СпортСпортФутбол: фанаттар туралы, бірақ фанат еместерге де қызық

Футбол: фанаттар туралы, бірақ фанат еместерге де қызық

15 сәуір 2026
9 мин
футбол
Манчестер Ситидің жас жанкүйерлері, 1991 ж. | Фотограф: Ричард Дэвис, lowerblock.com

Айналаңызда кем дегенде бір футбол фанаты бар шығар. Өмірінде бәрі астан-кестен болып жатса да, жексенбі алаңдағы 11 миллионер екінші 11 миллионерді жеңсе, өзінің бүкіл проблемасын жоқ дегенде бір сағатқа ұмытып кетеді. Жеңіс пен жеңілісті бірге кешудің сыры неде? Осы туралы сөйлесейік.


Жанкүйер болу кеше ғана шыққан ермек емес


Көбісі «Фанат болу мәдениеті – теледидар мен түрлі-түсті шарфтардың шыққанымен байланысты, ХХ ғасырдың жемісі» деп ойлайды. Бірақ тереңірек үңілсек, «команда» деген сөз шықпай тұрып-ақ, жанкүйерлер өз жағы үшін төбелескенін көреміз.


Англиядағы футбол матчтарындағы алғашқы тәртіпсіздіктер XIV ғасырда тіркелген. Тіпті 1314 жылы ІІ Эдуард патша бұл ойынға ресми түрде тыйым салған. Ол кездегі футбол қазіргіге мүлдем ұқсамайтын: екі ауылдың адамдары допты қаланың бір шетінен екінші шетіне дейін қуып жүретін, ал жаппай төбелес ойын ережесінің бір бөлігі еді.


Кейін өндіріс дамып, жұмысшы аудандары мен клубтық жүйе пайда болды. Футбол жұмысшы таптың спортына айналды. Клуб жай ғана команда емес, ол бүкіл зауыттың, ауданның, қауымдастықтың бас қосатын жері еді. Адамдар «өз адамдары» үшін жанын беретін.


Бір қызығы, ағылшын жұмысшылары басқа елдерге өндірісті дамытуға барғанда, өзімен бірге футбол дәстүрін де ала барған. Әлем әлі футбол ережесіне үйренбей жатқанда, Англияда «өзіміз» және «жаттар» деген түсінік әбден қалыптасып қойған еді. 


1960 жылдары бұл «ағылшын ауруы» деген атау алды. «Фирма» деп аталатын бұзақы фанаттардың топтары өз алдына бөлек әлемге айналды. Олардың өз заңы, өз «тәртібі» мен қорғайтын аймағы болды. Жанкүйерлер стадионға жай ғана футбол көруге емес, нағыз соғысқа аттанғандай баратын. Сол кездегі шашын тақырлап алған ағылшын фанатының бейнесі нағыз брендке айналды. Тіпті қазіргі сән қуған жастардың арасында да сол стильге еліктейтіндер аз емес.


«Хулиган» (hooligan) деген сөздің өзі XIX ғасырда пайда болған. Бір деректерге қарағанда, бұл Лондонда тұрған ирландиялық бір отбасының тегі екен. Олар сол кездегі танымал комикстердің кейіпкері болған көрінеді. Уақыт өте келе, тегі жай ғана есім емес, бүкіл бұзақыларға айтылатын ортақ атауға айналып кетті. Ал 1970 жылдардан бастап бұл сөз футбол мінберлеріне біржола «жабысты»: жай ғана фанаттармен бірге, енді «хулигандар» да төбе көрсетті.


Латын америкалық мақам


Ағылшындар «бұзақылықты» таратса, әлемнің басқа шетінде мүлдем бөлек дәстүр пайда болып жатты. Әлдеқайда жарқын, тірі әрі музыкаға толы. Өндірісі өрлеген Англияда футбол – жұмысшылар әлемінің бір бөлігі болса, мәңгілік карнавал елінде бәрі мүлдем басқаша еді. 


