Әлем чемпионаты басталды! Төрт жыл бойы күткен сәт те жетті. Қаншама іріктеу матчтары, ең үздік құрамды іздеу мен таңдау, спортшылардың тағдыры мен драмасы артта қалды. Енді ұлттық құрамалардың ең басты турнирінде жанкүйер болуға дайынбыз.
Әлем чемпионаты тарихында бірінші рет 48 команда 12 топта ойнайды. Әр топтан екі үздік құрама тікелей плей-офф кезеңіне өтеді. Үшінші орын алған 12 команданың ішінен ең жақсы көрсеткіші бар 8 құрама келесі кезеңге жолдама алады. Демек, топтағы төрт орынның үшеуі үшін нақты күрес жүреді. Ал ұпайлар тең болған жағдайда, соққан голдардың айырмасы мен фейр-плей (тәртіп сақтау) ережесі шешуші рөл атқарады. Осыдан кейін бірден 1/16 финал басталады.
Командалардың ¾ бөлігі дерлік келесі кезеңге өтетіндіктен, бүкіл ойын тек ең әлсіз команданы (аутсайдерді) анықтаумен өтеді деп ойлауыңыз мүмкін. Негізі олай емес. Біз бұл материалда әр топтағы басты тартысты талдап, командалардың келесі кезеңге өту мүмкіндігін көрсететін букмекерлердің орташа болжамдарын жинадық. Бұл көрсеткіштерді команда атауының жанындағы жақшадан көре аласыз.
Ескерту: Мәтіндегі пайыздар әр команданың келесі кезеңге өту мүмкіндігін көрсетеді. Бұл көрсеткіштерді есептеу үшін біз әртүрлі елдердегі 5–6 букмекерлік кеңсенің болжамдарын салыстырып, орташа мәнін алдық.
Чемпионаттың басты фавориттері

Букмекерлердің болжамы бойынша:
Испания – 18%
Франция – 17%
Англия – 13-14%
Аргентина – 11%
Бразилия – 11%
Германия – 8%
Португалия – 8%
Нидерланды – 5%
Норвегия – 4%
Бельгия – 3%
Ал Opta суперкомпьютерінің есебі бойынша:
Испания – 16%
Франция – 12,9%
Англия – 10,8%
Аргентина – 10,1%
Португалия – 7,1%
Бразилия – 6,6%
Германия – 5,9%
Ең қызығы – Бразилия мен Аргентинаның мүмкіндігі бірдей болып тұр, ал Норвегия бұл чемпионатта кез келген уақытта ойламаған жерден үздік болуы мүмкін. Мұны спортта dark horse деп атайды. Негізі жарыс алдындағы дайындық ойындарына қарап кесіп-пішіп болжам жасау қиын. Себебі нағыз дода басталғанда ауа райы, барған елдегі жағдай мен команданың әр ойынға ерекше ықыласы кез келген болжамды тас-талқан етеді.
Топтар мен пайыздар
А тобы
Мексика – 91%
Чехия – 80%
Корея – 69%
ОАР (ЮАР) – 45%
Букмекерлер бұл топта бірінші орынды турнир қожайыны Мексикаға беріп отыр. Бұған себеп те бар: команда топтағы үш матчтың бәрін өз алаңында өткізеді. Әрине, бұл бұрынғыдай қатарынан алты әлем чемпионатында плей-оффқа шыққан Мексика емес. Дегенмен қазіргі құрамның да мінезі бар, сондықтан олардың топтық кезеңнен өте алмай қалуы екіталай.
Екінші орын үшін негізгі талас Чехия мен Оңтүстік Корея арасында өрбиді. Алайда сарапшылар чехтардың мүмкіндігін жоғары бағалайды. Тіпті олардың пікірінше, Чехияға келесі кезеңге шығу үшін кей матчта тең нәтиже көрсетсе де жеткілікті.
Ал ОАР құрамасы аутсайдер саналғанымен, олардың да мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Жалпы бұл топтағы командалардың деңгейі бір-біріне жақын. Сондықтан күтпеген нәтижелер мен тосынсыйлар болуы әбден мүмкін.
B тобы
Швейцария – 93%
Канада – 80%
Босния – 69%
Катар – 37%
Швейцария соңғы үш әлем чемпионатында да топтық кезеңнен оп-оңай өтіп кеткен, бұл жолы да жоспарлары осы. Олар тіпті жарысты өз үйінде өткізіп жатқан Канададан да мықты деп есептеліп отыр. Ал Боснияның хикаясы тіпті қызық, олар бұл турнирге ілігу үшін нағыз тозақтан өтті: әуелі пенальтиде Уэльсті, сосын төрт рет әлем чемпионы болған Италияны жарыстан ұшырып жіберді. Қазіргі жалғыз уайым – командада жастар аз, тіпті капитандары Эдин Джеконың жасы 40-қа келді. Ал Катар қазірдің өзінде есептен шығарып қойған сияқты.
C тобы
Бразилия – 99%
Марокко – 89%
Шотландия – 74%
Гаити – 12%
Марокко – 2022 жылы әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен тарихтағы тұңғыш Африка командасы. Ал Шотландия араға 28 жыл салып турнирге қайта оралды. Олар бұған дейін 8 рет қатысса да, бірде-бір рет келесі кезеңге өте алмаған, сондықтан «Солтүстік ұлдары» бұл жолы тарихи нәтиже үшін барын салады. Ал Гаити әлем чемпионатына екінші рет қатысып тұр, олар соңғы рет 1974 жылы келген. Бұл топта кімнің нешінші орын алатынын болжау қиын. Оның үстіне, Африка кубогы финалынан кейін есін жия алмай, шаршап қалған Марокконың бұл турнирде қандай ойын көрсететіні үлкен сұрақ.
Анықтама: 2026 жылғы қаңтарда Мароккода өткен Африка кубогының финалы үлкен дауға ұласты. Матч барысында Сенегал ойыншылары төрешінің пенальти белгілеу шешіміне наразылық білдіріп, алаңнан кетіп қалды. Олар шамамен 15 минут бойы ойнаудан бас тартып, капитан Садио Маненің көндіруінен кейін ғана матчты жалғастырды.
Кейін Марокко ойыншысы Браим Диас 90+24 минутта пенальтиден гол соға алмады. Матч соңына дейін жалғасып, Сенегал 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Алайда оқиға мұнымен аяқталған жоқ. Екі айдан кейін Африка футбол конфедерациясының апелляциялық органы Марокконың шағымын қанағаттандырды. Сенегал құрамасы төрешінің рұқсатынсыз алаңнан кеткені үшін тәртіп бұзды деп танылып, командаға 0:3 есебімен техникалық жеңіліс берілді. Нәтижесінде Африка кубогының жеңімпазы болып Марокко жарияланды.
D тобы
АҚШ – 91%
Түркия – 81%
Парагвай – 67%
Австралия – 53%
Егер топтан шығу пайызына қарамай, тек бірінші орын алу мүмкіндігін салыстырсақ, АҚШ пен Түркияның арасы – небәрі 3%. Басқа топтарға қарағанда, мұнда командалардың деңгейі бір-біріне өте жақын, сондықтан бәрінің де мүмкіндігі бар. АҚШ бұл жолы жарысты өз үйінде өткізіп жатыр, олар өзін оңай топқа түстік деп есептейді. Бірақ топтағы басқа командалар айтқандай, бұл жерде кез келген құрама «жеребеде жолымыз болды» деп ойлауы мүмкін. Айтпақшы, Түркия бұл турнирге араға 24 жыл салып бірінші рет қатысып тұр.
E тобы
Германия – 98%
Эквадор – 93%
Кот-д'Ивуар – 83%
Кюрасао – 14%
Кот-д’Ивуар іріктеу кезеңінде бірде-бір гол жібермей, өте сенімді ойын көрсетті. Соған қарамастан, букмекерлер Эквадордың мүмкіндігін сәл жоғары бағалап отыр. Ал Германия қағаз жүзінде топтың басты фавориті саналады. Дегенмен бұл топта күрес өте тартысты болғалы тұр. Германия, Эквадор мен Кот-д’Ивуардың деңгейі бір-біріне жақын, сондықтан үш құраманың да келесі кезеңге шығуға мүмкіндігі жоғары. Ал Кюрасао – бұл турнирдің ең қызық командаларының бірі. Бұл – әлем чемпионаттары тарихындағы халқы ең аз елдердің бірі. Ел тұрғындарының саны 200 мыңға да жетпейді. Құраманы 78 жастағы тәжірибелі бапкер Дик Адвокат негізінен шетелде туған немесе өскен отандастарынан жасақтаған. Мәселен, командадағы 26 ойыншының 25-і Нидерландыда дүниеге келген, тек бір ойыншы ғана Кюрасаоның өзінде туған.

F тобы
Нидерланды – 95%
Жапония – 79%
Швеция – 70%
Тунис – 48%
Бұл – турнирдегі бірінші «өлім тобы». Мұнда кез келген команданың бірінші орынға болмаса да, екінші және үшінші орындарға таласуға мүмкіндігі бар. Жапония өткен әлем чемпионатында Германия мен Испанияны ұтып, бәрін таңғалдырған еді. Ал Швеция бұл жарысқа қызық жолмен өтті: олар іріктеу тобында бірде-бір ойында жеңіске жетпелі. Олардың бағына орай, Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы екінші мүмкіндік пайда болды. Нидерланды негізгі фаворит болып тұр, бірақ олардың да сүрініп кетуі әбден мүмкін.
G тобы
Бельгия – 98%
Мысыр – 74%
Иран – 67%
Жаңа Зеландия – 43%
Бұл топта командалар (тіпті кейде Бельгияның өзі де) нәтиже үшін сақ ойнайтындықтан, көп гол соғыла қоймайды. Ал қалған үш құраманың мүмкіндігі тең, сондықтан олардың қайсы топтан шығатынын болжау қиын.
H тобы
Испания – 99%
Уругвай – 87%
Сауд Арабиясы – 56%
Кабо-Верде – 38%
Испания бұл топтың ғана емес, бүкіл турнирдің басты фавориттерінің бірі саналады. Құраманың деңгейі мен тәжірибесі оларды топтағы айқын көшбасшы етіп көрсетіп тұр. Ал Кабо-Верде үшін бұл әлем чемпионаты тарихи оқиға болмақ. Ел құрамасы мундиалға алғаш рет қатысып отыр. Сонымен қатар бұл – турнирдегі халқы ең аз мемлекеттердің бірі. Қызық дерек: құраманың қорғаушысы Роберто Лопес ұлттық командаға шақыруды LinkedIn әлеуметтік желісі арқылы алған. Топтағы негізгі тартыс Кабо-Верде мен Сауд Арабиясы арасындағы матчта өрбуі мүмкін. Өйткені дәл осы кездесу келесі кезеңге жолдама алатын команданы анықтауға әсер етуі ықтимал.
I тобы
Франция – 98%
Норвегия – 85%
Сенегал – 67%
Ирак – 25%
Норвегия құрамасы әлем чемпионатына 28 жылдан кейін қайта оралып отыр. Команда іріктеу кезеңін тамаша өткізіп, барлық 8 матчта жеңіске жетті. Осы ойындарда 37 гол соғып, өз қақпасына небәрі 5 гол ғана жіберген. Құрамдағы жұлдыздар да аз емес. Солардың ішінде іріктеу кезеңінде 16 гол соққан, ал ұлттық құрама сапында 46 матчта 55 рет мергендік танытқан Холанд пен «Арсеналдың» капитаны Мартин Эдегор бар. Енді жанкүйерлерді «викингтердің» Солтүстік Еуропаға тән ойын мәнерін ыстық аптапта қалай көрсете алатыны қызықтырады.

Франция әдеттегідей турнирдің басты фавориттерінің қатарында. Бұл – әлемдегі ең қымбат әрі жұлдызды құрамалардың бірі. Ал Сенегалды да есептен шығаруға болмайды. Африка өкілі кез келген мықты қарсыласпен тең дәрежеде ойнап, ұпай алуға қабілетті екенін талай рет дәлелдеген. Ал Ирак құрамасына жеребе аса қолайлы болған жоқ. Олар өте мықты қарсыластармен бір топқа түсті.
J тобы
Аргентина – 99%
Аустрия – 81%
Алжир – 74%
Иордания – 31%
Лионель Месси үшін бұл әлем чемпионаты соңғысы болуы мүмкін деген болжамдар айтылып жүр. Ал қазіргі әлем чемпиондары – Аргентина өз тобында бірінші орын алуға басты үміткер саналады. Топтағы негізгі бәсеке Аустрия мен Алжир арасында өрбитін сияқты. Бұл екі құрама келесі кезеңге шығатын жолдама үшін тікелей таласады.
Иордания үшін бұл – тарихи сәт. Құрама алғаш рет әлем чемпионатына қатысып отыр. Олардың бұл деңгейге жетуінің өзі үлкен жетістік. Сондықтан соғылған әрбір гол тарих бетінде қалады. Ең үлкен сұрақтардың бірі – Иордания әлем чемпионаттарындағы алғашқы голын соға ала ма? Топтағы басты интригалардың бірі де осы болмақ.
K тобы
Португалия – 98%
Колумбия – 89%
ДР Конго – 61%
Өзбекстан – 37%
Қарапайым статистикаға қарасақ, Колумбия барлық топтың ішінде ең мықты «екінші команда» деуге болады. Ал Роналду үшін де, Месси сияқты, бұл әлем чемпионаты соңғысы болуы мүмкін. Өзбекстан – дебютант. Турнир басталар алдында бапкері Фабио Каннаваро олардың әлем чемпионатын жеңбейтінін айтқан. Бірақ оларды есептен шығаруға болмайды. Құрамасы мықты әрі талантты, барлық қарсыласқа лайық ойын көрсете алады. Сондықтан бұл командадан тосын нәтиже күтуге болады.
L тобы
Англия – 99%
Хорватия – 81%
Гана – 66%
Панама – 37%
Лука Модрич үшін бұл соңғы әлем чемпионаты болуы мүмкін. Хорватияға алдыңғы мундиальдардағыдай финалға немесе жартылай финалға дейін жету қиын болуы мүмкін, себебі командасы жаңарып жатыр, оған қоса турнир жолы да оңай болмайтыны анық. Англия – іріктеуді Кот-д’Ивуармен және Туниспен бірге гол жібермей аяқтаған үш команданың бірі. Гана өткен әлем чемпионатындағы сәтсіздіктің орнын толтырғысы келеді. Ал Панаманың келесі кезеңге өтуі қиын сияқты.

Қорытынды
Статистика мен болжамдарға қарамастан, футболда бәрі бір сәтте өзгеріп кетуі мүмкін. Фавориттердің плей-оффқа өтпей қалуын елестету қиын, әрине, көбіне төрт команданың үшеуі келесі кезеңге шығып кетеді. Бірақ мәселе тек ода емес, қай орында шығатынында. Себебі ешкім 1/16 финалда бірден мықты қарсыласқа тап болғысы келмейді, ал ондай жағдайдың болуы әбден мүмкін. Тағы бір маңызды нәрсе үшінші орын алғандардың бәрі бірдей өтпейді, ең әлсіз төртеуі жарысты тоқтатады. Сондықтан мұнда тосын дүниелер өте көп. Қысқасы, бізді ұзақ әрі есте қалатындай қызық турнир күтіп тұр. Енді топтық кезеңнің қалай өтетінін бірге тамашалау ғана қалды.



