында әдеттегідей Гарвард, MIT, Стэнфорд, Оксфорд және Кембридж тұр. Алайда осы бестіктің бірден артында Қытайдың Цинхуа университеті тұр. Ол Йель, Колумбия және Беркли (Калифорния) сияқты алыптардан да жоғары бағаланды.


Азияның «Үздік ондығы» мынадай:

  1. Цинхуа университеті (Қытай) 

  2. Сингапур ұлттық университеті (Сингапур) 

  3. Наньян технологиялық университеті (Сингапур) 

  4. Пекин университеті (Қытай) 

  5. Гонконг қытай университеті (Гонконг, Қытай) 

  6. Гонконг университеті (Гонконг, Қытай) 

  7. Чжэцзян университеті (Қытай) 

  8. Шанхай Цзяотун университеті (Қытай) 

  9. Токио университеті (Жапония) 

  10. Фудан университеті (Қытай) 

Бұл рейтингте Қазақстаннан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ENU) және Nazarbayev University бар. Бірақ нақты орны (мысалы, №1200 немесе №1800) көрсетілмеген. 


Times Higher Education (THE) 2026 мен QS World University Rankings 2026 де трендті растап отыр. Азияның жетекші оқу орындары енді аймақтық көшбасшы емес, жаһандық білім нарығының басты ойыншыларына айналып отыр. 

THE рейтингінде Цинхуа – 12, Пекин университеті – 13, Сингапур Ұлттық университеті – 17-орынға жайғасқан.


QS рейтингінде де Азияның бірнеше оқу орны ТОП-20 қатарында нық тұр. Онда Сингапурдың NUS пен NTU, Қытайдың Пекин мен Цинхуа университеттері және Гонконг университеті (HKU) бар. 


Неге бұл маңызды? 


2010 жылдары Азия университеттері ТОП-50-ге әрең кіретін. Бүгін олар инженерия, жасанды интеллект және материалтану сияқты бағыттар бойынша батыстық мектептерден озып тұр.


Азия университеттерінің «құпиясы» неде?


Олардың бірнеше жыл ішінде мұндай серпіліс жасауы бір фактормен өлшенбейді. Мұның артында үлкен мемлекеттік стратегия жатыр.


1. Мемлекеттік инвестиция


Қытай үкіметі кейінгі 20 жылда ғылым мен білімге жүздеген миллиард доллар құйды. “Project 211”, “Project 985” және “Double First Class Initiative” сияқты мемлекеттік бағдарламалар бойынша зерттеу орталықтарын қаржыландырылды. Нәтижесінде инфрақұрылым жағынан олар Батыстан еш кем түспейтін деңгейге жетті.

2. Әлемнің үздік ғалымдарын тарту


Бұрын азиялық таланттар АҚШ-қа кетсе, қазір кері процесс жүріп жатыр. Сингапур (NUS, NTU) мен Қытай университеттері әлемнің ең мықты профессорларына АҚШ-тан да жоғары жалақы төлейді. Сонымен қатар алдыңғы қатардағы ең заманауи зертхана ұсынады.


3. Жасанды интеллект пен технологияға ден қою


Азия гуманитарлық ғылымдардан гөрі нақты секторға – ЖИ, робототехника, микрочип өндірісі және биотехнологияға басымдық берді. U.S. News рейтингі зерттеу мақалалары мен дәйексөз санын қатты бағалайды. Ал бұл бағытта Қытай мен Оңтүстік Корея ғалымдары кейінгі жылдары қағаз бетінде ғана емес, нақты патенттер саны бойынша да озып келеді.


4. Өндіріспен етене байланыс


Цинхуа зертханалары алып Huawei және Tencent сияқты компаниялармен жұмыс істейді. Оңтүстік Кореядағы KAIST – Samsung пен Hyundai-дің басты ғылыми тірегі. Олар ғылымды нақты нарық үшін жасайды.


Гарвард пен Оксфордтардың дәуірі аяқталды ма?


Әзірге олай деуге ерте. Жалпы бедел, тарихи мұра және Нобель сыйлығы лауреаттарының саны бойынша АҚШ пен Ұлыбритания университеттері әлі де алда. Батыс жоғарғы оқу орындарының дипломы бүкіл әлемде өз маркасын жоғалтқан жоқ. Дегенмен әлемдік ғылым орталығы біртіндеп Шығысқа қарай ойысып бара жатқаны анық. Технологиялық жарыс осы қарқынмен жалғаса берсе, алдағы онжылдықта әлемнің №1 университеті Азияда болуы әбден мүмкін. Осылай, қазақстандық талапкерлер мен абитуриенттердің таңдау картасы одан әрі кеңейе түсті.

Бөлісу:

Гарвард пен Оксфордқа жаңа бәсекелес: Азия университеттері әлемдік рейтингте көш бастады