Югославиядан келген бірнеше студент пен матрос 1950 жылғы әлем чемпионатында Бразилия жанкүйерлерінің шулап, ұйымдасып, ту ұстап, билеп-секіріп қолдағанын көріп, таңдай қағады. Елге оралған соң көргенін Сплит қаласында айтып береді. Содан «Хайдук» клубының жанкүйерлері осы үлгіні бірден іліп әкетіп, сол жылы-ақ Еуропадағы ең көне фанаттық топтардың бірі – Torcida Split-тің негізін қалайды. Атауын бразилиялықтарша сол күйі қалдырады. Хорваттарды «Еуропаның бразилиялықтары» деп атауының бір себебі де – осы.


Кейін бұл толқын Италияға жетіп, 1950-1960 жылдары «Ультрас» (латынша «шектен тыс») деген атау иеленді. Ультрастар жай төбелес шығаратындар емес, бұл – иерархиясы, жарғысы бар, стадионға үлкен плакаттар (перформанс) жасап шығатын, ұйымдасқан топтар. 1969 жылы «Сампдория» жанкүйерлері алғаш рет ресми түрде өздерін Ultras деп атады. Бұл сөз латынның “ultra” деген сөзінен шыққан, мағынасы – «шектен тыс», «ерекше». Ультрастарды әлі күнге дейін стадиондардан көруге болады. Алып плакаттар, баннерлер мен түрлі қойылым – мұның бәрі қазіргі футболдың ажырамас бөлігі.


1980 жылдарға қарай италиялық үлгі бүкіл Еуропаға тарады. Испания, Германия, Балқан түбегі – барлық жерде клубты қолдауды жай ғана қызық емес, өз болмысы, өмір салты, тіпті саяси ұстанымы деп білетін топтар пайда болды. Мысалы, Гамбургтегі «Санкт-Паули» ультрастары солшыл антифашистік қозғалыстың символына айналды. Ал 1980 жылдардың соңында Югославия ыдырай бастаған тұста Белградтың «Партизаны» мен Загребтің «Динамо» ультрастары нағыз жауынгерлік жасақтарға айналып кетті. Осылай, стадион мен көше тіршілігі біржола біте қайнасты.


Адамдар сүйікті клубын қалай таңдайды?


Бұл жерде ешқандай құпия жоқ, бәрі отбасынан басталады. Әкесі баласын стадионға бірінші рет апарса немесе атасы теледидар алдында тақымын қысып отырса, бала да соны көріп өседі. Сассекс университетінің зерттеуі көрсеткендей, бір клубқа деген адалдық адамның діни немесе ұлттық болмысы сияқты өте берік болады. Бұл сезімнің іргетасы да дәл солай қаланады – бала кезде, жақын ортаның ықпалымен, ешқандай саналы таңдаусыз-ақ жүрекке ұялайды. 


Кейде таңдауға география, яғни тұрған жерің әсер етеді. Егер сіз Лондонның шығысында тұрсаңыз, «балғашыларға», яғни «Вест Хэмге» жанкүйер болуға тура келеді. Ал солтүстігінде тұрсаңыз ше? Әттеген-ай, «Тоттенхэмді» қолдайсыз. 


Бір қызығы, әкесі мен баласы екі бөлек клубқа жанкүйер болуы әбден мүмкін. Бұл ешқандай трагедия емес, тек өзіңді танудың бөлек бір хикаясы. Клуб таңдауға тек отбасы емес, мектептегі орта, аула, алғашқы достар — яғни үйден тыс жердегі әлеуметтік байланыстар да әсер етеді. Адамға футбол әлемін алғаш кім ашса, қалған дүниенің бәріне соның ықпалы жүреді.


Ал клубқа есейгенде келудің жөні бөлек. Бұл көбіне кездейсоқ жағдайға немесе тартымды бір хикаяға байланысты болады. Мүмкін, команданың киім үлгісі ұнап қалған шығар, не нақты бір ойыншының шеберлігі тәнті еткен болар, не болмаса клубтың чемпиондыққа барар жолы әсер еткен шығар. Мұндай футбол хикаялары ақпарат айдынында жетіп артылады.


Бірақ ультрас тек агрессия емес. Бұл – өз эстетикасы, саяси көзқарасы мен тарихы бар тұтас мәдениет. Әрине, бұл мәдениет әр жерде әртүрлі болуы мүмкін. Айта кетері, жанкүйерлердің бәрі бірдей ультрас емес. Олар жалпы фанаттардың тек 5%-ы ғана. Тек осы топ өкілдері тым ерекшеленіп тұратындықтан, фанаттық әлем десе, жұрттың жадына бірден осылар оралады. 


Жанкүйерліктің физиологиясы


Оксфорд антропологтары қызық қорытынды жасады: фанаттарды клубқа жеңіс емес, жеңіліс қаттырақ байлайды екен. Нақтырақ айтсақ, эмоцияңыздың қатты шығуы.  


Бірге бастан кешкен масқара жеңіліс – мейлі ол төменгі лигаға ұшып кету болсын, мейлі финалдағы оңбай ұтылу болсын – қызық бір құбылыс тудырады. Ғалымдар мұны «болмыстардың тоғысуы» дейді. Яғни, жанкүйердің жеке өмірі мен клубтың тарихы бір-бірімен араласып, ортақ дүниеге айналады. Адам өзін сырттан қарап тұрған көрермен емес, сол оқиғаның нақ ортасында жүрген қатысушысы ретінде сезінеді. Психологиямыз солай құрылған.


Сол себепті басқаларда «үнемі ұтылатын команданы қалай жақсы көруге болады?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бірақ оның жауабы өте қарапайым: әрбір жеңіліс – жүрекке түскен екеуіне ортақ тағы бір сызат. Арадағы байланысты бекіте түсетін жіп десе де болады. Сондықтан клубтың ұтып-ұтпағаны аса маңызды болмай қалады.


Ал екінші жағынан, психолог Роберт Чалдини 1976 жылы бір қызық жайтты байқаған. Ол америкалық университет студенттерінің футболдан кейінгі мінез-құлқын бақылапты. Сөйтсе, команда жеңген күні студенттер клубтың киімдерін жаппай киіп, «біз жеңдік!» деп мақтанып жүреді екен. Ал жеңіліп қалса – шарфтарын тығып тастап, «олар ұтылып қалды» деп ат-тонын ала қашады.


Ғалымдар 2014 жылғы әлем чемпионатында Бразилия 1:7 есебімен Германиядан ұтылып жатқанда жанкүйерлердің қанын тексерген. Сол кезде олардың бойындағы күйзеліс гормоны (кортизол) адам өміріне нақты қауіп төнгендегідей деңгейге жоғарылаған. Осыған дейінгі зерттеулер де мұны растап отыр: маңызды матчтар болатын күні жанкүйерлердің арасында жүрек талмасы жиілеп кетеді екен. Яғни, алаңдағы 11 бейтаныс жігіт сіздің көңіл-күйіңізді ғана емес, қаныңыздың құрамын да өзгертіп жібереді.


Дерби: Бәрі бәске тігілетін күн


Футбол әлемінде дерби күнінің жөні де, жолы да бөлек. Әр елдің өз басты матчтары бар. Дерби біреу ғана болуы шарт емес, олар көп болуы да мүмкін. Бірақ солардың ішінде футбол матчынан гөрі нағыз майданға ұқсайтындары бар. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтейік.


Испания. «Реал» – «Барселона» 


Ресми түрде қарасақ – бір елдің екі клубы. Бірақ шындығында, «Испания деген не өзі?» деген сұраққа екі түрлі көзқарастың қақтығысы. «Барселона» – каталондық болмыстың және тәуелсіздікке ұмтылыстың символы. Ал «Реал» – Испаниядағы орталықтандыру саясатының жүрегі. Сондықтан бұл жерде саяси қайшылықтар үнемі себеп болатын.


Кейін Месси мен Роналду пайда болды да, саясат уақытша екінші қатарға ысырылды. Он жыл бойы El Clásico ғаламшардың ең үздік екі ойыншысының жеке текетіресіне айналды. Екеуі кеткен соң, матчта бір нәрсе өзгерді. Ол жеке дуэльге ұқсамайтын болды. Бірақ іштегі жалын ешқайда кеткен жоқ. Жылына алты рет ойнаса да, бұл дерби әлі күнге дейін жылдың ең тартымды матчтарының бірі.


Шотландия. «Селтик» – «Рейнджерс» 


Мұндағы әңгіме саясат емес, дін төңірегінде. «Селтикті» 1887 жылы ирландиялық монах құрған, мақсаты – Глазгоға қоныс аударған кедей ирландықтарға ақша жинап беру. Ал «Рейнджерс» – шотланд протестанттарының клубы. Яғни, католиктер протестанттарға қарсы. Ирландия республикашылдары британиялық юнионистерге қарсы. Солтүстік Ирландиядағы қақтығыстың жаңғырығы Глазгоның мінберлерінде де естілетін. Қазір бәрі тынышталса да, бұрын бұл матчтарда фанаттар өліп те кететін. 


Аргентина. «Бока Хуниорс» – «Ривер Плейт» 


Екі клуб та Буэнос-Айрестің бір ауданында құрылған. Кейін «Ривер» бай кварталдарға көшіп, қымбат ойыншыларды сатып ала бастады. Осылай, әлеуметтік жік пайда болды: «Бока» – жұмысшылардың клубы, «Ривер» – буржуазияның, байлардың клубы.


Суперкласико болғанда бүкіл әлем абайлап, тіпті аздап қорқып қарайды. 2015 жылы бір фанат тоннельдің ішінде «Ривер» ойыншыларының бетіне бұрыш газын шашып жіберіп, матч тоқтатылған. 2018 жылы стадионға бара жатқан «Боканың» автобусын таспен атқылап, бірнеше футболшы жарақат алды. Соның кесірінен Либертадорес Кубогының финалын Мадридке көшіруге тура келді. Себебі Аргентинаның өзінде оны өткізу қауіпті еді.


Италия. «Милан» – «Интер»


Екі клуб, бірақ бір стадион. Бұл жай теңеу емес, олар шынымен де «Сан-Сироны» қақ бөліп пайдаланады. «Интер» клубының өзі кезіндегі кикілжіңнен пайда болған: «Милан» акционерлерінің бір бөлігі шетелдіктерді алғысы келді, бірақ оларға рұқсат бермеген соң, бөлініп шығып, жаңа клуб құрды. «Интернационале» – яғни, интернационалды. Сондықтан әр матчтан кейін Милан қаласы я қызыл-қара, я қара-көк түске боялады. Ойынның шарты осындай.


Derby della Madonnina – бұл атау собордың ұшындағы Мадонна мүсінінің құрметіне қойылған. Миланда тіпті өшпенділіктің өзінде бір ерекше талғампаздық бар. 


Мұның бәрі не үшін керек?


Жанкүйер болу өзіңді үлкен бір қауымдастықтың бөлігі сезінуге мүмкіндік береді. Адам баласына жалғыз болмау, бір топқа тиесілі болу өте маңызды. Қайғылы оқиғадан гөрі сүйікті клубыңның жеңілісіне ортақ болу әлдеқайда жеңіл. Өйткені жеңілістің ащы дәмі бірнеше күннен соң басылады.


Ең бастысы – ертеңге деген үміт бар. Бүгін ұтылдық, биыл чемпион болмаймыз, бірақ келесі жылы бәрі жақсы болады деген сенім фанаттарды біріктіреді.

Бөлісу: