EdTechҒылымЕсте сақтау қабілетінің 8 түрі: мұның бәрі не үшін қажет?

Есте сақтау қабілетінің 8 түрі: мұның бәрі не үшін қажет?

30 қаңтар 2026
5 мин
8 видов памяти: зачем нам столько

Есте сақтау қабілетінің қанша түрін білесіз? Қысқамерзімді және ұзақмерзімді? Жақсы. Ал дағдыға негізделген, эпизодты, семантикалық дегендерді естіппе едіңі? Tamga Media жад түрлеріне тоқталып, олардың бір-бірінен айырмашылығын түсіндіріп береді.

Адамның жады немесе есте сақтау қабілеті – сезім мүшелерінен, өмірлік тәжірибесінен алған ақпаратты жинап, сақтап, қажет кезде қайта еске түсіруге мүмкіндік беретін ми қызметі. Адамның есте сақтау қабілетінің сегіз түрі бар. 


Қысқа мерзімге есте сақтау
Қысқа мерзімге есте сақтау – мидың ақпаратты бірнеше секундқа, бірнеше минутқа, бір-екі сағатқа, яғни шектеулі уақытқа ғана есте сақтауы. Мысалы, біз кейде біреудің телефон нөмірін теріп біткенше ғана есте сақтаймыз да, кейін қайта ұмытып қаламыз. Таңертең тісімізді жуып болғанша ғана тіс пастасының қақпағын қайда қойғаныңызды есте сақтап тұрасыз. Міне, осыны қысқа мерзімге есте сақтау дейді.


Ұзақ мерзімге есте сақтау
Ұзақ мерзімге есте сақтау – мидың ақпаратты ұзақ уақыт бойы сақтауы. Оның екі түрі бар: айқын көрінетін түрі және жасырын түрі. 

Есте сақтау қабілетінің айқын түрінде ми ақпаратты саналы түрде еске түсіреді. Ал жасырын түрінде ми ақпаратты сананың көмегінсіз-ақ еске түсіреді. 

Мысалы, бірнеше жыл бұрын бір кешке бардыңыз және сол кезде болған оқиға толық есіңізде қалса, демек бұл ақпарат сіздің ұзақ мерзімге жадыңызда сақталған. Адамдар нота оқуды, аспапта ойнауды, велосипед айдауды, тіпті сөйлеуді ұмытып қалмайды. Бұлар да ұзақ мерзімді түріне жатады. 


Жұмыс жады
Жұмыс жады – дәл қазір керек ақпаратты мида уақытша ұстап тұру қабілеті. Мысалы, ойша есептеу, рецептке қарап тамақ жасау немесе бірнеше істі бір мезетте орындау осы жадының арқасында істеледі. 

Қысқа мерзімді жад пен жұмыс жады ұқсайды, бірақ екеуі бір емес. Қысқа мерзімді жад мида ақпаратты аз уақытқа ғана сақтайды. Бір сәт бір иісті сезу, бір дыбысты естіп қалу сияқты пассивті мәліметтер де осыған кіреді.  Ал жұмыс жады есте қалған ақпаратты керек кезде пайдалануға, бір тапсырма орындауға, шешім қабылдауға немесе мәселені шешуге көмектеседі.


Сенсорлы есте сақтау қабілеті
Сенсорлы есте сақтау қабілеті мидың айналадан көрген, естіген, иісін сезген, дәмін татқан нәрселерді өте қысқа уақытқа есте сақтауы. Бұл ақпарат небәрі бірнеше секундқа есте қалады, бірақ соның негізінде ми қоршаған орта туралы тез қорытынды жасайды.

Мысалы, досыңыздың жаңа ғана айтқан сөзін қағып алу, жолдағы билбордқа ұзақ қарамасаңыз да оның мазмұнын шамалап түсіну, иістен бірден тану немесе тоқ соққаннан кейін дененің дірілдеуі – бәрі сенсорлы есте сақтау қабілетінің жұмысы.


Жоспарлы есте сақтау қабілеті
Жоспарлы есте сақтау қабілеті мидың алдағы уақытта жасау керек істерді алдын ала есте сақтауы. Мысалы, ертең дәрігерге бару керегін, үйден шығарда көліктің кілті мен телефонды алып шығуды ұмытпасаңыз, осы жадыңыз жақсы істейді деген сөз. 


Дағдыға негізделген жад
Дағдыға негізделген жад –  мидың дағдыларды есте сақтауы. Әдетте адам ақпаратты тәжірибеде қайталаған сайын, ұзақ есінде сақтап, кейін өмірінде автомат түрде қолданады. Мысалы, көлік айдағанда, аяқкиім бауын байлағанда, смартфонның құпиясөзін тергенде, пернетақта арқылы жазғанда осы жадты пайдаланамыз. 


Семантикалық жад
Семантикалық жад мидың сөздер мен заттардың, адамдар мен орындардың мәнін түсініп, есте сақтау қабілеті. Мысалы, сөздердің мағынасын білу, танымал адамдар мен фильмдерді тану, тарихи күндерді еске сақтау немесе картаны оқып географиялық орындарды табу осы жадтың көмегімен істеледі.


Эпизодты есте сақтау қабілеті
Эпизодты есте сақтау қабілеті – мидың адам өмірінде болған тәжірибелері мен оқиғаларын еске түсіруге мүмкіндік беруі. Мұндай естеліктер көбіне егжей-тегжейлі есте қалады. Мәселен, осы жад түрінің арқасында кейбірінің 18 жасқа толған туған күніңізді қалай атап өткені, жаңа жұмыс орнына барғанда қатты қобалжығаны, үйлену тойыңызда сырт келбетіңіздің қандай болғаны есінде.

Бөлісу: