Ойын-сауықКиноFriends актерлары қалай әлі күнге дейін жылына 20 млн доллар тауып отыр?

Friends актерлары қалай әлі күнге дейін жылына 20 млн доллар тауып отыр?

28 мамыр 2026
5 мин
Как актеры Friends до сих пор зарабатывают по 20 миллионов долларов в год
Фото: Tamga Media / ЖИ

“Friends” (Достар) сериалын көрмеген немесе естімеген адам кемде-кем шығар. Кезінде талай жастың ағылшын тілін үйренуіне себепкер болған бұл ситкомның әзілдері мен қанатты сөздері әлі күнге дейін ел аузында. 90 жылдардың аңызына айналған жобаның соңғы эпизоды жарық көргелі жиырма жылдан асты. Соған қарамастан басты рөлдегі алты актердың әрқайсының шотына жыл сайын 20 миллион доллар (шамамен 9 миллиард теңге) түсіп тұрады. Жақында Фибидің рөлін сомдаған актриса Лиза Кудроу The Times басылымына берген сұхбатында бұл ақпаратты растап, желіні дүр сілкіндірді. Tamga Media осы «мәңгі ақша конвейерінің» құпиясын зерттеп көрді.


«Достар» өзі қандай туынды?


Warner Bros. Television студиясының астында түсірілген ситком алғаш рет NBC телеарнасында 1994 жылы 22 қыркүйекте экранға шықты. Содан бері тұтас бір дәуірді қамтып, 10 маусым мен 236 эпизод жарық көрді.


Сериалда Нью-Йорктың қақ ортасында, шулы Манхэттенде өмір сүретін алты жастың хикаясы баяндалады. Бір қарағанда туынды тым қарапайым көрінуі мүмкін, алайда Дженнифер Энистон (Рэйчел), Кортни Кокс (Моника), Лиза Кудроу (Фиби), Мэтт ЛеБлан (Джоуи), Мэттью Перри (Чендлер) және Дэвид Швиммер (Росс) сомдаған кейіпкерлер миллиондаған адамның жақын досына айналып үлгерді. Тазалыққа құмар аспаз, сән әлемінің еркесі, аңқау да сүйкімді актер, сарказмның хас шебері, ақылды палеонтолог және әлемі бөлек қиял қыз көрерменнің көз алдында есейіп, көпшіліктің жанына жақын сериалына айналды.


Жоба авторлары 20-30 жас аралығындағы ең қызық кезеңді дәл жеткізе білді. Бұл – ата-анадан жырақ кетіп, достармен көп уақыт өткізетін естен кетпес шақ. Аты аңызға айналған “Central Perk” кофеханасындағы қызу әңгімелер мен Мониканың жайлы пәтеріндегі басқосулар экранның арғы жағындағы көрерменді сол жылы ортаның бір мүшесіндей етті. Сол себепті бұл сериал көп адамның тұтас өмір салтына айналып, дүниетанымын қалыптастырды десе де болады.


Телевизия тарихындағы ең ақылды келісімшарт


Алғашында алты бас кейіпкердің ешқайсы танымал емес еді. Кортни Кокс Брюс Спрингстиннің бейнебаянынан танылған. Қалғандары эпизодтық рөлге немесе жарнамаға түсіп келген. Бірінші маусымда олар бір эпизод үшін небәрі 22 500 доллар (бүкіл маусым үшін шамамен 540 мың доллар) алды.


Өмірінің соңына дейін жететіндей табыстың сыры сериалдың алтыншы маусымында, яғни 2000 жылы жасалған тарихи келісімшартта жатыр. Әдетте Голливудта телехикая табысынан пайыз алу құқығына тек сериал авторлары мен продюсерлері ие болады. Актерлар тек әр эпизод үшін белгіленген қаламақысын алып, жоба біткен соң түсетін табыстан қағылатын.


«Достардың» актерлық құрамы – Дженнифер Энистон, Кортни Кокс, Лиза Кудроу, Мэтт ЛеБлан, Мэттью Перри және Дэвид Швиммер – телевизия саласында нағыз төңкеріс жасады. Олар продюсерлермен жеке-жеке емес, бір команда болып ортақ келіссөз жүргізді. Студия олардың талабын орындамаса, алтауы да сериалдан бірдей кететінін айтып, ультиматум қойды. Олардың талабы мынадай болды:

  • Әр эпизодқа – 1 миллион доллар. Ол кезде бұл рекордтық сома болатын.

  • Сериалдың синдикациясынан, яғни басқа телеарналардан және платформалардан қайта көрсетуге сатқаннан түсетін жалпы табыстың 2%-ын алу.


Warner Bros. студиясы ол кезде сериалдың сонша табыс әкелетінін болжамаса керек, амалсыз бұл шартқа келіскен. Міне, осы 2% үлестің арқасында алты актер мультимиллионерлер қатарына енді.


Табыс қалай есептеледі?


Телеарналар мен стриминг платформалар сериалды көрсету үшін жыл сайын миллиондаған долларға лицензия сатып алуы керек. Қазіргі таңда Warner Bros. студиясы көрсетілім құқығын сатып, жылына 1 миллиард долларға жуық таза пайда көреді. Сол пайданың 2%-ы – 20 миллион доллар.  


Стриминг дәуірі басталғалы сериалдың құны тіпті арта түсті. Мысалы, 2015 жылы Netflix сериалды өз платформасында қалдыру үшін жылына 100 миллион доллар төлесе, кейін Warner Bros. Discovery сериалды өзінің HBO Max платформасына қайтарып алу үшін бес жылға 425 миллион долларға келісім жасасты. Сериал платформадан платформаға көшкен сайын, актерлардың әмияны қалыңдай түседі. Ал платформалар үшін миллиондаған жанкүйері бар мұндай туынды көрермен тартудың құралы ғана емес, ай сайынғы жазылымнан түсетін тұрақты табыс көзі.


Бұл сома жыл сайын сәл өзгеріп отыруы мүмкін. Мысалы, стриминг платформаларымен ірі келісімшарт жаңарған жылы табыс өседі, ал қаралым сәл бәсеңдегенде төмендеуі ықтимал.


Сонымен, алтауы қанша тапты?


Жылына «20 миллион доллар» деген ақпарат – Warner Bros. компаниясының ресми аудиттелген есебі емес. Бұл – индустрия мамандары мен инсайдерлердің нарықтағы келісімшартқа сүйеніп жасаған ұзақ мерзімді бағалауы. Студия мен актерлар арасындағы келісімшарттардың нақты сомасы құпия. БАҚ өкілдері мен қаржы сарапшыларының 2026 жылға жасаған бағалауы бойынша, сериал түсірілімі кезінде алған 90 миллион доллар жалақысы мен роялти табысын қоссақ, әр актер 200-300 миллион доллар алған.


Сарапшылардың есебі бойынша, Дженнифер Энистонның жалпы табысы 300 миллион доллардан асып жығылады. Қалған бес актердың де табысы осы шамалас, өйткені олардың келісімшарты мен үлесі бірдей. Жақында қайтыс болған Мэттью Перридің үлесі оның мұрагерлеріне тиесілі.


Лиза Кудроу The Times басылымына берген сұхбатында: «Мұндай қыруар табысқа кенелеміз деп ешкім ойлаған жоқ. Біз тек еңбегіміздің лайық бағаланғанын қаладық», – дейді.


«Темірді қызған кезде соқ» демекші, жобаның әлемдік хитке айналғанын дер кезінде түсінген актер ұжымы уақытында дұрыс талап қоя білді. Олар экрандағы образдарын мәңгілік «зейнетақыға» айналдырып, шоу-бизнес тарихындағы ең әділетті бизнес-кейсті жасап шықты. Бүгінде «Достар» жай сериал емес, мерчтері, LEGO жиынтықтары мен түрлі тауары миллиондап сатылатын, әлем телеарналары прайм-таймға таласып сатып алатын алып корпоративтік актив.

Бөлісу:

Friends актерлары қалай әлі күнге дейін жылына 20 млн доллар тауып отыр?