СпортСпорт«Еуропа қарашы, бұл қазақтың баласы» : Дастан Сәтпаев феномені

«Еуропа қарашы, бұл қазақтың баласы» : Дастан Сәтпаев феномені

15 наурыз 2026
9 мин
«Европа, смотри, это сын казахских степей»: феномен Дастана Сатпаева
Instagram: @d.satpayev

Небәрі 16 жасында Дастан Сәтпаев Англияның «Челси» клубымен келісімге келіп, үлкен футболға қадам жасады. Енді 2026 жылдың жазында, яғни 18 жасқа толған соң жаңа клубының сапына қосылады. Ал қазір ол Қазақстандағы ең қымбат футболшы атанып отыр. Дастан Сәтпаев қалай феноменге айналып үлгерді? Ол бұл деңгейге қалай жетті? Оның болашағынан не күтуге болады? Tamga Media спорт сарапшысы, комментатор Дидар Қадыровпен бірге талдап көрді. 


Дастан Сәтпаев кім?


Дастан Сәтпаев – «Қайрат» футбол командасының және Қазақстан құрама командасының шабуылшысы. Ол 2008 жылы Алматыда туған. Дастанның футболға бейімін алғаш болып атасы байқаған екен. Сөйтіп ол сегіз жасынан бастап «Қайрат» академиясына жаттығып, футбол ойнап жүр. 


Дастан Қазақстандағы жасөспірімдер арасындағы футбол лигасында өзін жылдам әрі техникасы ұтқыр ойыншы ретінде көрсете алды. 2023-2024 жылғы маусымда 28 ойында 27 рет гол соғып, 10 нәтижелі пас берді. 


Ал 2024 жылғы Қазақстан кубогында «Қайрат» командасы «Ақжайыққа» қарсы ойнағанда дебют жасап, ойынның соңғы минуттарында алаңға шығып, алматылық клубтың негізгі құрамына қосылды. 


Дастан Сәтпаев 2025 жылы Қазақстан чемпионатының алғашқы турында «Астана» командасының қақпасына гол салып, матчты теңестірді. Сол кезден бастап жас шабуылшы командадағы басты ойыншының біріне айналды. Ол Премьер-лиганың 19 ойынында 8 рет гол салып, 1 нәтижелі пас берді. Жалпы былтырғы маусымда ол 19 гол соғып, 8 нәтижелі пас берген. 

Ең, ең, ең…


2025 жыл, Еуропа аренасы Дастан Сәтпаевқа көп мүмкіндік берді. «Қайрат» командасы Чемпиондар лигасының іріктеуінде словениялық «Олимпия» футбол командасына қарсы ойнады. Ойынның 59 минутында небәрі 16 жастағы Дастан гол соқты. Сол кезде ол турнир тарихындағы гол салған ең жас ойыншы болды – 16 жас, 10 ай, 26 күн.


Келесі матчтарда да ол көзге түсті. Финляндияның KuPS командасына қарсы ойында Дастан өз голын соғып, нәтижелі пас беріп, «Қайратты» келесі кезеңге шығарды. Словакияның «Слованына» қарсы ойында матч соңында пенальти соғып, командасына артықшылық берді. Осылай, аз уақыттың ішінде ол жас дебютанттан Еуро кубоктардағы маңызды сәттерге жауап беретін ойыншыға айналды. Жас футболшының көрсеткіштері «Қайрат» клубының жаттықтырушыларының ғана емес, Еуропа клубтарының да назарын аударды. Дастанның жылдамдығы мен талантына тәнті болған британиялық медиа оны «Жаңа Агуэро» деп атады. 


Қазір Дастан Сәтпаев Қазақстандағы ең қымбат ойыншы болып отыр. Оның құны – шамамен 3 миллион еуро. 


Чемпиондар Лигасындағы көрсеткіштері


«Қайрат» шабуылшысы Дастан Сәтпаев «Коппенгаген» командасына қарсы ойнағанда гол салып, Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас ойыншылардың үштігіне кірді:


1. Ансу Фати (Испания) – 17 жас 40 күн – «Барселона» 


2. Ламин Ямаль (Испания) –17 жас 68 күн – «Барселона» – 19 қыркүйек 2024 жыл


3. Дастан Сәтпаев (Қазақстан) – 17 жас 106 күн – «Қайрат» 


Оған қоса Чемпиондар лигасында гол соққан алғашқы қазақ футболшы атанды. 


«Челси» командасына ауысуы


Сонымен қатар 2025 жылы Дастан Сәтпаевтың лондондық «Челси» клубына ауысатыны белгілі болды. Дегенмен жас ойыншы кәмелет жасына толмаған еді. Сондықтан ол 2026 жылдың жазында 18 жасқа толғанда жаңа командаға қосылады. Жас ойыншының трансферлік құны қазірдің өзінде 4,3 миллион еуро шамасында бағаланып отыр. 


Кейін Дастанның не Лондонда қалып «Челсидің» резервтік командада ойнайды немесе «Страсбург» футбол командасына жалға беріледі деген ақпарат шықты. Дегенмен жақында «Челси» ФК жаңа маусымға құрамын бекітті. Тізімде қазақстандық спортшы Дастан Сәтпаев бар.


Мамандар оны не үшін жоғары бағалайды?


Кәсіби футболда тіпті ең ұсақ нәрселер ойыншының бағасын анықтайды. Футболшы қалай доппен ойнайтыны, алаңды қалай сезетіні, қысым астында қандай шешім қабылдайтыны және әр матчта әрекеттерін қалай қайталайтыны маңызды. Спорт сарапшысы, комментатор Дидар Қадыровтың айтуынша, Дастан Сәтпаевты өзгелерден ерекше еткен – физикалық дайындығы, техникасы және ойынды тез түсіне білетін қабілетінің үйлесімі.

«Бұл маусым алдында Дастан физикалық жағынан айтарлықтай күшейді. Футбол тілінде айтқанда, салмақ қосты, ал бұл бірден оның ойынына әсер етті. Оның дриблингі (допты басқару шеберлігі - ред.), техникасы, доппен жасайтын әрекеттері ерекше. Оған қоса ол екі қарсыласын да алдап өте алады және бірге-бір қалғанда өзін өте сенімді ұстайды. Дастан – универсал ойыншы: қанатта да, орталықта да ойнап, оң жақтан да, сол жақтан да шыға алады. Дегенмен, меніңше, сол жақтан әлдеқайда тиімді ойнайды, сол жерде оның барлық күшті жақтары толық ашылады», – дейді спорт комментаторы.


Дастанның ерекшелігі шабуылдағы соңғы соққылар мен маңызды сәттерде бірден байқалады. Ол допты алыстан теуіп, гол соғу мүмкіндігін тиімді пайдаланады. Жасөспірім кезінде де осы қасиетімен көзге түссе, қазір Дастан әлдеқайда сенімді және сабырлы ойнайды.

«Дастан алыстан да, жақыннан да гол соға алады, финттерді (спорттағы айла-тәсіл – ред) жақсы қолданады және айып алаңында өз орнын таба біледі. Оған кеңістік пен жылдамдық берілсе, кез келген сәтте қарсыластарына қауіпті ойыншыға айналады. Мұндай кезде, әсіресе, қорғаушылардың жағдайы қиындайды» , – деп қосты Дидар Қадыров.

Қай матчтарда ерекше көзге түсті? 


Спорт комментаторының сөзінше, кәсіби ортада ойыншы туралы пікір бір ғана ойынға қарап емес, оның нәтижеге әсер еткен бірнеше матчына қарап қалыптасады. Ол Дастан Сәтпаев бірнеше кездесуде өзін сәтті көрсете алғанын айтады. Біріншісі – Бельгия құрамасына қарсы ойнағанда соққан голы.

«Сол сәтте Дастан қозғалыста болып, Миланның қорғаушысын тербетіп, қақпашының пас немесе жалған қимылды күтетінін байқап қалды. Ол допты жақын бұрышқа қатты теуіп, алдын ала есептелген соққыдай көрінді. Қақпашының қатесі де бар шығар, бірақ меніңше, бұл оның жағдайды тез бағалап, дұрыс шешім қабылдаған сәті еді» , – дейді Дидар Қадыров.


Мұндай сәттерді «жай ғана жолы болды» деп бағалауға болмайды. Себебі бұл Сәтпаевтың қысым кезінде және шешуші секундтарда қалай әрекет ететінін көрсетті. Дәл осындай жағдайлар ойыншының кәсіби бағасын қалыптастырып, оны ішкі чемпионаттан тыс жерде де қалай қабылдайтынына әсер етеді.


Екінші жарқын эпизод – Ақтөбеге салған голы, ол допты алыс бұрыштағы тоғыздыққа дәл түсірді. 

«Бұл феноменал соққы болды. Мұндай дәл соққылар өте сирек кездеседі. Осы екі гол оның стилі мен іске асыру деңгейін жақсы көрсетеді» , – дейді спорт комментаторы.


Дастан Сәтпаев «Астана» командасына қарсы ойында «Қайрат» командасын чемпион еткен шешуші голды да соқты. Бұл да оның маңызды ойындардағы рөлі мен өзіне сенімін көрсетеді. 

Командалық ойында өзін қалай көрсетеді?


Футболшының командадағы рөлі шабуылға қаншалықты қатысатыны, допсыз ойнай отырып серіктестерімен қалай байланыс орната алатыны арқылы көрінеді. Сарапшының айтуынша, «Қайрат» командасында Дастанға белгілі бір еркіндік беріледі және ол оны өте жақсы пайдаланып жүр. Бірақ командалық спортта жалғыз өзің нәтижеге жетуің мүмкін емес. Тіпті ең шебер ойыншылардың өзі команда жүйесіне және серіктестеріне тәуелді болады. Дегенмен Дастан командасының тактикасын жақсы түсініп, берілген кеңістікті және мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алады. 

"Ол тек гол соғып қоймай, басқа маңызды сәттерді де дұрыс пайдалана біледі. Дастан командалық шабуылдарға қатысып, алға қадам жасау керек уақытты жақсы сезеді және допсыз да қауіпті ойыншы бола алады. Соның арқасында ол команданың жалпы ойынында да көзге түсетін фигураға айналды", – дейді Қадыров.

Өзге жас ойыншылардан несімен ерекшеленеді?


Сарапшының айтуынша, Дастанды өз жасындағы ойыншылармен салыстыру үшін оның кәсіби шеберлігіне назар аудару керек. Оны қатарластарынан бөліп тұратын бірнеше дүние бар. Ең бастысы – үнемі алға басып, өзін дамытып отыратыны. 

«Дастан – талантты әрі еңбекқор. Ол – қарапайым жігіт. Жаттықтырушылар мен футбол ортасында жүрген адамдардың айтқанын сөзін, сынын қабылдай алады. Әлеуметтік желіден де біршама алыстап, бар назарын футболға қоятыны байқалады», – дейді спорт сарапшысы.


Дастан Сәтпаевтың мықты тұстарын Англияның «Челси» футбол командасы да байқап, келісімшарт ұсынып отыр. Десе де жас ойыншының әлі дамыту керек тұстары бар. 


«Мысалы, ойынды ойластырып ойнау, қанаттағы қорғау, кері қайту бойынша қосымша жұмыс қажет, Оның ойланып ойнауда және қанаттағы қорғауда өсетін тұстары да бар», – дейді спорт сарапшысы.


Алдағы уақытта футболшының дамуына не маңызды болады?


Дидар Қадыровтың айтуынша, Дастанның келесі кезеңі тек ойнау шеберлігімен емес, жаңа ортаға бейімделуімен де байланысты. Оны алда жаңа ел, жаңа команда мен жаттықтырушылар, жаңа талаптар мен сынақтар күтіп тұр.


«Ол ағылшын тілін үйреніп жүр, енді жаңа ортаға барынша бейімделіп, менталды түрде дайын болуы қажет. Бірден негізгі құрамға шығу оңай емес. Қайда барса да, командаға тез сіңіп кеткені маңызды. Дастанның бойында негізгі қажет қасиет пен қабілеті бар. Ол жасына сай әлі де өседі» , – дейді сарапшы.

Бөлісу: