Сән әлемі адамдарға киімдерін үнемі жаңартып отыруды насихаттайды. Бірақ жыл өткен сайын сатып алған киімнің көбі киілмей, сөреде шаң басып жатады да, кейін қоқысқа кетеді. БҰҰ мәліметі бойынша, жыл сайын 92 миллион тонна текстиль қалдыққа кетеді. 2000-2015 жылдары дүниежүзінде киім өндірісі екі есе өскен, бірақ адамдар бір киімді бұрыннан да аз киетін болған. Ал қоқысқа тасталған синтетикалық маталар 200 жыл бойы ыдырамай, зиян токсиндер шығарады.
Әлем брендтері осы мәселені шешу үшін белсенді кірісіп отыр. H&M, Uniqlo, Adidas, Nike сияқты компаниялар қайта өңделген матадан киім шығара бастады. Қазақстанда да осындай бастама бар: Алматыда Fabriqa жобасы іске қосылды. Бұл мақалада біз Fabriqa жобасының қалай жұмыс істейтініне тоқталып, қазақстандық азаматтар киімдерін өткізіп, экологияны жақсартуға қалай үлес қоса алатынын жазамыз.
Fabriqa жобасы ескі киім-кешекті қалай өңдейді?
Fabriqa эко-жобаның негізін Денис Лакомцев қалаған. Мақсаты – киім-кешекті қайта өңдеп, қолдануға жарамды етіп, қоршаған ортадағы қоқысты азайту.
Fabriqa жобасы бойынша, олар Алматының әртүрлі аймағына өздерінің 20 боксын орнатып қойған. Тұрғындар өзінің ескі, қолданбайтын киім-кешегін, жиһазын, мата қалдықтарын осы бокстарға өткізе алады. Кейін жоба қызметкерлері барлық боксқа жиналған заттарды сұрыптап шығады. Осы күйінде қолдануға болатын, киюге болатын киім-кешекті мұқтаж жандарға береді немесе секонд-хенд дүкендеріне жібереді. Ал қайта өңдеуге жарамды киімдерді арнайы өңдеп, одан регенерирленген талшық, жылытқыш немесе дыбыс оқшаулайтын материалдар, жаңа мата және тағы басқа түрлі өнім жасап шығады.
Қайта өңделетін киім-кешектен жағымсыз иістерді, бактерияларды кетіру үшін ең әуелі озондау процесін жаcайды. Кейін әр заттан пайдалы, қажет жаңа зат жасап, оларға екінші өмір сыйлайды. Мәселен, ескі заттардан аксессуарлар, текстиль ойыншықтары жасайды. Ал кейбір киімдерді арнайы өңдеп, бір бөлігін техниканы тазалайтын маталарға, бір бөлігін жаңа мата, матрас немесе жылытқыш және дыбыс оқшаулағыш материалдарға айналдырады.
Экологияға пайдасы
Бүгінге дейін Fabriqa жобасы 20 тоннадан астам киім қабылдаған. 74 000 келі көмірқышқыл газына тең қоқыстан құтылуға көмектескен. Әдетте мұнша көмірқышқыл газын бір жылда 3730 ағаш сіңіреді.
Жобаның арқасында қоқыс көлемі азайып қана қоймай, табиғи ресурстар үнемделеді, қоршаған ортаға түсетін зиян азаяды. Сонымен қатар елде қайта өңдеу саласы дамып, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Fabriqa боксына қандай киім-кешек өткізуге болады?
Алматы тұрғындары Fabriqa бокстарына мақтадан, синтетикадан, джинс матадан, аралас матадан жасалған ерлер, әйелдер және балалар киімдерін, төсек жабдықтарын, өткізе алады. Заттар таза болғаны абзал. Бірақ ішкиім, шұлық, капрон, толтырылған күртелер, аяқкиім, cинтепонмен, холофайбермен, бүріккіш талшықтармен, табиғи жүнмен толтырылған күртелерді, қатты лас немесе ылғал киімдерді өткізуге болмайды. Себебі оларды қайта өңдеу өте қиын, арнайы жабдық пен ұзақ өңдеу процесін талап етеді.
Айта кетері, Fabriqa жобасы – Қазақстанда ғана емес, әлемде дамып келе жатқан Zero Waste (нөл қалдық) философиясының бөлігі. Бұл бастама “Таза Қазақстан” республикалық бағдарламасы және “Алматы – ортақ үйіміз” қалалық акциясы аясында Алматыда іске қосылған. Жоба Қазақстанда мемлекеттің қолдауымен іске асса да, олар тек мемлекеттік гранттарға қарап отырған жоқ. Денистің айтуынша, олар инвесторлардан 60 миллион теңге инвестиция алып, ісін кеңейтіп жатыр. Алдағы уақытта ай сайын 120 тоннаға дейін текстиль қалдықтарын жинамақ. Осылай, полигондарға түсетін қоқыс көлемін азайтып, киім мен маталарды қайта өңдеуге, оларға екінші өмір сыйлауға мүмкіндік береді.




