ДенсаулықДенеЕтеккір ұят нәрсе емес: отбасының әр мүшесі арналған білуге тиіс нұсқау

Етеккір ұят нәрсе емес: отбасының әр мүшесі арналған білуге тиіс нұсқау

11 шілде 2026
5 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Менструация (етеккір) – әйел ағзасында болатын табиғи процесс, бірақ бұл туралы көп жағдайда ашық айтылмайды. Десе де әйел ағзасының қалай жұмыс істейтінін білу ұят нәрсе емес. Бұл қыздарға өз тәнін түсінуге, ал ерлерге өз жақынына қалай қамқор болуға көмектеседі. Бұл мақалада гинеколог және эндокринолог Гүлбану Жаймырзаевамен бірге менструация туралы маңызды сұрақтарға жауап береміз.


Менструация деген не?


Әр ай сайын әйел ағзасы жүктілікке дайындалады. Жатырдың ішінде болашақ балаға қолайлы орта жасау үшін арнайы жұмсақ қабат пайда болады. Оны эндометрий деп атайды.


Жұмыртқа жасушасы ұрықтанбаса, ағзаға бұл қабат қажет болмайды. Сондықтан ол сыртқа шығады да, ағзадан қан кетеді. Міне, осыны етеккір деп атаймыз. Бұл ауру емес және ағзада бірдеңенің дұрыс емес екенін білдірмейді. Керісінше, әйел ағзасының қалыпты жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді.

  • Цикл орташа алғанда 28 күн болады (қалыпты аралығы – 21-35 күн).

  • Етеккір әдетте 3-7 күн жалғасады.

  • Әйелдің ағзасы шамамен 40 жыл бойы осы циклден өтіп отырады.

Цикл қалай басқарылады?


Әйел ағзасындағы циклді гормондар басқарады. Гормондар – ағза ішіндегі «хабар беретін сигналдар» сияқты. Негізгілері: эстроген және прогестерон. Олар ай бойы бірде көбейіп, бірде азайып отырады – дәл осы нәрседен цикл кезеңдері пайда болады. 


Менструация циклінің 4 кезеңі


Менструация циклі – бір етеккірдің бірінші күнінен келесі етеккірдің бірінші күніне дейінгі уақыт аралығы.

  1. Менструация кезеңі (1-5 күн)

    Жатырдағы бұрын дайындалған қабат сыртқа шығып, қан кетеді. Кей әйелдің ішінің төмен жағы ауыруы мүмкін. Бұл жатырдың жиырылуына байланысты. Қынаптан шамамен 15-80 миллилитр қан бөлінеді. Одан көп немесе аз болса, анемияға әкелуі мүмкін. 7 күннен ұзаққа созылса – көп қан кеткеннің белгісі. 

  2. Фолликулярлық кезең (6-13 күн)

    Аналық безде жаңа жұмыртқа жасушасы жетіле бастайды. Жатыр қайтадан жаңа қабат дайындайды. Осы кезде эстроген деңгейі өседі – көп әйел өзін сергек сезініп, күш-қуаты артады.

  3. Овуляция (шамамен 14-күн)

    Жетілген жұмыртқа жасушасы аналық безден шығады. Бұл – әйел ағзасында бала көтеруге мүмкіндік болатын кезең. Овуляция кезінде прогестерон деңгейі өсе бастайды.

  4. Лютеин кезеңі (15-28 күн)

    Әйел жүкті болмаса, гормондар деңгейі төмендей бастайды. Осы уақытта кей әйел шаршауы, тым сезімтал болуы, көңіл күйі өзгеруі мүмкін. Бұл – етеккір алдындағы синдром (ПМС). Лютеин кезеңінің аяғында эндометрий қабаты ыдырауға дайындалады да, цикл қайта басталады.

Ерлердің құлағына алтын сырға


Циклді түсіну – бұл құрметтің бір түрі. Ер адам әйелінің немесе бойжеткен қызының белгілі бір күндері шаршаңқы немесе ашушаң болуының себебі физиологиямен байланысты екенін түсінсе, оны ренішпен емес, қамқорлықпен қабылдайды. Бұл отбасындағы қарым-қатынасты нығайтады.


Менструация қашан басталып, аяқталады?


Алғашқы етеккір 10-15 жас аралығында басталады. Бұл – қыз баланың есейіп келе жатқанының табиғи белгісі. Менопауза деп аталатын кезеңде, әдетте 45-55 жас аралығында, етеккір біртіндеп тоқтайды.


Акселерация құбылысы


Қазіргі таңда қыздардың жыныстық жетілуі ерте басталып жүр. Мұны акселерация деп атайды. 30-50 жыл бұрын алғашқы етеккір көбіне 15 жаста келсе, қазір ол 10-12 жаста басталуы мүмкін. Зерттеушілер мұны тамақтану сапасының өзгеруімен, дене салмағының артуымен және экологиялық факторлармен байланыстырады. Сол себепті қыздарға бұл туралы 7-8 жастан бастап түсіндірген маңызды.


Қыз баламен қалай сөйлесу керек?


Ең дұрыс әңгіме – алдын ала, тыныш және ашық сөйлесу. Қыз бала мынаны білуі керек:

  • бұл қалыпты процесс;

  • барлық әйелде болады;

  • одан қорқудың, ұялудың қажеті жоқ;

  • гигиена ережелерін білу маңызды.

Балаға ақпарат беру оны қорқыту емес – керісінше, өзіне сенімді ету.


Қан түсі туралы не білу керек?


Қан ағзада неғұрлым ұзақ болса, түсі соғұрлым қоюлана түседі. Бұл – қалыпты процесс. Сондықтан цикл басында қан ашық, соңына қарай қоңырланады.


Қалыпты түстер:

  • Ашық қызыл – қан тез шығып жатыр деген сөз.

  • Қою қызыл – қан баяу ағып жатыр, бұл – қалыпты жағдай.

  • Қоңыр – цикл басында немесе аяғында жиі болады. Қорқатын ештеңе жоқ.

  • Қоңырдың қоюырақ нұсқасы. Ауырсыну немесе жағымсыз иіс болмаса, алаңдамаңыз.

Мыналар болса, дәрігерге барыңыз:


Сарғыш-қызғылт немесе сұр түс – инфекция белгісі болуы мүмкін.


Маңыздысы: тек қанның түсіне қарап емес, ауырсыну, қан мөлшері және циклдің тұрақтылығына да мән беру керек.


Тампон, төсеме, тостаған: етеккір кезіндегі гигиена


Дәрет алғанда қарапайым ережелерді сақтаған жеткілікті: күніне екі-үш рет қарапайым сумен жыныс мүшелерін жуған дұрыс әрі қауіпсіз. Бірақ әр үлкен дәреттен кейін мүмкіндігінше гель немесе сабынмен жуынған абзал. Ал етеккір кезінде қолданатын гигиена құралдарының бірнеше түрі бар. 

  • Тампон. Қыздарға арналған тампон түрлері де бар. Бірақ оны 4-5 сағаттан артық қолдануға болмайды. Ұзақ тақса, қынаптағы бактериялар көбейіп, токсин бөліп, ағзаға зиян тигізуі мүмкін. Тіпті токсикалық шок синдромын (TSS) тудыруы мүмкін. Бұл – ағзаны улайтын өте қауіпті жағдай. Оның салдарынан өкпе мен басқа да ағзалардың жұмысы бұзылып, қан қысымы күрт төмендеуі, қан ұюы мүмкін. Ауыр жағдайда қол-аяқ тіндері жансызданып, гангренаға айналуы ықтимал. Кейде зақымданған бөлікті кесіп алып тастауға тура келеді. Мұндай жағдай өте сирек кездеседі, бірақ тампонды уақытында ауыстырып, пайдалану ережесін сақтау керек.

  • Менструалдық тостаған. Дұрыс өлшемін таңдап, дұрыс тағу керек. Ауыстырар алдында қолды жуу керек. Қолданып болғаннан кейін ішін жуып, қайнаған сумен залалсыздандыру қажет. Ең абзалы – бірнеше тостаған алып, алмастырып қолданған жөн. Су жүйесі жоқ шалғай жерлерде қолдану ыңғайсыз болуы мүмкін.

  • Етеккірге арналған ішкиім. Бұл – етеккір қанын өзіне сіңіретін, көп рет қолдануға болатын арнайы ішкиім. Оны қан аз немесе орташа келген күндері киюге болады. Ал қан көп келетін күндері қосымша төсеме, тампон немесе менструалдық тостағанмен бірге қолданған дұрыс. Ұзақ уақыт ауыстырмай кисе, жағымсыз иіс пайда болып, тері тітіркенуі мүмкін. Қолданғаннан кейін жақсылап жуып, толық кептіріп, қайта киеді.

  • Төсеме (прокладка). Орта есеппен әр 3-4 сағат сайын ауыстырған дұрыс. Иісі, ароматизаторы, парабені жоқ, мақтадан жасалған төсемені таңдаған жөн. Пластиктен жасалған төсеме теріні тітіркендіріп, безді қабындыруы мүмкін.

Гүлбану Жаймырзаева, гинеколог:

«Күнделікті өмірде де, етеккір кезінде де синтетикалық ішкиімнен аулақ болған жөн, себебі ол теріге ауа өткізбейді. Табиғи мақтадан жасалған алып, оны күнде ауыстыру керек». 


Қай кезде дәрігерге қаралу керек?


Менструация табиғи процесс болғанымен: 

  • дене қатты ауырып, күнделікті өмірге кедергі келтірсе,

  • қан көп кетсе және 7 күннен ұзаққа созылса,

  • цикл ұзақ уақыт бойы бұзылса,

  • 15-16 жасқа дейін етеккір басталмаса,

  • қан түсі қара қоңыр болса дәрігерге бару керек. 

Бөлісу: