EdTechҒылымГаллюцинация: ми бізді неге алдайды?

Галлюцинация: ми бізді неге алдайды?

20 маусым 2026
4 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Кейде адам ешкім жоқ бөлмеде біреу бардай сезіледі. Әлдебір дыбыстарды естігендей боламыз. Қараңғы бөлмедегі киім ілгішті адам деп те ойлап қаламыз. Бұл құбылыстар не үшін болады? Ми бізге неге «өтірік айтады»?


Ми шындықты  «ойлап табады»


Нейроғалымдар өз зерттеулерінде миды сыртқы әлемнен ақпарат қабылдайтын пассивті орган емес, үнемі болжам жасап отыратын жүйе деп сипаттайды. Яғни ми шындықты жай қабылдамайды, оны белгілі бір деңгейде өзі құрастырады.


Ми үнемі «Мен қазір не көруім керек?», «Не естуім керек?», «Не болуы мүмкін?» деген болжамдар жасап тұрады. Содан кейін бұл болжамдар көзден, құлақтан және басқа сезім мүшелерінен келген нақты ақпаратпен араласады.


Ми қараңғыда немесе үйде жалғыз қалғанда қауіпсіздік үшін белгісіз нысандарды жылдам тануға тырысады. Ол «қауіп болуы мүмкін» деген сигналды қабылдап, өз алдына «сақтық» жасайды. Сол себепті қараңғы жердегі затты адам деп қабылдап қаламыз. Тысырды естісек, артымызға адам түскендей күй кешеміз. Бірақ бұл құбылыс эволюциялық тұрғыдан тиімді болған. Ежелгі адамдар үшін қауіпті байқамай қалғаннан гөрі, қателесіп қауіп бар-жоғын нақты біліп алған жақсырақ еді. 


Бөлмеде жалғыз қалғанда жоқ дыбысты естісеңіз, қараңғы жерде адамды елестетсеңіз, бұл құбылыс галлюцинация деп аталады. Галлюцинация – сыртқы әсер болмаса да, ештеңе болмаса, дыбыс шықпаса да, адамның бір нәрсені көріп, естіп немесе сезінуі. Мысалы, телефон шырылдағандай естілгенімен, шын мәнінде ешқандай дыбыс болмауы мүмкін.


Осы құбылыстардың асқынған түрін патологиялық галлюцинациялар дейміз. Мұндай галлюцинациялар психикалық және неврологиялық ауруларға байланысты. Олардың қатарына шизофрения, психоз және психикалық бұзылыстардың ауыр түрлері жатады. 


Бұл әрдайым ауру емес


Галлюцинация тек психикалық ауруы бар адамдарда ғана болмайды. Кейде ешқандай диагнозы жоқ адамдар да дыбыс естігендей, бір нәрсені көргендей немесе сезгендей болуы мүмкін. Мысалы, қатты шаршағанда, ұйқы қанбағанда немесе күйзеліс кезінде осындай жағдайлар кездеседі.


2025 жылы ғалымдар зерттеу жасап, онда үш топты:

  • шизофрениясы бар адамдарды;

  • бұрын галлюцинация көрген, бірақ психикалық диагнозы жоқ адамдарды;

  • ешқашан галлюцинация көрмеген адамдарды салыстырған. 

Оларға ақпараттың қайдан шыққанын ажырату және өз ойларын бақылау сияқты тапсырмалар берілді. Нәтижесінде шизофрениясы бар адамдар ақпараттың қайдан шыққанын ажыратуда көбірек қателескен. Ал галлюцинация көрген және көрмеген дені сау адамдар арасында айтарлықтай айырмашылық болмаған. Яғни ғалымдар мынадай қорытындыға келген: галлюцинацияның болуы міндетті түрде психикалық ауру бар дегенді білдірмейді. Ол мидың ақпаратты қабылдау, өңдеу және түсіндіру ерекшеліктеріне де байланысты болуы мүмкін.


Айта кетері, уланғанда да галлюцинация болуы мүмкін. Алкогольдік психоз, есірткі немесе кейбір дәрілік заттар да мидың қалыпты жұмысын бұзып, адамға шындыққа сай келмейтін бейнелер мен дыбыстарды көрстеді. Сонымен қатар адамның қызуы көтерілгенде, ұйқысы қашқанда, ми жарақатын алғанда галлюцинация болуы мүмкін. 


Парейдолия: ми таныс бейнені «іздейді»


Ал енді неге көлеңкені адам деп ойлап қалатынымызға тоқталайық. Түнде немесе жарық жеткіліксіз жерде көзге түсетін ақпарат азаяды. Осындай жағдайда ми бұрыннан таныс пішіндерді іздей бастайды. Адам миы әсіресе адамның бет-бейнесін, дене пішінін тануға өте бейім. Сондықтан қабырғадағы көлеңке, ағаш бұтағы немесе киім үйіндісі адамға ұқсап көрінуі мүмкін. Ал бұл құбылыс парейдолия деп аталады. Парейдолия грек тілінен аударғанда «қате бейне көру» деген мағына береді. Яғни ми кездейсоқ бейнелерден таныс пішіндерді көреді. Мысалы, бұған бұлттарды жануарға немесе адамға ұқсату, Айдың бетінен «адамның бейнесін көру» сияқты құбылыстар жатады. Ғалымдардың пайымдауынша, парейдолияның нақты қалай пайда болатыны әлі толық анық емес. Ол мидағы қате қабылдаудан ба, әлде ойлау процесінің ерекшелігінен бе – әлі зерттеліп жатыр. Бірақ оның галлюцинациядан басты айырмашылығы бар: парейдолияда нақты бір зат болады. Адам сол бар нәрсені басқа бейнеге ұқсатып көреді.


Қорытындыласақ, парейдолия да, жеңіл галлюцинация құбылыстары да «ауру» емес, бұлар – ми жұмысының қалыпты ерекшеліктері. Оларды адам өмірінен түбегейлі алып тастау мүмкін емес. Алайда адамның ұйқысы қанса, көп күйзелмесе, сенсорлық жүктемені азайтса (қорқынышты фильм, ұзақ экран уақыты) галлюцинация аз болады. Ал мұндай жағдайлар өміріңізде жиі қайталанып, күнделікті тұрмысқа әсер ете бастаса, міндетті түрде нейропсихологтарға барған дұрыс.

Бөлісу: