Сауда үйлерінде тиын салып, тұтқасын бұрағанда, ішінен белгісіз бір ойыншық түсетін автоматты сіз де көрген шығарсыз? Жапондар бұл құрылғыны «гачапон» деп атайды. Ойын әлемін түбегейлі өзгерткен жаңа жүйеге де атау дәл осыдан келген. Нәтижесінде адам құмар ойынға қызығып, өзін тоқтата алмайтындай күйге түседі.
Анықтама: «Гача» (немесе гача ойындары) – ішінде ойыншығы бар капсула сататын автоматтарға немесе лутбокстарға ұқсайтын видеоойындар. Мұнда ақша төлегенде ішінен не шығатынын білмейсіз, мақсат – сирек кездесетін кейіпкерлер мен заттарды жинау. Бұған Genshin Impact, Honkai: Star Rail немесе Gacha Life сияқты танымал ойындар жатады.
Гача – компьютер ойынының ішіндегі кәдімгі лотерея. Ол қалай жұмыс істейді? Сіз кәдімгі шын ақша төлеп, ойын ішіндегі алтын, кристалл немесе билеттерді сатып аласыз. Осы жинағаныңызға лотерея ойнайсыз. Бағыңызды сынап, кейіпкеріңізге жаңа киім, мықты қару немесе басқа да пайдалы заттар ұтып алуға тырысасыз. Бірақ бұл жүйенің ең басты құпиясы сіздің не ұтып алғаныңызда емес, оны қалай ұтып алатыңызда. Себебі ең мықты заттардың түсу мүмкіндігі шамамен – 0.03%.
Бұл жағдай сізге таныс па? Бағыңды сынау, жеңіске ұмтылу және ең құнды затты алсам деген құштарлық кәдімгі казиноны еске түсіреді. Дәл осы мәселе бойынша 2019 жылы Британ парламенті ойын шығаратын ірі Electronic Arts компаниясына: «Бұл кәдімгі құмар ойын емес пе?» – деп сұрақ қойған еді. Олар мұны өте көңілді «тосынсый механикасы» деп атап, құмар ойынға жатқызбады. Бірақ қазір бұл “surprise mechanics” сөзі үлкен қарсылық қозғалысының ұранына айналды. Адамдар осындай айла-тәсілді басты орынға қойған жобаларға қарсы шығып, олардың жұмысын тоқтатуға тырысып жатыр.

Бұл қалай жұмыс істейді: кептерлерге жасалған тәжірибе
Өткен ғасырдың ортасында психолог Беррес Скиннер мынадай қызық жаңалық ашты: кептер тұтқаны басқан сайын емес, тек кездейсоқ, ара-тұра ғана жем беріп отырса, құс сол тұтқаны есі кеткендей тоқтаусыз шоқи береді екен. Демек, сыйлықтың өзінен гөрі, оның қашан түсетіні белгісіз болуы адамды да, құсты да қаттырақ қызықтырып, тәуелді етеді. Бұл тәсілді кейін ойын автоматтарына қолданды. Ал сол ойын автоматтары қазіргі гача жүйесінің бастауы.
Әрине, кептерлер адам сияқты емес, олар – әлдеқайда қарапайым мақұлықтар. Сондықтан адамды жай ғана тұтқамен алдай алмайсыз. Қазіргі гача – инженерия, психология мен құмарлықтың күшін шебер ұштастырған өте дәл жүйе. Мұндағы әрбір ұсақ-түйек тек бір ғана мақсатта жасалған: сізге барынша көп ақша жұмсату.
Ойынды бір рет айналдыруға нақты қанша теңге кететінін білу қиын. Өйткені шын ақшаны әуелі «гемге», кейін оны «кристалға» ауыстырасыз. Содан кейін ғана бағыңызды сынап, айналдыруға болады (оны ойын тілінде «roll» – текше лақтыру дейді). Мұндай шимай-шатпақтан басыңыз айналып, қанша жұмсағаныңызды түсінбей қаласыз. Оның үстіне, өзіңе керек сыйлықты ұтып алуға үнемі бір-екі-ақ қадам жетпей тұрады. Ал ішінде қалып қойған сәл-пәл тиын-тебен «келесі жолы арзанға түседі» деп, тағы да айналдыруға итермелейді.
Оның үстіне, бұл жерде «жеңіске бір қадам қалды» деген қулық бар. Экран жарқырап, уақыт баяулайды, алдыңызға әдемі анимация шығады. Тіпті бір секунд толқып, үрейленіп те үлгересіз, бірақ... соңында түкке тұрғысыз бірдеңе шығады. Өкінішті-ақ. Бірақ ештеңе етпейді. Өйткені адам миы мұны кәдімгі жеңіс сияқты қабылдайды. Сондықтан бұл жолғы ұтылыс келесі жолы міндетті түрде ұтатындай сезім сыйлайды.

Тағы бір айла – уақыттың тығыздығы. Ойында гемдерді жайлап қана жинап, мақсатыңызға асықпай жетуге мүмкіндік бермейді. Экранда «бар-жоғы екі апта қалды, уақыт бітіп жатыр, бұл – соңғы мүмкіндік» деген хабарламалар үнемі шығып тұрады. Сіз алғыңыз келген кейіпкер мен құнды зат шектеулі уақытқа ғана беріледі. Осы уақытта алып үлгермесеңіз, ол жоғалып кетеді де, оны келесі жылы ғана ұтып алуға болады. Бұл әдіс адамның ішіндегі FOMO (fear of missing out), яғни «мүмкіндікті жіберіп алам-ау» деген қорқынышты оятады.
Енді 100% кепіл беретін «гарантқа» келейік. Сырттай қарағанда, автоматты бірнеше рет айналдырсаңыз, қалаған затыңыз қолға түсетін сияқты көрінеді. Бірақ шындап келгенде, бұл лотерея емес, кәдімгі бөліп төлеумен тең. Яғни ақшаны бөліп-бөліп төлеп, затты ақырындап сатып алып жатсыз. Кейіпкерді бірден сатып ала салсаңыз, ойынның қызығы жоғалады. Адамға бағын сынап, ұтып алған ұнайды, тек ол үшін көбірек ақша керек.
Қытайдың саясаты
2017 жылға дейін ойыншылар бұл жерден шынымен бір нәрсе ұтып алуға бола ма, әлде бәрі өтірік пе, мүлдем білмейтін. Ойын компаниялары мұны «коммерциялық құпия» деп жауып, ешкімге есеп бермейтін. Бірақ Қытай билігі ұтыстың нақты пайызын ашық көрсетуді міндеттеді. Оған қоса балалардың онлайн ойынына аптасына тек үш-ақ сағат берді (жұма, сенбі және жексенбі бір сағаттан ғана). Мемлекет балалардың көңіл көтеру уақытын арнайы кестеге салып, ойынның ішіндегі автоматты айналдыру үшін енді тек ата-ананың рұқсаты керек деп бекітті.
Негізі Қытай – осы гача ойындары мен лутбокстардың отаны, бірақ олар қауіпті дер кезінде түсініп, шектеу қоя білді.
СОТ ІСТЕРІ
Бельгия мен Нидерланды 2018 жылы лутбокстарды құмар ойынға теңеді. Содан кейін EA компаниясы Бельгияның FIFA ойынында нақты ақшаға валюта сатып алуды тоқтатты. Ал Diablo Immortal ойынын бұл елдерде мүлде шығармады.

2025 жылғы қаңтарда АҚШ билігі Genshin Impact ойынына 20 миллион доллар айыппұл салды. Сондай-ақ 16 жасқа толмаған балаларға ата-ананың рұқсатынсыз лутбокс сатуға тыйым салды. Ойынды балаларға жарнама жасағаны, ұтыс мүмкіндігін жасырғаны үшін айыптады. Сонымен бірге ойын ішіндегі күрделі валюта жүйесі нақты шығынды көрсетпей, ойыншыларды алдайтыны анықталды.
2026 жылғы ақпанда Нью-Йорк бас прокуроры Valve компаниясын сотқа берді. Себебі ойыншылар Counter-Strike пен Dota-дағы сандықтарды ашуға миллиардтаған доллар жұмсайды. Сот ісінде сандықтың ашылу сәті кәдімгі құмар ойын автоматын қайталайтыны жазылған. Ол да айналып, баяулап барып тоқтайды. Мысалы, ойындағы АК-47 қаруының сыртқы дизайны (скині) 1 миллион доллардан қымбатқа сатылған. Бұл жай ғана экрандағы сурет болса да, оған кәдімгі шынайы ақша төленген.
Біреудің ойынға бола қисапсыз ақша құртқаны қазір ешкімді таңғалдырмайды. Мысалы, Бельгия азаматы телефон ойынындағы лутбокстарға 68 мың еуро жұмсаған. Кейіннен ол ойын авторларын емес, Apple компаниясын сотқа берген. Себебі Apple өз дүкеніне (App Store) елде тыйым салынған құмар ойын жүйесін кіргізді деп шағымданған.
Балалар да құмар ойынға әуес
Британиядағы құмар ойындар комиссиясының дерегінше, 11-16 жастағы жасөспірімдердің 31%-ы кейінгі бір жылда лутбокс ашқан. Алайда бұл деректі бірден бұрмалауға болмайды. Өйткені лутбокстар тегін де беріледі. Оларды ойындағы тапсырмаларды орындағаны немесе сюжет бойынша алға жылжығаны үшін алуға болады. Яғни оны ешқандай ақшасыз-ақ ашуға мүмкіндік бар. Алайда Йорк университетінің ғалымы Дэвид Зендл жүргізген негізгі ғылыми зерттеу мүлдем басқа қауіпті анықтады. Ғалымның еңбектері мынаны дәлелдеді: адам лутбоксқа неғұрлым көп ақша жұмсаса, құмар ойынға тәуелділігі соғұрлым артады. Жасөспірімдердің құмар ойынға ересектерден де қатты үйір болады.
Шыны керек, ғалымдар бұл жағдайды «тауық па, әлде жұмыртқа ма» деген жұмбаққа теңейді. Лутбокстар адамды тартып тұра ма, әлде құмар ойынға жақын жандар лутбокстарды іздеп тұра ма? Зендлдің айтуынша, заңмен шектеу қою үшін бұлардың арасын ажыратып жатудың еш мәні жоқ. Қай сценарий болса да, балалар үшін ешқандай пайдасы жоқ.
Лутбокстар балалар ойындарында, әсіресе телефонда қаптап кетті. Сырттай «3+» мультфильм көрінгенімен, ішінде кәдімгі құмар ойын автоматтары жасырынған. Содан кейін PEGI жүйесі бұл ойындардың сыртына «ішінде ақшаға сатылатын кездейсоқ заттар бар» деген таңда қойды. Ал Аустралия 2024 жылдан бастап мұндай ойындардың бәрін бірден «тек ересектерге арналған» деп шектеді.
Гача-қорытынды
Гача өте көп табыс әкеледі, сондықтан бұл механиканы қазір барлық жерге енгізіп жатыр. Шын мәнінде, бұл – сізді немесе балаңызды құмар ойынға үйір ету үшін жасалған қулық. Сүйікті ойыныңызға аздап ақша жұмсауда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ бұл шектен шыққанда үлкен мәселеге айналады.



