ӘлемдеЭкологияЭкобелсенділер: Қазақстанда кімді үлгі тұтуға болады?

Экобелсенділер: Қазақстанда кімді үлгі тұтуға болады?

3 маусым 2026
7 мин
«Невада-Семей» антиядролық қозғалысының белсенділері / Фото: inform.kz

Бірі телефон арқылы-ақ ағаштарды кесуге қарсылығын көрсете алады. Енді бірі көл жағасын күн сайын жалғыз өзі тазалап, онысын ел президенті көріп, алғыс айтатындай дәрежеге жетеді. Ал тағы біреуі небәрі үш аптаның ішінде ядро полигонын жауып тастады. Бұл мақалада өзгелерге үлгі болып жүрген жандар туралы баяндаймыз.


Бұрынғы экобелсенділер


Алғашқы экобелсенділер XIX ғасырда зауыт-фабрикалар жаппай салына бастаған тұста шықты. Уордсуорд пен Рескин сияқты ағылшын ақындары өндірістің табиғатты құртып жатқанын ашық айтты. Ал америкалық ойшылдар Эмерсон мен Торо адамдарды табиғат аясына оралып, қарапайым өмір сүруге шақырды. Торо тіпті 1854 жылы ормандағы өмірі туралы «Уолден» кітабын жазды. Бұл еңбек экологияға көзқарастың нағыз манифесіне айналды.


Ал Америкадағы ұлттық саябақтар жүйесінің негізін қалаған адам – Джон Мьюр. Ол бүкіл елді жаяу аралап, тау шыңдарына жалғыз өзі шығатын. Қалтасына бір үзім нан салып, көрпесін арқалап, иен далада апталап жүре беретін. Мьюр 1892 жылы Sierra Club ұйымын құрды, ол әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Ал 1900 жылдардың басында ол сол кездегі президент Теодор Рузвельтті көндіріп, 125 миллион акр мемлекет жерін қорғауға алғызды.


Белсенділердің арқасында көп нәтиже болды: 1986 жылы кит аулауға тыйым салынды, 1987 жылы озон қабатын қорғау үшін Монреаль хаттамасына қол қойылды, ал 1991 жылы Антарктиданы қорғау туралы келісім жасалды.


Кейін Грета Тунбергтің буыны келді. 2018 жылы Швеция парламентінің алдына қолдан жасалған плакатпен жалғыз шыққан жасөспірім қыз бүкіл әлемдегі экобелсенділер бағытын өзгертті. Оның бұл әрекетінен кейін халықтың 30%-ы күнделікті тұрмыста табиғатқа зиян келтірмейтін әдеттерге көшті. Ал небәрі бір жылдың ішінде ол бастаған Fridays for Future қозғалысы бүкіл әлемге тарады.


Қазақстан азаматтары қоршаған ортаны қорғауды кеңес заманында-ақ бастады. 1989 жылғы ақпанда ақын Олжас Сүлейменов митингіге шығып, «Невада-Семей» қозғалысын құратынын айтты. Белсенділер небәрі үш аптаның ішінде Семей полигонын жабуды қолдаған 2 миллионнан астам адамның қолын жинап алды. Нәтижесінде 1991 жылғы 29 тамызда полигон біржола жабылды. Оған дейін бұл жерде 468 ядролық жарылыс болған еді. Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтті, қазір біздегі бұл қозғалыс мүлдем өзгерді.


Қазіргі экобелсенділер


Қазір табиғатты қорғау қалыпты жағдайға айналды. 2019 жылғы жаһандық шеруде әлем бойынша 4 миллион адам көшеге шықты. Бірақ экобелсенді болу өте қауіпті. Кейінгі 12 жылда әлемде 2106-дан астам белсенді қаза тапты. Ең көп құрбан болған елдер: Бразилия (401), Филиппиндер (298), Үндістан (86) және Перу (58). Тіпті демократиялық елдерде шеруге шыққандардың орташа есеппен 6,3%-ы қамалады, ал Аустралияда көрсеткіш 20%-ға жеткен.


Қазақстандағы экология жағдайы күрделі. Қалалардың ластану индексі бойынша, еліміз 113 мемлекеттің ішінде 100-ден 73,2 көрсеткішпен 30-орында тұр (көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, соғұрлым нашар). Салыстырмалы түрде, Ресейде – 59, Өзбекстанда – 54. Жыл сайын Қазақстанда лас ауа салдарынан 10 мыңнан астам азаматы ерте қайтыс болады. Ал бұдан келетін шығын жылына 10,5 миллиард долларға жетеді. Мұндай қиын жағдайда экобелсенділердің болуы заңды. БҰҰ дерегі бойынша, Қазақстандағы көп экобелсенді – әйелдер. Қазір елде 400-ге жуық жеке экологиялық ұйым істейді. Қозғалыс тарихы 1989 жылғы «Невада-Семейден» басталады. Сол оқиға қоғамның қолынан көп нәрсе келетінін дәлелдейтін ең айқын мысал болып қала береді.


Назар аударуға тұрарлық экобелсенділер


Кез келген үлкен іс бір адамнан басталады, кейін оның идеясын мыңдаған адам қолдайды. Төменде Орталық Азиядағы қоршаған ортаны жақсарту үшін жұмыс істеп жатқан экобелсенділерді тізіп шықтық.


Азамат Сәрсенбаев


Қазақстандағы ең танымал экобелсенді. Ол зауыт маңындағы фламинголарды, пластик бөтелке арасында жайылған түйелерді, тартылған Каспий мен көліктер таптап жатқан Маңғыстаудың ерекше шатқалдарын видеоға түсіреді. Желі қолданушылары оның жазбаларына «ЖИ жасаған контент деңізші» деп пікір жазады. Ал билік әр кезде әртүрлі реакция береді: кейде бірге жұмыс істесе, кейде айыппұл салады. 


Бір қызығы, оның оқырмандары бірігіп, айыппұлдарын бір сағатта төлеп береді, ал Сәрсенбаев түсірілімін тоқтатпайды. 2024 жылғы желтоқсанда Ақтаудағы ұшақ апаты болған жерге ресми органдардан бұрын жетіп, бәрін дронмен түсіріп алды. Оның кадрлары әлемдік ақпарат құралдарына тарап кетті. Полицияға бағынбады деген айыппен сот оны 10 тәулікке қамады. Ол қамаудан шыққан соң өз ұстанымына одан сайын бекігенін айтты.

«Мен зерттеуші немесе эколог емеспін. Каспийдің тағдырына алаңдайтын Маңғыстаудың қарапайым тұрғынымын. Бала күнімде шомылған жерлерде су тартылып, жоқ болып кетті. Судың күннен-күнге азайып бара жатқанын көрген ауыр. Іштегі мұңымды видео арқылы жеткізгім келеді», – деді ол Zakon.kz сайтына берген сұхбатында. 


Семен Котенко


Алматы көшелері мен табиғатын үнемі қоқыстан тазалап жүретін қоғам белсендісі. Одан бөлек ол Алматы мен Астанада тазалық қызметін көрсететін жеке кәсібін жүргізеді. Семен Котенко Қазақстан азаматтарын қоқыс тастамауға және өз қалаларын бірге тазалауға шақырады.


Андрей Панаев


2024 жылы Ресей азаматы Андрей Панаев Қырғызстанға, Ыстықкөлге барып, сол жерді ұнатқан соң біржола көшеді. Көл жағасындағы қоқысты көріп, өзі тазалай бастайды. Күнде қоқыс жинап, оны видеоға түсіреді. Уақыт өте келе, оған басқа адамдар қосылып, оны жергілікті тұрғындар да тани бастайды. Қазір ол Қырғызстанды үйіндей көреді. Ол өз еркімен бірнеше тонна қоқыс жинады. Жағалауға камералар орнатып, жұмысқа түрлі компанияны тартты, Табиғи ресурстар министрлігімен бірлесті. 2025 жылғы тамызда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров онымен арнайы кездесіп, алғыс ретінде Chevrolet жол талғамайтын көлігін сыйлады.

«Қоқыс тастамаңыздар, табиғатты өз үйіңіздей құрметтеңіздер. экологияны ластауды тоқтатпасақ, соңы апатқа әкеледі: инфекция, ауру көбейеді, топырақ пен су бұзылады, нәтижесінде адамдардың өмір жасы қысқарады», – деді Vesti.kg сайтына берген сұхбатында.


Мереке Нұрғалиев


Мереке – Алматыда Андросов шегіршінін қайта өсіріп жүрген зейнеткер. Андросов шегіршіні – кезінде Алматы көшелерінде өскен сирек ағаш. Қазір оны арнайы орындардан табу мүмкін емес. Көп ағашты кесіп тастаған немесе кәдімгі қарағашқа айналдырып жіберген. Ол жұмысты жаңадан бастап, өз ауласындағы ағаштарды күтіп-баптайды. Бірақ лицензиясыз ағаш күткені үшін оны полиция да ұстады. Ал қаланы көгалдандыру қызметі көшеттерді дұрыс қарамайды. Соған қарамастан Мереке осы ағашты қайта көбейту ойынан бас тартпайды.


Алексей Манаков


Ақмола облысының белсендісі кейінгі 5 жылда 50 мыңнан астам емен отырғызды. Бәрі былай басталды: ол балаларымен «Жерұйық» саябағында қыдырып жүріп, емен жаңғағын тауып алады. Оның жүз шақтысын қала сыртына егеді, ал бір жылдан кейін сексені өсіп шығады. Сол кезде ол Қазақстанда емен өсуі үшін тек күтім керек екенін түсінеді. Кәдімгі емен Қызыл кітапқа енген. 1960-1970 жылдары оны жаппай кесіп тастаған, ал қазір қайта өсіру қиын. Алексейдің қазір екі-үш жыл болған 350-ге жуық ағашы бар. Егілген ағаштың 25%-ы ғана үш жылға дейін өседі, қалғаны ыстықтан, шөптен немесе малдан құриды. Алексейдің басты көмекшісі – өз отбасы. Балаларының да өсіріп жүрген жеке ағаштары бар. Бұл істі ешкім қаржыландырмайды, бәрін өз ақшасына жасайды.

«Сен отырғызған емен өзіңнен ұзақ өмір сүреді. Емен мың жылға дейін өседі, бұл адам өмірімен салыстырғанда мәңгілік сияқты. Біз ағашты өзіміз үшін емес, кейінгі ұрпақ үшін егеміз. Болашақта қандай да бір қойшы сенің ағашыңның көлеңкесінде саялайды», – деді ол Youth.kz сайтына берген сұхбатында.


Аида Әлімбекова


Instagram-да экоблог жүргізеді. Онда табиғи өнімдерге видеошолу жасап, қоқысты сұрыптау жолын көрсетеді және экоөнімдерден тамақ пісіру әдісін бөліседі. Сонымен қатар тренингтер өткізіп, экологияға қатысты іс-шараларға қатысады. Ол 2021 жылы Live Organic Awards сыйлығында «Қалдықсыз өмір салтын насихаттайтын үздік блогер» атанды және KazWaste рейтингі бойынша қоқысты қайта өңдеу саласындағы үздік 30 маманның қатарына кірді.

«Экология – өте ауқымды мәселе, бірақ біз теңіз-мұхиттардан алыс болған соң, мұны байқамаймыз. Ал шын мәнінде, жер шарының қаншалық ластанғаны су айдындарынан анық көрінеді», – деді Weproject.media сайтына берген сұхбатында.


Михаил Беляков


Ол 2018 жылы табиғатқа зиян келтірмейтін бұйымдар шығаратын Paketamnet компаниясын ашты. Кейін қоқыс пен қауіпті қалдық қабылдайтын орындарды көрсететін EcoCity қосымшасын жасап шығарды. Ал 2020 жылғы жазда Қазақстанда бірінші рет ZeroWaste дүкенін ашты. 

«Айыппұл мен тыйым салғаннан ештеңе шықпайды. Қоқысты бөлек жинауды насихаттау керек. Экологиялық мәдениетті балабақша мен мектептен бастап үйретуіміз қажет», – деді ол Informburo.kz сайтына берген сұхбатында.


Бану-Ақкүміс Құспанова


Ол әлеуметтік желіде блог жүргізеді. Онда 2019 жылғы жазда басталған «Recycle Бірге» экологиялық қозғалысы туралы жазады. Бұл қозғалыстың мақсаты – қарапайым адамдар мен кәсіпкерлерді табиғатқа жанашыр болуға үйрету. Осы топтың белсенділері жиі сенбілік жасап, жұртты қоқысты бөлек тастауға шақырады.


Дина Огай


Ол – Hello Eco деген zero-waste дүкенін ашқан, сонымен қатар табиғатты қорғау мәселелерін көтеріп жүрген блогер. 2024 жылы Қазақстан мен Қырғызстандағы су тапшылығы туралы маман ретінде өз ойын айтты. Ал 2025 жылы мұнай қалдықтарының кесірінен Каспийдегі итбалықтардың қырылып жатқанын жеткізіп, биліктен бұл мәселеге араласуды талап етті. Биыл, сәуірде Астанада өткен RES 2026 EXPO халықаралық экологиялық саммитіне қатысты.

«Сексеуіл егу – Аралды құтқарудың бір жолы. Бұл тек Қазақстанға емес, бүкіл әлемге зиян шектіріп жатқан тұз бен құмның ұшуын тоқтатуға көмектеседі», – деді ол Kursiv.media сайтына берген сұхбатында.

Бөлісу: