Ойын-сауықЭзотерикаЕжелгі бақсылардан ChatGPT-ге дейін: тылсым дүние не үшін қажет?

Ежелгі бақсылардан ChatGPT-ге дейін: тылсым дүние не үшін қажет?

17 қыркүйек 2026
4 мин
«Ведьма любви» фильмінен үзінді | Фото: IMDb

Мың жыл бұрын адамдар бақсыдан «Мені не күтіп тұр?» – деп сұрайтын. Ол отқа қарап, сүйек лақтырып немесе трансқа түсіп, көңілге жағатын жауап айтатын. Ал қазір адамдар түн ортасында дәл осы сұрақты ЖИ-ге қояды да, үш-ақ секундта керек жауабын алады. Заман өзгеріп, көрініс басқа болғанымен, мистикаға деген сенім бәз-баяғы қалпында.


Адамзатқа неге сәл де болсын тылсым күш қажет?


Мистиканың басты парадоксы — ол барлық технологиялық революцияны аман-есен еңсеріп келді. Ертең не болатынын ғылым да дәл болжай алмайды. Сондықтан адам өзі басқара алмайтын жағдайға тап болғанда, тылсым күш оған бағыт-бағдар болады.


Ежелгі қоғамда шаман, оракул немесе абыздар қазіргі психотерапевтердің рөлін атқарды. Еш себепсіз, кенеттен орын алатын қуаңшылық, аяқ астынан келген дерт, соғыс, сәби өлімі адамдарға түсініксіз күй кешіртеді. Бұндай белгісіздікті адамның миы тікелей қауіп деп түсінеді. Адам мен тылсым күштер арасындағы дәнекер «болашақты дәл болжағандықтан» емес, адам сенімді әрі қорқынышын басу үшін қажет болды. Тіпті сәйкестік бола тұра, бақсының жауабын тауып түсіндіруінің өзі мүлде жауапсыз қалғаннан жақсы болды.


Сол себепті бәріміздің бойымызда мистикаға деген сенім бар. Өйткені ол ғылым сияқты ақиқат үшін таласпайды. Ол үрейді сейілтіп, көңілге жайлылық сыйлайды.


Гороскопқа неге сенеміз?


Уақыт өте келе болжам жасау бәріне қолжетімді бола бастады: кез келген журналда жұлдыз-жорамал қаптап, тіпті көршіміз де сәуегейлік айтатын болды.


Бірақ оның жаппай тарағаны сапасын түсіріп, адамдарға айтылған болжау тек өзіне арналғандай қабылданды. Бұл — Барнум эффектісі деп аталады. Мәселен, «Сіз сезімталсыз, бірақ кейде өзіңізге сенбейсіз» деген сияқты сөздер жұлдыздар шындықты айтқандықтан емес, кез келген адамға жаға кететіндіктен ұнайды. Ал қалған сәйкестіктерді миымыз өзі-ақ құрастырып, байланыстыра салады.


Бұған мидың апофения деген тағы бір қасиеті дамиды, яғни санамызға еш қатысы жоқ нәрселерден бір байланыс, мағына іздеп табатын әдет. Ғалымдар бұл қасиетті ғылыми жаңалық ашу үшін қолданса, қарапайым адамдар мұны Таро картасынан, туған күннен немесе жұлдыз-жорамаларда пайдаланады.


Зумерлер неге мистикаға әуес?


Дәл қазіргі жастар тарихтағы ең білімді, технологиямен өскен буын. Логикаға салсақ, олар мистика дегенге мүлде сенбеуі керек еді. Бірақ статистиканы көрсеңіз, таңғаларыңыз сөзсіз.


Pew Research Center зерттеуінше, АҚШ-та әрбір үшінші ересек адам жылына кемінде бір рет астрологқа, Таро картасына немесе сәуегейге жүгінеді. 18 бен 49 жас аралығындағы әйелдердің 43%-ы астрологияға сенеді екен. Бұл 50-ден асқан әйелдер мен еркектерге қарағанда екі есе көп. IBIS World сарапшыларының айтуынша, АҚШ-тағы астрология мен сәуегейлік қызметі жай ғана ермек емес, 105 мың адамды жұмыспен қамтып отырған, айналымы 2,3 миллиард долларды құрайтын үлкен салаға айналған.


NASA-ның ғарыш деректерін астрологтардың жорамалымен ұштастыратын Co-Star қосымшасын айтсақшы: 2020 жылы 7,5 миллион қолданушысы болса, 2023 жылы бұл сан 30 миллионға өсті. Ал жұлдыз-жорамал өнімдері мен қызметтеріне жұмсалатын қаржы 2021 жылы 12,8 миллиард доллар болса, 2031 жылға қарай 22,8 миллиард долларға жетеді деген болжам бар.


Зерттеуге қатысқандардың 72%-ы өмірдегі маңызды шешімдерді жұлдыз-жорамалға қарап қабылдайтынын айтқан. 63%-ы астрология мансабыма оң әсер етті десе, 41%-ы тіпті жұмысқа орналасар алдында болашақ бастығының жұлдызды сәйкестігін тексереді екен. Астрологияға сенетіндер тіпті ретроградты Меркурий кезінде, маңызды істер мен шешімдерін әдейі кейінге шегеріледі.


Жастар мистикаға көзсіз сеніп кеткен жоқ. Себебі олар өмір сүріп жатқан әлемде экономика да, климат та, саясат та бәрі тұрақсыз. Ал айналада не болып жатқанын бақылау мүмкін болмай кеткенде, адам өзіне сәл де болсын сүйеу болатын бағдар іздейді.


Бұған социолог Роберт Мертон 1948 жылы сипаттаған «өзін-өзі жүзеге асыратын болжам» феноменін жариялайды. Болжамға сенген адам саналы түрде мінез-құлқын өзгертеді, ал осы өзгеріс болжамның орындалуына алып келеді. Егер Таро картасы трейдерге «бүгін тәуекел ет» десе, ол нарықта әдеттегіден де батыл әрі шапшаң қимылдайды. Ал нарық көбіне дәл осы жылдамдықты бағалайды. Жұлдыз-жорамал «бүгін маңызды кездесу болады» десе, адам сол кеште өзін еркін ұстап, ашық-жарқын сөйлеседі. Сөйтіп кездесудің жақсы өтуіне жұлдыздар емес, адамның сенімі мен өзін-өзі ұстауы әсер етеді. Яғни, адам болжамға сенсе, адамды нәтижеге жеткізетін – дәл осы сенім.


Жасанды интеллект оракулға айналды


2023 жылдың көктемінде OpenAI ChatGPT API-ді ашқан бойда, нарықты астрологиялық және Таро қосымшалары жаулады. Co-Star мен Labyrinthos сервистері бірден ЖИ арқылы карта ашатын ақылы қызмет қосты. Артынша Cosmica мен Mystic Visions сияқты ондаған өнім пайда болды. 


Бұған Онтариодағы сәуегейлер жәрмеңкесінде болған мына бір оқиға жақсы дәлел. Қарапайым ағаш ұстасы жасанды интеллектке қызығып, ChatGPT арқылы Таро картасын ашудың жолын тауып алады. Ол алдына келген адамның атын, жұлдыз белгісін, туған күнін чатқа жазып, нейрожеліден картаны талдап беруді сұрайды. Жәрмеңкенің үш күнінде ол 50-ден астам осындай сеанс өткізеді. Ал келгендердің кейбірі болжамның дәлдігіне аң-таң болып қайтады. Шын мәнінде, ChatGPT болашақты болжамайды, ғарышпен де байланысы жоқ. Ол жай ғана бұрын жазылған миллиондаған гороскоптарды жинап, сіздің сөзіңізге қарай мәтін құрап береді. Болжамының бәрі дәл келеді. Журналдағы гороскопқа қарағанда адамдар ЖИ-дің сөзіне көбірек сенеді. Өйткені оны өз ойын қосатын астролог емес, бейтарап машина жазып береді ғой.


Сөйтіп, баяғы Барнум эффектісі мен апофения әлдеқайда сенімдірек болды. Бұрын астролог бәріне ортақ сөз жазса, қазір ЖИ оны дәл сізге арнайды: атыңызды, жағдайыңызды, тіпті жазу стилін де ескереді. Ал болжамның дәл сізге бағытталып жазылғаны, сенімізді одан сайын күшейте түседі.


Мистиканың заманға сай өзгеруі


Орталық Азияда тылсым ешқашан жоғалған емес, тек заманға қарай өзгеріп отырды. Бақсылық институты ислам келмей тұрып бар еді, ол кеңестік атеистік саясатты да еңсеріп, қазіргі медицинамен де, дінмен де қатар өмір сүріп жатыр. Тұмар тағы, «үйде ысқырма», «табалдырықта тұрып амандаспа» деген ырымдар мен тыйымдар заманауи қала адамының күнделікті әдеті. Бал көшедегі балшылардың орнын тікелей эфирде қазақша-орысша Таро ашатын TikTok бен Instagram астрологтары басты. 


От басындағы бақсы болсын, базардағы балшы, NASA мәліметін қолданатын қосымша немесе жаңағы чат-бот болсын – бұның бәрі адамның алаңдауы күйіне тыныштық сыйлайды. Себебі бәріміз де қорқыныш пайда болғанда, тіпті роботтан болса да «бәрі жақсы болады, алаңдама» деген сөзді естігіміз келеді.


Ғылым қанша жерден дамып жатса да, адамның түн ортасында тұрып, сары уайымын басуға әлі де шешімін таппады. Осындай белгісіздік пен үрей тұрғанда, тылсымға сену жоғалмайды. Тек әр буын заманына сай оның жаңа түрін ойлап табады.

Бөлісу: