СпортСпортF1: биыл бізді қандай қызық күтіп тұр?

F1: биыл бізді қандай қызық күтіп тұр?

12 маусым 2026
5 мин
«F1» фильмінен үзінді | Фото: IMDb

Шөл даладағы немесе басқа да жарыстарды ұнататындар не десе де, Формула-1 – автоспорттың төресі. Бұл жерде қомақты қаржы, сан түрлі талап, драма мен шытырман оқиға бар. Биылғы маусымның алты кезеңі артта қалды, енді жарыстар апта сайын өтеді. Біз тек осы бәсекенің қалай аяқталатынын бақыласақ болғаны. Бұл туралы толығырақ осы мақаламызда баяндаймыз. Жалпы мақала Формуланы бұрыннан көріп жүргендерге арналған. Жарысқа қызықпасаңыз да, өзіңізге ұнайтын тұстарын табатыныңызға сенеміз. Әсіресе биыл жаңа ережелер енгізілгенін ескерсек, қызықтың бәрі әлі алда.


Формула-1 туралы тек Брэд Питттің киносынан көрген болсаңыз, бұл мақала сізге арналады. Қысқаша түсіндіріп өтейік. Жалпы чемпионатта 10 команда бар, әрқайсында екі ұшқыштан, яғни жарыс жолына 20 көлік шығады. Биыл 11-команда қосылды, оған бөлек тоқталамыз. Бұл ұшқыштар бір жыл ішінде әлемнің түкпір-түкпіріне, мысалы Аустралиядан бастап Абу-Дабиге дейін барып, 20-дан астам үлкен жарысқа қатысады. Әр жарыс сайын мәреге бірінші жеткен 10 ұшқышқа ұпай беріледі. Әрине, жеңімпаз ең көп ұпай еншілейді, ал қалғандарына кімнің нешінші болып келгеніне қарай ұпай беріледі. Мұнда жеңімпаздарды екі түрлі жол арқылы анықтайды. Біріншісі – ұшқыштардың өзара жарысы, олар әлем чемпионы атағы үшін таласады. Екіншісі – Конструкторлар кубогы, мұнда бір командадағы екі ұшқыштың ұпайы қосылады. Бұл кубок өте маңызды, өйткені команданың табысы тікелей осыған байланысты. Сондықтан бір командадағы серіктестердің өзі жарыс жолында екеуара соқтығысып қалса, бұл – қалыпты. Кіріспе осы, енді ең қызық тұстарына көшейік.

Жаңа ережелер шынымен соншалық нашар ма?


Барынша қарапайым тілде айтайық. Бұрын көліктің негізгі күші үлкен бензин моторынан келетін, ал электр қуаты оған бестен бір бөлігіндей ғана көмекші күш қосатын. 2026 жылдан бастап тоқ екі есе көбейді. Демек 50/50 болды, тіпті 2027 жылдан бастап 60/40 болады деген сөз бар. Оның үстіне, көліктер толықтай таза экологиялық, синтетикалық жанармайға көшті. Сол себепті үйреншікті DRS жүйесін (басып озу үшін ашылатын артқы қанатты) алып тастап, белсенді аэродинамика қосты – енді қанаттар энергия үнемдеу үшін өз қалыптарын өзгертеді. Ал қарсыласын басып озу үшін арнайы батырма жасады: оны бассаң, электр қуаты бір сәтке артып, жылдамырақ жүреді, сондықтан мұны Марио Карт ойынымен салыстырады. Бірақ батарея қуаты да таусылады, сондықтан ұшқыш жарыс жолында қуатты қай жерде жұмсап, қай жерде үнемдеу керек екенін үнемі есептеп отыруы керек. Әйтпесе, қуаты таусылған сәтте орнын оңай жоғалтып алуы мүмкін. Көліктер де, жарыс жағдайы да өзгерді. Жаңа ережеге ауысқан бірінші жыл оңай болмайтыны анық.

Сондықтан биыл наразылық өте көп. Тым ауыр, суға жүзген үлкен кемедей болған көлік басқару қиын. Бірақ соған қарамастан жарыс та қызып тұр, бірін-бірі басып озғандар да жетеді (негізі бәрі бұдан былай ешкім ешкімнен оза алмайды дескен). Тіпті кім жеңері алдын ала белгілі болатын Монаконың өзінде айыппұлдардың кесірінен күтпеген қызықтар болды. Бірақ олардың ылғи ренжіп жүруі – үйреншікті әдет. Мысалы, кейінгі жарыста Хаджар (Red Bull) радиомен жол бойы «дөңгелегім тозды, қуат таусылды» деп байбалам салды, бірақ мәреге үшінші болып жетті (бір жағынан бұған Гаслидің (Alpine) айыппұл арқалағаны көмектесті). Шындығында, көбі маусым қызықсыз болады деп қорыққан еді, ал іс жүзінде бәрі мүлдем басқаша болды: моторлардың деңгейі де, командалардың күші де, ұшқыштардың мансабы да өзгерді. Демек, жаңа ереже соншалық нашар емес, тек оған үйренісу керек. Мұны қолдайтындардың да, қарсылардың да уәжі дұрыс. Жағдай бәріміз ойлағандай қорқынышты емес екен, сондықтан жарысты көрген әлі де қызық.


Басты сұрақ: чемпионның кім болары алдын ала шешіліп қойды ма?


Жарыс кестесін ашып қарасаңыздар, Кими Антонелли (Mercedes) Льюис Хэмилтонды (Ferrari) 66 ұпайға озып кеткен. Ал былтыр чемпион  болған Ландо (McLaren) мүлдем артта қалды. Формула-1 тарихында мұндай үлкен айырмашылықпен алға шыққан ұшқыштың чемпион болмай қалған кезі кездеспеді. Биыл Mercedes-тің бағы жанып тұр: көліктері жүйрік, Кими де – нағыз вундеркинд. Ал оның командаласы Расселдің жолы болмай-ақ қойды – әр жарыста көлігі бұзыла береді. Ferrari-дің машиналары басқалардан жақсы болғанымен, ішкі мәселесі көп. Бірақ басқа жағынан қарасақ: қалған ұшқыштардың енді жоғалтатын ештеңесі жоқ. Кими әр жарыста алдына жан салмаса да, оның артындағы көліктердің өзара қалай таласатынын және бірін-бірі басып озу үшін қалай тәуекелге баратынын көре аламыз. Оның үстіне, алда әлі жарыс өте көп.

Ендігі мәселе: биыл қанша жарыс болады?


Аймақтағы жағдайдың ушығуына байланысты Таяу Шығыстағы жарыстар өтпейтін болды. Олардың орнына басқа кезеңдер қойылды, бірақ күнтізбеде тағы бір жарыстарды сыйдырып жіберетін бос күндер бар. Түркия тарапы кез келген уақытта жарысты қабылдауға дайын екенін айтты. Тіпті негізгі кезеңдер аяқталған соң, чемпионат Таяу Шығысқа қайта оралады деген де қауесет шықты. Бірақ қазір бұған сену қиын.


Алда не күтіп тұр: Макс (Red Bull) үшін бұл соңғы маусым ба?


Макс Ферстаппеннің келісімшарты 2028 жылға дейін жасалған, бірақ онда жарыстан ерте кетуге рұқсат беретін арнайы тармақтар бар. Тіпті оның өзі жаңа ережелерді енгізсе, 2027 жылы-ақ кетіп қалатынын тұспалдап айтқан еді. Ол – осы спорттағы ең танымал тұлға әрі тірі аңыз. Максты бірінші тұрған домино сүйегі деуге болады – ол құласа, бүкіл тізбек қозғалады. Мысалы, Mercedes басшысы Тото оған бұрыннан таңғалатынын жасырмайды. Макс Mercedes-ке ауысса, ол жақтағы Расселге орын қалмайды. Ал оның Red Bull-дағы босаған орны – қалған барлық ұшқыштың арманы. Бір ғана адамның шешімі команданың тең жартысы ауысуына түрткі болуы мүмкін.


Ең мықты мотор кімде?


FIA арнайы тексеріп, ең қуатты мотор Red Bull командасында екенін анықтады. Қызығы, бұл – олардың өздері жасап шығарған тарихтағы бірінші қозғалтқышы. Екінші орында – Mercedes. Ал Ferrari, Audi және Honda көш соңында қалды, әсіресе Honda айқын басымдықпен артта қалды (негізі Aston Martin бұл моторға үлкен үміт артқан еді). Бірақ бұл жерде бір гәп бар: олар көліктің бүкіл жүйесін емес, тек кәдімгі бензин моторын (ДВС) ғана бағалаған. Red Bull-да ең мықты мотор болғанымен, жарыстарда Mercedes жеңіп жүр. Формула-1 жарысының бүкіл сұлулығы да осында. Айтпақшы, артта қалғандарға моторларын жақсартуға рұқсат берілді, сондықтан Mercedes-тің де әлі күшеюге мүмкіндігі бар. Маусым соңына қарай жағдай мүлдем өзгеруі мүмкін.

Астон Мартин жақсы нәтиже көрсете ала ма?


Қазір бәрі бұл командаға қатысты әртүрлі айтады: бірі моторы әлсіз десе, енді бірі көліктің теңселіп, дірілдей беретінін алға тартады. Бірақ ең бастысы – олар көлікті түзей ала ма? Командаға тарихтағы ең мықты конструктор Эдриан Ньюи қосылды. Ол кезінде McLaren мен чемпиондық Red Bull көліктерін жасаған, сондықтан оның тәжірибесі өте үлкен. Жұрт бұл топтан бірден жақсы нәтиже күткен еді, бірақ әзірге ештеңе өзгере қоймады. Бәлкім, алдағы қысқа үзіліс пен көлікті жаңарту кезеңі жағдайды түзеуге көмектесер?


Жаңадан қосылған Cadillac-тың жағдайы қалай?


Cadillac – кейінгі 10 жылда бұл жарысқа алғаш рет қосылған жаңа команда. Ең соңғы рет 2016 жылы Haas деген марка келген еді. 10 жыл бойы ешкімді жолатпай келді де, биыл ғана General Motors қолдау көрсеткен америкалық алпауытты кіргізді. Қазірше олар Ferrari-дің моторын сатып алып жарысып жүр, өзінікін кейінірек жасамақ. Сұрақ біреу: олар алғашқы жылдан-ақ ұпай жинап, мықтылардың қатарына кіре ала ма? Мысалы, 2016 жылы келген Haas командасы бірінші жарысында-ақ алтыншы орынға шығып, бірден ұпай алған. Ал 2010 жылы келген Caterham, Virgin және HRT деген үш жаңа команда керісінше, жабылып қалғанша ылғи соңғы орындарда жүрді.

Cadillac-тың жағдайы Haas командасына ұқсайды: олар Перес пен Боттас деген екі тәжірибелі ұшқышты шақырды. Оларды жас болғаны үшін емес, инженерлерге көліктің қалай жүріп жатқанын нақты түсіндіріп бере алатындығы үшін алды. Қазір бұл таңдау күмән тудырып тұр, бірақ жақында Перес командаға алғашқы ұпайды әкелуге шақ қалды. Демек, бәрі әлі алда: біз қазір жаңа бір мықты команданы көріп жатырмыз ба, әлде бұл жай ғана ақшаны далаға шашқан қымбат жоба ма, ол жағы белгісіз.


Ереже бойынша командалардың күші теңесті ме?


Негізі жаңа ереже барлық команданы теңестіріп, тартысты күшейтуі керек еді. Алайда қазір кестеде үшінші орындағы McLaren мен төртінші орындағы Red Bull-дың арасы тым алшақтап кетті. Ал олардан кейін Alpine, Racing Bulls, Haas сияқты орташа топтың бөлек әлемі басталады, олар әр ұпай үшін өз араларында қатты таласып жатыр. Кестенің төменгі жағында бәсеке өте тартысты болғанымен, олардың көшбасшы Mercedes командасына жетуі әлі де қиын. Дегенмен алда көліктерді жаңарту кезеңі тұр, ADUO артта қалғандарға қуып жету үшін қосымша мүмкіндіктер беріп жатыр. Бәлкім, маусым соңына қарай бұл алшақтық шынымен азайып қалар.


Былтыр Макс кем-кетігі жоқ, жаңа Red Bull көлігімен тағы да чемпион болды. Ол әр мүмкіндікті қалт жібермеді. Биыл да одан дәл сондай нәтиже күтеміз бе?


Көлікті екі түрлі жол арқылы жақсартуға болады. Біріншісі – сыртқы қанаттары мен пішінін өзгерту. Екіншісі – ADUO жүйесімен моторын күшейту. Мұндай мүмкіндікті федерация тек артта қалғандарға берді. Қазір моторды реттеу әлдеқайда пайдалы. Жаңа ережелер енген бірінші жылы мотор нашар болса, көлік бірнеше секундқа артта қалып қояды. Сондықтан биыл үлкен табысқа көліктің сыртын әдемілегендер емес, бірінші кезекте моторын жөндеп алғандар жетуі мүмкін.


Артта қалғандарға тек көлікті жаңартуға рұқсат беріп қоймай, бюджеттен тыс бөлек ақша да бөлді. Мотор неғұрлым нашар болса, соғұрлым көп қаржы беріледі: 2-4% артта қалсаң – 3 миллионға жуық, 6-8% артта қалсаң – 6,35 миллион, ал 10%-дан асса – 11 миллион доллар беріп, «осы ақшаны түгел жұмсаңдар» деді. Бұл жағынан Honda ұтып тұр: алға шығу үшін өте үлкен ақша бөлінді. Классиктер айтқандай, бұл олар үшін нағыз – One shot, one opportunity (жалғыз мүмкіндік, жалғыз қадам).

Бөлісу: