ДенсаулықПсихологияFrutiger Aero: минимализм қалай бәріміз күткен әдемі болашақты құртты?

Frutiger Aero: минимализм қалай бәріміз күткен әдемі болашақты құртты?

19 мамыр 2026
3 мин
Л
Реклама One2One | Instagram @xfolderr

Бірінші iPhone мен Windows XP де тарих болып қалды. Баяғы кассеталар мен дискілер, ал одан әрі күйтабақтар мен патефондар қалай ескірсе, қазір бұл технологиялар да дәл сондай көне дүниеге айналып үлгерді. Көп уақыт өтпесе де, ол кез мүлдем басқа бір дәуір сияқты сезіледі. Tamga Media жұрттың сол уақытты неге сонша сағынып жүргенін зерттеп көрді.


Біз тек құрылғыларды емес, сол кездің атмосферасын да жақсы білеміз. Алғашқы плазмалық теледидарлар, мектептегі информатика сабағы, технологияның шыңы көрінген ағамыздың компьютері... Флешка арқылы тарайтын ойындар,  батырмалы телефондардағы Java-қосымшалар мен «Nokia мықты ма, әлде Sony Ericsson мықты ма?» деген қызу таластар әлі есімізде.


Ол кезде бізге болашақты былай көрсетті: көгілдір түстер, әйнек батырмалар, су тамшылары, жасыл төбелер және шаң мен шуы жоқ мінсіз қалалар. Сол сәттерде біз бұны жай ғана стиль емес, алдағы нағыз технология әлемі деп қабылдадық.


Кейінірек бұл дизайнға әріптерді жасаған Адриан Фрутигердің құрметіне Frutiger Aero деген атау берілді. Ол заманда бұл сөзді ешкім білмесе де, стилі бәріне таныс еді: Windows-та, плеерлерде, жарнама мен теледидарда, тіпті заттардың қаптамасында да осы бейнелер тұратын.


Экрандағы суреттердің бәрі шынайы, көлемді көрінетін. Батырмаларды басып, иконкаларды қолмен ұстап көргің келіп тұратын. Тіпті интернет сияқты беймәлім дүниені де әйнек глобус немесе ұшып жүрген WWW әріптерімен өте қарапайым етіп түсіндірді.


Техника өте тез өзгерді, әрбір жаңа гаджет нағыз сенсация болатын. Телефондар, плеерлер, приставкалар мен алғашқы смартфондар – бәрі көз алдымызда жаңарып жатты, мұны тамашалағанның өзі қызық еді. Дәл осы Frutiger Aero стилі әлемнің қандай жылдам, әдемі әрі ыңғайлы болып бара жатқанын сездірді.


Бәрі қалай өзгерді?


Кенеттен бәрі өзгерді. Экрандағы стиль қарапайым әрі біркелкі болып шыға келді. Бұл заңды еді, өйткені жаңа техникаға басқа дизайн керек болды әрі баяғы жылтыр дүниелерден жұрт жалыға бастады. Бірақ бұнымен бірге сол баяғы wow-эффект те жоғалды.


2010 жылдардың басында сәнге flat design, яғни «тегіс дизайн» кіріп, бірден бәрі соған көшті. Бұл стильде артық ештеңе жоқ: пішіндері қарапайым, ұсақ-түйегі аз, ал баяғы жылтыр мен көлем мүлдем жоқ. Apple, Google мен Microsoft сияқты алпауыттар бұны жарыса қолданып, қазір ортақ трендке айналдырды.


Жаңа стиль жинақы әрі ыңғайлы болғанымен, бәрі бір-бірінен айнымай, бірсарынды болып кетті. Осы кезде жұрт ескі дизайнды мүлдем басқаша бағалай бастады.


Frutiger Aero-ны неге қайтадан сағына бастады?


Адамдар бұл стильді әдемі болғаны үшін іздеп жүрген жоқ. Бұл – технология өмірімізге енді ғана кіріп, әлі жалықтырмаған, бәрі қызық көрінген кез еді. Қысқасы, ол кезде «жер де, көк те басқаша» болатын.


Қызығы, бұл көп уақыт бұрын болған дүние емес. Оның үстіне, ол заманды көрмеген, тіпті мүлдем бала болған жастардың өзі қазір осы стильге қызығып жүр.


Өйткені ол кезде интернетте қазіргідей негатив аз, ал телефонға телмірген жұрт жоқ болатын. Гаджеттер адамды байлап ұстайтын тұзақ емес, жай ермек еді.


Қазір адамдар дизайнның өзіне емес, сол кездегі бәрінің жаңа әрі қызық болған кезіне қызығады. Бұл стильдің қайта сәнге айналуы да содан шығар. Бірақ қазір бұл дизайнерлердің жұмысы емес, жай ғана баяғы орындалмаған әдемі арман сияқты.

Бөлісу: