Электросамокаттар бірнеше жылда қала өміріне сіңіп кетті. Біреулер оны көлік мен автобусқа қарағанда қолайлы санаса, ал басқалар үлкен қауіп көреді. Жаңа шектеулер талқылана бастағалы, ережелерді қатайтуды, тіпті кейбір ауданда самокат жүргізуге мүлдем тыйым салуды талап ететіндер көбейді. Tamga Media электросамокаттар соншалық қауіпті ме деген сұрақтың жауабын іздеп көрді.
Апаттар
Қазақстанда электросамокат айдайтындар жылдан-жылға көбейіп жатыр. Мысалы, Whoosh компаниясының бізге берген ақпаратына сүйенсек, 2025 жылы Астанада самокат мінгендер былтырға қарағанда бірден 75% артқан. Ал Алматы жұрты бір жылда 8 миллион шақырымнан астам жол жүрген. Қала халқының үштен бірі айына кемі 10 рет самокатқа мінеді. Тұрғындар мұны қыдыру үшін емес, күнделікті жұмысқа, оқуға әрі аялдамаға жету үшін пайдаланады.
Қызығы, самокат тебетіндер көбейсе де, компания апаттар саны артқан жоқ деп отыр.
Whoosh компаниясы: «2025 жылғы мамырдан бастап Алматы мен Астанада самокаттармен болған апаттар саны былтырға қарағанда 65% азайды. Ал жаяу жүргіншілерді қағып кеткен жағдайлар 66% кеміді».

Компанияның айтуынша, мұндай жағдайлардың 90%-дан астамында ешкім қатты жарақат алмайды. Бірақ бұл – тек жалға берілетін самокаттардың көрсеткіші. Ал елде халықтың көбі өз самокатын айдайды. Олар жалға алатын сомакаттарға қарағанда әлдеқайда қуатты әрі бақылана бермейді.
Whoosh компаниясы: «Жеке самокаттар еш жерде тіркелмеген. Апат бола қалса, иесін табу мүмкін емес, содан олар жауапкершіліктен құтылып кетеді».
Мәселе неден шығып жатыр?
Көшеде самокат көбейген сайын, жаяу жүретін адамдармен ерегіс те, апат та көбейеді. Урбанист Дмитрий Димовтың айтуынша, бұл жерде тек самокат мінгендерді кінәламай, қала көшелері мен инфрақұрылымының қалай жоспарланғанын да ескеру қажет.
Оның пікірінше, жолдың қауіпсіз болуы самокаттардың санына емес, көбіне оларды қандай жағдайда тебуге тура келетініне байланысты.
Дмитрий Димов, урбанист: «Мәселе самокат айдайтын веложолдардың аз екенінде болып отыр. Бұған қоса самокатты мектеп оқушылары мен өз әрекетінің қауіпті екенін ескермейтін, жауапкершілік сезінбейтін адамдар да емін-еркін мінеді».
Дегенмен самокаттар қала өміріне әбден сіңіп кетті. Соның арқасында адамдар жақын жерге машинамен баруды азайтты, оның үстіне бұл автобустардың да жүгін біраз жеңілдетті. Самокаттардың болашағы оған қойылатын ережелер мен қаланың жағдайына байланысты.

Дмитрий Димов, урбанист: «Адамдар көлік айтып, көшенің 20 шаршы метр жерін алып тұруы немесе автобуста сығылысып тұруы мүмкін еді, бірақ олар самокатты таңдап отыр».
Тұрғындар көбіне неге шағымданады?
Whoosh компаниясының айтуынша, шағымның көбі самокатты айдауға емес, оны теуіп болғаннан кейінгі жағдайға қатысты болып отыр.
Whoosh компаниясы: «Ең жиі кездесетін мәселе – самокатты бейберекет қалдырып кету және бір самокатқа екі адамның мініп алатыны».
Мұндай қателерді технология арқылы шешуге болады. Мысалы, самокат қоятын орындарды көбейтсе, бұл ұқыпты жүргізушілерге ыңғайлы болар еді де, ал басқалары амалсыздан ереже сақтауға көшер еді.
Whoosh компаниясы: «Адам самокатты теуіп болған соң, оны дұрыс қойғанын суретке түсіріп дәлелдесе жеткілікті. Бәрі дұрыс болса, жеңілдік алады, ал қате қойса, айыппұл төлейді».
Айтпақшы, жалға беретін компаниялар самокатты кім мініп жүргенін көріп отыратынын ескертеді. Сондықтан ереже бұзсаңыз, жазасыз қалмайсыз. Әсіресе ата-аналардың балаларына самокат алып беруіне қатаң қарайды. Ондай қолданушыларды қайта ашылмайтындай етіп, біржола бұғаттап тастайды.
Whoosh компаниясы: «Біз кімнің, қай уақытта және қай жерде жүргенін біліп отырамыз. Егер ережені жиі немесе өрескел бұзса, қолданушыға айыппұл салынады, ал кейде бұғаттауға тура келеді».

Ережені қатаңдату қажет пе?
Жалға беретіндердің ойынша, мәселе заңның жоқ екенінде емес. Ең бастысы – қазір бар ережелерді бұзбау. Ол үшін адамдарды ережеге үйрету, жаңа технологияларды қолдану керек және кәсіпкерлер, билік пен полицияның бірлесіп жұмыс істеуі қажет дейді.
Whoosh компаниясы: «Әлемдегі тәжірибеге қарасақ, үнемі жаңа тыйымдар сала бергеннен ештеңе өзгермейді. Нәтиже болуы үшін ереже де, бақылау да болуы керек, ең бастысы – самокат тебетіндерге жағдай жасалуға тиіс».
Сондықтан маман Дмитрий Димов түбегейлі тыйым салуға қарсы. Оның ойынша, шектеу тым көп болса, адамдар самокат мінуді қойып, қайтадан машинаға отыра бастайды. Ал бұл қаладағы кептеліс мәселесін одан сайын ушықтырады.
Маманның пікірінше, басты мәселе самокаттың өзінде емес, қалада сомокат тебетіндерге жағдай жасалмағанында болып отыр. Самокат мінетіндер мен велосипедшілер жолды жаяу жүргіншілермен немесе машиналармен бөлісуге мәжбүр. Жолдағы ұрыс-керіс те осыдан шығады.
Дмитрий Димов, урбанист: «Тыйым салудың қажеті жоқ, бәрін ретке келтіріп, жағдай жасау керек. Бізге жай ғана веложолақтар емес, кәдімгі үлкен веложолдар қажет және оны үлкен жауапкершілікпен салу керек».

Компания да бәріне бірдей тыйым салуды кері кету деп есептейді. Одан да тек мектеп, аурухана, мешіт маңы мен адам көп жүретін жерлерде жылдамдықты шектеген жөн.
Қазірдің өзінде Алматы мен Астанада осындай ереже бар: самокаттар арнайы аймақтарға кіргенде жылдамдығы өздігінен сағатына 10-15 шақырымға дейін азаяды, ал кей жерлерде мүлдем тоқтап қалады.
Дмитрий Димов, урбанист: «Билік бәріне түсінікті ережелер енгізіп, самокат тебетіндерге жағдай жасаса және жалға беруші компаниялармен бірлесіп жұмыс істесе, самокаттар қаланың кәдімгі қоғамдық көлігіне айналады».
Бизнес өкілдері де, маман да бір пікірде: электросамокаттың өзінен ешқандай қауіп жоқ. Ереже түсінікті болып, бақылау орнатылса және дұрыс жол салынса, апат та, ұрыс-керіс те азаяды. Осылай, самокат ешкімге кедергі жасамай, қаланың кәдімгі көлігіне айналады.
Одан да қалада тиісті жағдай жасап, көшелерді бәріне бірдей ыңғайлы ету және адамдарды ережені бұзбай, жауапты болуға үйрету әлдеқайда маңызды.



