ДенсаулықДенеЕтеккір туралы не білу керек?

Етеккір туралы не білу керек?

21 сәуір 2026
7 мин
0
Фото: Shutterstock, Tamga Media

Етеккірдің басталуы, циклдің тұрақтылығы, көңіл-күйдің өзгеруі, гигиена мен күйзеліс – бәрі қыздардың денсаулығы мен күнделікті көңіл-күйіне тікелей әсер етеді. Бірақ бұл тақырып қоғамда әлі де ашық айтылмайды, кейде дұрыс түсіндірілмейді. Сондықтан осы материалда етеккірге қатысты маңызды сұрақтарды гинеколог және эндокринолог Гүлбану Жаймырзаеваға қойдық. Егер бой жетіп жатқан сіңіліңіз немесе қарындасыңыз болса, осы мақаланы жіберіңіз. Өзіңіз оқып, кейін қарапайым тілде түсіндіріп берсеңіз де болады.


– Етеккірі алғаш басталатын жас қыздарға бұл процесс туралы қалай қарапайым етіп түсіндіруге болады? 


– Етеккір – бұл әйел ағзасында ай сайын болатын табиғи процесс. Бұл кезде жатырдың ішкі қабаты жаңарып,  жүктілік болмаса, яғни ұрықтанбаса, сол қабаты қанмен бірге сыртқа шығады. Бұл – қалыпты жағдай, одан ұялудың қажеті жоқ. Қазіргі таңда қыздардың жыныстық жетілуі ерте басталып жүр. Сол үшін қыздарға бұл туралы 7-8 жастан бастап түсіндірген маңызды. Әрине, бұл жаста балаға барлық егжей-тегжейді айтудың қажеті шамалы. Ең бастысы – оның денесінде белгілі бір өзгерістер болатынын, жыныс мүшелері бар екенін және уақыт өте келе ағзасында жаңа кезең басталатынын жасына сай біртіндеп түсіндіру.


Бұл жерде ата-ананың, әсіресе ананың рөлі өте маңызды. Әке де бұл тақырыптан шет қалмауы керек. Кей жағдайда анасы жоқ қыздарды әкелері гинекологтың қабылдауына алып келеді. Мұндай кезде біз қыздарға ненің қалыпты екенін, қандай белгілерге назар аудару керек екенін түсіндіреміз.


Кейбір мектептің сынып жетекшілері 7-9 жастағы қыздарға арнайы түсіндіру үшін гинеколог мамандарды шақырады. Әрине, бұл міндетті түрде ата-аналардың келісімімен жасалады. Мұндай кезде балалардың жас ерекшелігін ескеріп, ақпаратты тек негізгі түсінік ретінде қарапайым тілде айтып береміз.


– Қазір етеккір қыз балаларда бұрынғыға қарағанда ертерек басталады деп қалдыңыз. Бұл қалыпты жағдай ма, әлде алаңдауға негіз бар ма?


– Қазіргі кезде «акселерация» құбылысы байқалады, яғни жыныстық жетілудің ерте басталуы. Мысалы, 30-50 жыл бұрын алғашқы етеккір шамамен 15 жаста келсе, қазіргі таңда ол 10-12 жас аралығында басталады.


Мұның негізгі себептерінің бірі – ақпараттың көп екені. Яғни, етеккірдің басталуына ағзаның, нақтырақ айтқанда мидың даму деңгейі әсер етеді. Ғалымдардың айтуынша, бұрын бірнеше айда алатын ақпаратты қазір балалар бір тәуліктің ішінде қабылдай алады. 


Ал адам миы қаншалық көп ақпарат қабылдап, оны өңдеп, саралай алса, ағза соған сәйкес «біз ересек кезеңге өтуге дайынбыз» деген сигнал береді.


Оған ешқандай сыртқы факторлардың әсері жоқ. Керісінше, көп әрі алуан түрлі ақпарат мидың нейрореттелу жүйесіне әсер етіп, кейін гормон жүйесін іске қосады. Соның нәтижесінде етеккір ерте жастан келуі мүмкін. 


– Етеккір қанша күн келуі керек және қанның түсі қандай болуы керек?


– Қалыпты жағдайда етеккір 3-7 күн аралығында келеді, ал екі етеккірдің арасы 21-35 күн шамасында болуы керек. Етеккір кезінде қынаптан шамамен 15-80 миллилитр аралығында қан бөлінеді. Егер одан көп немесе аз болса, бұл анемияға әкелуі мүмкін. 7 күннен ұзаққа созылса, көп қан кетті деп есептеуге болады. 


Қан мөлшері қолданылған төсеме арқылы есептеледі. Төсеме қаптамасындағы «тамшы» оның қан сіңіру деңгейін білдіреді, яғни, тамшы саны неғұрлым көп болса, төсеменің сіңіру мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Кейбір қыздар төсемені әр екі-үш сағат сайын ауыстыратынын айтады. Алайда бұл қанның нақты көлемін көрсетпейді. Төсемені жиі ауыстыру – ең әуелі гигиена үшін қажет.


Қаншалық қан кеткенін бағалау үші төсеменің сіңіру деңгейіне (тамшы санына), оның қаншалық толғанына және күні бойы қанша төсеме қолданылғанына назар аудару керек. Мысалы, көп сіңіре алатын төсеме аз уақытта толып қалса, бұл көп қан кетіп жатқанын білдіруі мүмкін. Кейде басқа қалаға немесе елге көшкенде адам ағзасы күйзеледі немесе қатты ауырып қалған кезде цикл уақыты өзгеруі мүмкін. Бірақ ай сайын өзгеріп отырса, цикл 21 күннен қысқа немесе 35 күннен ұзақ болса, қан көлемі көбейсе немесе азайса, міндетті түрде гинекологқа барып, тексерілу керек.


Етеккірдің тұрақты циклі гормондардың дұрыс бөлінгенін көрсетеді. Мысалы, етеккір 5 күнге созылып, әр 28 күн сайын қайталанса, репродуктивті гормонал жүйе дұрыс жұмыс істеп тұр деген сөз. Бұл жағдайда артық гормон препаратын тағайындаудың қажеті жоқ.


Жасөспірімдер мен студенттер емтихан уақытында күйзеліп жатады. Сол кезде циклі кешігуі немесе ерте басталуы мүмкін. Осындай жағдайларда цикл бір рет қана бұзылса, алаңдаудың қажеті жоқ.


Етеккір қанының негізгі түсі – қызыл. Ол қынап арқылы бөлінеді, ал қынаптың ішінде қатпарлар болғандықтан, қан сол жерде уақытша жиналып қалуы мүмкін. Жиналған қан қоюланып, түсі қою қызылға өзгеріп жатады, дегенмен бұл – қалыпты жағдай. Алайда түсі тым қою қоңыр болса, гинекологқа тексерілген дұрыс.


Етеккірдің қалай келетіні адамның қимыл-қозғалысына да байланысты. Мысалы, адам тік тұрғанда немесе қозғалғанда қан тез бөлінеді. Ал отырған не жатқан  кезде қан қынаптағы қатпарларда тұрып қалып, кейін қоюланып, кесек түрінде шығуы мүмкін. Дегенмен кейде қанның ұйып, кесек-кесек болып шыққаны қанның әдеттегіден көбірек келіп жатқанын да білдіруі мүмкін. Бұл кезде де дәрігерге барып, тексерілген дұрыс.


– Етеккір кезінде жеке гигиенаны қалай дұрыс сақтау керек?


– Етеккір кезінде қолданылатын гигиена құралдарының түрі көп: тампон, менструалдық тостаған (чаша), төсеме (прокладка). Дегенмен қазіргі таңда ең қарапайым әрі қолжетімді құрал – төсеме, сондықтан біз көбіне соны ұсынамыз.


Қазір қыздарға арналған тампон түрлері де бар. Бірақ оны төрт-бес сағаттан артық қолдануға болмайды. Өйткені қалыпты жағдайда қынапта белгілі бір бактериялар болады. Тампон ұзақ тұрса, сол бактериялар көбейіп, токсин бөлуі мүмкін. Ал бұл ағзаға зиян, сондықтан тампонды қолданғанда сақ болып, оны уақытылы ауыстыру керек. 


Менструалдық тостағанды да дұрыс өлшемін таңдап, дұрыс тағу керек. Оны қолданбай тұрып және қолданып болғаннан кейін қолды мұқият жуу керек және оны жиі ауыстыру керек. Тостағанды ауыстырғанда қанды төгіп, ішін жуып, қайта орнына салу қажет. Жумай қолдана беруге болмайды. Тек жуып қоймай, залалсыздандыруды ұмытпау керек. Мәселен, қайнаған сумен бір шайып алуға болады. Ең абзалы, бірнеше тостаған алып, алмастырып қолданған жөн. Дегенмен бұл құралды кез келген жерде қолдана алмайсыз. Мысалы ыстық әрі суық су келіп тұрған, кәріз жүйесі бар жағдай жасалған жерде қолданбаса, шалғай, ауылдық жерлерде ыңғайсыз. Сол себептен біз менструалдық тостағанды көп ұсынбаймыз.


Ең қарапайым, қол жетімді түрі – гигиеналық төсеме (прокладка). Төсемені орта есеппен әр үш-төрт сағат сайын ауыстырған дұрыс. Оның әртүрлі түрі бар, бірақ көбіне иісі, ароматизаторлары жоқ, парабенсіз, артық қоспасыз түрін алған жөн. Мұндай төсемелер аллергия тудырмайды. Сонымен бірге төсеменің қабаты мақтадан жасалғанын таңдаған жөн, себебі пластиктен жасалған түрі теріні тітіркендіріп, тер, май және түк шығаратын бездердің қабындырып жіберуі мүмкін. 


– Етеккір кезінде қандай ішкиім киген дұрыс?


– Күнделікті өмірде де, етеккір кезінде де синтетика материалдан жасалған ішкиімді киюге болмайды. Себебі синтетика маталар теріге ауа өткізбейді. Сондықтан табиғи мақтадан жасалған ішкиім таңдау керек. Ішкиімді күніне бір рет ауыстырған жөн.


Дәрет алғанда қарапайым ережелерді сақтаған жеткілікті: күніне екі-үш рет қарапайым сумен жыныс мүшелерін жуған дұрыс әрі қауіпсіз. Бірақ әр үлкен дәреттен кейін мүмкіндігінше гель немесе сабынмен жуынған абзал.


– Кейде етеккір кезінде қыздар ауырып, әлсіреп, көңіл-күйі түсіп кетеді. Бұл қаншалық қалыпты нәрсе?


– Етеккір кезінде қыздың денесі қатты ауырып, әлсіресе, дәрігерге тексерілу қажет. Кейбір қыздың көңіл-күйі қатты құбылады, денесі, әсіресе төсі қатты ісіп кетуі мүмкін. Мұны «Етеккір алдындағы синдром» деп атайды. Дегенмен мұны қалыпты дей алмаймын. Бұл ағзаңызда басқа мәселе бар екенін білдіруі мүмкін.


Кейде дәрігердің кеңесімен ауырсынуға қарсы дәрілер ішуге болады. Бірақ оларды тек дәрігердің нұсқауы және бақылауы бойынша ішу керек.


– Етеккір кезінде неге жыныстық қатынасқа түсуге болмайды?


– Жатырдың іші қалыпты жағдайда таза, қорғалған орта болып саналады. Етеккір кезінде жатыр мен қынапты жалғайтын арна сәл ашылады да, сол арқылы қан сыртқа шығады.


Осы кезде жыныстық қатынасқа түспеген дұрыс. Өйткені жатыр қабынуы мүмкін немесе басқа ауруларға әкелуі мүмкін. Ал моншаға немесе ваннаға түсуге тікелей тыйым салынбайды. Бірақ ағзадағы табиғи қорғаныс — пайдалы бактериялар тепе-теңдігі бұзылмаса ғана қауіп аз болады.

Бөлісу: