Бөлмеге кіріп, не үшін келгеніңізді ұмытып қалғаныңыз болды ма? Әлде жаңа ғана танысқан адамның атын есіңізге түсіре алмай, сасқалақтап қалған сәттер ше? Кітап оқып бітіріп, мазмұнын айтып бергіңіз келгенде, кейіпкерлердің есімі ойыңыздан шығып кететіні де таныс жағдай шығар. Мұндай ұмытшақтық – қалыпты нәрсе. Ол көп адамда болады, тіпті кейде күніне бірнеше рет қайталануы мүмкін. Ендеше бұл неліктен болады және оны қалай азайтуға болады? Бірге түсініп көрейік.
Көбі жақсы есте сақтау қабілеті туа біткен дарын деп ойлайды. Біреулерге ол көктен түскен сый сияқты, ал енді біреулер дүкенде себетке не салу керек екенін есіне түсіре алмай, сөрелерді он айналып жүреді деп санайды. Бірақ олай емес. Зерттеулер мүлде басқа нәрсені дәлелдеп отыр.
2017 жылы ғалымдар есте сақтаудан әлем чемпиондарының миын зерттеді. Иә, иә, есте сақтауды спортқа айналдырғандар бар. Олардың миында сұр зат көп немесе бөлек бөліктері ерекше дамыған деп ойлаған қисынды еді. Бірақ таңғаларлығы, олардың миының қарапайым адамдардікінен еш айырмашылы жоқ екен. Бар гәп – оны қалай қолданғанында. Мәселенм сол чемпиондардың әдіс-тәсілін қарапайым адамдарға үйреткен. Нәтижесінде небәрі бірнеше аптаның ішінде олардың да жады айтарлықтай жақсарған.
Айтпақшы, есте сақтауға арналған жаттығулар мен мобайл қосымшаларды тізімнен сызып тастай беріңіз. Олар қызық болғанымен, ми оларды тек ойын ретінде қабылдайды. Нәтижесінде сіз есте сақтауды емес, сол ойыннан өту шеберлігіңізді ғана шыңдайсыз.

Неге бәрін ұмытып қала береміз?
Көбі жадымызды қойма сияқты көреді. Ақпарат жинала береді, ал еске түсіре алмасақ, демек «қойма толып кетті» немесе «дұрыс іздемей жатырмыз» деп топшылайды.
Бірақ XIX ғасырда психолог Герман Эббингауз мидың «жаңа» ақпараттан тез құтылатынын байқаған. Ол мәліметті тез әрі үлкен кесекке кесіп тастайды. Бірнеше сағаттан кейін-ақ жаттаған нәрсеміздің көбі ғайып болады. Ал бірнеше күн өткенде, сол ақпараттың кішкентай бір жұрнағы ғана қалады. Студенттердің лекция біте салысымен негізгі ақпаратты ұмытып қалатыны да осыдан.
Бұл – қалыпты жағдай. Ми бәрін бірдей сақтай берудің мағынасы жоқ деп есептейді де, өзіне «керексіз» көрінгеннің бәрін сыпырып тастайды. Бізді әуреге салатын да осы. Бірақ жақсы жаңалық бар: бұл жүйені де алдап соғуға болады.
Интервал жаттығулар
Бір нәрсені есте сақтау керек болса, белгілі бір уақыт аралығында сол ақпаратқа оралып отырыңыз. Мұны интервал салып қайталау дейді. Алдымен материалды бір күннен кейін, сосын бірнеше күннен кейін, кейін бір аптадан соң қайталайсыз. Әр қайталаған сайын ми бұл ақпаратты «маңызды» деп тани бастайды да, оны «қоқысқа» тастауды қояды.
Мысалы, жаңа әріптесіңіздің атын танысқан күні, келесі күні және тағы екі күннен кейін саналы түрде қайталасаңыз, бір кезде ол есім сіз үшін таныс болып шыға келеді. Ақпарат мидан артық күшті талап етпейді де, ұзақ мерзімді жадының бір бөлшегіне айналады.

«Төрт деталь» әдісі
Ең қарапайым, бірақ тиімді әдістердің бірі – «төрт деталь» тәсілі. Мұндағы мақсат – біз әдетте мән бермейтін ұсақ-түйекті саналы түрде тіркеу. Бір нәрсені есте сақтау керек болса, соған байланысты нақты төрт детальды ойша жаттап алыңыз.
Мысалы, біреумен таныстыңыз делік, ол: «Менің атым – Тимур», – деді. Осы сәтте есімді жай ғана ести салу аз, оны бірден бейнемен байланыстыру керек. Іштей белгілеп алыңыз: Тимур – көк көйлек киген, саусағына күміс жүзік таққан, маңдайында меңі бар, күлкісі өте жағымды жігіт. Бірнеше сағаттан кейін осы бейнені көз алдыңызға келтіріп көріңіз. Сол детальдармен бірге есімі де сарт етіп есіңізге түседі.
Уақыт өте келе ми осындай режимде жұмыс істеуге дағдыланады да, жаңа ақпаратты бірден мұқият қабылдай бастайды. Әсіресе біз үшін маңызы бар нәрселер жақсы есте сақталады. Журналист ресми тіркестерді, дизайнер түстердің үйлесімін, ал музыкант дыбыстарды тез қағып алатыны да содан.
Жады сарайы
Есте сақтауды дамытуға деген қызығушылық бағзы заманда басталған. Бүгінде ең танымал әдістердің бірі – «жады сарайы» ежелгі Грекияда пайда болған.
Бұл әдісті ақын Симонид Кеосский ойлап тапқан деседі. Бірде ол бір ақсүйектің үйіндегі салтанатты жиында өлең оқып, сыртқа шығады. Сол сәтте үйдің шатыры ортасына түсіп, іштегі қонақтардың бәрі үйінді астында қалады. Олардың денесі зақымдалғаны соншалық, ешкімді тану мүмкін болмайды. Сонда Симонид кештің көрінісін ойша қалпына келтіріп, кімнің қай жерде отырғанын есіне түсіреді. Осылай, ол қаза тапқандардың атын түгендеп береді. Бұл жағдай оны мынадай ойға қалдырады: ақпарат нақты бір кеңістікпен байланысты болса, ми оны жақсырақ сақтайды. Кейін бұл қағида «жады сарайы» техникасының негізіне айналды.
Әдістің мәні – ақпаратты өзіңізге жақсы таныс жермен, мысалы, өз үйіңізбен байланыстыру. Белгілі бір ақпаратты зат ретінде елестетіп, оны ойша бір жерге «қойып кетіңіз»: үстелдің үстіне, есіктің алдына немесе сөреге. Оны еске түсіру керек кезде, виртуал пәтеріңізді аралап шығып, сол «заттарды» көрсеңіз жеткілікті.

Тағы да кеңестер
Есте сақтаудың үлкен бөлігі жаттау кезінде емес, ұйқы кезінде қалыптасады. Ми жаңа ақпаратты ұзақ мерзімді жадыға бекітеді. Сондықтан емтихан алдында ұйықтамай, түнде ішімізге күштеп тыққан білім нағыз керек сәтте есімізден шығып кететіні бар.
Сондай-ақ жадыға өмір салты да әсер етеді. Тамақтану, күйзеліс деңгейі және ағзаның жалпы күйі маңызды рөл атқарады. Мысалы, адам қантты шектен тыстұтынса, есте сақтау қабілеті мен зейіні нашарлауы мүмкін. Ал жидектер, жаңғақтар мен омега-3-ке бай балық өнімдері мидың жұмысын қолдайды. Тіпті тұрақты медитацияның өзі уақыт өте келе есте сақтау қабілетін жақсартады.
Сондықтан қазір мына бір маңызды нәрсені ұмытпаңыз: жақсы жады – бұл әдет. Зейініңізді неғұрлым жиі жаттықтырып, маңызды нәрселерге оралып және өзіңізге демалыс беріп отырсаңыз, жадыңыз да соғұрлым сирек сыр береді.



