Tamga Media футболдың өзіне тікелей қатысы жоқ, бірақ айтпай кетуге болмайтын ең қызық жаңалықтарды жинады.
«Тартан армиясы» Бостонды құрғатып кетті
Шотландия Әлем чемпионатына 1998 жылдан бері қатыспаған. Сондықтан жанкүйерлер 28 жыл бойы жиналған сағынышын бір-ақ сәтте басқысы келді. Мәліметтерге қарағанда, Бостонның бір ғана ауданы мен көршілес Провиденске Шотландия командасының 50 мыңдай жанкүйері барған. Бұл – өз құрамасымен бірге жүретін Шотландияның «Тартан армиясы» деп аталатын ең үлкен жанкүйерлер ұйымы. Бір жерге Шотландиядан 50 мың жанкүйер жиналса не болатынын білесіз бе? Ішімдік атаулы таусылады.
Бейсенбіден бастап, жексенбіге дейін кельттер ұрпақтары “Boston Lager” сырасын өте көп ішті. Тіпті осы кезде Тәуелсіздік күні сияқты үлкен мерекеге қарағанда төрт есе көп сыра сатылды.
“Sam Adams” бары 4 мыңнан астам бокал сатып, 90 бөшкені тауысқан. Тіпті сыра жетпей қалып, тағы төрт рет алдыруға мәжбүр болған.
Ал “Hennessy's” барында бір уақытта сыра мүлдем таусылып қалды. «30 жыл осындамыз, бірақ мұндайды бірінші рет көруіміз» деді олар. Шотландияның “Tennent's” сырасын сататын “The Haven” пабы да әдетте аптасына төрт-ақ бөшке өткізсе, бұл жолы бірден елу бөшкені босатты.

Қаржы орталығындағы “Federal Wine & Spirits” дүкені “Budweiser” мен “Corona” сыраларын бір-ақ күнде сатып бітірген. Ал тоңазытқыштардың бірінің есігі тоқтаусыз ашыла бергеннен, шыдамай сынып кеткен. Дүкеншінің айтуынша, бір келуші жай ғана су сатып алмақ болғанда, шотландиялықтар оны мазақтап, ысқырып жіберген. Бірақ қызық мұнымен біткен жоқ.
Массачусетс губернаторы Мора Хили әлем чемпионатында барлар мен мейрамханалардың жұмыс уақытын уақытша ұзартты. Осы сәтті пайдаланған жанкүйерлер ойын арасында қаланы аралап, шеруге шықты, тіпті «Ред Сокс» клубының ойыны өткен «Фенуэй-парк» стадионын да толтырды. Клуб бұл матчты ресми түрде «Шотландия мұрасының түні» деп атаған еді.
Шотландия құрамасы өз ойынымен есте қалмаса да, олардың жанкүйерлері Бостон үшін аңызға айналды.
Жапондар стадионды тазалағанымен, үйін жинамайды
Жапон жанкүйерлері ойын қалай аяқталса да, матчтан кейін стадионды тап-тұйнақтай етіп жинап кететін әрекетімен танымал. Бұл жолы да дәл солай болды. Далласта өткен Нидерландымен матчта (2:2) есеп тең түскен соң, олар бірден алдын ала дайындап әкелген пакеттерін шығарып, өз секторларын тап-тұйнақтай етіп жинап алған.
Ең қызығы, бұл жолы жанкүйерлермен трибуна тазалауға «Нью-Орлеан Сэйнтс» командасының квотербегі Джеймис Уинстон да қосылды. Ол қазір бұл турнирде “Fox Sports” арнасының тілшісі болып жүр. Америкалық футболдың жарық жұлдызы үстіне есімі мен нөмірі жазылған Жапония құрамасының жейдесін киіп, қолына көк қоқыс пакетін ұстап, орындықтардың арасын тазалап жүрген.
Жапония жаңалықтары мен әлеуметтік желілері болмаса, бұл туралы жазбауға да болар еді. Жапондар қатарынан үш әлем чемпионаты бойы таза жанкүйер бейнесін қалыптастырған. Бірақ бұл тек сыртқы көрініс болып шықты.
Жапон желілерінде тараған бір коллажда стадионда қоқыс жинаған еркектің үйде әйелі тірлік істеп жатқанда, өзі диванда телефон қарап жатқаны бейнеленген. Жапонияда үй шаруасын тек әйелге ысырып қоятындар баршылық. Сондықтан желідегілер ер азаматтарды стадиондағы тазалықты үйде де көрсетуге шақырған. Көпшілік жанкүйерлерді екіжүзді деп те айыптады. Себебі елдің өзінде ірі шаралардан кейін қоғамдық орындар қоқысқа толып қалады. Яғни мұның бәрі жай ғана сырт көзге жасалған әрекет болуы мүмкін.
Статистика да мұны растайды. ЭЫДҰ мәліметі бойынша, жапон еркектері күніне бар-жоғы 41 минут үй шаруасымен айналысады. Шағын зерттеуге арқау болған 30 елдің ішіндегі ең нашар көрсеткіш – осы. Ал әйелдері еркектерге қарағанда үйде күніне 3 сағатқа көп еңбек етеді. Әйелдердің осы тегін атқаратын үй тірлігін ақшамен есептесе, олар 111 триллион иен (761 млрд доллар) табыс табуы керек еді. Бұл сома бүкіл ел экономикасының бестен бір бөлігіне тең. Ең қызығы, өз үйінде қолғабыс қылмайтын еркектері әлемнің екінші шетінде стадион тазалап жүр.
Өзбекстанның тұңғыш әлем чемпионаты: тазалық пен алғыс
Мехикодағы «Ацтека» стадионында Колумбиядан жеңілген соң (1:3), Өзбекстан құрамасы киім ауыстыратын бөлмені тап-тұйнақтай етіп жинап кетті. Олар тактика жазатын тақтаға испан және өзбек тілдерінде: «Үлкен рахмет, Мексика! Әлем чемпионатында сәттілік тілейміз! Рахмат» деп жазып қалдырған. Осылай, футболшылар өз тарихындағы тұңғыш матчы өткен аңыз стадионға ерекше құрмет көрсетті.
Өзбекстан құрамасының бұл әрекеті жапондардың «таза киім ауыстыру бөлмесі» мәдениетін еске түсіреді. Ең маңыздысы, олар бұл әрекетті бір рет қана жасамайды. Маусымның басында Эдмонтонда Канададан жолдастық кездесуде жеңілгенде де, команда дәл осылай бөлмені жинап, алаң иелеріне алғыс айтып кеткен еді.
Комментатор төрт минут бойы Иран мен Жаңа Зеландия ойыншыларын шатастырды (бірі қара, екіншісі ақ киімде ойнаса да)
Түркияның TRT мемлекеттік телеарнасы Мурат Экрем Чименді турнирден шеттетті. Ол – Түркияда 30 жыл тәжірибесі бар, өте сыйлы маман. Тіпті оны аңыз комментатор Эл Майклзды америкалық тұрғындар құрметтегендей жақсы көреді.
Лос-Анджелестегі матчтың алғашқы төрт минутында ол командаларды мүлдем шатастырып алған. Стадиондағы 70 мың көрерменге бәрі анық көрініп тұрса да, комментатор Иран құрамасын қара, ал Жаңа Зеландия құрамасын ақ киімде деп айтып отырған. Негізі бәрі керісінше еді. Ең қызығы, ол алаңдағы әр сәтті басқа ойыншылардың атына сенімді түрде жазып отырған. Ал негізінде олардың сырт келбетін ажырату өте оңай болатын.

Тек камера Иран ойыншысы Мехди Таремиді арқасынан түсіріп, жейдесіндегі тегі көрінгенде ғана комментатор қатесін түсінген.
Әлем чемпионатында газонға төсеуге болмайтын жалғыз ту
Матч алдында еріктілер әр елдің үлкен көлемдегі туларын алаңға шығарып, газон үстіне жаятын. Бұл турнирдің барлық ойыны осылай басталған еді. Бірақ Сауд Арабиясы мен Уругвай кездесуінде еріктілер Сауд Арабиясының туын жерге төсемей, қолдарында ұстап тұрды. Себебі оның бетінде ислам дінінің сенім белгісі – шаһада жазылған. Ал ереже бойынша мұндай қасиетті жазудың жерге, суға немесе қандай да бір заттың үстіне қоюға болмайды. Осы орайда, екі жақтың теңдігін бұзбау үшін Уругвай туын да жерге қоймай, қатар ұстап тұрды.
Канзас Алжирді өз бауырына басты
Қазір АҚШ халқы футбол десе ішкен асын жерге қояды. Жанкүйерлер ұран жаттап, желіні шулатып жатыр. Өз құрамасы келесі кезеңге алғашқылардың бірі болып өтсе де, өзге елге жанкүйер болып жүргендер де бар. Мысалы, Канзастағы Лоренс студенттер қалашығы еш себепсіз кенеттен Алжир құрамасына жанкүйер бола бастады. Жергілікті жұрт «Шөл дала түлкілері» атанған бұл команданы бауырына басты. Ашық жаттығуға бетіне Алжир туын салған жүздеген тұрғын балаларын ерітіп келді. Ал университет оркестрі ойын алдында осы елдің әнұранын орындап, құрмет көрсетті.

Бұл оқиға желіде тез тарады. Тұрғындар Алжир командасына өз қалаларын таңдағаны үшін риза. Тіпті бір жас канзас жігіті жанкүйерлер ортасында бірнеше күн жүріп, өзін нағыз Алжир тумасы сияқты сезінгенін айтыпты.
Ең оғаш статистика
Әлеуметтік желіде оғаш әрі пайдасыз карталарды жариялайтын танымал “Terrible Maps” парақшасы бар. Мына оқиғаның сипаты да соған ұқсайды.
Орнитолог Ник Волпе 2026 жылғы әлем чемпионатында бір қызық жайтты байқаған. Оның айтуынша, тек бір матчты есептемегенде, қалған ойынның бәрінде аумағында құстың түрі көп ел жеңіске жеткен. Мұнда ешқандай қисын жоқ, жай ғана кездейсоқ жағдай. Бірақ бұл көрсеткіш турнир басталғалы бері ұзақ уақыт бойы дәл келіп тұрды.
Жүйені бұзған жалғыз команда Кот-д'Ивуар болды. Олар қарсыласына қарағанда құс түрі аз болса да жеңіске жетті. Бұл – чемпионаттағы алғашқы жағдай еді. Күлкілі әрі қызық оқиға мұнымен аяқталмады. Танымал “The Athletic” сайты осы тақырыпта арнайы үлкен талдау жариялады. Олар елдегі табиғат байлығы мен спорттағы жетістік арасында байланыс іздегенімен, ештеңе таппады. Авторлардың өздері де тым тереңге кетіп қалғандарын мойындады, бәлкім, бұл бағытта нақты зерттеудің жоқтығынан болар.
Мексика мен Оңтүстік Корея: бір ишара мен достық пейіл
Мексика туралы күн сайын түрлі жақсы-жаман жаңалық жазуға болады. Онда оқиға өте көп.
Гвадалахарадағы Оңтүстік Корея мен Чехия матчында корей блогері Юн Су-джин (@inocat_t) трибунада видео түсіріп отырған. Сол сәтте кадрға оның артында отырған ер адам түсіп қалады. Ол блогерді «қысық көз» ишарасымен мазақтаған. Видео көп ұзамай әлеуметтік желіде тарап, кей адам Мексика халқының қонақжайлығына күмән келтіре бастады. Бірақ көп ұзамай кінәлі адам табылды. Улисес Фернандо Берналь Мирамонтес есімді бұл азамат жұрттан кешірім сұрады, сондай-ақ ол Халискодағы инженерлік мекемедегі басшы қызметінен айырылды. Ал мексика азаматтары блогердің парақшасына кешірім сұрап жазып, бір адамның кесірінен бүкіл елге ренжімеуді өтінді.
Шын мәнінде, олардікі дұрыс. Өйткені бұл жерде мүлдем басқа тарих жатыр. Мексика жұрты корей жанкүйерлерін төбесіне көтеріп, текиламен қонақ қылып, «Корей, бауырым, сен енді мексикалықсың!» ұранымен қарсы алды. Бұл бір кештің ғана әсері емес. Екі ел фанаттарының достығы 2018 жылғы әлем чемпионатынан басталған. Ол кезде Корея құрамасы Германияны жеңіп, Мексиканың келесі кезеңге өтуіне жол ашқан еді. Сол кезде қуанған жұрт Мехикодағы Корея елшілігінің алдына жиылып, “Coreano, hermano, ya eres mexicano” деген ұранды шығарды. Арада сегіз жыл өтсе де, олардың мексика әуеніне қосылып “Gangnam Style” билегендері бұл достықтың үзілмегенін көрсетеді.



