Вазэктомия – ерлерге жасалатын ең кең тараған әрі жеңіл оталардың бірі. Бары-жоғы 15 минутта жергілікті анестезия арқылы жасалады. Көбі екі-үш күнде-ақ оңалып кетеді. Десе де ісі оңай көрінгенімен, бұл тақырып жайлы әлі күнге дейін алып-қашпа әңгіме көп. Ота қанша уақытқа созылады және оны не үшін жасайды? Еркектік қуатты кейін қайтаруға бола ма және оның денсаулыққа зияны бар ма? Tamga Media уролог Елтай Шілдебаевтан сұрап білді.
Вазэктомия деген не?
Ота кезінде сперматозоид өтетін жолдар жабылады. Бірақ ер адамның гормондары өзгермейді: тестостерон да, сперматозоид та бұрынғыдай түзіле береді, тек сперматозоид сыртқа шықпайды.
Вазэктомия жасайтындардың басты мақсаты – бала сүюді түпкілікті доғару. Яғни ер адам немесе жұп бұдан былай бала сүймейміз деп нық шешім қабылдағанда, басқа сақтану әдістерін қолданбау үшін осы жолды таңдайды. Кейде вазэктомия денсаулыққа байланысты да жасалады. Мысалы, жасы үлкен ер адамдарға простата отасын жасағанда аталық безінің қосалқысы қабынып кетпесі үшін осы әдісті қатар қолданады.

Елтай Шілдебаев, жоғары санаттағы уролог-андролог дәрігер:
«Ота кезінде ұманың екі жағын кішкене тіліп, спермотозоидты тасымалдайтын түтіктер байлап тастайды да, теріні тігеді. Отадан кейін адам тез оңалады, бірақ бірден қорғанбай, интим қатынасқа түсуге болмайды. Себебі шәует жолдарында сперматозоидтар біраз уақыт сақталады. Сондықтан отадан кейін шамамен 1-2 ай күтіп, 8-10 рет эякуляция болған соң спермограмма тапсыру қажет. Егер талдау сперматозоидтың жоқ екенін көрсетсе ғана, контрацепция қолданбауға болады».
Бұл әдіс қаншалық тиімді?
HealthPartners ұйымының дерегіне сүйенсек, отадан кейін әйелдің жүкті қалу ықтималдығы – 0,08-0,16% төңірегінде ғана. Қарапайым тілде айтқанда, 1000 ер адам вазэктомия жасатқан жағдайда, олардың серіктестерінің арасынан небәрі 1-2 әйел ғана жүкті болуы мүмкін. Ал жарты миллион адамды қамтыған Journal of Urology зерттеуінде бұл көрсеткіш 0,58% болған.
Салыстыру үшін айтсақ, Cleveland Clinic мәліметінше, мүшеқапты дұрыс қолданғанның өзінде 100 әйелдің шамамен екеуі жүкті болып қалуы мүмкін. Ал АҚШ урологтар қауымдастығының нұсқаулығына сүйенсек, жатыр түтігін байлатқан 100 әйелдің үшеуі алғашқы жылы жүкті болып қалады. Бұл көрсеткіш 10 жылдан кейін 100 әйелдің сегізіне дейін өскен.
Вазэктомия, спираль, таблеткалар: неге мұның бірін таңдау соншалық қиын?
Вазэктомия мен жатырішілік спираль (ЖІС) – ең сенімді әдістердің бірі. CDC мәліметі бойынша, бұл әдістерді қолданғанда бір жыл ішінде жүкті болу ықтималдығы 1%-дан аз. Ал Guttmacher институтының сандарына көз жүгіртсек, күнделікті өмірде таблетка, пластырь және қынап сақиналарын қолданғанда қолданғанда бұл көрсеткіш 7%-ға, инъекцияда 4%-ға дейін жетеді. Мүшеқаптың қаншалық тиімді екені оны қалай қолданғанға байланысты.

Елтай Шілдебаев, жоғары санатты уролог-андролог дәрігер:
«Ер адамдардың аз ғана бөлігі вазэктомияны таңдайды, себебі ертең бала сүю бақытынан біржолата айырылып қаламын деп алаңдайды. Десе де кейде жап-жас жігіттердің өзі осы отаны жасап беріңізші деп өз еркімен келеді. Мұндайда мен оларды сабырға шақырып, бірден пышаққа түспей, басқа да жеңілдеу амалдарды қарастыруға шақырамын».
Ер адамның денсаулығына зияны бар ма?
Ер адам вазектомия отасын жасатқаннан кейін де шәуеті түзіледі береді, бірақ сыртқа шықпайды. Бірнеше жылдан соң да өздігінен сыртқа шығып кетпейді. Сондықтан ол балалы бола алмайды. Бірақ қайта қалпына келтіру отасын (реканализация) жасаса, қайтадан балалы болуға мүмкіндігі бар. Weill Cornell медицина орталығының зерттеуіне сүйенсек, вазэктомиядан кейінгі алғашқы 15 жыл ішінде реканализация жасатқан ерлердің жұбайының жүкті болу ықтималдығы орта есеппен 84%-ды құрайды. Ал 15 жылдан кейін бұл көрсеткіш шамамен 44%-ға дейін төмендейді. Нәтиже хирургтың тәжірибесіне, қолданылған әдіске және әр адамның жеке ерекшеліктеріне байланысты өзгеруі мүмкін. Сондықтан нақты болжамды дәрігермен талқылаған дұрыс. Сондықтан асықпай ойланып, жұбайымен келісіп, ақылдасып шешім қабылдауы керек. Тіпті кейде психологтың кеңес алуға болады.
Ал одан бөлек ер адамның ағзасына зияны жоқ. Бұл отадан кейін ерлер белсіз болып қалмайды, жыныстық қатынасқа бұрынғыдай түсе береді.
Қанша жаста жасауға болады?
Вазэктомия жасатуға халықаралық деңгейде бекітілген ортақ жас шегі жоқ. Алайда әр дәрігердің өз ішкі ұстанымы мен кәсіби талабы бар.

Елтай Шілдебаев, жоғары санатты уролог-андролог дәрігер:
«Менің өз ұстанымым бар. Вазэктомияны көбіне жасы 35-тен асқан, кемінде екі баласы бар ер адамдарға ғана жасаймын. Сонымен қатар бұл отаны жасы үлкен кісілерге қуықасты безіне (простатаға) жасалатын операция кезінде де қатар жасаймыз. Бұл кейін аталық без қосалқысының қабынып кетпеуіне (орхоэпидидимиттің) көмектеседі.
Дегенмен жасы келген ер адамдардың өзі бұл отаға бірден келісе бермейді. Өйткені табиғи жолмен бала сүйе алмау кейбіріне психологиялық тұрғыдан ауыр тиіп, көңіл күйі мен мінез-құлқына әсер етуі мүмкін. Егер аз да болса күмән болса, асықпаған жөн. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегендей, мұндай шешімді кемінде үш ай бойы жан-жақты ой елегінен өткізіп барып қабылдауға кеңес беремін».




