МедиаҚоғамЕмхана клоуны онкологиялық ауруы бар балаларға қалай көмектесіп жүр?

Емхана клоуны онкологиялық ауруы бар балаларға қалай көмектесіп жүр?

1 маусым 2026
6 мин
Фото: Кейіпкердің жеке архивінен

Онкология бөліміндегі балалар оны ашық түсті костюмінен, көңілді әуенінен және дәлізді жаңғыртқан күлкісінен бірден таниды. Бірақ Кроха клоунның жарқын бейнесінің артында сирек кездесетін дертпен өмір бойы күресіп келе жатқан Самат Рамазанов тұр. Ол Tamga Media-ға айлап аурухана палатасынан шықпайтын балаларға қалай қуаныш, күлкі және үміт сыйлайтынын айтып берді.


Самат Рамазанов «Хантер синдромы» деген сирек генетикалық аурумен ауырады. Бұл ауру ағзадағы зат алмасу процесінен бұзылғаннан пайда болады. Соның салдарынан уақыт өте келе ішкі ағзалар мен буындарға зақым келеді, денсаулық нашарлайды. Соған қарамастан Самат белсенді өмір салтынан бас тартпаған.


Бүгінде ол сирек ауруы бар жандарға көмектесетін «Жаңа Өмір» қорын басқарады. Халықаралық конференциялар мен жиындарға қатысып, Қазақстандағы отбасыларға қолдау көрсетіп жүр. Сонымен қатар емханадағы балалардың көңілін көтеріп, клоун болып істейді.


«Қостанай мен Алматыда жүрдім»


Кроха бейнесі пайда болғанға дейін Самат музыкант, асаба әрі іс-шара ұйымдастырушы болып жұмыс істеген. Ол Қостанайда туып-өсіп, 10 жылға жуық уақыт той-жиынды, мерейтойлар мен қалалық іс-шараларды жүргізді.

«2005 жылдан бастап ерікті болдым. Ал 2008 жылдан бері қайырымдылық концерттеріне белсенді қатыса бастадым», – дейді ол.


Уақыт өте Саматты Астана мен Алматыдағы қайырымдылық шараларына да шақыра бастайды. Қонаев қаласында БЦСА-мен ауыратын балаларға арналған концерттің бірінде ол сирек генетикалық дерт – мукополисахаридозбен ауыратын жандарға көмектесетін қор өкілдерімен танысады. Сол жерде оған осы диагнозы бар адамдардың алғашқы басқосуын ұйымдастыруды ұсынады.

«Ол кезде елімізде шамамен 35 емделуші ғана бар еді. Алғашқы кездесуге көп ата-ана келді. Бәріміз танысып, жақын араласып кеттік. Содан бері байланысымыз үзілген жоқ», – деп еске алады Самат.


Біраз уақыт Саматқа екі қаланың арасында жүруге тура келді. Ол Қостанайдағы жұмысын жалғастырып жүріп, Алматыдағы жобалар мен қайырымдылық іс-шараларына да жиі қатысып отырды.


«Қазақфильмнен» бастап, емхана сайқымазағына дейін


Бір күні Самат өзін кино саласында сынап көргісі келеді. Алматыдағы сапарларының бірінде кездейсоқ «Қазақфильмдегі» кастингке кіріп кетеді.

«Маған бірден “Балуан Шолақ” фильміне түсуге ұсыныс жасады. Бұл – мен үшін мүлдем жаңа әлем еді. Түсірілім алаңының атмосферасына кіріп, киноға қалай ғашық болып қалғанымды өзім де байқамай қалдым», – дейді ол.


Самат алғашында массовкаға, кейін қосалқы рөлдер мен жарнамаларға да түсе бастайды. Көп ұзамай, Кино және телевидение академиясына режиссер мамандығына оқуға түседі. Дәл осы студенттік кезеңде оған «Смарт-мектеп» жобасы аясында емхана клоуны болуды ұсынады.


Осылай, Кроха бейнесі дүниеге келді. Бастапқыда Самат бұл жұмысты уақытша, әрі кетсе бір жылдық тәжірибе деп ойлаған. Бірақ емханадағы балалармен өткен әр күн оның өмірін мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді.


Балалар қоңырау үнін неге асыға күтеді?


Қазір Самат Алматыдағы онкология бөлімшелеріне жиі барады. Ол еріктілерді жиып, балаларға мереке сыйлайды, түрлі үйірме ұйымдастырады. Тек балаларға емес, ата-аналарға да демеу болып жүр.  Ал дертті жеңіп, емханадан шығатын балаларға арналған «қызыл кілем» дәстүрінің орны мүлдем бөлек.

«Бөлімше дәлізіне қызыл кілем төсейміз. Екі жағында ата-аналар тізіліп тұрады. Бөлім меңгерушісі ақ тілегін айтып, балаға медаль тағады. Дәрігер мен бала әуен ырғағымен кілем үстінен жүріп өткенде, біз шашу шашамыз», – дейді Самат.


Дәл осы сәтте ауыр емнің артта қалғанын білдіретін қоңырау соғылады. Бұл дәстүрді елдегі еріктілер шетел емханасындағы клоундардан көрген. Саматтың айтуынша, мұндай сәттер әлі де ем қабылдап жатқан басқа балалар мен ата-аналарға үлкен жігер береді.

«Мұны көрген өзге ата-аналардың бойында “біздің де баламыз осы қызыл кілемнен жүріп өтеді” деген үлкен сенім ұялайды», – дейді ол.


«Ең ауыры – балалардан айырылып қалуымыз мүмкін екенін түсіну»


Көңілді жүргенімен, Самат емхана клоуны болудың психологиялық тұрғыдан өте қиын екенін жасырмайды. Әсіресе онкология бөлімінде істеу оңай емес.

«Ең қиыны – қатерлі ісіктің түр-түрі болатынын түсіну. Ем айға, жылға созылуы мүмкін. Бір баланың емханадан үйіне қайта алмай, екі жылдай жатқаны бар», – дейді ол.


Бастапқыда Самат әр жағдайды жүрегіне тым жақын қабылдаған. Балалардың бәрін бірдей құтқару мүмкін емес екенін ұққанда жүрегі қатты ауырған.

«Біз балалардан айырылып қалуымыз мүмкін екенін әрдайым қаперде ұстаймыз, ең ауыры да осы», – дейді Самат.


Саматтың айтуынша, балалармен жұмыс істей жүріп ол бір маңызды нәрсені түсінген. Баланың көңілі көтеріңкі болып, өзін жалғыз сезінбесе, емді де жеңілірек қабылдайды. Осыны психологтармен жұмыс барысында да анық байқаған.

«Кейде балаға жай ғана күлкі, жақсы көңіл күй мен сенім керек болады. Мұның бәрі оның емді жеңіл өткеруіне 30-40% көмектеседі. Дәрігерлер емдейді, ал біз балаларға қорықпауға, күлуге, үмітін жоғалтпауға көмектесеміз», – дейді ол.


Тек балалар емес, ата-аналар да бар


Уақыт өте келе Самат балалармен ғана емес, олардың ата-аналарымен де жұмыс істей бастады. Өйткені олар да психологиялық демеуді қажет етеді. Ол ата-аналар үшін арнайы мерекелер, шығармашылық іс-шаралар мен би терапиясын ұйымдастырады.

«Психологиялық қолдау ата-аналарға да ауадай қажет, бұл олардың күйзелмеуіне көмектеседі», – деп түсіндіреді ол.


Жақында ғана ол 12 мамыр – Медбикелер күніне арналған концерт ұйымдастырды, оған балалар мен ата-аналар қатысқан. Ал алдағы үлкен іс-шара – Балаларды қорғау күні.


«Емханадағы балалар ересектер сияқты ойлайды»


Самат ауыр ем қабылдап жатқан балалардың тым ерте әрі тез есейетінін бірден байқаған.

«Мұндағы балалардың ересектер сияқты ақыл-ойы толысқан. Бәрін байыппен ойлап, талдай біледі. Қатарластарына қарағанда көп нәрсені әлдеқайда тереңінен түсінеді», – дейді ол.


Емханада ұзақ жатқан балалар өмірге өзгеше қарап, айналасын түсінуге және қарапайым нәрселерді бағалауға тырысады.


«Өз ісімді тапқаныма сенімдімін»


Самат алғашқы балалар жазыла бастағанда-ақ өз ісін тапқанын түсінді. Ол балалармен бірге концерттер ұйымдастырып, клиптер түсіргенін, кішкентай емделушілермен бірге өнер көрсетуге танымал әртістерді шақырғанын еске алады.

«Әр бала емнен соң оңалып, дертінен айыққан сайын өз ісіммен айналысып жүргеніме көзім жете түседі», – дейді ол.


Самат емхана клоуны болып қана қоймай, басқаларды да осы іске баулып жүр. Былтыр ол Бішкектегі «Помогать легко» қорының еріктілерін дайындауға көмектессе, қазір олармен онлайн кездесулерді тұрақты өткізіп, емханада жұмыс істеу қорқынышын жеңуге жәрдемдеседі.


Саматтың өз диагнозы бар, кейде оған психологиялық тұрғыдан да ауыр. Бірақ соған қарамастан ол тоқтамайды. Оны алға жетелейтін нәрсе – адамдарға, отбасыларға көмектесе алатыны. Әр күні бос өтпей, біреуге пайда әкеліп жатқанын сезінген сайын жігерленеді. 

«Қол-аяғым бүтін, басым істейді. Ең бастысы – таңертең көзімді аштым ба, демек, бұл күнді жақсылық жасауға арнауым керек», – дейді ол.


Ал болашақтан қорқатын балаларға Самат әрдайым мына сөзді қайталаудан жалықпайды:

«Әр адамның үміті, арманы мен жоспары болуы керек. Алдына нақты мақсат қойып, соған қарай қадам басу қажет».


Ол емханада жатқанда да уақытты текке өткізіп, «жай ғана жатуға» болмайтынына сенімді.

«Мен жасөспірімдерге үнемі: “Ағылшын тілін, басқа да тілдерді үйреніңдер, көп кітап оқып, дамыңдар. Бұл болашақта міндетті түрде керек” деп айтып отырамын», – дейді Самат.


Кроха клоунның жасап жүрген бүкіл ісінің негізгі мәні де осы болса керек – балаларды емхана уайымынан сәл де болса сейілту ғана емес, аурухана қабырғасында да өмірдің тоқтап қалмайтынын олардың есіне салу.

Бөлісу:

Емхана клоуны онкологиялық ауруы бар балаларға қалай көмектесіп жүр?