Бетке арнайы жаттығу жасаса, әжім азайып, бет тез қартаймайды дейді. Бұл шынымен көмектесе ме? Tamga Media мұны білу үшін жаттықтырушы Айым Бутковадан сұрап көрді.
Face fitness – бетке арналған қарапайым жаттығулар. Face fitness ұғымын алғаш болып америкалық косметолог Кэрол Маджио ұсынған. Ол өз тәжірибесіне сүйеніп, “Бет терісі мен бұлшықеттеріне арналған аэробика” деген кітап жазған.
Адамның жасы ұлғайған сайын бет бұлшықеттері қатайып қалады немесе терісі салбырап кетеді, әжім мен дақтар түседі. Ал арнайы жаттығулар бұлшықетті босаңсытады, салбыраған теріні орнына келтіреді, беттегі қан айналымын жақсартады. Бетке жаттығу жасаса, теріге оттегі жетіп, түсі жақсарып, адамның өңі кіріп қалады. Жаттықтырушы Айым Буткованың айтуынша, адам бетінде бұлшықет көп. Бірақ оның бәріне емес, нақты әсер етуге болатын бұлшықетке жаттығу жасау керек.
“Бірден нәтиже көруге асықпаңыз. Адам бетіне жаттығуды дұрыс жасаса, әдетте бір аптадан кейін бетінің ісігі басылады, көз астындағы кетеді, бет пішіні көріне бастайды. Ал екінші аптада иек астындағы май кете бастайды, мұрнының ұшы көтеріледі, қабағы ашылады. Мұрынның, еріннің, маңдайдың айналасындағы қыртыстар азаяды”, – дейді маман.
Face fitness-ті кез келген жаста жасауға болады. Оған көп уақыт кетпейді. Дегенмен жаттығу әр жастағы адамға әрқалай әсер ететінін ескеру керек.
“Мәселен, 20 жастағы қыз бетіне жаттығу жасап, бір аптада бетінің ісігін кетуі мүмкін. Ал 65 жастағы әйелге ұзағырақ уақыт қажет болуы мүмкін”, – дейді жаттықтырушы.
Мұндай жаттығуларды бетте акне, розацеа, дерматит сияқты тері ауруы болғанда, косметологтың процедурасынан кейін, қан қысым жоғары болып тұрғанда, беттің жүйке жүйесі зақымданғанда жасауға болмайды. Оған қоса бетке арналған жаттығу бет ассиметриясын түземейді. Себебі көп жағдайда ассиметрия адамның денесі, омыртқасы қисайғаннан пайда болады.
“Бет ассиметриясы – адамның екі бетінің бір-біріне ұқсамауы, айырмашылық боулы. Адам сөмкесін үнемі бір жақ иығына ғана асса, еңкейіп жүрсе, арқасын түзу ұстамаса, омыртқасы қисаяды. Кейін ағза осы қалыпқа үйреніп кетеді. Денеңізді сол қалпында ұстап, бет жаттығуларын жасасаңыз, бетіңіздегі ассиметрия бұрынғыдан да қаттырақ көріне бастайды. Себебі ісік азайып, бұлшықеттер анық көрінеді”, – дейді жаттықтырушы.




