ДенсаулықДенеЕр азаматтар үйленгеннен кейін не себепті семіріп кетеді?

Ер азаматтар үйленгеннен кейін не себепті семіріп кетеді?

11 маусым 2026
4 мин
«Сопрано» сериалынан үзінді | Фото: Кинопоиск

Ерлердің көбі үйленгеннен кейін салмақ қосып, қарны шыға бастайтынын байқаймыз. Тіпті қазір қоғам бұған қатысты көп әзіл-қалжың айтады: жігіттің үйленгенге дейінгі және тойдан кейінгі суретін салыстырсаңыз, айырмашылықты бірден байқауға болады дейді. Бірақ Гарвард, Копенгаген мен Бат ғалымдары бұған байыппен қарап, жылдап зерттеп, бұл жай ғана еріншектік немесе «босаңсып кету» емес екенін анықтаған. 


Бәсеке аяқталды, «майданда» тыныштық


Гарвард зерттеушілері 122 ер азаматтың дерегін тексеріп, қызық қорытындыға келген: заңды немесе азаматтық некеде тұратын жігіттердің тестостероны бойдақ қатарластарына қарағанда 21% төмен болып шыққан. Копенгаген университетінің де 1113 ер адамды он жыл бойы бақылаған зерттеуі мұны растап отыр. Бұл гормон бойдақтарға қарағанда үйленгендерде әлдеқайда тез азайған. Ал кейін ажырасқандарда бұл үрдіс қайта баяулапты.


Мұнда табиғаттың заңдылығы өте қарапайым: жоғары тестостерон – жар таңдау жолындағы бәсекенің құралы. Ер адам көңіл қосқан серігін тапқанда «жауынгерлік дайындық» режимінен шығып, ағзасы жаңа тұрмыс ырғағына көшеді. 


Негізі тестостерон майды тез ыдыратып, әсіресе іш аймағына май жиналуына жол бермейді. Себебі ол майды қуат көзі ретінде пайдаланады. Ал бұл гормон азайғанда, ағза майды белсендірек жинап, бұлшықетті жоғалтады, зат алмасу процесі баяулайды.  Жиналған май ұлпасы тестостеронды эстрогенге (әйел гормонына) айналдырады.


Сонымен қатар күйзеліс гормоны – кортизол да өзгереді. Бақытты жұптарда оның деңгейі төмендейді, яғни ішкі мазасыздық сейіледі. Кортизолдың мөлшері қалыпты болса, метаболизм жақсырады. Ал аз қозғалатын өмір салты басталғанда, бұл гормон тым төмендеп, зат алмасуды одан бетер баяулатып жібереді.


Лаура Актуреева, эндокринолог, нутрициолог:

«Үйленгенде ерлердің гормондарының астаң-кестеңі шығып, дәрігерге баруы керек деген сөз емес. Бұған бір шаңырақта тұрғаны емес, басқа да себептер әсер етуі  мүмкін. 30-35 жастан асқан соң, ер адамның тестостероны жыл сайын табиғи түрде 1-2% азая бастайды. Бұл – ешқандай белгісіз, білінбей өтетін, ағзаның есеюімен келетін қалыпты құбылыс. Ал бұл гормонның қаншалық тез төмендейтіні тек жасқа емес, тікелей өмір салтына байланысты. Мысалы, адам үнемі күйзеліп жүрсе, кортизолы жоғарыласа, артық салмақ қосса, созылмалы аурулары болса, D3 дәрумені, мырыш жетпесе, осы процесті одан ары үдетіп жібереді. Міне, осындай кезде ғана денсаулыққа шынымен қауіп төнуі мүмкін».


Дастарқан – жақындықтың белгісі


Ерлі-зайыптының бір дастарқан басында бас қосуы – бір-біріне бауыр басып, етене араласуының басты белгісі. Алайда мұның да өз салдары бар: ер азаматтар табақтағы сыбағасын жарының порциясына қарай бейімдейді немесе үйде күнде қазан қайнап, дастарқан жаюлы тұрған соң, жүйелі тамақтануға көшеді. Бат университетінің зерттеуі көрсеткендей, үйленген ер адамдардың дене массасының индексі бойдақтарға қарағанда жоғары – орташа есеппен 1,4 келі артық салмақ қосады екен. Бұл салмақ бірден емес, отау құрған алғашқы жылдары біртіндеп жиналады.


Бұған қоса тағы бір қызық жайт бар: үйленген соң сырт келбетті күтуге ынта бәсеңдейді. Ғалымдар мұны «жұп таңдау нарығының моделі» (mating market model) деп атайды: адам өзіне серік іздеп, «нарықта» жүргенде сырт келбетіне көбірек уақыт бөледі, спортқа барады. Ал көңілі жарасқан жарын тапқан соң, ынтасы азаяды. Қарым-қатынасына, отбасылық өміріне дән риза жұп өзін жайлы әрі толық қауіпсіз сезінген соң, тез салмақ қосып алады.


Мәселенің екінші жағы да бар: отбасылық реніштер мен кикілжіңдер де салмаққа әсер етпей қоймайды. Мұндай кезде ағзада аштықты күшейтетін гормон – грелин бөлініп, адам тәтті мен майлы тағамды көбірек жегісі келеді. Қысқасы, бақытты неке де, ұрыс-керіске толы тұрмыс та ер азаматтың салмақ қосуына ықпал етуі мүмкін. 


Лаура Актуреева, эндокринолог, нутрициолог:

«Біздегі “тамаққа табыну” әдеті бар, яғни той-томалаққа, отырысқа көп барып, онда шектен тыс тамақ жеп қоямыз. Негізгі себеп те осы – денеге керек мөлшерден көп калория түсуі. Артық тағам май болып жиналып, салмақ біртіндеп көбейеді. Артық салмақтан арылу үшін кешкісін аз жеу керек, түнде тамақтанбау қажет және тәрелкеде көкөніс, ақуыз бен пайдалы көмірсуларды тең ұстау керек. Бұған қоса көбірек қозғалса, нәтиже жақсарады».


Қашан дабыл қағу керек? 


Үйленген алғашқы жылдары аздап салмақ қосу – денеңіздің жаңа тұрмыс ырғағына көшкені. Негізгі мәселе бұл үрдіс бақылаудан шығып кеткенде және еркек өзінің толысып кеткенін тым кеш байқағанда басталады.


Көптеген зерттеу көрсеткендей, расымен де шаңырақ көтеру – салмақтың артуына, ал ажырасу – оның қайта төмендеуіне тікелей әсер етеді екен. Бұл жағдай сізді шошытпауы керек, керісінше, оған денсаулығыңызға мұқият қарау қажетін білдіретін белгі ретінде қарау керек. Ең қауіптісі – висцералды май, яғни ішкі ағзалардың айналасына жиналатын май. Ол сырт көзге білінбейді, бірақ зат алмасу процесін бұзып, басты қауіпті тудыратын да дәл осы іш май.


Лаура Актуреева, эндокринолог, нутрициолог:

«Таразыдан бөлек ең маңызды көрсеткіш – белдің өлшемі. Белді өлшеу оңай, бірақ салмақтың өзгерісін жақсы көрсетеді. Бұрын киген киімдеріңіз әлі де дәл келсе, демек беліңіз ұлғаймаған. Жігіттер үшін қалыпты бел өлшемі – 88-92 см. 94 сантиметрден асса, бұл – артық салмақтың белгісі».


Не істеу керек?


Бұл үрдісті өзгерткісі келетіндер, әдетте, қатал диетаға иек артпай, отбасылық өмір салтын қайта қарауы қажет. Ермек үшін тамақ жей салмай, оның орнына бірге серуендегені, белсенді демалыс ұйымдастырғаны және кешкі ас порциясына мән бергені жөн. 


Қорыта айтқанда, үйленгеннен кейін ерлердің денесінің өзгеруі «босаңсып кеткенінен» деп үзілді-кесілді айту қиын. Бұл – гормондардың құбылуы, әлеуметтік орта мен күнделікті мінез-құлықтың өзгеруінен туындайтын заңды үрдіс. Мұның артында ерік-жігердің әлсіздігі немесе жалқаулық емес, тұрмысқа сіңіскен физиология жатыр. Бұл қалпы өзіне жайлы болса, бәрі дұрыс. Ал көңілі толмаса, тек тәрелкедегі асты ғана азайтпай, күнделікті өмір салтын тұтастай өзгертуі қажет.

Бөлісу: