Әрбір үлкен футбол турнирінде ойын нәтижесін болжайтын жаңа бір жануар танымал болады. Ол ойын нәтижесін спорт сарапшыларынан да жақсы білетін сияқты көрінеді: тамақ тұрған ыдысты дәл таңдайды, қақпаға доп тебеді немесе жай ғана бір команданың туының қасына барып тұрады. Жеңімпазды қайта-қайта дәл тапқандықтан, мұндай жануарлар бүкіл әлемге танылып жатады. Tamga Media футбол тарихындағы ең танымал жануарларды еске түсірді.
Пауль сегізаяғы
Адамдардың мұндай футбол болжамдарына көзқарасын өзгерткен бірден-бір жануар – Пауль сегізаяғы. Ол Германияның Оберхаузен қаласындағы океанариумда тіршілік етеді. Пауль басында Еуро-2008 турниріндегі Германия құрамасының ойындарын болжап жүрді, ал кейін 2010 жылғы Әлем чемпионатында бүкіл әлемге танымал болды.
Әр ойынның алдында оның аквариумына тамақ салынған екі ыдыс әкеледі. Екі ыдыстың сыртына екі команданың туын салып қояды. Пауль қай ыдысқа жақындаса, сол команда жеңеді деседі.
2010 жылғы Әлем чемпионатында бұл сегізаяқ Германия құрамасы қатысқан барлық жеті ойынның нәтижесін қатесіз тапты. Ал кейін финалда Испанияның жеңетінін де дәл болжады. Оны әлемнің ең үлкен телеарналары көрсетіп, аквариумының алдына туристер кезекке тұрды, ал интернетте Пауль туралы мемдер қаптады. Кейбіреулер Паульді нағыз «данышпан» десе, енді біреулер өз командасының жеңілетінін болжап қойғанда «оны кешкі асқа қуырып жейміз» деп әзілдейтін.
Ахилл мысығы
Паульден кейін көп елде футбол нәтижесін болжайтын жануарлар шыға бастады. Соның бірі – Санкт-Петербургте орналасқан Эрмитаж мұражайындағы ақ мысық Ахилл.
2017 жылғы Конфедерациялар кубогы, 2018 жылғы Әлем чемпионаты және Еуро-2020 ойындары кезінде оның алдына екі елдің туы бар екі ыдыс қояды. Мысық бірінші қай ыдысқа барса, сол команда жеңеді деп білетін.
Ахилл аз уақытта жанкүйерлердің сүйіктісіне айналды. Өйткені ол ойын нәтижелерін жиі дәл тауып жүрді. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, мысықтың құлағы естімейді. Содан болар, ол айналадағы шуға алаңдамай, өз таңдауын жасайтын. Кейін Ахиллдың әлеуметтік желіде парақшалары ашылды. Ал туристер мұражай жәдігерлерімен ғана емес, осы мысықты да көру үшін арнайы келетін болды.

Фунтик шошқасы
2012 жылғы футболдан Еуро чемпионаты кезінде Киевтегі жанкүйерлердің сүйікті ермегі Фунтик деген шошқа болды.
Күн сайын кезекті ойындардың алдында оның алдына екі елдің туы қадалған екі жем салғыш қояды. Ол таңдаған жем салғыш автомат түрде ойын нәтижесінің болжамына айналды.

Осы қылығының арқасында Фунтик фан-зонаның ең көп талқыланатын жұлдызына айналды. Туристер оны көру үшін арнайы барып, қоршауының қасында суретке түсіп, жаңа болжамдарын асыға күтетін. Шындығына келсек, әйгілі Паульмен салыстырғанда бұл шошқаның болжамдары көп дәл келмеді. Оның айтқандарының тең жартысы, соның ішінде финалдық кездесу де қате шықты. Бірақ сәтсіз таңдаулар Фунтиктің Еуро-2012 турнирінің нағыз жұлдызы болуына еш кедергі келтірмеді.
Нелли пілі
Германияда «Серенгети» сафари паркіндегі Нелли есімді піл футбол болжамын нағыз шоуға айналдырды.
Нелли басқа жануарлар сияқты тамақ таңдаған жоқ. Оның алдына екі елдің туы ілінген кішкентай футбол қақпаларын қойып, допты берді. Піл допты тұмсығымен қай қақпаға кіргізсе, сол команда ұтылады деген белгі еді.
Осы ерекше әдіс Неллиді телеарнаның нағыз жұлдызы етті. Пілмен бірге спорт сюжеттері түсіріліп, видеолары миллиондаған рет қаралды. Болжамдарының бірнешеуі дәл шыққанымен, қателескен кездері де болды. Соған қарамастан, көпшілік Неллиді Паульдің нағыз мұрагері деп атады.
Рабио сегізаяғы
Ең ерекше оқиға Жапонияның Рабио деген сегізаяғына қатысты болды. 2018 жылғы Әлем чемпионаты кезінде оны үш бөлікке бөлінген бассейнге салатын. Ол бөліктер Жапония құрамасының жеңісін, тең ойынын немесе жеңілісін білдірді. Рабио өз елінің бірнеше ойынын қатарынан дәл тауып, бірден танымал болып кетті.

Бірақ бұл хикая ұзаққа созылмады. Сегізаяқтың иесі қарапайым балықшы еді. Ол топтық кезең біткен соң, Рабионы базарға апарып, басқа балықтармен бірге сатып жіберді. Әйгілі жануарды жай ғана жеп қойғаны туралы хабар бүкіл әлемге тарап, чемпионаттың ең көп талқыланған жаңалығы болды.
Адамдар неге жануарлардың болжамына сенеді?
Паульден кейін әлемде футбол нәтижесін болжайтын ондаған жануар пайда болды. Бірақ оның көбі бірнеше қатеден кейін-ақ жаңалықтардан тез жоғалып кетті.
Психологтардың айтуынша, адамдар жануардың тек дәл тапқанын жақсы есте сақтайды да, қателеріне мән бермейді. Әр турнирде ондаған жануар болжам жасайды, бірақ арасынан бірнеше рет дәл тапқандары ғана танымал болады.
Бұл жерде ешқандай сиқыр жоқ. Тек үлкен футбол турнирлерінің ең ерекше дәстүріне айналған қызық шоу ғана.



