МәдениетТарихЕсімі ұранға айналған қазақ әйелдері

Есімі ұранға айналған қазақ әйелдері

30 қаңтар 2026
5 мин
Казахские матери, чье имя стало боевым кличем
Фото: Tamga Media / ЖИ

Әлихан Бөкейхенов  “Ұран шақырылғанда үйден шықпау ұят саналған, мұндай адамдарға ешбір қазақ қызын бермеген” деген. Ұран – соғыста жауынгерді жігерлендіріп, рухын көтеру үшін айтылатын сөз, жасақты басқаруға көмектесетін маңызды әскери сигнал. Қандай қазақ рулары әйел атымен ұран шақырды? Есімі ұранға айналған әйелдер жайлы не білеміз?


Бұрын әр ру өзінің адамын осы ұраннан ажыратып, танып, қол ұшын беретін. Кейбір жиында жанжал басталса, барымта болса, бірден ру ұраны шақырылатын. Сол кезде әр ру өз ұранымен топталып, қарсы руға төтеп берген. Жер дауы, жесір дауы сияқты жанжалдарда да руына қарай ұран шақырған. Бірақ мұндай ұрандар жиі өзгеріп отырған. Өйткені кейінгі уақытта ерлігімен көзге түскен батырлар есімі алдыңғыларының атын ығыстырып отырды.


Ұрандар көбіне ата-бабаның, ерлігімен танылған батырлардың құрметіне қойылған. Оның мәні – “бабаларымыздай күшті, рухты болайық” деген тілек. Қазақ халқы жерді де киелі санаған, сондықтан кейде мекеннің атауын да ұран еткен. 


Кейде руға еңбегі сіңген аналардың есімі ұранға айналған. Мысалы, Орта жүзден тарайтын қаракесек руының ұраны – Қарқабат, арғыннан тарайтын Сүйіндік руының ұраны – Жолбике, найманнан тарайтын Қызылай руының ұраны – Қызай, Дулат руының ұраны – Домалақ ана

“XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысында батырлардың аты көзге түсіп, жаппай ұран ретінде қолданыла бастады. Бірақ меніңше, бұған дейін әйелдер есімі ұрандар көп қолданылған”, – дейді тарихшы Радик Темірғалиев. 


Ал Ақселеу Сейдімбектің сөзінше, бұл қазақ халқының әйелді, ананы ерекше қадірлегенін көрсетеді. 


Қарқабат ана 


Әйелдер есімінің ұранға айналғанын ауыз әдебиетінен де байқай аламыз. Мысалы, Біржан сал Сарамен айтысқанда былай деген: 

“Қарқабат-Қарақожа – ата-бабам, осындай ерегесте қолдаушың!”


Қарқабат ана – арғын ішіндегі қаракесек руының қадірлі анасы. Ол елге сыйлы Мейрамсопының үшінші әйелі болған. Қарқабат ананың аты аңызға айналған. Оған Мейрамсопының бәйбішесі Нұрпия ана себеп болған. Нұрпияның анасы ерте қайтыс болып, оны үлкен жеңгесі ұзатып, өзі апарады. Жолға тағы бір жетім қыз бірге шығады. Ол – Қарқабат.


Нұрпияны құтты орнына қондырып, келгендер енді қайтайын дегенде ел ішінде бүлік басталып, қайта алмай қалады. Басы бос келіншекке әркімнің көзі түсе бастайды. Сонда Нұрпия Мейрамсопыға үшеуін бір шаңырақта қалдыруын өтінеді. Сөйтіп, үшеуі Мейрамсопының әйелі болып, Нұрпиядан Қуандық пен Сүйіндік, Нұрпияның жеңгесінен Бегендік пен Шегендік, Қарқабаттан Болатқожа деген балалар дүниеге келеді. 



Қарқабат күйеуін ерекше сыйлаған. Күйеуінің жайын ойлап, әрдайым қамқор болған. Далада отырса, астына көде шөп төсеп, жердің салқынын өткізбеген. Дәретке арналған суды да жылытып қоятын болған. Осы ықыласына разы болған Мейрамсопы Қарқабатқа “Ой, көсегең көгергір, көсегең көгерсін! Бір туғаныңнан бір туғаның артылып туып, аса берсін! Өсіп-өнген ұрпағыңның ұранына шық!” деп бата берген. Бұл бата қабыл болып, Қарқабаттан тараған қаракесек ұрпағы үлкен елге айналған.


Домалақ ана


Домалақ ана – Бәйдібек бидің үшінші әйелі, шын есім – Нұрила. Одан ошақты, шапырашты, албан, суан, ысты, дулат сияқты Ұлы жүздің рулары тараған. Нұриланың өзі қожа руынан.


Ел аузында Домалақ ана жайлы аңыз-әңгіме көп. Соның бірі – Домалақ ананың көріпкелдік қасиеті. Бірде Бәйдібек бидің қалың жылқысын жау шауып кетеді. Бәйдібек бастаған ел азаматтары ауылда емес еді. Жау шапты деген хабарды естіп, Бәйдібек елден жасақ жияды. Қасына үлкен әйелі Сары бәйбішеден туған алты ұлын алып, жауға аттанғалы жатқанда Нұрила одан бармауын сұрап, алты күннен кейін жылқылары өзі қайтып келетінін айтады. Бірақ жауға кектенген батыр әйелін тыңдамай, жасағын бастап кетеді. Осы соғыста Бәйдібек алты ұлынан айырылады. Нұрила айтқандай, алты күннен соң шығыстан шаң көтеріліп, бір үйір жылқысы қайтып келеді. 




Домалақ ана өмірінің соңғы жылдарын Ташкентте өткізеді. 1456 жылғы 28 мамырда Домалақ ана намаз оқып жатқанда көз жұмған деседі. 


Қызай ана 


Қызай – Бәйдібек би мен Домалақ ананың немересі. Бір деректерде оның есімі Күнбибі, Айқыз деп те айтылады. 


Қызай найман еліне келін болып түсіп, ақылымен, көркімен жұртты тәнті еткен деседі. Дәл осы қасиеті үшін көпшілік оған “Бәйдібектің немере қызы атасы мен әжесіне тартқан екен” деп сүйсінген. Ал Қызайдың күйеуі Шағыр беделді адам еді. Қызай мен Шағырдың Дербіс, Бегімбет, Итемген, Меңіс деген балалары туылып, осылардың ұрпағы кейіннен “Қызай” деп аталатын рулы елге айналған





Жолбике ана 


Жолбике – Орта жүздің ішіндегі арғыннан тарайтын Сүйіндік руының ардақты анасы. Жолбике ана Жанболды, Құлболды, Жолболды деген балаларды дүниеге әкеліп, кейін олар қалың рулы елге айналған. Дегенмен Жолбике анамыздың даналығы, қадір-қасиеті туралы нақты деректерді таппадық.


Бөлісу: