Ойын-сауық●Әдебиет●«Ең қауіпті ойындар»: MrBeast-тің алғашқы кітабы қандай болып шықты?

«Ең қауіпті ойындар»: MrBeast-тің алғашқы кітабы қандай болып шықты?

7 қазан 2026
5 мин
Instagram @mrbeast

Әлемге әйгілі блогер MrBeast кітап жазды дегенді естідіңіз бе? Бұл есім сізге таныс болса, не туралы айтып жатқанымызды түсінген боларсыз. Ал оның есімін алғаш рет естіп тұрсаңыз, бұл кітап не туралы екенін де білмейсіз. Алайда, бұл жерде бір маңызды жайт бар. MrBeast немесе Джимми – миллиондаған жасөспірімнің кумирі, интернет жұлдызы, бір ұрпақтың өмір салтына әсер еткен  феномен. Әлемдік платформаларда жүздеген миллион аудиториясы бар контент-креатор өзінің ауқымды челлендждері мен жомарттығы арқылы миллиондаған жүректі жаулаған тұлға. 


Ендеше бізді неге оның кітабы қызықтырады? Себебі Джимми бұл жобаны жай ермек үшін бастамады. Оның мақсаты – күні бойы видео көріп өскен буынды кітапқа баулу. Қарапайым мақсат десек те, көбінің қолынан келмейтін дүние. Көп адамның өмірінде кітап оқуға жол ашқан бір шығарма болады. Мәселен, сіз мектеп оқушысыз делік. Рок тыңдайсыз, мультфильм көресіз, ал жазғы демалысқа «Соғыс және бейбітшілік» немесе «Тынық Донды» оқуға береді. Мұндай жағдайда кітапқа деген қызығушылығыңыз артудың орнына, кітаптың бетіне қарағыңыз келмей қалуы мүмкін.


Ал дәл сол сәтте қолыңызға жеңіл оқылатын кітап түссе, қалай кітапқа кіріп кеткеніңізді сезбей қаласыз. Мысалы, Конан Дойльдің детективі немесе Эдгар Аллан Поның тылсым әрі қараңғы әңгімелері өте жеңіл жазылған. Осындай жеңіл кітаптардан кейін баланың кітапқа деген қызығушылығы тез ашылады. Ең бастысы бала кітаптан қорқып кетпей, сүйсініп оқуы керек. Бір рет қызығып оқыған адам кейін өзі-ақ күрделірек шығармаларға көшеді. Сондықтан MrBeast-тің ойы бір қарағанда дұрыс сияқты, баланы кітапқа тарту үшін алдымен оған түсінікті, жеңіл дүние беру керек.

Бірақ ол мақсатына жете алды ма? Әдеби сыншылар да, қарапайым оқырмандар да бұл кітапты жерден алып, жерге салды. «Мынауың шығарма емес, жай кітап» деп бармақ тістегендер де, «мүлде оқымағаннан гөрі, осыны оқығаны әлдеқайда артық» деп ақтап алғысы келгендер де табылды. Сондықтан бұл жердегі түйін кітаптың жақсы не жаман екенінде емес. Ең басты сауал MrBeast көздеген межесіне жете алды ма? Расында да, мына кітап жасөспірімдердің қолына қалам ұстатып, оқуға құштарлығын арттыра ала ма? Ең бастысы, халықты кітапқа шақырып отырған адамның өзі әдебиетке салғырт қарай ма? Түйінін тарқатып көрейік.


Бірінші бөлім: кітап не туралы?


«Ең қауіпті ойындар» (The Most Dangerous Games) кітабының мұқабасында екі танымал есім тұр. Біріншісі – MrBeast, яғни Джимми Дональдсон. Екіншісі – Джеймс Паттерсон, кітаптарын миллиондаған данамен сатқан америкалық жазушы. Оның көптеген шығармасы The New York Times бестселлерлер тізіміне енген. 


Егер MrBeast-тің видеоларын көрген болсаңыз, кітаптың сюжетін елестету қиын емес. Мұнда да үлкен жүлде, күрделі сынақтар және соңына дейін жетуге тырысқан қатысушылар бар. 


Оқиға былай басталады. Әлемнің әр түкпіріндегі мың адамға құпия шақырту жіберіледі. Олардың арасынан жүз адам арнайы жарысқа таңдалады. Қатысушылар түрлі сынақтан өтіп, біртіндеп жарыстан шығып қалады. Ал соңында бір ғана адам жеңімпаз атану тиіс. Бірақ мақсат тек миллиард доллар ұтып алу емес. Ұйымдастырушылар адамзаттың болашағын өзгерте алатын «Ерекше адамды» іздейді. Жеңімпаз сол миллиард долларды әлемді жақсы жаққа өзгертуге пайдалануы керек.

Бұл оқиға неге таныс көрінеді?


Кітапта MrBeast-тің өзі де кейіпкер ретінде бар. Тіпті бір сәтте ол қауіпті ойындардың біріне қатысады. Сюжет те көп адамға таныс болып көрінуі мүмкін. Мұнда MrBeast видеоларына ұқсайтын челлендждер, «Кальмар ойынындағыдай» жарыс және «Аштық ойындарын» еске түсіретін қатерлі сынақтар бар.


The Slate басылымының шолушысы кітапты MrBeast видеоларының қағазға түскен нұсқасына теңеген. Яғни авторлар мүлде жаңа әдеби әлем құрудан гөрі, Джиммидің видеоларындағы таныс формуланы романға бейімдегендей әсер қалдырады. Сынның көбі де осыған байланысты. 20 минуттық YouTube видеосы үшін бұл керемет формат, ал 400 беттік роман үшін тек арты-артынан келетін сынақтар аздық етеді. Оқырманға кейіпкерге бауыр басып, оның жан дүниесін сезіну де маңызды ғой. 


Екінші бөлім: екі “конвейердің” өнімі ме?


Кітап мұқабасында MrBeast пен Джеймс Паттерсонның есімі қатар тұр. Екеуі қайдан бір-бірін тауып алды деп ойласаңыз, екеуінің мінезі де, ісі де бір жерден шығады. Екеуі де үлкен командаларды басқарып, тоқтамай контент шығаратын жандар. Джеймс Паттерсон – қазіргі ең танымал жазушылардың бірі. Оның 200-ден астам кітабы жарық көрді, кей деректерде бұл сан 300-ден де асады. Кітаптарының жалпы таралымы 400 миллион данадан асқан. Тек 2025 жылдың өзінде оның сегіз кітабы шыққан. Мұның сыры – Паттерсонның басқа авторлармен жиі бірге жұмыс істеуі. Ол Билл Клинтонмен, Долли Партонмен, Виола Дэвиспен және басқа да танымал тұлғалармен бірлесіп кітап шығарған. Тіпті ең танымал жазушы саналатын Стивен Кингтің өзі бұдан әлдеқайда аз кітап жазған шығар. Сондықтан Паттерсонның жұмыс тәсілін кейде «әдеби конвейерге» теңейді. MrBeast-тің әлемі де осыған ұқсайды. Тек оның негізгі өнімі – кітап емес, YouTube видеолары, Beast Games шоуы, Feastables бренді, ойыншықтар және басқа да жобалар. 


Сондықтан бұл екі адамның бірлескен кітабы шыққанда, оқырмандарда мына сұрақ мазалады: мәтінді нақты кім жазды және авторлардың әрқайсысы оған қаншалықты үлес қосты?


Үшінші бөлім: кітапты кім жазды?


Ресми нұсқа бойынша, Джеймс Паттерсон MrBeast-ке тәлімгер болған. Ол сюжет құруға көмектескен, Джиммимен апта сайын кездескен, қолжазбаны оқып, түзету енгізген және оған кітап жазудың қыр-сырын үйреткен. Бірақ кітап шықпай тұрып-ақ кей сыншылар бұл нұсқаға күмән келтірді.


The Spectator басылымы Паттерсон мен MrBeast мұндай көлемдегі кітапты өздері жазуға қаншалықты уақыт таба алды деген сұрақ көтерді. Себебі бір автор – жыл сайын бірнеше кітап шығаратын Паттерсон болса, екінші автор – үнемі түсірілім мен бизнестің ортасында жүретін MrBeast. 


Оқырмандар арасында да осындай күмән бар. Goodreads-тегі кей пікірлерде кітапты негізгі екі автордан бөлек тағы бір адам жазуға көмектескен деген болжам айтылады. Мұндай тәжірибе баспа әлемінде жиі кездеседі. Гострайтер деп басқа адамның атымен немесе онымен бірге мәтін жазатын авторды айтады. Ол кітаптың бір бөлігін немесе толық мәтінін дайындауы мүмкін, ал мұқабада танымал адамның есімі тұрады. Паттерсон да көптеген жобада бірлескен авторлармен жұмыс істейтінімен белгілі. 


Дегенмен нақты дәлел болмаса да, мәтіннің қалай жазылғаны әлі күнге дейін қызу талқылануда. 


Төртінші бөлім: шоу мен әдебиет 


Кітаптағы сынақтар бір қарағанда өте қызық көрінеді: Антарктиданың мұзы, судағы акулалар, аптап шөл, тау шыңдары. Мұндай жерде оқиға іш пыстырмауы керек сияқты. Бірақ сыншылар мен оқырмандардың көбі дәл осы сынақтарды кітаптың әлсіз тұстарының бірі деп бағалаған. Себебі қауіпті орта өздігінен әсерлі бола бермейді. Оқырманға сол қауіптің ішінде жүрген адам маңызды. Кейіпкердің не үшін күресіп жүргенін, неден қорқатынын, не жоғалтуы мүмкін екенін түсінсек қана оның басындағы жағдайға алаңдаймыз.


Ал кітапта сынақтар бірінен соң бірі тез ауысатын шоу сияқты: шөл, акула, үңгір, тағы бір қауіп. Бірақ осының бәрі толыққанды оқиғаға айналып үлгермейді. Қауіп бар, бірақ оны кейіпкермен бірге сезіну қиын. MrBeast-тің видеоларында бұл тәсіл жақсы жұмыс істейді. Өйткені экранда шынайы адамдардың реакциясын бірден көреміз: олар қорқады, қуанады, уайымдайды. Оның үстіне видеода жылдам монтаж, эмоция  қысқа бөлімдерден құрылған.


Ал кітапта мұның өзі жеткіліксіз. 400 беттік романға тек сынақ емес, кейіпкердің ішкі әлемі де керек. Ол не үшін осы жолға түсті? Не жоғалтуы мүмкін? Жеңіс үшін неге дайын? Сыншылардың пікірінше, кітап осы жағын толық аша алмаған.


Бесінші бөлім: жеңіл оқылады, бірақ тереңдігі аз


Кітаптың тілі қарапайым, тараулары қысқа, оқиға тез өрбиді. Сондықтан оны оқу қиын емес. Бірақ осы жеңілдіктің кері жағы да бар: кейіпкерлердің мінезі толық ашылмайды, ал маңызды ойлар оқырманға дайын күйінде беріледі. Астар іздеп, өзің ой қорытуға мүмкіндік аз. Мұндай тәсіл кітап оқуға енді қызығып жүрген жасөспірімге ыңғайлы болуы мүмкін. Бірақ ересек оқырманға мәтін тым қарапайым көрінуі ықтимал.


Алтыншы бөлім: кітаптағы басты қайшылық


Кітапта MrBeast-тің өзін де кейіпкер ретінде көруге болады. Оның айтатын негізгі ойы қарапайым: әлемді өзгерту үшін ақша емес, оны дұрыс мақсатқа жұмсайтын адам маңызды. Сюжеттегі миллиард доллар да жай жүлде емес. Ол адамзатқа көмектесе алатын «ерекше адамға» берілетін құрал ретінде көрсетіледі. Бірақ сыншылар дәл осы жерден қайшылық көреді.


MrBeast-тің видеолары көбіне қыруар ақшалай жүлде алуға болатындай құрылған. Қатысушылар қомақты сыйлық үшін түрлі сынақтан өтеді, ал көрермендерге сол ақшаның кімге бұйыратыны қызық. Сондықтан кітаптағы негізгі ой MrBeast-тің өзі қалыптастырған контентпен үйлесе бермейді.


Бір жағынан, кітап ақшаны тек жақсылық жасауға арналған құрал ретінде көрсетеді. Екінші жағынан, MrBeast-тің медиа әлемінде ақша – көрерменнің назарын ұстап тұратын негізгі мақсаттың бірі. Кітапқа айтылған сынның бір бөлігі де осы қарама-қайшылыққа байлананысты.


Қорытынды: бұл кітаптың пайдасы бар ма?


Кітаптың неге көп сыналғаны түсінікті. Оқиға желісі өте қарапайым, кейіпкерлердің ішкі дүниесі мен мінезі терең ашылмайды. Ең қызығы, кітаптағы кейбір ойлар мен тұжырымдар MrBeast-тің өз видеоларында айтатын ұстанымдарына тікелей қайшы келіп жатады. 


Дегенмен MrBeast жастарды кітап оқуға шақырғысы келеді. Оның негізгі аудиториясы  бос уақытын YouTube пен әлеуметтік желіде өткізетін жастар. Оларды кітапқа қызықтыру үшін де MrBeast өзіне таныс тәсілді қолданған: үлкен жүлде мен ойын. Кітап сатып алған адам миллион доллар ұтып алу мүмкіндігіне ие болып, MrBeast ұйымдастыратын ойынға қатыса алады. Яғни кітапқа шақырудың өзі қайтадан ақша мен шоуға сүйенеді. Сонда негізгі сұрақ қалады: әлсіз кітап оқу мүлде кітап оқымағаннан жақсы ма?


Мүмкін, иә. Өйткені әркім әдебиетке бірден күрделі шығармадан келмейді. Біреуге кітапқа қызығу үшін жеңіл әрі таныс дүниеден бастау керек. Егер MrBeast-тің кітабы жас оқырманға алғашқы қадам жасауға көмектесіп, кейін басқа кітаптарға қызығушылығын оятса, оның ең үлкен жетістігі де осы болар.

Бөлісу: